Абуова Ақжүніс Аманқосқызы, Әмен Жайна Бақытқызы,
Маңғыстау облысы Қарақия ауданы, «Мұнайшы селосының №5 орта мектебі» КММ психологтары
Өткен күн, Кеше – тарих,
Келер күн, Ертең – сыр,
Ал, бүгінгі күн – үлкен сый.
Қорқыт ата.
Мақсаты: ҰБТ-ға байланысты сенімділікке үйрету, стрестік қалыптан арылту. Бір-біріне деген қарым-қатынасты нығайту.
Сәлеметсіздер ме, ұстаздар және мектеп түлектері?! Бүгінгі «Әрбір күн мереке» атты тренинг сабағымызға қош келдіңіздер! Қорқыт атамыздың сөзін әрі қарай аяқтайтын болсақ, әр күнімізді мереке деп атауға болады. Себебі, бұл күн біз үшін үлкен сый.
Тренинг бағдарламасы:
Игі тілек
“Сыр сандық” жаттығуы
“Қош бол, кедергілер”
“Жарайсың!” жаттығуы
“Жеміс-жидек салаты” ойыны
«Молекула» ойыны
Хормен ән айту
Рефлексия
«Игі тілек» жаттығуы
Мен өзімнің тілегімді айтып өтейін. Мына қолымдағы жұмсақ ойыншық маймылды, яғни мешінді бере отырып, мешін жылы баршамызға табыс, қуаныш әкелсін! Жылдағыдай аудан көлемі бойынша «ҰБТ-дан I орынға ие болып, мектебіміздің мәртебесін асқақтатады», — деп сенім білдіремін. Бұл кезеңде оқушылар жұмсақ ойыншықты бір-біріне беріп отырып, жақсы ниеттерін, игі тілектерін айтып келесі оқушыға жалғастырады.
“Сыр сандық” жаттығуы
Кішкентай сандықшада жасырылған аяқталмаған сөйлемі бар қағаздарды алып өз ойларымен аяқтайды.
Шынын айтсам, келе жатқан тест жайлы ойласам…
Шынын айтсам, тестке дайындалғанда мен …
Шынын айтсам, үйге келгенде мен..
Шынын айтсам, қобалжығанда…
Шынын айтсам, ойларымды жинақтай алмаған кезде..
Шынын айтсам, алда келер тесттен ата-аналарымның қобалжуларын ойласам…
“Қош бол, кедергілер” жаттығуы
Оқушылар қолдарына газеттерді алып барынша мыжып, қолдарымен қыса бастайды. Сол кезде әр оқушы өздерінің бойында ҰБТ-ға байланысты қорқыныш, қобалжу сезімдерінің біртіндеп жоғала бастағанын сезеді. Қолдарындағы газетті «Қош бол, кедергілер!» деп айтып, қоқыс жәшігіне тастайды. Ал, жақсы оқушылар кедергілерден арылып болсақ, өздеріміздің жетістіктерімізді айтып мақтанайық. Әрине, бұл қиындық туғызар, әйтсе де, осындай сәтте бір мақтанып алайық.
«Жарайсың!» жаттығуы
Мақсаты: Стрестік жағдайда сенімділікті қалыптастыру.
Нұсқау: Сізде екі топқа бөлінесіз: ішкі және сыртқы. Ал қазір мен түсіндіремін. Екі шеңбер құрыңыздар, бірі ішкі, бірі сыртқы. Сыртқы шеңбер қатысушысы ішкі шеңберден өзіне серік табады, бір-біріне қарама-қарсы тұрады және менің белгім бойынша кезекпен өз жетістіктерің туралы айтасыздар. Тыңдаушы әр жетістікті айтқан сайын бас бармағын көтеріп, мына сөздерді айту керек: «Жарайсың! Бір! Жарайсың! Екі!» т.с.с. Сіз өзіңіз туралы нашар ойда болсаңыз да, сеніммен жақсылықтарды айтыңыз. Егер де кімде-кім бұл жаттығуды орындағанда сенімсіз, ыңғайсыз сезінсе, іштей: «Мен өзімді сүйемін, мен қайталанбас бірегеймін» дегенді қайталау керек.
