Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

10 950 қаралым

Дамыту ойындары арқылы мектепке дейінгі балалардың танымдық іс-әрекетін жетілдіру

0

Әндір Айдана Бозжігітқызы

Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті С.Сейфуллин атындағы №165 мектептің педагог-психологы

XXI ғасыр білімділер ғасыры болғандықтан бүгінгі таңда заманымызға сай зерделі, ой-өрісі жоғары, жан-жақты дамыған ұрпақ қалыптастыру мемлекетіміздің алға қойған аса маңызды міндеті болып отыр. Тәрбие мен білімнің алғашқы дәні – мектепке дейінгі тәрбие ошағында беріледі. Отбасында ата-ананың ықыласы мен мейірімінен нәр алған бала балабақшада тәрбиешілердің шұғылалы шуағына бөленеді. Баланың бойындағы жақсы қасиеттер мен мүмкіндіктерді ашып, олардың өнегелі де өнерлі болып тәрбиеленуіне тәрбиешілердің маңызы зор. Балаларды тәрбиелеуде ойын әдісінің маңызы көп. Әлем бала өміріне біртіндеп кіреді. Бала ең алдымен оны үйде, балабақшада не қоршап тұрғанын ұғынады. Біртіндеп өмірден алған тәжірибесі көбейеді. Мектеп жасына дейінгі балалар өзінің айналасындағы қоршаған ортамен танысуға өте құштар. Бұл баланың бірнеше сұрақтар қоюына әкеліп соғады. Яғни, балаға әлем аздап ғана сырын ашса, онда баланың білуге деген құштарлығы арта түседі. Ойын – баланың бірінші әрекеті, сондықтан да оның мән-мағынасы ерекше. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев: «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма?»,- деп айтқандай, баланың өмірінде ойын ерекше орын алады. Мектеп жасына дейінгі балалардың зейіні тұрақсыз болады. Оларды біркелкі жұмыс тез жалықтырады. Сондықтан олардың зейінін үнемі қажетті бағытқа аудару үшін ойын түрінде жүргізу қажет. Өйткені ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде алған білімді ойынмен тиянақтау білімнің беріктігіне негіз қалайды. Ойын барысында баланың жеке басының қасиеттері қалыптасады. Баланың қуанышы мен реніші ойында айқын көрінеді. Ойын кезіндегі баланың психологиялық ерекшелігі мынада: олар ойланады, эмоциялық әсері ұшқындалады, белсенділігі артады, ерік қасиеті, қиял елестері дамиды, мұның бәрі баланың шығармашылық қабілеті мен дарынын ұштайды.

Мектеп жасына дейінгі балалар көргендерін, байқағандарын, айналасынан естігендерін ойын кезінде қолданатын байқауға болады. Ойын айналадағы болмысты бейнелейді. Ойын барысында балалар дүниені тани бастайды, өзінің күш жігерін жұмсап, сезімін білдіруге мүмкіндік алады, адамдармен араласуға үйренеді. Сондықтан да ойшыл ұлы адамдар балаларды ойын арқылы оқыту керек деген ойға келді. Ойын арқылы оқытудың арқасында дидактикалық ойын пайда болды. Берілген ойындарды қолдану іс-әрекеттің әсерлігін арттырып, балалардың логикалық ойлауын, математикалық қабілеттерін дамытады. Бұл ойындарды тәрбиешінің шығармашылықпен түрлендіре отырып, балалардың психофизиологиялық ерекшеліктерін ескеріп, жаңа тақырыпты өткенде, өтілген материалды қайталағанда, білімді тиянақтау кезінде іс-әрекеттің мазмұнына сай пайдалануға болады. Сондықтан, бұндай ойындар ойнау балалардың ойлау, қабылдау, еліктеу қабілеті және заттардың түрін, түсін, көлемін ажырата білуін дамыта түсу үшін өте қажет. Дамытуға бағытталған дидактикалық ойындарда міндетті түрде екі бала қатысатын ойындар түрін пайдаланған тиімді. Ойын арқылы оқыту үшін дидактикалық ойындар құрылған. Балаларға тапсырмалар ойын түрінде беріледі, бұл дидактикалық ойындардың негізгі ерекшеліктері. Балалар ойнау арқылы белгілі бір білім, білік, дағдыларды және ойын әрекеттерін меңгереді. Әр дидактикалық ойынның танымдылық және тәрбиелік мазмұны болады, балалардың математика пәніне қызығушылығын арттыру мақсатында дидактикалық ойындар; қазақ ақын-жазушыларының санға байланысты санамақтар, жаңылтпаштар; сергіту сәттері; іс-әрекеттің конспектісі берілген, не үшін ойынды ұйымдастыру керек және тәрбиешінің алға қойған мақсатына қалай жету деген сұрақтардың негізінде құрастырылған. Ойындардың тиімділігі көп жағдайда тәрбиешінің көңіл-күйіне де байланысты болады. Әр ойынды өткізген кезде тәрбиешіге шығармашылық қажет.

