Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

4 489 қаралым

Жалынды жастар (тренинг-сабақ)

0

Abuova A.Абуова Ақжүніс

Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы «Мұнайшы селосының №5 орта мектебі» КММ психологы және өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі

Мақсаты: мұғалімдер арасында қарым-қатынасты нығайту, жағымсыз көңіл-күйден арылу, күш-қуат жинау, өзін-өзі тану, құрметтеу, өзін еркін сезінуге көмектесу.

Ұйымдастыру:
Сәлеметсіздер ме, құрметті жас мамандар?! Бүгінгі «Жалынды жастар» атты тренинг сабаққа қош келдіңіздер!
Елбасы, Н. Назарбаев, жолдауында: «Мен сіздер, бүгінгі жастар, ерекше ұрпақ екендеріңізді қайталаудан жалықпаймын. Сіздер тәуелсіз Қазақстанда өмірге келдіңіздер және сонда ержетіп келесіздер. Сіздердің жастық шақтарыңыздың уақыты – біздің еліміздің көтерілу және гүлдену уақыты. Сіздер осы жетістіктер рухын және табысқа деген ұмтылушылықты бойларыңызға сіңірдіңіздер»,- деп пайымдаған. Олай болса құрметті жас мамандар тренинг бағдарламасымен таныс болыңыздар.

«Өз жұбыңды тап» ойыны
«Оның есесіне мен…» жаттығуы
«Теңізге саяхат» релаксациясы
Постер қорғау
Сергіту сәті
Рефлексия

«Өз жұбыңды тап» жаттығуы
Қатысушылар шеңбер құрап отырады. Мен сіздерге жануарлардың аттары жазылған текшелер таратып беремін. Атаулар екі текшеде қайталанған. Мысалы, егер сіздің қолыңызда піл деп жазылған болса, сіз тағы біреудің қолында сондай текше бар екенін біліңіз. (Жаттықтырушы текшелерді таратады, егер қатысушылар саны тақ болса, жаттығуға жаттықтырушы өзі де қатысады).
Сіздің текшеңізде не жазылғанын оқыңыз. Жазуды сіз ғана көруіңіз керек. Енді текшені жинап қойса болады. Әрқайсысыңыздың міндеттеріңіз өз сыңарыңызды табу. Бірақ, сөйлеспейсіздер, өзіңіздің жануарыңызға тән дыбыстар шығармайсыздар, тек әртүрлі қимылдар арқылы кез-келген әрекетті үнсіз жасайсыз.
Егер өзіңіздің жұбыңызды тапсаңыз, бірге тұрыңыз, бірақ үндемейсіз, сөйлеспейсіздер. Тек барлығы өз сыңарын тапқан кезде ғана, қандай нәтиже болғандығын тексереміз. Топ мүшелері өз сыңарын тапқаннан кейін, жаттықтырушы «Сіз кімсіз?» деп сұрап шығады.
Әдетте, бұл жаттығу өте көңілді өтеді, нәтижесінде топ мүшелерінің көңіл-күйі көтеріліпп, шаршағандығы тарқайды. Жаттығу қатысушылардың ары қарай ашыла түсуіне септігін тигізеді.

«Оның есесіне мен…» жаттығуы
Барлық қатысушыларға аяқталмаған сөйлемдері бар карточкалар таратылады. Сөйлемдерді әр қатысушы өз ойымен аяқтайды.
— Мен бәліш пісіре алмаймын, оның есесіне … .
— Мен шаршадым, оның есесіне … .
— Мен жақсы билей алмаймын, оның есесіне … .
— Мен көп үндемейтін адаммын, оның есесіне … .
— Мен көп ұйықтаймын, бірақ оның есесіне … .
— Мен жұрттың бәріне құрметті бола алмаймын, оның есесіне … .
— Мен еден жууды ұнатпаймын, оның есесіне … .
— Мен Үндістанда болған жоқпын, оның есесіне … .
— Мен пәлендей батыл емеспін, оның есесіне … .
— Мен өзім туралы көп ойламаймын, оның есесіне … .
— Мен тез ашуланғыш адаммын, оның есесіне … .
— Мен соншалықты сымбатты емеспін, оның есесіне … .
— Мен тым толықпын, оның есесіне … .
— Менің аяқтарым ұзын емес, оның есесіне … .
— Менің кемшіліктерім көп, оның есесіне … .
— Менің жазуым әдемі емес, оның есесіне … .

