Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

5 174 қаралым

Отбасының бала тәрбиесіндегі маңызы

0

Елеусізова Айнагүл

Қазалы психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация мекемесінің дефектологы, Қазалы ауданы, Қызылорда облысы

 Ата-анадан өсіп ұрпақтан таралған, жақсы, жаман болса бала – солардан.

Ж. Баласағұни

 Қандай да болмасын жолдың алғашқы қадамынан басталатыны сияқты, адамның жеке тұлғасының қалыптасуы да отбасынан басталады. Отбасы – бұл адамға өмірлік құндылықтар жайында түсінік беретін алғашқы ұжым. Адам қандай дәрежеге жетеді, жалғыз тұлға бола ма немесе адамгершілік тұрғыдан кемшілікпен қалыптасады ма, мұның бәрі көбіне ол адамның балалық шағында қаншалықты дұрыс ата-аналық тәрбие алғанымен байланысты.

Қазіргі қоғамда адам баласының толық бақытты болуына негізгі бес нәрсе тікелей қатысты.

Бұл: ата-анасының жақсы адам болуы; жақсы ұстаздың кездесуі; мамандықты дұрыс таңдауы; лайықты жармен одақтасуы; өз балаларының болуы.

Шындығында, бұл факторлар тек өз отбасында ғана емес, өмірде адамның өзін шын бақытты сезінуіне, қабілеті мен мүмкіндіктерін іске асыруына, өмірде өз қолтаңбасын қалдыруына қозғаушы күш іспетті.

Баланы жеке тұлға ретінде тәрбиелеуге күш салатын қазіргі заманда үш тірек бірлесе отырып, тығыз байланыста жұмыстар жүргізу қажет.

Олар: ата-ана, тәрбиеші, бала. Осы үштік өзара бірлескен жағдайда ғана жеке тұлғаны жан-жақты дамытып, балаға нәтижелі тәрбие беріледі.

Отбасы – адам баласының түп қазығы, алтын ұясы. Себебі, адам баласы шыр етіп дүниеге келген күннен бастап, сол ортаның ыстық-суығына бейімделіп, ықпалына көніп, осында ер жетеді.

Отбасы қарым-қатынасында ата-ана балаға ықпал етудегі мақсатын, өзінің талаптарын, оған түрткі болып отырған ішкі мотивтерін қанағаттандыру үшін және мұны тікелей, кейде жанама түрде іске асыруға тырысады. Олардың түпкі мүдделері: балаға нақты әдет, дағдыларды меңгерту, іскерлікке баулу. Мысалы: берілген істі уақытында орындауға дағдыландыру.

Жалпы отбасы мүшелерінің арасындағы қарым-қатынас, бір-біріне ықпал етуден сол арқылы әрқайсысы өз мүдделерін жүзеге асыруларынан құралады. Кейбір ата-аналар қандай тәсілдер қолданса да, басты мақсат тәрбиелік ықпал ету деп санайды. Сондықтан іс-әрекеттерінің астарында не бар, бала оны қалай қабылдайды, одан баланың алған үлгі-өнегесі қандай болатындығын есепке алмайды, ойланып жатпайды, осының салдарынан ата-ананың ең жақсы үмітпен істеген істері жаңсақ кетіп жатады.

Ата-ананың жүріс-тұрысы, мінез-құлқы, іс-әрекетінің баланың дамып, қалыптасуына ықпалы болатындығына байланысты зерттеулер көп. А.Е.Личко, К.С.Лебидинская әке-шешесінің баламен қарым-қатынасында оның мінез-құлық ерекшеліктерін ескермеуінен келіспеушілік туындап, ол баланың психологиялық кеселге ұшырауына- ашушаң, қырсық, ынжық, жағымпаз, жасқаншақтық қылықтардың қалыптасуына себеп болатынын эксперимент түрінде дәлелдеген. Олар отбасы қарым-қатынасының дұрыс болмауынан келіп шығатын тәрбиедегі қателіктерді төмендегідей жіктейді.

— баланың қуанышы, күйзелісі, қайғысы секілді ішкі жан дүниесіндегі толғаныстарды көре тұра мән бермеу, не оны байқамау, осындай балаға қамқорлық пен бақылаудың жетіспеушілігін – гиперпротекция деп атаған;

— бір елі таса қылмайтын бақылаудың да жақсылық әкелмейтіндігін белгілеп, оны әсіресе қамқорлық яғни, гиперпротекцияның күшейтілген түрі деп белгілейді. Бұған душар болған балалар өсе келе еркіндікті қатты ансайды да, оған қол жеткен кезден бастап, жүгенсіздікке жол беріп жүргенін өзі білмейді. Алды артына қарап өз істерін ой елегінен өткізе алмай, әр түрлі жағымсыз жағдайларға ұшырайды.

— баланың жүріс тұрысын мүлде бақылаусыз қалдыру, кетірген қателіктеріне ескертулердің болмауы, тыйымсыздық, балаларды ызақорлық пен жігерсіздікке соқтырады.

— балаға әл жетпейтін міндеттер жүктеп, одан ерекше үміт күту – өзіне сенімсіздік тудырады. Себебі ол әке-шешесі күткен үмітті ақтай алмаймын-ау деген қорқынышта болып, шамасы келмейтініне көзі жеткендікпен өзін нашар, әлсіз сезінеді;

Тәрбиеде осындай келеңсіздіктерді болдырмаудың бір жолы, баламен қарым-қатынасындағы мақсатын нақтылап алу және оған сәйкес ықпал ету тәсілін тиімді таңдау және адал болу.

Жалпы тәрбиенің негізгі ұстанымы қандай болмақ?