Мектеп жасына дейінгі балалар мекемелерінде балалармен өткізілетін математиканың алғашқы ұғымдарын қалыптастыру іс-әрекетте ойынның мынадай түрлерін пайдалануға болады:

1) дидактикалық ойындар – логикалық ойлауын, математикалық қабілеттерін дамыту.

2) санға байланысты санамақ, жаңылтпаштар, жұмбақтар – балалардың сандарды танып білуін, тілдерін жаттықтыру, есте сақтауын, ойлау қабілеттерін дамыту.

3) математикалық сергіту сәттері–кеңістікті бағдарлау, қимыл қозғалысты дамыту.

Ойын – ой қозғайды. «Баланың ойынын тыйғаның, ойлауын тыйғаның» деген қағида текке айтылмаған. Ойын төзімділікті, алғырлықты, тапқырлықты, ұқыптылықты, ізденімпаздықты, іскерлікті, дүниетаным өрісінің көлемділігін көп білуді, сондай-ақ, басқа да толып жатқан сапалық қасиеттерді қалыптастыруға үлкен мүмкіндігі бар педагогикалық, тиімді әдістерінің бірі.

Ойын баланың санасын, ойын жетілдіріп, қиялын дамытады: бала қимылдарының дамуына әсер етіп, физиологиялық қалыптасуына жағдай жасайды. Сонымен бірге ойынды тәрбиеші мен балалардың бірлескен оқу әрекетінің өзара байланысты технологиясы ретінде де қолдануға болады. Оқу үрдісінде біртіндеп ойын технологиясын жиі қолданған жөн. Ойынның жекелеген түрлері балалар санасының жетілуіне әртүрлі әсер етеді:

· сюжетті-рөлді ойындар: балалардың дүниетанымын, қоршаған орта жөніндегі түсініктерді кеңейтеді, тілдік қарым-қатынасты дамытуға көмектеседі. Драмалық: көркем әдебиет шығармаларын тереңірек түсінуге жағдай жасайды, тіл белсенділігін арттырады.

· құрылыс-құрастыру ойындары: құрастыру, ойлау қабілетін арттырады.

· дидактикалық ойындар: алған білімді нақтылау, ойлау қызметін арттырады, танымдық белсенділігін дамытады, арнайы мақсатты көздейді, нақты міндетті шешеді.

Математика сабағында ойын әдістерін қолдану балаларды танымдық белсенділігін дамытудың қажетті құралы болып табылады. Жас ерекшелігін, оқу материалының өзгешелігін ескеріп дұрыс ұйымдастырылған ойын балалардың зейінін аударады, ойлау әрекетін қарқындатады және оқушыларды сылбырлықтан арылтады.

Ойынды математика сабағында қолдана отырып, балаларды саналы ойлауға үйретуге болады. Заттарды санап және олардың екі тобын салыстыруға, өлшеміне, пішініне және түстеріне қарай ажыратуға үйрету мақсатында «Жұбын тап», «Өз орныңды тап», «Сан құрамын анықта», «Не өзгерді?» ойындарын пайдаланған жөн. Нәтижесінде балалардың білімді қаншалықты меңгергендерін анықтауға болады. Ойынды балалардың жас ерекшеліктеріне, өтілетін сабақ тақырыбының мазмұнына сәйкес етіп таңдап алу керек. Әр сабақта ойынды тиімді пайдалану сол сабақтағы өтілетін жаңа тақырыпты баланың жақсы, өз дәрежесінде меңгеруіне әкеледі.

Дамыту ойындарының мазмұны, ойынды ұйымдастырудың әдіс-тәсілдері балалардың зейінін, есте сақтауын, байқағыштығын, көзбен мөлшерлеуін, тапқырлығын дамытуға, математикалық білімдерін, икемділіктері мен дағдыларын, заттарды түсі, өлшемі, пішіні бойынша топтастыруға, салыстыруға, ажыратуға, кеңістік пен уақытты бағдарлауға үйретеді.

Leave A Reply