Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

2 844 қаралым

Сенім — менің серігім

0

Теңізбаева Ақманат Оразбайқызы,

А.С.Пушкин атындағы орта мектеп психологы, Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Алтай батыр ауылы

Мақсаты: жоғары сынып оқушыларын сенімділікке үйрету стрестік қалыптан арылту, сенімді мінез-құлықты дамыту, бір-біріне деген қарым-қатынасын нығайту.

1.   «Досым қалың қалай?» жаттығуы.

Нұсқау: балалар дөңгелене тұрып, жұп-жұп болып, бір-біріне қарап жазылған сөйлемді аяқтайды. Яғни, сұрақты өз ойларымен толықтырады және екіншісі жауап береді.

2.   «Сенімділік» жаттығуы

Нұсқау: оқушыларға бос парақ таратылады. Сол парақты қаламсаппен теңдей екіге бөлу ұсынылады. Ол бөліктерді 1,2 деп белгілеп, бірінші бөлікке жағымды қасиеттерін, екінші бөлікке жағымсыз қасиеттерін жазу керек те, ортасы қырқылып алынады. Жағымды қасиеттерін өзінде қалдырып, жағымсыздарын қатты мыжып, қоқыс жәшігіне салады.

Психолог: Адамның өз-өзіне өзгелерге сенім білдіруі оның өмірге деген үміті мен қызығушылығын арттырады. Өзіне-өзі адамның өз құндылығын түсініп, мақсат-мүдессіне жетуіне көмектеседі.

Айналадағы адамдардың сенім білдіруі адамның жауапкершілігін арттырып өз мүмкіндіктері мен қабілеттерін ашуға ықпал етеді.

3. «Сенім» М.Гумеровтың қысқаша әңгімесі.

Оқушылар рөлге бөліп орындайды.

Автор: Әуежай үйіне кірген сәтте Кәрімді бір қартаң кісі тоқтатты. Баланың бас-аяғына көз жүгіртті де, ентіге сөйледі.

Қария: Қай жаққа ұшпақ едің?

Кәрім: Мен ұшпаймын ата.

Қария: Е, ендеше неге келдің?

Кәрім: Жай ұшақтардың самғағанын көрейін деп.

Қария: Ендеше, балам, мына заттарды қарай тұр. Билет жайын біліп келейін, тірі жанға ұстатпа.

Автор: Сәлден кейін Кәрімнің қасына әлгі жолаушыға ілесіп кеткен бір кісі келді. Үсті-басы алқам-салқам.

Жан-жағына жалтақтай қарай, ақырын сөйлей бастады. Оның айтуынша қария мына танысан жүгін әкелуді тапсырыпты.

Кәрімнің күдіктенбеске амалы қалмады.

Кәрім: Тимеңіз!

Әлгі кісі: Жарайды онда, өзіне айтайын.

Әлгі адам жайына кетті. Бір кезде қарт жолаушы келді. Қолында билеті бар. Кәрім оған жаңағы оқиғаны айтып берді.

Қария: Қой, ешкім заттарымды әкел дегем жоқ. Рахмет, айналайын! Мың да бір рахмет!

Автор: Кәрім ұшақтардың самғанын тамашалай алмағанына өкінген жоқ.

— Қарттың балаға өз жүктерін тапсырып кетуінің себебі неде?

— Бала қарттың сенімін қалай ақтады?

4. «Күн шуақты алаңқай…» жаттығуы.

Көздеріңізді жұмып, 3 рет терең дем алыңыздар. Сіздер Күн шуақты алаңқайда жүрсіздер. Күннің шуағы сіздердің өне бойларыңызды жылытып, жүректеріңізді мейірімге, қуанышқа толтыруда. Айналаңыз жайқалып өскен сан алуан гүлдерге толы. Олардың жұпарын кеудеңізді кере дем алып, бойыңызға сіңіріңіз. Айналаңызда құстардың әсем сайраған дауыстары естіледі, гүлден гүлге қонған көбелектерді көруге болады. Көбелектер сіздердің қуанышқа толы көңіл-күйлеріңізді гүлден гүлге хабарлап жүргендер.

