Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

3 109 қаралым

Соғыс психологиясы

0

Бауыржан Момышұлы


… Мен сіздерге психологиялық тұрғыдан түсіндірілетін кейбір ұғымдарды баяндағым келеді. Бұл ұғымдар алда керегімізге жарайды деп ойлаймын.

Соғыс тәжірибесі жеңіске рухтың күштілігімен жетуге болатынына, табыс әскерлердің моральдық-адамгершілік күшіне тәуелді екеніне біздің көзімізді тағы да жеткізді. Материалдық құрал-жабдықтар мен қазіргі заманғы әскери техника күрестің материалдық базасы мен қаруы болып табылады. Бәрінің де негізі — жанды саналы адам.

Адамның моральдық-адамгершілік қасиеті рухани күш деген сөзбенен анықталады. Рухани күштің негізгі қайнары мен қозғаушысы: ақыл, сезім, ерік-жігер.

Адам қасиетінің осы үш элементін ұштауға бағытталған мақсатты жұмыс тәрбиелеу жұмысының басты нысанасы болып табылады.

Бұл мәселе жөнінде мен өз көзқарасымды айтқым келеді. Қорқыныш дегеніміз не? — Қорықпаушылық дегеніміздің өзі жалпы табиғатта жоқ нәрсе. Қорықпайтын адам жер бетінде жоқ. Қорқыныш тірі нәрселердің бәріне, тек адам мен жан-жануарға ғана емес, сонымен бірге тіпті өсімдіктерге де тән. Қалай болғанда да, жүзден аса ұрысты бастан өткізген екі жарым жылдың ішінде бірде-бір қорықпайтын адамды әлі кездестірген емеспін. Өлім қаупін сезінген бірде-бір жан қорқынышсыз арпалысуға бармайды, бірақ бұл қорықпаушылық деген сөз емес. Қорқынышты әрбір адам өмірде талай-талай басынан өткізеді.

… Қорқыныш бар, бірақ омы жеңуге болады.

Қорқынышты, біріншіден, ішкі мәжбүр ету жолымен, екіншіден, сыртқы мәжбүр ету жолымен, яғни қоғамдық ықпал ету жолымен жеңуге болады. Тәуекелсіз жеңіс жоқ.

Жаудан қашып емес, қорғанып және шабуылға шығып құтыла аласың. Өмір сүруге деген үміт оты жүрегіңді жылытады, әрбір солдат та пенде, ол да өмір сүргісі келеді. Өмір сүруге деген тілек өзін-өзі сақтау инстинктін қалыптастырады, солдат қорғанады және шабуылға шығады.

Әңгіме мынада, бұл өзін-өзі сақтау инстинктінің екі жағы бар: біріншісі — адам өзін-өзі сақтау үшін ұашады, екіншісі — осындай мақсатпен шабуыл жасап, қорғанады. Мен адамның бойындағы осы екінші жақты дамыту керек деп санаймын, өйткені ол қорғануға, шабуыл жасауға итермелейді. сондықтан да оны барынша дамытып отыру қажет. Барлық нәрсенің көлеңкелі жағы болады, ал жалпы және тұтас алғанда бұл адамның ғана емес, барлық жанды дүниенің асыл қасиеті. Міне, өзін-өзі сақтау инстинктінің ұрыста бастапқы қозғалтқыш күш болатыны сондықтан. Өзін-өзі сақтау инстинкті басқаны өлтіруге мәжбүр етеді, ал бұл өзіңнің өлгеніңнен гөрі әлдеқайда қиын. Мына біздердің, жай адамдардың арасында әлде біреуді өлтіретін адам табыла қояр ма екен? Оның қолдары қалтырап, жалпы ол мұны істей алмаған болар еді, ал солдат оны ісһтейді. Ол бір адамның өмірін қорғау әрі сақтау мақсатымен, басқаның көзін жояды. Ол неліктен екінші біреудің көзін жояды? Оған кім кім құқық береді?

