Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

23 093 қаралым

Психикалық дамуында тежелуі бар балалардың танымдық қабілетін дамыту жұмыстары

0

 Көшербаева Айсұлу Көшербайқызы

Облыстық арнаулы тіл мүкістігі бар балалардың №3 мектеп-интернатының психолог-дефектологы, Атырау қаласы

Қазіргі таңда адамзат ғылым мен білімді игеруде психология ғылымынсыз өркениеттің өріне еркін қол жеткізе алмайды. Өйткені психология барлық салаларда қамтылады. Осыған орай менің тоқталып кеткелі тұрған мәселем қазіргі кездегі балалардың дамуындағы бұзылыс түрлерінің жиі кездесетін бір түрі – психикалық дамудың тежелуі. Жалпы орта білім беретін мектепте үлгерімі төмен балалар тобында елу пайыз психикасы дамуының тежелуі бар (ПДТ) балалар кездеседі. Психикалық дамудың тежелуі бұл баланың интеллектуалды қабілетінің жасына сәйкес келмеуі.

Психикалық дамуының негізгі бұзылыстары интеллектуалды даму деңгейі, яғни, зейіні, есте сақтауы, ойлауы, кеңістікті бағдарлауы төмен тежелуі бар (ПДТ) балалардың оқу үлгерімі төмен болады. Бұл балалардың оқуға үлгермеушілігі жеті-сегіз жастан анық байқалады.

Оның негізгі белгілері: сабаққа белсенділігі байқалмайды, берілген Тапсырмаларды үлкендердің көмегінсіз дұрыс орындай алмайды, сыныптастарымен аз араласады, өз ойын ашық айта алмайды, оқу мен жазу, есептеулерде көп қателер жібереді, тез шаршағыш, зейіні тұрақсыз болады. Психикалық дамуы тежелген балалардың тіл байлығы әдеттегі балаларға қарағанда 20-30 төмен деңгейде. Сондықтан зерттеу нәтижелері бойынша ойлау, сөйлеу тілінде және шығарманың мазмұнын айтуда қиындықтар кездесетіні, сонымен қатар есте сақтау қабілетінің артта қалғаны да анықталады.

Осы себептерден баланың тапсырманы орындауында көп қиындықтар кездеседі.

Психологиялық дамуында тежелуі бар балаларды басында жан-жақты терең тексеру және балаларды зерттеу кезінде, арнайы эпидемиологиялық зерттеулер нәтижесіне жүгінісек, оқу кезіндегі қиындық көретін балалардың 50-ден жоғарғысы, зейіні бұзылғандары бірінші орынды құрайды. Бұл зерттеулерді жүргізуші белгілі дефектологтар Т.А.Власова, М.С.Певзнер, К.В.Демьянов, Л.Ф.Чупров және басқалары Т.А.Власова мен М.С. Певзнердің айтуынша психологиялық дамуының тежелуінің негізгі белгісі – ерік-жігер аймағының жетілмеуі. Бұл жетілмеушілік оқу тапсырмаларын орындауда тұрақтана алмауға әкеп соғады.

Сабақ кезінде психологиялық дамуының тежелуі бар балалар жиі қозғалғыш, отыра алмайды, берілген тапсырмаға өздерін 5-10 минут зейінін тұрақтандыра алмайды. Бұл жерде психологиялық дамуының тежелуі бар балалар сабақ кезінде жиі қозғалғыш, отыра алмайды, берілген тапсырмаға өздерін 5-10 минут зейінін тұрақтандыра алмайды. Бұл жерде психологиялық дамуының тежелуі бар зейіннің даму деңгейін біркелкі деп айтуға болмайды.

Кейбір оқушылардың зейіндері сабақтың басында тұрақты болады да, сабақтың ортасында зейін тұрақтануы төмендейді. Екіншілерінің зейіні сабақ кезіндегі бірнеше тапсырма орындағаннан кейін ғана тұрақтанады.

Ал, үшіншілерінікі кезеңмен сипатталады. Зейін шоғырлануының деңгейінің төмендеуін шаршаған, қажыған балалардан байқауға болады. Бұл балалар оң материалдарын қабылдауға қиналады, нәтижесінде оқу үлгерімінде кері әсерін тигізеді, үлгермеушіліктер болады. Зейіннің белсендіден белсенсіз жағдайына жиі ауысуы, жұмыс және демалу көңіл-күйі кезі баланың психикалық жағдайымен тығыз байланысады, еш себепсіз пайда болады. Сыртқы жағдайлар (қиын тапсырма, үлкен көлемді жұмыстар) баланы қобалжытады, зейіннің тұрақтылығын төмендетеді. Әсіресе, бұл жағдай қиын сабақтың соңында байқалады. Өзінің әлсіздігі, тапсырма орындауда шоғырлана алмауы баланы тітіркендіреді, кейбіреулері – жұмыс жасаудан түбегейлі қарсылық білдіреді, әсіресе жаңа оқу материалын меңгеруде. Ақыр соңында балаларда өз күшіне сенімсіздік, оқу әрекетіне қанағатсыздық пайда болады.

