Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

3 869 қаралым

Баланың тұлғалық қабілеттері мен өзіне сенімділігін арттыру жұмыстары

0

Жумаканова А.К.,
Педагог-психолог, №57 «Ақбота» бөбекжайы, Ақтау қаласы

ХХІ ғасыр табалдырығында білім мен ғылымды инновациялық технология бағытымен дамыту, ұрпаққа білімді, сапалы, өнегелі, тәрбие мен білім беру – бүгінгі күннің талабы.
Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» — деп білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттерін көздейді.
Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білімді дамыту тұжырымдамасында «Мектепке дейінгі тәрбие үздіксіз білім берудің алғашқы сатысы. Ол балалардың жеке басын ескере отырып дамытатын орталық» делінген. Мектепке дейінгі кезеңде жалпыадамзаттық кұндылықтарға сәйкес баланың жеке тұлғалық мәдениетінің негіздері қаланады. Сондықтан баланың бойында туған-туысқандары мен жақын адамдарына сүйіспеншілік, айналасындағы жанды – жансыз дүниеге қайырымды көзқарастары мен сезімталдық кабілеттері сияқты адамгершілік сапаларды қалыптастыру аса маңызды. Жеке тұлғаны қалыптастыру үрдісі ақыл-ой, адамгершілік сезімдері, мінез – құлық, ерік-жігер, қабілет-бейімділік т.б. сапаларды дамытуды көздейді. Психологтардың пікірінше, тұлғаның толық қалыптасып, жетілуі салыстырмалы түрде кеш байқалғанымен, адамның қоғамдық мәнін сипаттайтын қасиеттер ерте сәбилік кезеңнен – ақ біліне бастайды.
Сондай-ақ, қазіргі қоғам жан-жақты, білімді де білікті, мәдени ой-өрісі жетілген, ұлттық сананы бойына сіңіріп өскен жаңа адамды тәрбиелеуді бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кірудің маңызды алғы шарттардың бірі ретінде қарастыруда. Бұл өз кезегінде отбасы мен балабақша қызметкерлеріне орасан зор жауапкершілік жүктеп отыр. Соның ішінде балабақша психологы жұмысының маңызы зор.
Сонымен, психологтың балабақшадағы міндеті қандай? Оның міндеті: баланың жан-дүниесін бойындағы күш-жігерімен, сүйіспеншілігімен, жылулығымен, даналығымен, махаббатымен толтыру, баланың бойындағы табиғи сұлулығын ашу. Осы міндетін атқару үшін, психологтың тек қана бала мен жұмыс жүргізуі жеткіліксіз. Ең алдымен психолог ата-анамен және тәрбиешілермен жұмысты сауатты және дұрыс ұйымдастыруы қажет. Белгілі педагог К.Д. Ушинский «Баланы жан-жақты етіп тәрбиелеу үшін оны жан-жақты білу керек» деген. Демек, балаларды жан-жақты және үйлесімді дамуына, рухани өсуіне, шығармашылық ойлауының ашылуына жағдай жасау, таным үрдісін ой-өрісін дамыту үшін балаларды жан-жақты зерттеу керек. Зерттеу жұмыстары жүргізіліп болған соң, баланы әрі қарай дамыту үшін түзету – дамыту бағдарламасын құрып, әртүрлі психологиялық техникаларды пайдалана отырып (арттерапия, ертегітерапия, құмтерапия т.б.), жүйелі түрде тренингтік сабақтар өткізу керек.
Қорытындылай келе, балалармен оқу жылында өтетін тренингтік сабақтардың саны – 102. Жаңа ғасыр толқыны әкелген жаңалықтарға сәйкес қазіргі заманда адамның тұлғалық дамуы, жеке даралық қабілеттерін жетілуі балабақшадан басталуы керек. Сол себепті тренингтік бағдарламада барлық психологиялық техникалар қолданылады: ертегітерапия, құмтерапия, арттерапия, релаксация, ұжымдық жұмыстар.
