Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

2 167 қаралым

Тәрбие бер – адал болсын ұл-қызың, бұл ісіңіз – күліп атар ертеңің

0

Султанкубиева Асемгул Муратовна
Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Алакөл негізгі орта мектебінің I санатты психологы

Мақсаты:
а) бала тәрбиесіндегі ата-ананың алатын орнының ерекше екендігін түсіндіру;
ә) отбасы мүшелерінің арасындағы бауырмалдық, қайырымдылық, достық қарым-қатынасты қалыптастыру.
Көрнекілігі: қанатты сөздер

Құрметті ұстаздар, ата-аналар! Бүгінгі біздің «Тәрбие бер – адал болсын ұл-қызың, бұл ісіңіз – күліп атар ертеңің» атты пікір алысу кешімізге қош келіпсіздер!
Сенде де бар жанұя,
Менде де бар жанұя,
Балықта да, аңда да
Үлкенде де, кішіде,
Жанұя бар әрбір кісіде
Жанұя бары шуақ қой
Қуаныш пен қуат қой
Армысыңдар әкелер!
Армысыңдар аналар!
Армысыздар ұстаздар
Ата-ананың абыройы, жаманы-қайғысы, азап-соры» дегендей, тәрбие тағдырын алдымен отбасы шешеді. «Отбасы адамзат бесігін тербеткен ұя болса», «Баланың бас ұстазы ата-анасы».
Ата-ананың үйдегі қарым-қатынасы, киім киюі, мінез құлқы, бәрі – бір балаға үлгі. Өйткені «Қарағайға қарап тал өседі, жанұяға қарап бала өседі».
Бала отбасында «Әкеден ақыл, анадан мейір алады»

Жүру барысы:
1. «Аялы алақан» жаттығуы
2. «Жүректен-жүрекке» жаттығуы
3. «Біз екеуміз бірге…» жаттығуы
4. Бүркіт пен оның балапандары (аңыз әңгіме)
5. «Менің жүрегім ән айтады, егерде…» «Менің жүрегім қайғырады егерде…» жаттығуы
6. «Қар қиыршықтары» жаттығуы
7. «Ата-аналар сіздер үшін» (кеңес)

1-ші бөлім. «Аялы алақан» жаттығуы
Шеңбер бойымен отыру. Бастапқы қатысушы жанындағы көршісінің қолынан ұстап, мына сөздерге жауап алуы тиіс – «Бүгінгі пікір алысу кешінен не алғыңыз, не көргіңіз келеді?» әрі қарай шеңбер бойымен осылай жалғаса береді.

2-ші бөлім. «Жүректен-жүрекке» тренинг
Түрлі-түсті жүрекшелер бар. Кімге қай түстегі жүрекше ұнайды соны алайық. Қызыл – адамгершіік, Сары – адалдық. Көк – мейірімді. Жасыл – әдептілік. Ақ – қайырымдылық. Осы қасиеттер бойларыңызда дари берсін. Енді жүрекшелерге өзіміздің есімімізді жазып қасымыздағы көршілерімізге береміз көршіңіз сізге шағын  мінездеме жазады.
Ұлтымызда «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген дана сөз бар. «Балапан қыран болу үшін оны самғатып ұшыратын ата немесе әке де қыран болу керек» деп отбасылық тәрбиеге ерекше тоқталған

3-ші бөлім. «Біз екеуміз бірге…» жаттығуы
«Біз екеуміз бірге…» деп бастап үйде балаңызбен бірге не істейтіндігіңізді айтып шығасыз.

4-ші бөлім. Бүркіт пен оның балапандары (аңыз әңгіме)
Жас жеткіншек қашан да ата-ананың ақылы, үлгі-өнегесі арқылы өсіп, қалыптасады.
Олай болса көңілге түрлі ой салып, толғандыратын аңыз әңгімеге назар аударайық.

Бүркіт пен оның балапандары (аңыз)
Баяғыда таудың қиясын мекендеген бір ерекше қасиетті қыран өмір сүріпті. Өзгелерге өрлігімен өнеге болған әлгі бүркіт бір жылы өмірінде бірінші рет үш балапан басып шығарыпты. Балапандардың қанаттары қатайып, ұясынан ұшып шығуына аз уақыт қалғанда бүркіт үш балапанын уысына қысып, теңіз төсіне алып шығыпты. Ұшып келе жатып ол, өзіндік өмірге қанат қаққалы тұрған балапандарынан соңғы рет сынақ алып, былай деп сұрапты: — Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, мәпелеп бағып-қаққанымды жақсы білесіңдер. Ертең өскесін, осының өтеуі ретінде маған қандай жақсылық жасайсыңдар?
Біріншісі айтыпты: — Анашым, сенің ақ сүтіңді ақтау үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын. Мен сені өмір бойы қанатыма мінгізіп алып жүрем. Дүниенің төрт бұрышын түгел аралатам, таңғажайып тамашаларды көзіңмен көретін боласың.
Бүркіт басын шайқап, уысындағы балапанын теңізге тастап жіберіпті. Бірінші балапан теңіз тұңғиығына батып кете барыпты. Сосын екіншісіне бұрылып: — Ал сен не айтасың,- депті.
Екіншісі айтыпты: — Анашым, мен сені ел аралатып, босқа әуре қылмаймын. Ғаламның барлық кереметтері мен қызықтарын алдыңа әкеліп берем, ішкенің алдыңда, ішпегенің артыңда болады.
Бүркіт тағы да басын шайқап, уысын жазып жібергенде, екінші балапан да біріншінің соңынан кете барыпты. Бүркіт үшінші балапанына бұрылып, жарықшақ толы дауыспен былай депті: — Ал, сен мені қалай жарылқамақсың?
Сонда үшінші балапан былай деп үн қатыпты:
— Анашым, өтірік қанша тәтті болса да, саған ащы ақиқатты ақтармасқа амалым жоқ. Маған жасаған жақсылықтарыңның шеті де, шегі жоқ екенін, оны өтеуге менің барлық ғұмырым жетпейтінін жақсы білемін. Дегенмен, менің өмірім сені әлемді аралатуға да, сан түрлі ғаламаттарды алдыңа алып келуге де арналмайтынын айтқым келеді. Мен, сенің маған жасаған жақсылықтарыңның барлығын өз балапандарыма жасау үшін өмір сүретін боламын.
Кәрі бүркіт сонда ғана көкірек кере терең дем алып: — Біздің әулет аманатын алға апарар, қыран деген атқа лайық бола алар ұрпақ туылғанына көзім енді жетті,- деген екен.

