Оразбаева Гульназым Арыстановна,
Жалпы білім беретін Х.Халиуллин атындағы орта мектебінің психологы, Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы, Ақоба ауылы
Сабақтың мақсаты: Оқушылар ішкі тыныштығын сезіне білуде адамның сабырлылық пен ұстамдылық қасиеттерінің ықпал ететінін түсіндіру.
Міндеттері: оқушыларға сабырлылық пен ұстамдылық және мінез-құлық мәдениеті туралы ұғындыру; адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасай білу қабілеттерін дамыту; қасиеттерді басшылыққа алып өз сезімдері мен көңіл-күйлерін басқара білуге тәрбиелеу.
1. Ұйымдастыру кезеңі. Тыныштық сәті.
«Нұрға бөлену»
Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолыңызды айқастырмаңыз, қолыңызды тізеге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін.
Елестетіп көріңіз: Күн нұры сіздің төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі орналасқан. Гүлдің түйнегі нұрдан баяу ашылып келеді. Балғын таза, әсем гүл сіздің әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңызды тілек қалауыңызды шайып, жүрегіңіздің қауызын ашты.
Нұр сәулесі сіздің бойыңызға ақырын тарай бастағанын елестетіңіз. Ол біртіндеп күшейе түсуде. Ой мен осы нұрды қолдарыңызға түсіріңіз. Сіздің қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашуда. Қолымыз тек жақсы, тек ізгі істерді істейді және баршаға көмектеседі. Нұр аяқтарыңызға тарады. Аяқтарыңыз нұр сәулесін шашуда. Олар сізді тек жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады. Олар нұр мен махаббат құралына айналады.
Одан әрі нұр сіздің аузыңызға, тіліңізге тарады. Тіліңіз тек шындықты және жақсы, ізгі сөздер ғана айтады. Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз, құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естиді. Нұр көзімізге де жетті. Көзіміз тек жақсыға қарап, бәрінен жақсылықты ғана көреді. Сіздің басыңыз түгелдей нұрға бөленіп, басыңызға тек ізгі, сәулелі ой келеді.
Нұр бірте-бірте қарқынды және шұғылана бастайды, сіздің денеңізден шығып, жан-жағыңызға сәуле шашады. Осы нұрды туысқандарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз. Нұрды уақытша түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да бағыттаңыз. Олардың да жүрегі нұрға толсын.
Осы нұр бүкіл әлемге: барлық адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге, тірі жанға таралсын… Ғаламның барлық түкпір-түкпіріне нұр бағыттаңыз. Ойша айтыңыз: «Мен нұрлымын… Нұр менің ішімде… Мен нұрмын»
Осындай Нұр, Махаббат және Тыныштық күйінде отыра тұрыңыз…
Енді осы Нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз. Нұрға толы бүкіл әлем сіздің жүрегіңізде. Оны осындай әсем қалыпта сақтаңыз.
Жаймен көзіңізді ашуға болады.
Рахмет!
Қандай сезімде болдыңыздар? Ойларыңызбен бөлісіңіздер.
2. «Сәлем! Сәлем! Сәлем!» сергіту жаттығуы.
Топ мүшелері, арқасымен шеңбер жасап тұрады да, жайлап өз-өздерін айналады. Жүргізуші қасындағы қатысушыға өзі бүгін естігісі келетін сәлемдесу түрін келесі қатысушыға сыбырмен айтуы тиіс екендігін айтады. Тапсырма жүргізушіге қайтып келгенше жалғасады. Келесі қатысушылар да өз сәлемдерін араға 2-3 адам салып жіберіп отырады. Жаттығуды музыка әуенімен жүргізген дұрыс болады.
Жаттығуды талқылау:
— Өз сәлемдемеңізді қайтып алғанда қандай күйде болдыңыз?
— Жіберген сәлемдемеңіз сол күйінде қайтты ма?
— Олардың өзгеріске ұшырауына қандай әсер болды деп ойлайсыз?
— Ақпарат өзгеріске ұшырамай қайтуы үшін не әрекет жасауға болады?
3. «Сіз тыңдай білесіз бе?» сауалнамасы.
Нұсқау: Сіздерге 12 сұрақ беріліп отыр. Көп ойланбастан, жылдам «иә» немесе «жоқ» деген жауаптар берулеріңізді сұраймын. Жауаптарыңыз шынайы болады деп сенемін.
1. Екінші бір адамның сөзін тез аяқтап, сізге де сөйлеуге мүмкіндік бергенін асыға күтетін кездеріңіз көп болады ма?
2. Мәселенің анық-қанығына жетпестен шешім қабылдаған сәттеріңіз жиі болып тұрады ма?
3. «Сіз көбіне өзіңізге ұнайтын ақпараттарды ғана тыңдайсыз» деген қағидамен келісесіз бе?
4. Әңгіме айтушыны тыңдауда эмоциялық жағдайыңыз кедергі келтірмей ме?
5. Серіктесіңіз өз ой-пікірін айтып отырғанда сіз көп алаңдайсыз ба?
6. Әңгіме барысында мағыналы тұсына қарағанда, болмашы ұсақ түйектерді есіңізде ұстап қалатын сәттеріңіз болады ма?
