Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

3 809 қаралым

Өмір сүрудің ең жақсы жолы

0

Jumagalieva A.Жұмағалиева Ақбота Талғатбекқызы- 

ШҚО,Семей қаласындағы «Шығыс Қазақстан облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған қазақ-түрік лицейі», педагог-психолог

Мақсаты: өмірде адамнан асқан құндылық жоқ екендігін түсіндіре отырып, бақытты өмір сүру үшін өзін-өзі психологиялық тұрғыдан дайындауға, жеке қасиеттерін білуге тәрбиелей отырып, дұрыс қарым-қатынасқа түсу мәдениетін және жағымды «Мен» концепциясын қалыптастыру.
Көрнекіліктер: «Топта жұмыс істеу ережесі» жазылған плакат, А3-А4 қағаз беттері, фломастерлер, қарындаштар, қобдиша, адамгершілік қасиеттері жазылған үлестірмелер, үлестірмелі смайлдар, доп, жіп.
І. Ұйымдастыру кезеңі
«Амандасу – «таныстыру» жаттығуы
Нұсқау: әр қатысушы өз есімінің бірінші әрпіне қарай бойындағы жеке қасиетін қосып айту керек. Мысалы: мен Арман, адал доспын….
ІІ. Негізгі кезең
«Автопортрет» жаттығуы
Нұсқау: әр қатысушыға қос беттен беріледі, өз сипаттамасын тек бір жағына ғана жазу керектігі және 2 минуттан кейін есімдері көрсетілген беттерді тренер жинап алынатындығын ескертеді.
Жаттығу шарты: Сізді таныс емес адаммен кездесу күтіп тұр делік, ол бірден сізді тану үшін өзіңізді сипаттап жазыңыз. Көпшіліктен өзіңізді ерекшелендіріп тұратын белгілеріңізді табыңыз. Бет-әлпетіңізді, жүрісіңізді, сөйлеу мәнеріңізді, киім киісіңізді, зейінді аударарлықтай ым-ишараларыңыз болса т.б…
«Мен басқаның көзімен» жаттығуы
Нұсқау: Тренер алдыңғы жаттығуда алынған автопортреттерді кезекпен оқиды. Қатысушылар кімнің портреті екендігін табу керек. Табылған портрет иесі ортадағы орындыққа отырады.
Жаттығу шарты: Портрет иесіне өзінің беті қайтарылып беріледі. Қалған қатысушылар ол жайында қандай пікірде екенін айтады. Өзін басқаның көзімен қандай екенін анықтауға мүмкіндік алады, өз бағалауымен сәйкес келген қасиеттері тұсына «+» белгісін қою керек, ал мүлдем өзі білмеген жақтарын беттің 2-ші жағына жазып, автопортретін толықтыруна болады.
Рефлексия: кімде қанша сәйкестік бар және жаңадан басқаның көзімен қанша қасиет қосқандығын шеңбер бойынша айтқызу.
«Өмір сүрудің ең жақсы жолы» аңыз талдау
Шағын ғана бір ауылда орта жастағы бір кісі дүкен ашып сауда жасамақ болады. Сөйтіп алға қойған жоспарын бастап та жібереді. Ол ақ көңіл, жайдарлы болғандықтан, ауылдың адамдарының бәрі оны жақсы көретін. Оның дүкеніне барып сауда жасайтын. Ауылдың тұрғындары тамыр-таныстарын да сол адамнан сауда жасауға кеңес беретін. Шаруасын кішігірім дүкеннен бастаған адам, бір жылдың ішінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен сондай шағын дүкендер ашып тастайды.
Бір күні ауыр науқастанып, бұл дүниеден өтерін сезген адам, артында қалған үш ұлын қасына шақырып:
— Үшеуіңнің біреуі барлық дүкендерімнің иесі болады. Мирасымды соған қалдырамын. Менің арттымнан қалған дүние-мүлкіме қайсысың лайықты екенін білу үшін үшеуіңе де 100-100 тиыннан беремін. Осы тиындарға бір зат алыңдар. Кешкісін келгенде алған заттарыңмен менің осы бөлмемді толығымен толтыруы керек. Шартым осы.
