Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

5 393 қаралым

Жағымды мінез-құлық сапаларын қалыптастыру жолдары

0

Туреева Гульнара Загпаровна
Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Жиренқопа ауылы Жиренқопа орта мектебіның педагог-психологы

Зерттеу мақсаты. Оқушыларға адамгершілік қасиеттерді ұғындыра отырып, жағымды мінез-құлық сапаларын қалыптастыру.
Зерттеудің өзектілігі. Бүгінгі қоғам талабына сай елімізде туындап жатқан әлеуметтік-экономикалық, мәдени өзгерістер білім мен тәрбие мәселесіне жаңа көзқарас қалыптастыруды қажет етеді. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында: «Адамгершілік» – адам бойындағы гуманистік кұндылык, әдеп ұғымы. «Кісілік», «ізгілік», «имандылық» тәрізді ұғымдармен мәндес. Халықтың дүниетанымында мінез-кұлықтың әртүрлі жағымды жақтары осы ұғымнан таралады. Мінез-құлық пен іс-әрекеттерде көзге түсетін төмендегідей адамгершілік белгілерін атауға болады: адамды қастерлеу, сыйлау, сену, ар-ұятты сақтау, имандылық пен рахымдылық, ізеттілік пен кішіпейілділік, әділдік, қанағатшылдық» – деген анықтама берілген.
Адамгершілік принциптері әлеуметтік-мәдени дамудың жемісі. Адам тумысында жақсылыққа да, жамандыққа да үйір емес. Адамгершілік белгілердің қалыптасуына ерекше әсер ететін факторлар бар.
Баланың жеке басының дамуы мен қалыптасуына ықпал ететiн 3 негiзгi фактор бар. Ол тұқым қуалаушылық (iшкi жағдай), орта мен тәрбие (сыртқы жағдайлар). Осы үш фактор баланың дамуына қалай әсер ететiнiн олар өзара қарым-қатынаста болатынын, қайсы және қашан жетекшi болып шығатыны туралы мәселенiң өте зор ғылыми және практикалық маңызы бар. Тәрбие адамның дамуына әрқашан мақсат көздеп, ықпал ету болып табылады. Адам қажеттiлiктi қанағаттандыру көзi болатын қоршаған ортаға тәуелдi бола отырып, оған белсендi түрде ықпал етедi, оны және өзiн мақсатты iс- әрекет процесiнде саналы түрде қайта құрады. Сондықтан да адамның саналы түрдегi белсендi iс- әрекетi оның жеке басын қалыптастырудың негiзi. Жеке адамды бөлшектемейтiн, оның мүддесiн қоғам мүддесiмен ұштастыратын жоғары мотивтердiң жалпылану және тұрақтылық дәрежесi жарасымды дамуды тудырып, бiздiң қоғамның адамгершiлiк нормаларына сай келетiн жеке адамның қалыптасқандығын дәлелдейдi. Қоршаған ортаға, адамдарға, өзiне, өмiрге деген көзқарастарда жеке адамның дүниетанымы, көзқарасы, ұмтылысы, нанымы байқалады. Сондықтан жеке адамның адамгершiлiк сферасын қалыптастыру- тәрбиенiң өзегi».
Адамгершілік тақырыбы — мәңгілік. Жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру – ата-ана мен ұстаздардың басты міндеті. Адамгершілік әр адамға тән асыл қасиеттер. Адамгершіліктің қайнар бұлағы- халқында, отбасында, олардың өнерлерінде, әдет-ғұрпында. Әр адам адамгершілікті күнделікті тұрмыс — тіршілігінен, өзін қоршаған табиғаттан бойына сіңіреді.
Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттерінің ең бастысы — өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу.
12 жылдық білім тұжырымдамасында «мақсаты-өзінің және қоғамның мүддесінде өзін-өзі белсенді етуге дайын, өзгермелі даму үстіндегі орташа өмір сүруге бейім, бәсекеге қабілетті және құзыретті, шығармашыл, білімді тұлғаны дамыту және қалыптастыру» — делінген.
Көрнекті педагог В. Сухомлинский «Егер балаға қуаныш пен бақыт бере білсек, ол бала солай бола алады», — дейді. Демек, шәкіртке жан-жақты терең білім беріп, оның жүрегіне адамгершіліктің асыл қасиеттерін үздіксіз ұялата білсек, ертеңгі азамат жеке тұлғаның өзіндік көзқарасының қалыптасуына, айналасымен санасуына ықпал етері сөзсіз.
Зерттеу нысаны. Сабақ процесінде кедергі келтіретін, теріс мінез-құлық танытатын оқушылар.
Зерттеу болжамы. Егер оқушыларға білім берумен қатар тәрбие бағыттары қоса жүрсе, оқушы бойына жағымды мінез-құлық қалыптастыруға болады.
Зерттеу міндеттері:
— тақырыпқа қажетті әдіс-тәсілдерді анықтау;
— анықтаушы экспериментке материалдар дайындау, жүргізу, талдау;
— қалыптастырушы экспериментке материалдар дайындау, жүргізу, талдау, салыстыру.
Мәселенің зерттелу деңгейі:
Сабақ процесінде кедергі келтіретін, теріс мінез-құлық көрсететін оқушылар тізімі пән мұғалімдерімен бірлесіп жасалды.
Оқушыларға төрт психологиялық сабақ жүргізілді. Алдымен анықтау мақсатында тест, сауалнама алынды. — — Қалыптастыру мақсатында екі тренинг сабақ, бір ақпарат беруші сабақ жүргізілді. Нәтижесінде тақырыптық сауалнама қайта алынды.
Алдымен оқушылардың тәрбиелік даму деңгейін анықтау мақсатында тест жүргізіліп, «адамгершілік» ұғымын қаншалықты түсінетіндіктері анықталды. Тәрбиелік деңгейлері жоғары деңгейді көрсеткенмен, «адамгершілік» ұғымын түсіну деңгейлері төмен деңгейді көрсетті.
«Жақсы қасиет – жан азығы» атты тренинг жүргізілді. Тренинг басында көңіл-күйлері анықталды. Сонымен қатар, «мінез-құлықтың жағымды, жағымсыз жағы анықталып», «Мен кіммін?» әдістемесі жүргізілді.
Келесі сабақ «Хинг Ши ұстаз» атты мәтінмен басталып, ондағы ұстаздың оқушыларға беретін басты тапсырмасы – адамгершілік пен мейірімділікке тәрбиелеу екені ұғындырылып, бүгінгі сабақ «Адамгершілік» туралы өтілетіні туралы жеткізілді. «Адамгершілік» ұғымының анықтамасы айтылып, дәйексөздермен түсіндіріледі. Сонымен қатар «Бәрі де өз ізін қалдырады атты» бейнекөрініс көрсетілді. Осы бейнекөрініс арқылы оқушыларға мейірімділік, кешірімділік, ұстамдылық сияқты қасиеттер ашып айтылды.
Келесі тренинг сабақ «Адамгершілік – асыл қасиет» деп аталды. «Адамгершілік» ұғымы пысықталып, оқушылардың ойлары, түсініктері сұралды. Бұл сабақ 4 турдан тұрады. 1 – тур сұрақтар, 2 – тур мақал – мәтел, 3 – тур сөзжұмбақ, 4 – тур проблемалық жағдай. Сабақ 4 тур бойынша өткізіліп, сабақ соңында «Адамгершілік қарым-қатынас» атты бейнекөрініс көрсетілді.

