Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

2 596 қаралым

Жасөспірімдер арасындағы жағымсыз мінез-құлықтың алдын алу

0

Омашева Роза Рыспайқызы, 
Жоғары санатты педагог-психолог, №37 Фуркат ат. жалпы орта мектеп, Шымкент қаласы, ОҚО

Мақсаты:
Жасөспірімдерді өмірдің мәнін түсінуге, өмірді қадірлей білуге, өмірге деген құштарлығын арттыруға тәрбиелеу.
Міндеті:
а) оқушыларды топтық жұмысқа ұйымдастыру.
б) тренинг кезінде өзін еркін сезінуге орта құру.
в) оқушылардың өмірге деген көзқарасын қалыптастыру.
Күтілетін нәтижелер:
1. Оқушы өзін еркін сезіну жаттығуларымен танысып өзінің сезімін реттеуді үйрене алады.
2. Қандай да бір кездесетін күтпеген жағдайлардан байсалдылықпен шығуға бағыт ала алады.
3. Оқушылар ойын жаттығулардан алған әсерлерін ортаға салып талқылайды.
Сабақ түрі: Психологиялық сабақ
Биопоэма арқылы жүргізіледі.

1. Өмір, өмір сүру туралы алғаш рет қашан ойландың?
2. Адам өзінің күнделікті іс-әрекетіне есеп беруі керек пе? Неліктен?
3. Өз өміріңді өзгерткің келе ме, ол үшін не істер едің?
4. Стрестік жағдайдан қалай арылуға болады?

Оқушылар өздеріне қойылған сұрақ бойынша жанұя тобында 5 минут әрқайсысы өз ойларын жазып, топта талқылайды. Сонан соң жанұя тобында 1-2-3-4 бөлініп бірлер, екілер, үштер, төрттер болып жұмыс тобына ауысып отырады. Әрбір топқа мәтін таратылып беріледі. Мәтіннің бірінші бөлімін бірлер тобы, екінші бөлімін екілер тобы, үшінші бөлімін үштер тобы, төртінші бөлімін төрттер тобы оқып 5 минут талқылайды. Оқушылар мәтінде өздеріне ұнаған жерлерін түртіп жазып отырады. Осы ақпаратты жанұя тобына жеткізу үшін әрқайсысы өз тобына оралып 5 минут талқылайды.

Ең бірінші бірлер, екінші екілер, үшінші үштер, төртінші төрттер сөйлейді, егерде бір топта бірдей 1-1, 2-2, 3-3, 4-4 кездесіп қалса, әрқайсысы өз топтарына көмектеседі. 10-15 минут талқылап топта жариялайды.

Сіздер оқыған төрт мәтіннің ұқсас идеялары неде?
2. Осы мәтіннің идеясы неге үйретеді?
3. Осы мәтіндерден сіздер өздеріңізге қандай жақсы қасиеттерді аламын деп ойлайсыздар?

Менің өмірге деген көзқарасым (мақала)