Ұлдары үлкен сауда орталығын басқару мүмкіндігінен айырылып қалуды ойлап, не істерлерін білмей қатты абыржиды. Қалаға барып үшеуі де долларын жаратты. Кешкісін әкелерінің қасына келген кезде, үлкен баласы:
— Досымның шаруашылығына барып екі қап сабан сатып алдым – деді де, қаптарды ашып сабанды әр тарапқа шаша бастады. Алайда көп ұзамай сабандар еденге түсіп, бөлмені толтыра алмады.
Екінші баласы:
— Дүкенге барып екі жастық алдым – деді де, жастықтарды сөгіп, ішіндегі жүнін бөлменің ішіне шашып тастады. Бірақ жүн де көп ұзамай жерге түсіп, бөлмені толтыра алмады.
Үшінші ұлы:
— Тиынды ұсақтап, 50 тиынын мешітке бердім, 20 тиынын қайырымдылық қорға бердім, 20 тиынын да әлеуметтік жағдайы төмен отбасына бердім. Қалған 10 тиынға екі нәрсе алдым – деді де, қалтасынан сіріңке мен шырақты шығарды. Бөлменің жарығын сөндіріп, шырақты жақты. Сабан мен жүнге толмаған бөлме аз уақыттың ішінде шырақтың нұрына бөленді.
Әкесі үшінші баласына риза болып:
— Мирасымды саған қалдырамын. Өйткені өмір сүрудің ең жақсы жолы – айналаңа жарық тарату деді.
«Сиқырлы қобдиша» жаттығуы
Нұсқау: Қатысушылар шеңбер құра отырады. Ортада сиқырлы қобдиша тұрады. Сыйлықтар – қағазға жазылған адамгершілік қасиеттер.
Жаттығу шарты: Қобдишадан әр қатысушы кезекпен бір сыйлықты таңдап алып, ішінде жазылған сөзді лайықты деп санаған адамға сыйлайды. Сыйлықтар үлестірілгеннен кейін, шеңбер бойынша өзінің сыйлығын айтады.
Рефлексия: сонымен, қоршаған орта да осы қасиетке сізді лайық деп таныса, жеке-жеке қошемет көрсетейік.
«Өрмекші торы» жаттығуы
Нұсқау: Қатысушылар шеңбер құра отырады. Ойынға барлығы қатысуы тиіс. Жіп кімнен ілініп басталса, сонымен аяқталып өрмек жиналу керек.
Жаттығу шарты: Топта бірін-бірі жақын танығандықтан, әр кім 1-ші өзінің достарына айтар тілегін, қошеметін, жағымды қылықтарын білдіріп жіпті саусағына іледі, өрмек тоқылды. 2-ші кері бағытта, бірақ сол ізбен достарының бойына қажет емес қасиеттерін, қылықтарын айту. Өрмекті жию.
Рефлексия: Айтылған тілектер мен сынды қабылдаймыз ба? Сын орынды айтылды ма? Бұл жаттығудың мақсаты да сол, сын түзелмей, мін түзелмейді – дегендей, айтылған ескерте, сындарды түзете білейік. Болдырмайық.
Тыныштық сәтін ұйымдастыру .
ІІІ. Қорытынды кезең
«Жүйрік ой» жаттығуы
Мынадай сауалдарға ойша өзіңізге ғана іштей жауап беріңіз: /музыканың ақырын әуені ойналады/
— Маған қажет қасиеттер, мыналар……
— Сол қасиеттердің кейбіреуі менің бойымнан табылады. Олар: ……
— Әлі де жетіспейтін, түзетуді қажетсінетін қасиеттерім, мыналар …..
— Менің жанымнан мына адамдардың табылғанын қалар едім, себебі …..
Рефлексия: бұл жаттығуды орындап болғаннан кейін қандай сезімде болғаныңызды айтыңыз.
«Қайта байланыс» жаттығуы 
Оқушылар шеңбер құра отырады да, допты әр қайсысы кезекпен кезек ала отырып тренингтің өткізілуіне байланысты өз ойларын білдіреді:
— Тренингте ең бірінші не ұнады?
— Не ұнаған жоқ?
— Өзің жаңадан не білдің?
«Алған әсеріңіз қандай?»- үлестірмелер /смайлдар/ арқылы анықтау.
а) тренингке қатысушыларға рахмет айта отырып, тренингті аяқтау.

Фото: massaget.kz

Leave A Reply