Психологиялық дамуының тежелуі бар балалардың көпшілігіне ауызша мәлімет алу зейіннің әлсіздігі тән. Тіпті қызықты, тартымды, сезімді әңгімелерді тыңдау кезінде бұндай балалар есінеп, көңілі басқа нәрсе ауысып, әңгіме жүйесін жоғалтады. Әсіресе айналасында басқа көңіл аударатын фактор болса, зейін деңгейі анық белгілі болады. Сыныпқа бөтен кісі кірсе, есік қағылса, кенеттен құлап қалған, зат осының барлығы баланың зейінін сондай алаңдатады. Мұғалім тапсырмасын есінен шығарып алады. Педагог бұл балалардың жұмыс белсенділігін арттыру үшін көп күш жұмсайды. З.Тржеслова, Г.И.Жарикова, Л.А.Перменова тағы басқалардың психологиялық педагогикалық зерттеулерінде психологиялық дамуының тежелуі бар балалардың зейін ерекшеліктерін ұсынады:

  1. Зейін ауытқушылығы қиын тапсырмалар орындауда, өзін бақылауда ұстауда жүйке жүйесінің өз дәрежесінде дамымағаны туралы айтылады. Баланың өнімді жұмыс жасау қабілеті 5-15%; содан, біраз уақыттан кейін, ең болмаса 3-7% «тынығып» келесі жұмыс жасау кезеңге күш жинайды. Сол «тыныққан» кезде, басқа бір нәрселермен айналысып кетіп, жұмыс жасаудан ада болады. Күш жинаған соң, бала өнімді жұмыс жасай алады.
  2. Шоғырлану төмендігі. Бұл белгі бағдарлама орындауда, іс-әрекет жасағанда, тез шаршап қалу болып табылады. Соматикалық және церебралды-органикалық факторы бар екенін білдіреді.
  3. Зейін көлемінің төмендеуі толық көлемде мәлімет қабылдауы қиын.
  4. Зейін шашыраңқылығының төменділігі баланың жұмыс жасауына айналасындағы қосалқы тітіргендіргіш көптігі.
  5. Зейіннің бөліну төмендігінен бала тапсырманы жаңадан меңгеріп жатса, бір мезетте бірнеше тапсырма орындай алмайды.
  6. Зейіннің «жабысып қалуы». Бұл тапсырманың бір түрінен екіншіге ауыса алмауы, жағдай өзгеруін тез арада қабылдамауынан айқын білінеді. Зейіні тұрақсыз балалардың іс-қимыл қозғалысында не істеу керектігі маңызды?

Қалай жасауға болады. Жасалынатын іс-қимылдың жоспары, өзін-өзі басқарудың басты міндеті болып табылады. Бірінші кезеңде жоспарлау, 2-ші кезеңде іске асыру және жасалынатын жұмысқа деген өзін дайындау психологиялық дамуы үдерісінде тежелуі бар балаларда зейіннің тұрақсыздығы, ерікті түрде зейін аудара алмау себебінен даму үдерісінің ең маңыздысы ойлау іске аспайды. Баланың зейін тұрақсыздығы жеткілікті мөлшерде әртүрлі талдағыштардың жеткілікті жұмыс жасамауы болып табылады яғни сенсорлық функциялары іске қосылмайды. Көре отыра талдау және жинақтау жасай алмау себебінен де зейін тұрақтылығы қалыптаспайды, ойлау үдерісі іске аспайды.

Психологиялық дамуының тежелуі бар оқушылармен жұмыс түрлері

Психологиялық дамуының тежелуі бар балалармен жүргізілетін психологиялық түзету дамыту жұмыстарының түрлері көп. Психологиялық түзету жұмыстарын жүргізудің принциптері төмендегідей:

  1. Баланың жеке тұлғалық ерекшеліктерін анықтау;
  2. Шаршамауын қадағалау;
  3. Оқу әрекетін ойын түрінде ұйымдастыру, кеңістікті бағдарлауын дамыту
  4. Сыныптан тыс тәрбие сағаттарына қатыстыру;
  5. Ойын дағдыларын оқу әрекетіне аудару;
  6. Арнайы әдістемелермен оқытуды ұйымдастыру;
  7. Жылдық диагностикалық даму деңгейін салыстыру.