1. Маңдай термен еңбек ету дегенді қалай түсінесіздер?
I-бөлім.
Егер адамдар маңдай терімен еңбек етпесе жетістікке жету мүмкін емес. Әрбір дүниеге келген адам өз өмірінде өзіне лайықты кірпіш болып қалануы тиіс. Кейбір кездері еңбектенген адамның жолы болмай, еңбектенбеген адамның бағы жанып кетеді. Ал бұл бір ғана сәтті жетістік, оның жалғасы болмайтын сияқты. Бақ жану дегеніміз – ол кездейсоқтық жағдай болуы мүмкін. Алайда өмірді кездейсоқтыққа сеніп өткізуге болмайды.
Біз ылғи асығып жүреміз. Тұра салып сабаққа, сабақтан үйге асығамыз. Ай басталса, тезірек ортасы болса, ортасына жетсек, тез аяғы болса дейміз. Қыс болса жазды, жаз болса қыста аңсаймыз. Сөйтіп, зымырап өтіп жатқан алтын уақытымыздың, басымыздан өткен бақытты сәттердің бағасын кеш біліп жатамыз. Уақыт өткен соң сол кез менің ең бақытты сәтім болған екен ғой деп сағынышпен еске аламыз. Осындай өкінішке қалмас үшін не істеу керек?
2. Мақсат қоя білу деген сөздің мағынасын қалай түсінесіздер?
П-бөлім:
Әрбір адам алдына мақсат қоя білу тиіс. Мақсатсыз іс болмайтынын естен шығармауымыз керек. Тағдырдың салғанына салынбай, әрбір адам өз тағдырын өзі жасайтынын білуіміз қажет. Егер де тынбай еңбектенсек,зейнетін көрмей қоймайтынымызға сенімдімін. Кім қандай биікке жетсе, ол еңбегінің арқасы деп есептеймін.
Ұйқыдан оянған сәтте тағы бір таңды қарсы алғаныңызға шын ниетіңізбен қуаныңыз. Сізге ғұмыр сыйлаған Алла-тағалаға алғысыңызды айтып, осы күніңіздің сәттіліктерге толы болуын тілеңіз.
Айнаға қарап, әлемдегі ең сүйкімді жан өзіңізге алыстан күліп, сәлем беріңіз. Сол күлкіден кешке дейін жетердей қуат алыңыз. Содан соң көтеріңкі көңіл-күймен шаруаңызға кірісіңіз.
Мектепке келе жатып, айналаңызға көз салыңыз. Әсем табиғат, көңілді адамдарға көбірек назар аударыңыз. Мүмкіндігінше жымиып жүріңіз, ішкі жан дүниеңізге өкпе-ренішті жолатпауға, адамдар туралы теріс ой -пиғылдарды сақтамауға тырысыңыз.
Шыны керек, біз әлдекімді сынағанды жақсы көреміз. Біреулер туралы теріс пікір айтқанды. Сөздің тура мағынасында жамандағанды ұнатамыз. Ал ол адамның да дәл өзіміздей адам екенін, оның да сүрініп, қайта тұруға қақысы бар екенін ескере бермейміз. Егер сіз жан-дүниеңіздің кіршіксіз тазалығын сақтап, өміріңіздің ұзақтығын қаласаңыз, біреулер теріс пікір айтудан мейлінше аулақ болыңыз.
3. Адал жолмен немесе арам жолмен табысқа жетудің айырмашылығы неде?
Ш-бөлім:
Ақ адамды Алла жақтайды. Алланы алдамағандар адамдарды алдамайды. Өзі жеткен жетістігін адал да ақиқат жолмен тапқан адамдар іштей рахаттанып жүреді, себебі олардың ары, жаны таза.
Ал арам жолмен табысқа жеткен адам іштей азап шегіп жүреді, сол себепті олардың табыстары шектеулі келеді. Алланың азабы өз алдына, адамдардың қарғысына ұшырайды. Бүкіл әлемді билеп-төстемек болған Гитлердің өзі бүкіл әлемдік қарғысқа ие болды емес пе?
Өмірдің тосын дауылдары мен сынақтарынан абыроймен өтуге тырысыңыз. Мұндай сәттерде ең бірінші Алла-тағалаға, сосын өзіңіздің ішкі күш-жігеріңізге сеніңіз. Абай атамыз «Өзіңе сен, өзіңізді алып шығар, ақылың мен қайратың екі жақтап» деп бекер айтпаған. Сізге осынау әлемді көруге жағдай жасаған Жаратушы иеміз бұл сәтте жалғыз қалдырмайды. Көмек қолын созатын жақсы адамдарға жолықтырады.
Мүмкіндігінше айналасын шуаққа толтырып жүретін көңілді жандардың қасында көп жүруге тырысыңыз. Өтіп жатқан қоңырқай, сұрғылт күндердің өзінде көңіл күйіңізді көтерудің амалын іздеңіз. Басыңыздан өткен қиындықтар үшін әлдебіреуді кінәламаңыз. Егер абайсызда сүрінсеңіз, оған тек өзіңіз кінәлісіз. Әрі бұған бола мүжіліп, жаныңызды жегідей жеп, езіліп кетпеңіз. Керісінше, беліңізді бекем буып, қиындықтан шығудың жолын іздеңіз. Позитивті әдеби кітаптар оқыңыз.
4. Қорқыныш пен ұстамдылықтың айырмашылығы неде?
IV-бөлім:
Өмірде қорқатындай ештеңе жоқ. «Көз қорқақ, қол батыр» екенін ұмытпайық. Алдағы келе жатқан Ұлттық бірыңғай тестте жақсы жетістікке жету үшін ең бірінші ниет, екінші сенім керек! Осы екі нәрсені берік ұстап, әрекет ету керек. Адам өзінің өмірге деген көзқарасын, танымдық белсенділігін берік ұстанса, сөзсіз өзі ойлаған мақсатына жетеді. Ешқашан да оқушы менің қолымнан ештеңе келмейді, мен ҰБТ-дан өте алмаймын деген ойда болмауы керек, әруақытта жақсы тілектерді ойласа, бәрі жақсы болатынын ұмытпаңыздар.
Өмір болған соң әрине, сіздің де жаныңызға сызат түсірген, көңіліңізге қаяу салған жандар болады. Бірақ олар да сіз секілді адам, сондықтан оларды шын пейіліңізбен кешіріңіз. Өйткені басыңыздан өткен жағымсыз сәттерді жиі еске ала беретін болсаңыз, оның бәрі жүрегіңізді жаншып, ауруға ұшыратуы мүмкін. Өкпе реніш жүрегіңізде шемен болып қатып қалмауы керек. Қол жеткізген әр жетістігіңізге шын қуана біліңіз. Есіміңізді айтып, өз-өзіңізді мақтап қойыңыз. Бағаңызды біліңіз, дегенмен дандайсып кетпеңіз. Қандай жағдайда ішкі дауысыңызды тыңдаңыз.
Ең бастысы, адамдарды сыйлай білу, сүйе білу керек. Қайырымды болу еліне, адам баласына, табиғатқа деген махаббаттан басталады.
Әр уақытта жақсы сөз айтуға, қайырымды іс жасауға бейімді болыңыз! Шыдамды, сабырлы, ақылды болыңыз!
Қызығушылықты ояту:
Берілген сұраққа 5 минут жеке жазып
бір-бірімен топта талқылайды.
Жеке жазу, жұпта жазу, топта талқылау, ұжымда жариялау. 10 минут.

Мағынаны ашу:
Мұғалімнің нұсқауы, мәтін берілді.
Жанұя тобынан жұмыс тобына ауысты.
1111, 2222, 3333, 4444. 1-1,2-2,3-3,4-4. Жұмыс тобында мәтінді оқып талқылайды және жариялайды. Жанұя тобына қайта оралып әркім өз ақпаратын бірінші бірлер тобы, екінші екілер тобы, үштер үшінші болып, төрттер төртінші болып мәтінді талқылап жариялайды. Жалпы – 20 минут.

Ой толғаныс:
Жұпта, топта. Ұжымда талқылау.
Кері байланыс. Эссе жазады. 5 минут.
Қорытынды: бейнеролик «Өмір туралы» 5 минут.

Leave A Reply