Қорытынды:
Адамға қойылатын басты талап – асыл да ізгі адамгершілік қасиеттерді бойына сіңірген, ұлағатты азамат болып шығу. Өйткені адам – өзінің адамгершілігімен, қайырымдылығымен, адалдығымен және әділеттігімен ардақты. Халқымыз қайырымды- мейірімді жанды «адамгершілігі мол адам» деп дәріптеген. Қайырымды, мейірімді жан – өзгелерді, басқа адамдарды ойлап, соларға қол ұшын беруші жан. Ал, адамдардың қамын жеу дегеніміз адамгершілікке келіп саяды.
Адамгершiлiк iлiмінiң және адамгершiлiк тәртiптiң сәйкес келуi – азаматтың, оқушылардың жоғары адамгершiлiгiнiң дамығандығының айғағы. “Адамгершiлiктерiң жоғары болсын. Бұл сендердiң ең басты мiндеттерiң” деп жазды философ жазушы Ж.Ж.Руссо. Ал Абай: “Досыңа достық – қарыз iс, дұшпаныңа әдiл бол” деп жырлаған болатын. Өмiрде адам неғұрлым ақылды, мейiрiмдi болған сайын, соғұрлым өзгенiң жақсылығын да бағалағыш келедi. “Жас өспей ме, жарлы байымай ма!” демекшi, бүгiнгi бастауыш сынып оқушысының ертеңгi азамат екендiгi де еш күмән тудырмайды. Сондықтан өз бойларына жоғары адамгершiлiк мәдениетiн бүгiннен бастап сiңiре бiлу, адал болу, арлы болу әркiмнiң парызы. Адам жақсылыққа жамандық iстеу арқылы жете алмайды, қашан да қайырымдылық қажет. Өйткенi, адамның асыл қасиетi – оның жасаған жақсылығы.
Егер оқушыларға білім берумен қатар тәрбие бағыттары қоса жүрсе, оқушы бойына жағымды мінез-құлық қалыптастыруға болады.

Leave A Reply