Мамандардың оқыту түзету үдерісінде әдістемелік нұсқауларды дұрыс және жоғары деңгейде ұйымдастыруына байланысты психикалық дамуы тежелген балаларды өз жасындағы балалардың даму деңгейіне жеткізуге болады.

Білім беру мекемесінде оқитын психикасының дамуы тежелген балалар әр уақытта нәтижеге жету үшін бақылаудан тыс қалмауы қажет.

Психолог, сынып жетекшісі, ата-ана тығыз байланыста болған жағдайда баламен жүргізілетін жұмыс нәтижелі болады, яғни баланың өзіне деген сенімділігін арттыра отырып, танымдық үдерістерін түзете дамыту жұмыстарын жүргізу тиімді. Баланың танымдық үдерістерінің бірі – зейінін қалыптастыру мәселесі өзінің тамырын адамзат тарихының тереңінен алады. Ежелгі грек ғалымы және философы Сократ өз оқушыларының зейінін қалыптастыруға үнемі көңіл бөліп отырған. Адамның ақыл ойын, зейінін, қабілетін дамыту арқылы оны бақыт жолына жеткізу мәселесіне бірнеше күрделі еңбектерін тікелей арнаған. Оқу тәрбие үрдісінде мұғалім баланың мұң-мұқтажына, көңіл-күйіне, денсаулығына сабақ үлгеруіне үнемі зейін қойып отыруы тиіс. Өйткені, бала зейінінің, ой-өрісінің өсуі мұғалімдер үшін аса қажетті нысан. Зейінді дербес психикалық үрдіске жатқызуға болмайды. Зейін адам санасының барлық жақтарымен қосақтасып, оның психикасын белгілі бір нысанға бағыттап жинақтайды. Зейіннің басты бір қасиеті оның – тұрақтылығы. Сабақ үстінде баланың зейінін белгілі бір әрекетке ғана шоғырландырып, оны үнемі тұрақты етуге, ол үшін алаңдатушы тітіргендіргіштермен күресе білу шарт. Зейін әсіресе, жас балаларда шашыраңқы келеді. Өйткені, олардың сыртқы тітіргендіргіштерге әсерленгіш тізгіні күшті. Шашыраңқылық өз ойымен әлек болу, қолайсыз эмоциялық күй бала зейінін ауытқытып, түрлі нәрселерге әсерлендіреді.

Бала зейінін тәрбиелеуге көмектесу қажет. Балаларға біркелкі жалықтыратын және тартымдылығы аз іс-әрекет түрлерін жеткілікті ауыстырып отыруға негізгі себеп болып табылады.

Психологиялық дамуының тежелуі бар оқушылардың зейінін түзете дамыту жұмыстарында төмендегі мәселелерге көңіл бөлген жөн:

  • баланың қоршаған ортаға бейімделуі;
  • мінез-құлық ерекшеліктері;
  • өз-өзін төмен бағалауы;
  • қоршаған ортаға сенбеушілікпен қарауы;
  • өз күшіне деген сенімсіздігі;
  • белсенділігі төмен.

Баланы оқуға қызықтыру және дамыту мақсатында сабақ алдында, ашықтық, сенімділік деңгейін, эмоциялық еркіндікті, топта бірауыздылық орнатуға жағдай жасайтын психологиялық жаттығулар өткізу керек. Адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы өте күрделі үдеріс.

Қоршаған адамдармен қарым-қатынас жасауда қиындық көретін балалар, біріншіден ұжымға бейімделуінде, білімді меңгеруінде кедергі болады. Сол себептен танысу, қарым-қатынас орнатуға арналған «Көңіл-күйімізді жаттықтыру», «Кім екенін тап», «Көпір», «Ауызша волейбол» т.б. жаттығу өткізу ұсынылады.

Қиялды дамытуға арналған жаттығулар

Тренинг тақырыбы «Дауысынан таны»

Мақсаты: Еркін зейін салу қабілетін дамыту

Жүргізуші: Орманда адасып қалмау үшін, біз бір-біріміздің дауысымызды жақсы білеміз бе, соны тексерейік. Балалар шеңбер құрып тұрады, шеңберді жүргізуші теріс қарайды. Барлығы ыңылдап ән салады: «Әлия, сен қазір ормандасың, біз саған «Ауу» деп айқайлап жатырмыз. Көздеріңді қатты жұмып, сені кім шақырғанын айт». Ойыншылардың бірі жүргізушінің есімін атайды, жүргізуші оны танып, оның кім екенін айтады. Бұл ойын 2-3 рет қайталанады.