«Теңізге саяхат» релаксациялық жаттығуы
Бұл медитативтілік техника денедегі қысымды түсіруге бағытталған, музыкамен орындалады.
Жүргізуші. Жайланып отырыңыз, көзіңізді жұмыңыз. Терең демалыңыз, денеңізді бос ұстаңыз, денеңізді ауырлап бара жатқандай және оны теңіз толқынының лебі ұрып жатқандай сезініңіз. Өзіңізді жартастың үстінде тұрмын деп есептеңіз және алысқа көз жіберіңіз. Сіздің алдыңызда көгілдір теңіз, ашық аспан және күн. Теңіз барқалыпты дем алып, асау толқындары жағаға соғылып, қайтадан кейін қайтуда.
Теңіз толқындарының шуын естіп, толқындарға қызыға қарап, жағалаудағы теңіздің тұзды ауасын жұтып тұрсыз. Өз бойыңыздағы асқан ауыртпалықтан бір сәтке болса да арылғандайсыз. Сіздің рухыңыз жайлылық сезіміне толы. Сіз төменге түсіп, аяғыңызды шештіңіз, жалаң аяқ құмның қызуы мен жұмсақтығын сезіне отырып жүгірудесіз. Міне сіз судың жанына келдіңіз, толқындар сіздің аяғыңызды жуып жатыр, су жып-жылы әрі жұп-жұмсақ. Сіз қолдарыңызды бос тастап, басыңызды шалқайттыңыз. Күн сәулесі мен жеңіл самал жел сіздің бетіңізді өбуде, теңіз толқындарының тамшылары сіздің денеңізді баурап алғандай. Ерніңізде теңіздің тұзды суының кермек дәмі және бақыт күлкісі. Сіз өзіңізді кішкентай бала сияқты сезініп, жүгіргіңіз, секіргіңіз, су шашып ойнағыңыз, күлгіңіз келеді. Өзіңізге осы бірнеше минут ішінде не істегіңіз келсе, соны істеуге рұқсат етіңіз.
Сіздің қайтатын уақытыңыз болды. Міне сіз тағы да жардың басында тұрсыз. Сіздің демалыс пен бақыт сыйлаған ғажайып әлемге алғысыңызды айтыңыз. Көздеріңізді асықпай ашыңыз!
Қандай сезімде болдыңыз? Не сезіндіңіз?

Постер қорғау
Топқа тапсырма
«Сіздің ойыңызша болашақ ұстаз қандай болу керек?»
«Болашақ мектебімізді қалай елестетесіз?
«Болашақ оқушы бейнесі қандай болуы керек?»

Сергіту сәті
Сергіту сәтінде жас мамандар Қайрат Нұртастың орындауындағы «Жаса Қазақстан» әнін орындайды. Біздің мемлекетіміздің туын желбірететін сіздерсіздер, сондықтан жалаушаларды ұстап осы әнді бірге шырқайық.

Рефлексия
«Мектеп – кеме, білім – теңіз», демекші тақтадан кеменің суретін көріп тұрмыз. Ендеше ол мектебіміз деп елестетеміз. Білім ол теңіз. Олай болса алған әсерлерімізді көк қағазға жазып білім нәрімен шәкірттерімізді сусындатайық.
Жазған қағаздарын кеменің суретіне жабыстырады.
Жас мамандар бүгінгі тренинг сабаққа алтын уақыттарыңызды бөліп қатысқандарыңызға алғысымды білдіремін.

Abuova A2

 

Фото: Абуова А.

Leave A Reply