Тәрбие дегеніміз адамды қайда жүрсе де өз орнын таба алатын, ықпал ету, көмек көрсету, жанашырлық таныту сияқты т.б. адами мүмкіндіктерге ғана қол жеткізу емес, сондай-ақ, өзі өмір сүрер ортада тұлға ретінде танылып, бақытты отбасын құра білетін адам дайындау.

Қазіргі кезде оқушылардың көпшілігінің соның ішінде жасөспірім жасындағының көбінесе оқудан басқа айналысатын тапсырмасы жоқ. Ата-аналар жасөспірім оқу тапсырмасын орындай алмайды деп, үй шаруасынан босатады.

Екіншіден, радио арқылы ересектерге арналған хабарларды естіп, не фильмдерді көріп, соларға еліктейді. Үшіншіден, әсіресе қалалық жерде жасөспірім өзімен қатар, не үлкен балалармен танысып, солардың жарамсыз әдеттеріне еліктейді.

Отбасы мынадай міндеттер атқаратыны баршамызға белгілі:

—  әсер ету әдістерін, салт-дәстүрлерді анықтайтын конструктивтік міндет;

—  балалардың сабақтарын, еңбек іс-әрекеттерін және демалыс тәртіптерін ұйымдастыратын ұйымдастырушылық міндеті;

—  ата-аналар арасындағы, ата-аналар мен балалар, балалар арасындағы, жақын туысқандар арасындағы тағы сондай ара-қатынастар нормаларын құрастыратын коммуникативтік міндеті.

Көптеген ата-аналар бала тәрбиесіне уақыттарының  жетіспеушілігін қазіргі әлеуметтік-экономикалық, нарықтық жағдайларға байланыстырып, өз балаларының адамгершілік мінез-құлықтары үшін жауапкершілікті мектепке ғана жүктегенді қалайды. Кейбір ата-аналар бала тәрбиесіне уақыт жеткіліксіз деп жұмыстың қиындап кетулерінен шаршағандарын себеп етіп тұрса да, адамзат тарихында олардан да көбірек қоғам үшін қызмет ете отырып, өз балаларының тәрбиесіне аса көп көңіл бөле алған белгілі қайраткерлер мысалдары қаншама.

Отбасындағы ең басты іс-әрекет ол ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас. Қарым-қатынас – адамзат өмірінің аса маңызды және негізгі аймағы болып, соның нәтижесінде тұлға аралық байланыс орнығып, қалыптасып дамиды. Қарым-қатынас дегеніміз өзара пікір алмасу, қайғы, қуанышта ортақ болу сенімді кең ауқымды эмоция спектрлерін қамтиды.

Ата-аналар мен балалар арасындағы қарым-қатынастар барысында мынадай ерекшеліктер айқындалады.

—  ата-аналардың коммуникативтік мүмкіншіліктері;

—  ата-ана мен бала арасындағы қалыптасқан қарым-қатынас сипаты.

—  ата-аналардың қарым-қатынасты шығармашылықпен ұйымдастыра білу қабілеттері;

—  баланың дербес ерекшеліктері.

Ата-аналар үшін қарым-қатынас өнерін меңгерулері балаларды ашық әңгімеге шақыруларына, олардың сырларын, құпияларын сақтай алуларына байланысты болады. Осындай сенімді қарым-қатынастар ата-аналардың өз балаларының ерекшеліктерін дұрыс білуге, оған артқан сеніміне негізделеді. Егер де ата-аналар өз сөздеріне тұрмаса, берген уәделерін орындамаса бала жүрегінде сенімсіздік пайда болады, бала сырын көп ашыла айта беретін болмайды, ал ата-аналар өз абыройларын төмендетеді.

Әр отбасында түрлі қарым-қатынастың орнығуынан баланың жеке тұлғалық қасиеті қалыптасады деп айта аламыз.

1. Балалар мен ата-анасы арасындағы қарым-қатынаста тұлға аралық қатынасты үлкендер достық қатынасты орната отырып жетуге болады.

2. Балалар «дос» деген сөзге түсінік берумен қатар дос табуға мүмкіндік туғыза білу.

3. Балалар мен ата-ана арасында қарастыратын шағым айту үдерісін ашық түрде екеуара талқылайтын деңгейді меңгерту.

4. Достық қатынасты біртіндеп көлемді тұлға аралық қатынасқа әкелдіру.

Отбасы – қоғамның маңызды бір бөлшегі. Отбасы бала үшін өмір мектебі, онда мейірбандық, шындық, адалдық, қайырымдылық, еңбексүйгіштік т.б. адамгершілік қасиеттері дамиды және қалыптасады. Сол себепті де жасөспірімдерді тәрбиелей отырып, оларды әр түрлі кездесетін қиыншылықтарға қарсы тұра білуге үйрете білу керек.

Отбасында орныққан қарым-қатынас түрі мен қалыптарына сәйкес баланың тұлғалық қасиеттері  қаланады. Бала әрқашан да ата-анадан жүрек жылуын, мейірімділікті қажет етеді, ол ата-ананы өмірдің тірегі санайды. Ал бала үшін ата-ана игілік жасаушы, айтушы болып табылады.

Отбасы баланы әлеуметтендірудің алғашқы институты ретінде баланы жеке тұлға ретінде қалыптасуының физикалық, психикалық, адамгершілік саулығының негіздерін қалайды және баланың жетістіктерге қажеттілігін қалыптастыра отырып, өзіне-өзі қызмет етуге және жақындарына көмектесуге бағытталған қолданбалы дағдылар мен іскерлікке үйретеді. Бала тәрбиесіндегі отбасының негізгі міндеті осылар болмақ.

Әдебиеттер

1. Қоңырбаева С. «Отбасы: бала мен ата-ана», Алматы, 2006.

2. Тілашар. Логопед. №5/2011.

Leave A Reply