Тақырыбы: «Төртінші артық» әдістемесі

Мақсаты: маңызды белгілерін бөліп көрсете білуін диагностикалау.

Көрнекілігі: ән әуені, әр түрлі белгілері бар сурет үлестірмелер

Түрі: әдістеме.

Әдіс-тәсілдері: топтық жұмыс.

Жүрісі: тәжірибе жеке жүргізіледі. Тәжірибені жүргізуге үлестірме дайындалады, үлестірмеге белгілері ортақ 3 заттың суреті салынады, ал төртінші зат артық болады. Бала осы 4 заттың ішінен белгісі ортақ 3 затты бөліп алып, артық затты алып тастауы керек. Үш зат табиғатынан өзара ұқсас, ортақ белгілеріне қарап оларға бір атау беруге болады, ал төртінші зат артық.

Қорытынды: оқушылардың сабақта алған білімдерін бекіту.

Оқушылардың ырықты есін зерттеуге арналған жаттығу

Мақсаты: ерік-күшін жұмсай отырып еске түсіруін дамыту

Жүру барысы: ол үшін 25 түрлі-түсті суреттің әрбірін 3 секундтан оқушыларға көрсетіп шығамыз. Содан кейін қандай суреттер есіне қалғанын сұраймыз. 7 жасар бала 8 суретті есіне сақтауы тиіс. 10 сөзбен зерттеу. Жаттауға 10 сөз айтылады. Мысалы: Дәптер, трактор, алма, жаз, гүл, апа, кілем, теледидар, бота, мектеп. Осындай 10 сөзден кем дегенде 4 сөз есінде қалуы тиіс. 8 суретті, 4 сөзді айта алса ырықты есі жақсы деген сөз.

Жоғарыда айтылған міндеттерімізді негізге ала отырып, психологиялық-педагогикалық түзеу жұмыстары мынадай қағидаларға сүйенеді:

— баланы жан-жақты, жеке тұлға ретінде зерттеу;

— шаршағандығын ескеру;

— оқу дағдыларын ойын түрінде ұйымдастыру және сол ойын арқылы

тапсырмаларды орындау, кеңістікті бағдарлау, т.б.

— мектеп өміріне, тәрбие сағаттарына қатыстыру;

— оқытуды арнайы әдістемелер арқылы ұйымдастыру;

— оқушының жылдық психодиагностикасының деңгейін бақылау.

Тиімді жұмыс атқару үшін маман өзінің беретін пәнін, әр түрлі әдіс-тәсілдерді жетік білуі керек, оқушылармен тығыз қарым-қатынаста болуы қажет. Осы мәселелерді әрдайым сабақта, сабақтан тыс уақытта, белгілі бір мақсатта емес, әр түрлі жағдайларда қолданып отыру, атқарылған жұмыстардың нәтижесін көрсетеді.

Қорыта айтқанда қазіргі кезде қоғам дарынды қабілетті адамдарды қажет ететінін ескеріп, жеке тұлғаның рухани өсуіне психологиялық-педагогикалық жағдай жасай отырып, өз ортасында және өзге ұжымда өзін еркін сөзіне алуға тәрбиелеу, өзіне-өзі сенімді, жауапкершілік қасиетті сіңірген тұлға ретінде қалыптастыру қажет. Жас нәрестенің дені сау болса, отбасына зор қуаныш пен бақыт әкеледі. Елімізде өркениетті қоғам құру үшін, тәрбиелі, дені сау азаматтарды көп болып тәрбиелеуіміз керек.

Қолданылған әдебиеттер

Аверин В.А. Психология развития детей дошкольного возраста. СПб:. — 2000.

Выготский Л.С. Проблемы возрастной периодизации детского развития //Вопросы психологии. — 1972.- с.114-123.

Ермағамбет Ә. Психологиялық дамуы тежелген балалардың психологиялық-педагогикалық сипаттамасы. Алматы, — 2008.

Көшембаев Р.Қ. Психотехникалық жаттығулар және коррекциялық бағдарламалар. Алматы, – 1999.

Есенжолова Г.Ж. Хрестоматиялық материалдар, сергіту жаттығулары мен дамыту ойындары арқылы балалардың эмоциялық-танымдық қызметтерін қалыптастыру және дамыту. Алматы, – 2008.

Leave A Reply