Бала дүниеге келген күннен бастап, ата-анасы және айналасындағы адамдармен тығыз байланыста өмір сүреді. Олар күнделікті өмірде ересектермен бірлесе әрекет ете отырып, әрбір іс-әрекеттің мән-мағынасын, мақсат-міндетін, жасалу жолдарын, әдіс-тәсілдерін, қарым-қатынас ережелерін біртіндеп меңгере бастайды. Сол себепті баланы дамыту процесінен нәтиже көру үшін, міндетті түрде ата-анамен, тәрбиешілермен тығыз байланыста болу керек. Ата-аналарды балабақшадағы психологтың міндеттерімен, психологиялық процестермен таныстыру мақсатында ата-аналар жиналысына қатыстым. Жыл бойы ата-аналармен әртүрлі сауалнамалар жүргіздім: «Мен және менің балам», «Балаңыздың денсаулығының жағдайы», «Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты анықтау тесті» (А.Я. Варга, В.В. Столин бойынша), «Баланы тәрбиелеу». Сонымен қатар ата-аналарға «Менің балам» тақырыбында шығарма жазып келу тапсырмасы берілді. Әдістеме контент – анализ әдісімен қорытындыланды. Шығарма жазып келген ата-ана саны 31. Шығармалардың мазмұнын қорытындылай келе барлық отбасыларда тұрақты, жылы жағдай қалыптасқанын көруге болады. Шығармаларда балаларын қабілетсіз, ой-өрісін төмен санаған ата-ана болған жоқ. Әр ата-ана өз баласын еркелетіп, сүйсінеді, қызығушылықтарын қолдайды. Балаларын жеке тұлға ретінде сыйлап, олардың ойымен, таңдауларымен санасады. Өз балаларының болашағының жарқын болатынына сенімділікпен қараған. Балалардың әлеуметтік жағдайы туралы білу мақсатында ата-аналар туралы мәлімет жинақталды. Сонымен қатар ата-аналармен «Ата-ана махаббаты» тақырыбында тренинг, «Мектеп жасына дейінгі балалардың жынысына қарай даму ерекшелігі» тақырыбында, үш сатыдан тұратын тренингтік бағдарлама құрып, тренинг өткіздім, әртүрлі тақырыпта кеңестер берілді. Ата-аналар тренингке қатысып, жақсы әсер алды, балаларын басқа қырынан көргендері бар. Балаларын алдын ала бейнетаспаға түсіріп, аналары туралы ойын айтқандарын естігенде көздеріне жас алған ата-аналарда болды. Психологиялық қызмет жұмысын жандандыру мақсатында педагогикалық ұжыммен әдістемелік бірлестікпен жұмыс жасаймын. Балалардың шығармашылық қабілетін ашу үшін, тәрбиешілер шығармашылық қабілеттері дамыған болу керек. Сол үшін педагог кадрлармен «Мен ғажайыппын», «Менің мамандығым», «Жанымыз жақсылықтан жаралған, жүрегіміз мейіріммен нұрланған», тәрбиешілердің креативтілігін дамытуға арналған, кәсіби біліктілігін арттыруға арналған тренингтер өткіздім. Тәрбиешілермен кәсіби біліктерін шыңдау үшін педагогикалық ринг, іскерлік ойын өткіздім.
Қорытындылай келе, қазіргі таңда білім беру жүйесін қоғам сұраныстарына сәйкес жаңарту мен дамыту мәселелері өзекті екенін айтылды. Бүгінгі жас ұрпақты жан-жақты дамыту, жаңаша дағдыларға тәрбиелеу қажет. Әлемдік даму, ғылыми технология адамның ұшқыр ойлы, терең білімді, озық тәрбиелі болуын талап етеді. Сондықтан әр тұлғаның азаматтық келбетінің жоғары болып, олардың кез-келген ортада белсенділік көрсете алатын қабілеттерін жетілдіруді көздейді. Бала тәрбиесі жан-жақтылықты, жүйелілікті талап етеді. Өз тәжірибемде ата-аналармен, тәрбиешілермен бірлесіп жасаған жұмыс жақсы жетістікке әкелді. Психологтың дамыту, түзету, қалыптастыру жұмысы жүйелілікті, ұзақ мерзімді шыдамдылықты талап етеді.

Leave A Reply