Соғыста бұл адам өлтірушілік әрекет немен ақталып алынады? Неліктен бұл ұрыс даласында ерлікке, ал мұнда, сіздерде, қылмысқа саналады? Ол өзінің көзін жойғысы келгеннің көзін жояды! Дұшпанның өзін өлтірмек болған қара ниеттілігі оған оны өлтіруге құқық береді! Бұл адам өлтірушілік ұрыс даласында жауынгерлік парызды орындаумен моральдық тұрғыдан ақталады…

Кейбір операцияларды генерале мес, қорқыныш шешкен жағдайлар бар: әскердің ұзаққа созылған бейберекет шегінуі — мұның бәрі генерал қорқынышының ісі.

Қарсылық көрсетуші бар солдат шабуылға шыққан он солдатқа елеулі әрі басып өте алмайтын тосқауыл болып табылады, ұрыс тәжірибелері көзімізді осыған жеткізеді.

Қорқынышты әрбір адам көп, көптеген рет басынан өткізді: казармалық өмірдің қорқынышы, жауынгерлік жорықтың қорқынышы, ұрыс алдындағы қорқыныш және ұрыс кезіндегі қорқыныш және т.б. Бұл жерде қазақ халқының «Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді» деген мәтелін келтіре кеткен орынды. Бұл мәтел — біздің халқымыздың жауынгерлік ой-пікірі, сіз, сірә, басқа мұндай ой-пікірді таба алмассыз. Қорқыныш барлық тірі нәрселерге тән болса, батылдық парыз сезімінің қорқынышпен күресі нәтижесінде туады екен. Ал парыз сезімі дегеніміз не? Бұл адамгершілік сезімі, намыс, ар-ұят — бұл адам өзін кез-келген опасыздықтан сақтайды, қорғайды, яғни масқара болып жүргеннен абыроймен өлген артық деген сөз. Өлімнен ұят күшті.

Ерлік дегеніміз не? Бұл адамға туа біткен қасиет емес, дұрыс жүргізілген әскери тәрбиенің жемісі.

Ерлік — табиғат сыйы емес, ең алдымен өзіңнің ар-намысыңды және азаматтың қасиетті абыройын ұятқа қалу, опасыздық пен масқара болу сезімінен қорғай отырып, адамның ең ұлы сезімі азаматтық парызын орындау үшін осындай адамгершілік теңдікте өзіңмен сайысқа түсе отырып, тұтас коллектив өмірінің игілігін ғана емес, сонымен қауіп-қатерін де бөлісіп, жауды барынша жлю, жанға жанмен, қанға қанмен аяусыз кек алу жолымен жеке басыңды және отандастарыңды қауіпсіз теуге ұмтылу, саналы түрде қауіп-қатерге бас тігуге мәжбүр ету.

Батылдық — қимыл әрекет есебін тәуекел етумен үйлестіре алушылық. Тәуекелді есеп сақтайды. Есепсіз тәуекел — тұл.

Көзсіз батырлық — ептілікті батылдықпен ұштастыра білушілік. Ойланбай жасалған көзсіз батырлық — есерсоқтық. Ептілік — адамның ақыл-ойын ұшқыр ойлай білуге, дене қимылын икемділікке, бұлшықеттерін шиыршық ата қозғалыс жасауға қатаң жүйелі түрде тәрбиелеудің (жаттықтырудың) нәтижесі…

«Ұрыста адамның барлық қасиеттері сынға түсіп, тексеріліп, бәрі де шешіледі. Ұрыс өтірікті, жалған батырлықтың бет пердесін сырып тастайды, екіжүзділік оқтың астында шыдас бермейді. Ұрыста зәре-құтыңның ұшқанын жасыра алмайсың. Батылдық мүлдем жоғалады, болмаса өзінің барлық көрінісімен тек ұрыста ғана көрінеді…»

Жалғасы бар

Әдебиет

Психология. Адамзат ақыл-ойының қазынасы. 10 томдық: Қазақтың психологиялық ой-пікірлері. 10 том/Жетекшісі — акад. Ә.Н.Нысанбаев. — Алматы: «Баспалар Үйі», 2006. — 401-412 б.

Leave A Reply