Сіздердің қуаныштарыңызды, өмірге деген талпыныстарыңызды сезген гүлдер, одан әрі жайқалып сіздермен өз жұпарларын бөлісуде. Алаңқайдағы сан алуан гүлден әркім өзіне ұнаған, ең әдемі гүлдеріңізді таңдаңыздар. Ол гүлдің түрін, жұпар иісін (есте сақтап) жүрегіңіздің жаныныда сақтаңыздар. Ал енді тізеден тобыққа дейін баяу созылып, көздеріңізді ашыңыздар. Енді әркім өзінің таңдап алған гүлінің суретін салып, біздің күн шуақты алаңқайға ілеміз.

Осы жаттығудан кейін өзіңізді қалай сезінесіздер? Көңіл-күйлеріңіз қалай?

Жаттығу бойларыңызды қатаюдан құтылуға көмектесті ме?

Олай болса, әркім өзінің таңдаған гүлінің суретін салып, алдына қойған мақсат-тілектерін жазып, біздің Күншуақты алаңқайға ілейік.

5. «Мен саған сенемін»жаттығуы.

Психолог: Екі-екіден жұпқа бөліңіздер. Бір-біріңізге қарама-қарсы отырыңыздар. Шамалы уақыт бір-біріңіздің көздеріңізге қарап, үндемей отырыңыз. Күнделікті  жасап жүрген істеріңіз емес, бұл өте қиын, бірақ сіздер бір-біріңізді танисыздар.

Енді рет-ретіңізбен мынадай сөздерді  аяқтайсыздар. Мысалы: «Мен сенімдімін, сіз алдағы уақытта өз ісіңіздің шебері боласыз», «Мен сенемін маған алдағы уақытта көмек керек болса, сіз маған көмектесеміз» «Мен сенемін, сен ешқашанда мен туралы жаман ештеңе айтпайсың» т.б.

Бір-бірлеріңізге бір-бірден жылы сөз айтып шығасыздар.

6. «Балдырлар» жаттығуы.

Мақсаты: сенім атмосферасын құру, топты жұмылдыру. Қатысушылар 6-8 адамнан шағын топтарға бөлінеді. Әрбір шағын топ тығыз шеңбер жасайды. Қатысушылардың біреуі шеңбердің ортасына тұрып, қолын кеудесіне айқастырады, көзін жұмады және аяғын еденен алмай басқалардың қолына еркін құлау керек. Шеңбердегі қатысушылар  оны ары-бері қозғалтады, солай қатысушылар орындарымен ауысады.

Басты ойыншыға арналған нұсқау: басқалардың қолына сеніп құлаңыз. Сонда сіз оларға мамықтай жеңіл боласыз. Өзіңізді  бос ұстаңыз.

7. Қорытынды.

Сенім деген сөзді қалай түсінесіңдер?

Өзіңе сенім артқан кезде қандай сезімде боласың?

Қандай адам сенімге ие болады?

Адамдардың барлығына сене беруге бола ма?

Неге?

Осымен «Сенім-менің серігім» атты тренингімізді Ә.Табылдының «Сенім» өлеңімен аяқтаймыз.

8. «Сенім» өлеңі.

Еңбек етсем, ертеңгі

Бақытыма сенемін!

Мақсатыма жеткізер,

Уақытыма сенемін!

Достық іспен қасты да,

Жеңеріме сенемін!

Ақыл сана білім мен

Өнеріме сенемін!

Арым таза, ақ көңіл,

Адалдыққа сенемін,

Абыройлы ақ ниет

Адамдыққа сенемін.

9. Әрқайсысыңыз бір-бір үйдің, отбасының жайқалып өсіп келе жатқан гүлісіздер. Олай болса, сіздердің осы өмірде өз орындарыңызды тауып, өзіне және өзгелерге сенімді болып, дұрыс жолды таңдап одан әрі жайқалып өсе берулеріңізге тілектеспіз.

Leave A Reply