7. Өз көзқарасыңыз, ұстанымдарыңыз басқа адамды тыңдауға кедергі келтірмей ме?
8. Егер серіктесіңізді түсіну қиынға соқса, оны тыңдауды тоқтатасыз ба?
9. Сөйлеушіге деген негативті позиция жиі бола ма?
10. Сөйлеушінің сөзін жиі бөлесіз бе?
11. Әңгіме барысында сөйлеушінің көзіне тіке қараудан қашасыз ба?
12. Әңгіме айтушыны кенеттен тоқтатып, өз ойыңыз бен шешіміңізді айытқыңыз келетін сәттеріңіз болады ма?
Нәтижесін өңдеу:
Қатысушылар өздерінің «жоқ» деген жауаптарын есептеулері қажет.
10-12 ұпай. Сіз серіктесіңізді жақсы тыңдай білесіз. Өз эмоцияңыз оның сөзін ұнатпасаңыз да аяғына дейін, ұғып тыңдауға кедергі жасамайды. Сондықтан көп адамдар Сізбен қарым-қатынас жасағанды ұнатады.
8-10 ұпай. Көп жағдайда серіктесіңізді тыңдай білуге тырысасыз. Ұнамаған жағдайдың өзінде оның сөзін аяғына дейін тыңдай аласыз. Егер серіктесіңізден жалығып кетсеңіз дипломатиялық түрде онымен қарым-қатынасты тоқтатуға мүмкіндігіңіз бар. Кей жағдайда оның сөзін бөліп жіберіп, өз ойыңызды айтып үлгересіз.
8 ұпайдан төмен. Өкінішке орай, қарым-қатынасқа түсуде Сіз басқа адамдарды тыңдай білу өнеріне машықтанбағансыз. Сіз олардың сөзін көп бөлесіз, сөздің аяғына дейін тыңдауға шыдамдылығыңыз жетпейді. Оның айтқан сөзі ұнамаса, мүлде тыңдамай қоя саласыз.
4. «Кімнің қандай екендігін тап» жаттығуы.
Тыңдаушыларға қағаз таратып беріп, оған топтағылардың аттарын жазуды сұраңыз:
1. Кім ешқашан кешікпейді
2. Кім ешқашан айқайламайды
3. Кім барлығымен өте сыпайы
4. Кімнің даусы өте әдемі
5. Кімнің көздері әдемі
6. Кім өте көңілді және әзілқой
7. Кім өте тұйық
8. Кім өте адал
9. Кім өте адал
10. Кім өте әділетті
Сұрақтарды тақтаға жазуға болады. Содан соң 10 минут ішінде тыңдаушылар жауаптарын қағазға жазып береді. Қағаздарын жинап, нәтижесін айту керек. Бұдан кейін гүлдің әрбір күлтешісіне топ үшін қасиеттерді теріп жазу қажет. Гүлдерден көрме ұйымдастыруға болады.
5. «Проблемаларды қиып тастаймын» жаттығуы.
Өзіңізден қарағанда ақ парақтың оң жағына өз проблемаларыңызды шатасқан жіп күйінде сурет етіп салыңыз. Кескіннің төменгі жағына «Менің проблемаларым» деп жазыңыз. Немесе оны нақтырақ атауыңызға болады. Кескіннің сол жағына төменірек өзіңіздің суретіңізді (фото болса тіпті жақсы) бейнелеңіз де есіміңізді жазыңыз. Содан соң қайшы алыңыз да шүйке жіп, яғни проблемаңызды қиып тастаңыз. Сіз көрнекті түрде көзіңіз жетті: проблема жойылып кетті. Қайшының жүзі арқылы бір сәтте оны қиып тастадыңыз. Атап айтқанда, туындаған қиын жағдайларды жеңіл шешуге болатындығын дәл осы іс-әрекет миыңызға көмектеседі.
6. «Жұдырық» ойыны.
Қазір барлығымыз бір тапсырманы орындайық. Көршілер бір-бірімізге қарама-қарсы отырып, біреуіміз жұдырық түйіп, екіншіміз жұмылған жұдырықты ашуымыз керек. Жұдырық түйген кісі жұдырығын аштырмау керек. Ал екінші кісі ашуға тырысыңыз. Ал, енді осыны қарама-қарсы қайталау керек.
Талдау:
Сіз жұдырық түйген кезде қандай сезімде болдыңыз?
Сіз аша алмай жатқанда қандай күйде болдыңыз?
Сіздер жұдырықты ашамыз деп күштедіңіз, ал, сіз ашпаймын деп тырмысыңыз.
Қорытынды: Біз әбден күш көрсетіп, адам жанын қинауға құмармыз. Жай сөйлесек, жылы-жылы сөйлеп жыланды інінен шығаруға да болады. Ал осыны біз күштемей-ақ жай ғана қолыңызды аша салыңызшы деп айтуға да болар еді ғой!
Қорытынды.
Адам бойында жомарттық, кең пейілділік, адалдық, туралық және сабырлылық пен ұстамдылық болса, сөзсіз ол – жақсы адам. Ол адам өзіне сенімді. Жақсы мен жаманды ажырата біледі. Ондай жан өзгенің айтқанымен емес, өз жүрегінің қалауымен әрекет етеді. Өміріне жауапкершілікпен қарайды.
Фото интернет беттерінен алынды.