Арыстан қартайды. Аңдарды бұрынғысындай аулай алмайтын болды. Енді аңдарды айламен аулағысы келді. Өзі үңгірде жатты да:
— Аурумын, жүруге әлім жоқ, — деп барлық аңдарға хабар таратты. Аңдар бір-бірлеп арыстанның халін білуге келді. Арыстан аңдардың біреуін де қайтармайды. Бәрі де арыстанға жем болды.
Бір күні түлкі келді. Ол үңгірден алысырақ тұрды да:
— Халіңіз қалай, тақсыр? — деп көңілін сұрады.
— Халім нашар. Неге жақынырақ келмейсің? Берірек кел, түлкіжан, біразырақ сөйлесейік, — деді арыстан.
Түлкі:
— Мен саған жақын барар едім-ау, бірақ саған кірген із бар да, шыққан із жоқ! — деп жүріп кетіпті.
Қолданылған әдебиет:
Қазақ халық ертегілері. Жинақ. — Алматы: Қазақпарат, 2009. 187 б. 5-бет