Әрдайым сіздің адресіңізге жағымсыз бағалау туралы ой келсе, есіңізге түсіріңіз, сізге әлі де өзіңізді дамыту, жетілдіру керек екенін, яғни барынша жетілгенше!
Менің белгім бойынша сыртқы шеңбер орындарында қалады, ал ішкі шеңбер солға бір қадам жасап, серіктерін өзгертеді. Ойын жалғасады.
Талдау:
Өзіңіз туралы көп нәрсені есіңізге түсірдіңіз бе?
Сирек болса да өзіңізге: «менде жақсы шықты» деп айтасыз ба?
Өзің туралы жақсы көзқараста болу неліктен маңызды?
Өз серігіңізден не үйрендіңіз?
“Жеміс-жидек салаты” ойыны
Сізге қандай жеміс-жидек ұнайды?
Егер сізге алма өте ұнайтын болса, жігерлі, бірақ аздап ескі көзқарастағы адамсыз. Өз бастығыңызға шын берілгенсіз, оның қандай тапсырмасын болса да, жан сала тиянақты атқаруға тырысасыз. Аздап ақын жанды, өз-өзіңізге риза адамсыз.
Шабдалыны ұнататын адамдар көпшіл, кез келген адаммен тіл табыса алатын ашық жарқын болып келеді. Сізден сыпайылық пен мәдениетті адамның белгілері айқын аңғарылып тұрады. Тек бір кемшілігіңіз-қиындықтарды ауыр көтересіз, кейде оларды жеңуге дәрменсіздік танытады.
Құлпынайға онша “кет әрі” болмасаңыз Сіз көңілді, қонақжай адамсыз. Елмен тіл табыса аласыз. Сізге сыпайылық тән, талғамыңыз нәзік. Ешкімге тәуелді емессіз. Дегенмен, қызғаншақтығыңыз жоқ емес.
Жүзімді ұнататындар өзінің де өзгенің де сырын сақтай білетіндер. Бірақ мұндай тұйықтық, кейде шектен асып кетеді де, ел ондай адамдарға сенімсіздікпен қарауы мүмкін.
Алмұртты ұнататындар дүниеге сеніммен шаттана қараушылар. Олармен әрдайым қызықты. Олар ешқашанда мұңаймайды. Мұндай адамдардың айналасында әрқашан оқиғалар үсті-үстіне дамиды және мейрам, көтеріңкі көңіл-күй сезіліп тұрады. Сіздің достарыңыз керемет әрі әрқашан да қиындықта қасыңыздан табылатын сенімді адал адамдар екен.
Егер жеміс-жидектерді таңдап болсақ, онда «жеміс-жидек салаты» ойынын ойнайық.Ол үшін аты аталғандар орындарын ауыстырады.Барлық жемістер ауысып болса,салат деген кезде барлық жемістер орындарын ауыстырады.
Ойын жаттығу: «Молекула»
Музыка қойылғанда барлық топ ортада билейді. Тоқтағанда жүргізушінің нұсқауымен 2-3-4 т.б топтасады. Ойын соңында бәрі бірігіп атом құрайды. Оқушыларға ойын барысында алған әсерлері туралы ой бөлісу. Әрқашанда ортада өздерін дұрыс ұстай білу керектігін түсіндіру. Ынтымақшыл, бірлікте, сыйласып жүру керектігін ойын арқылы түсіндіріп өту.
«Тұлғаның өзіне сенімділігін психологиялық дайындау» аутотренингі
Мақсаты: Өзі туралы ойын дамыту, коммуникациялық іскерлікті жетілдіру, сенімді сезіну үшін тұлғаны психологиялық күйге келтіру.
Ыңғайлы отырыңыздар. Өз денелеріңізді сезініңіздер және бос ұстаңыздар.
Дене демалады, ал сана-сезім сергиді. Аспанға қарап отырмын деп ойлаңыз-дар. Ішіңізден. Аспанды сезініңіз. Табиғат көркемділігін байқадыңыз. Айналадағы шуылдаған құстардың шырылдаған дауыстары неткен керемет!
