Абдикеримова Асель Сайлаубекқызы
№ 36 «Бүлдіршін» балабақша педагог-психологы, Тараз қаласы
(Педагогтар, тәрбиешілермен жүргізілетін тренинг)
Мақсаты:
1. Педагогтардың айналасындағы адамдармен, ортамен, өз-өзімен дұрыс қарым-қатынас қалыптастыру барысында талдау жасауда сүйенетін психология саласынан мағлұмат беру.
2. Дау-жанжалдың туындау себептері, мінез-құлық, сөйлеу мәдениетінің адам ағзасына әсер етуі.
3. Педагогтарды практикалық, тренинг, жаттығу жұмыстарын жасау арқылы жағдайды талдай алуға, саналы шешім қабылдауға баулу.
Көрнекіліктер: суреттер, үнтаспа, цитаталар, сауалнамалар, жаттығулар.
Психологиялық бағыт беру (әуенмен)
— Сәлеметсіздер ме, тренингке қатысушылар! «Қарым-қатынас мәдениеті» атты психологиялық тренингімізді бастаймыз.
Адамның қарым-қатынасы оның көңіл-күйіне байланысты. Көңіл-күй – адамның ішкі дүниесінің құбылысы. Олай болса көңіл-күйімізді табиғат құбылыстарымен белгілейік (бұлт, жаңбыр, күн).
Ұйымдастыру кезеңі:
1. «Орын табу» тапсырмасы
Нұсқау: Жай ұнамды әуен 3-4 минут қойылады. Сол кезде қатысушылар өздеріне ұнаған геометриялық пішіндерді таңдап, орындықтарға отырады.
2. «Менің керемет есімім!» тапсырмасы
Нұсқау: әр қатысушы өзінің есімін айтады, өзі туралы шағын әңгіме айтады.
3. «Егер…» тапсырмасы
Нұсқау: Әр қатысушыға бір сұрақ қойлады. Сол сұраққа жылдам жауап беру керек. Сұрақтар «Егер де» деген сөзден басталады. Тәрбиешілер қиялдап, фантастикалық жауаптар берсе болады.
Сұрақтар:
Егер де сен сиқыршы болсаң, не болар едің…
Егер мысықтар сөйлей алатын болса…
Егер пілдер ұшатын болса…
Егер балықтар сусыз өмір сүре алатын болса…
Егер адамдар жануарлардың тілін түсіне алатын болса…
Егер ағаштарда шоколадтар өсетін болса….
Егер қартың орнына аспаннан гүл жауатын болса…
Егер машиналар майдың орнына сумен жүретін болса…
4. «Шапалақ жаңбыр» сергіту сәті
— Ал, сіздер, білесіздер ме, шапалақ соудың өзі әр түрлі болады екен. Сол алақанға оң қолдың сұқ саусағымен соғамыз. Содан соң екінші саусақты қосамыз да, екі саусақпен соғамыз. Содан кейін үш саусақпен: төрт, бес, тұтас алақанмен шапалақтаймыз. Тек бес саусақпен соғамыз. Бір саусақты алып төрт саусақпен соғамыз. Үш саусақпен. Екі, бір. (Жаттығу жетекшінің санауымен (бір, екі) бірнеше рет қайталанады.)
— Жарайсыздар! Көңіл-күйлеріңіз қалай? Көңілдеріңіз көтерілді ме?
5. «Қайықпен серуенге шығу» релаксация жаттығуы
Аяқты созып отыру, көзді жұму, денені бос ұстаңыз.
Таңертең, күн шуағын жер бетінде төгіп тұр.
Мен қайықпен көл бетінде жүзіп келемін.
Күн өз шуағын айналаға шашып, құстар сайрауда…
Мен барлық денеммен күннің жылуын сезіп келемін.
Иығым, қолым, денем, аяғыма жылу сезіледі.
Мен, жайлымын, өзіме сенімдімін.
Барлық жамандық атаулы менен кетті.
Көңіл-күйім өте тамаша.
Мен өмірге ризамын, өз күлкімді айналадағы адамдарға сыйлаймын.
Мен тіке, әдемі жүзіп келе жатырмын.
Қайықты ескекпен есу маған ұнайды.
Барлығы өте тамаша.
6. «Наполеонның кейпі» тапсырмасы
Қатысушыларға үш түрлі қозғалыс: қолды кеуде тұсында айқастыру;
ашық алақанмен қолды алға созу; түйілген жұдырықты қол көрсетіледі.
Жүргізушінің «Бір, екі, үш!» командасы бойынша: қатысушылар өзіне ұнаған кейіпті көрсету керек (ұнағанын). Мақсатымыз барлығы немесе көбі бірдей қалып көрсеткені.
Жаттығуды орындау:
Бұл жаттығу сіздің жұмысқа қаншалықты дайын екендіктерңізді көрсетеді. Егер де көпшілігі алақандарын көрсетсе, онда, бұл олардың жұмысқа дайындығын көрсеетеді. Жұдрық агрессияны, Наполеон қалыбы – тұйықтық немесе жұмыс жасағысы келмеушілікті көрсетеді.
7. «Сыйлық» ойыны
Мақсаты: рефлексия процесін күшейту, ұжымда жағымда психологиялық ахуал орнату, топ мүшелерінің бір-бірін түсінуге, ұжымда тұлға аралық қарым-қатынастың маңызды сапаларын ашу.
Ойынға қатысушылар шеңбер құрып тұрады. Қазір сіздер бір-бірлеріңізге, яғни өзіңіздің сол жақта тұрған көршіңізге (сағат тілімен) сыйлық сыйлайсыз. Көршіңізге қандай сыйлық жасайсыз, сыйлықты үнсіз (вербальды емес) ым-ишара арқылы көрсетіп бересіздер. Сіздің көршіңіз нендей сыйлық сыйлап жатқанын түсінетіндей жасау керек. Барлығы сыйлықтарын алып болғанша ештеңе айтылмайды. Барлығы үнсіз жасалады.
Талқылау:
1. Көршіңіз Сізге қандай жасанды сыйлық жасады деп ойлайсыз?
2. Қандай сыйлықты сыйлағанын сіз тез түсіндіңіз бе?
3. Сізге сыйлық ұнады ма?
4. Қандай әсерде болдыңыз?
Қорытынды:
Рефлексия. Еркін пікір…
Тренингке қатысқандарыңызға рақмет!