5-ші бөлім. «Менің жүрегім ән айтады, егерде…»
Әр ата-ана «Менің жүрегім ән айтады, егерде…» «Менің жүрегім қайғырады егерде..» деп бастап жүрегінің неге ән айтатынын және  қайғыратынын айтып шығады.

6-шы бөлім. «Қар қиыршықтары» жаттығуы
Бәріміз қолымызға ақ қағазды алып ортасынан бүктейміз. Оның оң жақ жоғарғы бұрышын жыртамыз. Тағы да бүктейміз, оң жақ жоғары бұрышын жыртып аламыз. Осылай мүмкіндігінше жалғастыра береміз. Енді өзіміздің әдемі қар қиыршығын ашып қараймыз.
Кімде бірдей, бір-бірінен аумайтын қар қиындысы шықты?
Не себепті бәріміз де ақ қағазбен бірдей әрекет бола тұра әр түрлі қар қиыршықтары  пайда болды?
Себебі, бәріміз бірдей  әрекет жасағанмен, ол бізде әр түрлі шықты. Өйткені біз әр түрлі адамдармыз. Біздің ата-аналар мен мұғалімдер қоғамдағы  орнымыз, қызметіміз, жан дүниеміз бәрі әр түрлі. Ал оқушыларға келсек, әр қайсысы бөлек тұлға, ойлауы, дүниетаным, көзқарасы – бәрі әр түрлі. Қоғамдағы орнымыз бен рөліміз әр түрлі болса да, бәріміздің алдымызда тұрған мақсат бір ол жақсы тәлім- тәрбие беру.
Отбасы – адам баласының түп қазығы, алтын ұясы. Адам баласын шыр етіп дүниеге келген күннен бастап сол ортаның ыстық-суығына бейімделіп, ықпалына көніп, осында ер жетеді. Отбасы – адамзат бесігін тербеткен баланың бас ұстазы.
Әр отбасында ата-ананың орын бөлек. Бала әкеден ақыл, анадан мейірім алады. Әке-шаңырақ иесі. Отбасы мүшелерінің жауапкершілігі толығымен ер-азаматқа жүктеледі. Әйел – отбасының ұйытқысы. Баланы өсіріп тәрбиелеу – әйел-ананың тікелей міндеті.

7-ші бөлім. «Ата-аналар сіздер үшін» (кеңес)
1. Балаға дұрыс тәрбие беру – ата-ананың моральдық қана емес, заң жүзіндегі міндеті.
2. Бала тәрбиесі мәселесінде ата-ана арасында толық келісім болуға тиіс
3. Баланың бойындағы ізгілік, жақсылық атаулының бәрін, оның үлгілі болуға тырысқан талабын көтермелеп отыру керек.
4. Баланың адал да ізгі адам болып өсуі үшін оған ата-анасы үлгі болуға тиіс.
5. Баланы еңбекке құрметтеу мен сүю рухында жас кезінен тәрбиелеп, оның бойына адамгершілік және рухани мәдениеттің негізін, қоғамдағы мінез-құлық дағдыларын дамыту керек.
6. Ересектер балаларды күн сайын сипайылыққа, сергектікке, үлкендерді құрметтеуге, әділдікке өз үлгісімен тәрбиелеп отыруға тиіс.
7. Үйдегі жайлылық пен салауаттылықтың алғы шарттары – тазалық пен тәртіп, сондай-ақ барлық отбасы мүшелерінің тату-тәтті тұруға ұмтылуы.
8. Үй ішіндегі татулық күйеуіне де, әйелге де байланысты. Оның бірінші шарты – өзара сенім, құрмет, өзара түсіністік және, әрине сыпайы, әдепті мінез-құлық.
9. Сыпайылық және әдептіліктің ережелерін сақтау табиғи, емін-еркін болып, ешбір жағдайда екіжүзділікке, өтірік ұялшақ-тыққа негізделмеуге тиіс.
10. Тату-тәтті тұру үшін ұстамды болып, өзін-өзі билей білу керек.
Ұлы Абай атамыз 38-ші қара сөзінде:
«Қашан баланың ғылым- білімге махаббаты оянғанда ол адам бола бастайды. Оның адам болғанына 3 түрлі нәрсе себеп болады; 1-ші жақсы ата-ана, 2-ші жақсы ұстаз, 3-ші жақсы құрбы-құрдас»- деген екен. Сондықтан да балаларымызбен үнемі жақсы қарым-қатынаста болайық.

Leave A Reply