Кенеттен, сіз бір әсем әуенді естисіз! Әуен бағытына қарай ұмтыламыз. Сіз орман ішіне қарап зәулім сарайды байқайсыз. Зәулім сарайдың жартылай ашылған есігінен әсем әуен естіледі.
Сіз зәулім сарайдың ішіне кіресіз. Айналаңызды қоршаған төрт қабырғада көркем де керемет суреттер. Сол көркем суреттерді көру үшін сіз әр қабырғаны жағалап, ұстап көресіз. Айналаңыздағы қоршаған төрт қабырғада көркем де керемет суреттер. Сол керемет суреттерді көру үшін сіз әр қабырғаны жағалап өтесіз. Ол суреттерде сіздің қиял-ойларыңыз бейнеленген. Бірінші қабырғаға.., екінші қабырғаға…, үшінші қабырғаға…, төртінші қабырғаның соңында сіз аппақ, әрі жұмсақ демалатын жерді байқайсыз. Кенеттен, шаршағаныңызды байқайсыз да, сол жерге демалуға жатасыз. Өз денелеріңізді көз алдыңызға елестетесіз… басыңыздан бастап, аяғыңыздың ұшына дейін… енді керісінше аяғыңыздың ұшынан басыңызға дейін.
Сіздер демалыңыздар, жеңілдеңіздер, жай ғана тұрып, осы бөмеде ҰБТ-ға байланысты өз қорқынышымызды, үрейімізді, сенімсіздігімізді, барлық кері әсер-лерді тастап артқа қарамай есіктен шығып, жауып кетеміз.
Сіздер көңілді қайратты, қажырлысыздар.
Ешқашан жүректілік пен оптимизмді жоғалтпаңыздар! Табанды және қайратты болыңыздар!
Мен сіздерді барлық өз қабілеттеріңізді қазір де, ертең де және одан кейінгі күндердеде үнемі, жігерлілікпен дамытуларыңызға дем беремін… Сіздің басыңыз мықты ақылды болғанын сезініңіз және солай деп ойлаңыз. Сезініңіз – сіз сергексіз! Сіз ештенеден қорықпайсыз! Сіздің күшіңіз көп, қайратты, өзіңізге сенімдісіз! Сізде бәрі де болады!
Сіз үлкен шыдамдылықтың арқасында жақсы оқисыз, көңіл күйіңіз жақсы, орындалмай қалған жұмыстың орнын тезірек толтыруға ынтызарсыз.
Сіз ойыңыздың айқындылығының артқанын, көңіл-күйіңіздің жақсарғанын, сезгіштігіңіздің жоғарылағанын сезініңіз.
Өміріңізге жаңа күштердің қосылғанын сезінесіз. Сізде бәрі алда! Сіз таланттысыз! Сізде бәрі де болады!
Сіз қайтадан табиғат аясындасыз. Шексіз аспан… Ораламыз.
Тамаша… Жұмысымызды аяқтаймыз. Сіз өзіңіз туралы ойыңызды аяқтағаныңызды, өзіңіздің демалғаныңызды сезінген кезде көзіңізді ашыңыз.
Сонымен әркім қашан көзін ашқысы келсе, сол кезде көзін ашады.
«ҰБТ-дан жетістікке жетейік!
Арман, мақсат бір болған соң тілегіміз,
ҰБТ деп бірге соққан жүрегіміз.
Білім болған бастау алар тірегіміз,
Әннен шашу шашайық.
Қайырмасы:
Болашаққа қанат қаққан түлегіміз,
Орындалсын үміт толы тілегіміз.
Бәріміз де дайым
Көрмей қайғы-уайым,
ҰБТ-дан жетістікке жетейік.
Жанымызға сенімділік серік болсын,
Бірлігіміз әрқашанда берік болсын.
Басымызға бақыт құсы келіп қонсын,
Асулардан асайық.
Рефлексия
Тақтада ілінген «ҰБТ-125» кемесіне алған әсерлерін жазып жабыстырады. Кеменің суретін теңіз суларымен толтырады.