Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

12 313 қаралым

Мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты арттыру жаттығулары

0

Жәдиева Ажар Алмасқызы,

Педагог-психолог, А.Хұсайынов атындағы ОЖББМ, Жұлдыз ауылы, Казталов ауданы, БҚО

 

Мақсаты: Отбасы тәрбиесінде ата-ананың балаға тәрбиелік ықпалын арттыру. Тәрбиенің ең тамаша жері – отбасы екенін, олардың бала тәрбиесіндегі алатын орнын, жеке тұлғаның оқу-тәрбиеге жауапкершілігін арттыра отырып, мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты арттыру.

Жұмыс түрі: тренинг.

Амандасу:

Отбасы кішкентай бір мемлекет десе де болады. Отбасы – адам баласының өсіп- өнер, қаз тұрар, қанат қағар ұясы, алтын бесігі. Кез-келген ата-ана өз баласының дені сау, бақытты, сыйлы адам балғанын армандайды емес пе? Отбасындағы тәрбиенің адам баласына әсері мол. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің»,- деп халық даналығы айтқандай, ата-ананың жеке басты үлгі-өнегелері, отбасындағы ахуал баланың дұрыс тәрбиеленуіне ықпал ететіні сөзсіз. Олай дейтініміз, баланың бойында жеткілікті өмір тәжірибе, бейімділік пен икемділік әлі де болса толық қалыптасып бітпегендіктен ол үлкендердің мінез-құлқына, жүріс-тұрысына, сұхбаттасу мәнеріне, іс-әрекетіне, басқалармен ара-қатынасына еліктейді және өзінің үлгі өнегелік бағдаршамы ретінде қабылдайды. Көріп отырғаныңыздай, отбасындағы тәрбиенің мәні өте зор және оны ұштастыруда үлкен мағына жатыр. Сіздерді бүгінгі «Менің отбасым – сыйластық, жарастық орнаған ортам» атты психологиялық тренинг жаттығуларына қатысып отырғандарыңыз үшін алғысымды білдіремін.
Тренингтің барысы:

Тренинг ережесін бекіту

1. Тыңдай білу

2. Сөзді бөлмеу

3. Белсенділік таныту

4. Көңілді отыр

5. Ойын ашық ортаға салу

Психолог сөзі:

1. Таныстыру

Нұсқау: Бірінші өз есіміңізді айтып, қасыңыздағы көршіңіздің атын еркелетіп айтып таныстырасыздар. Ойын әрі қарай жалғаса береді.

Психолог сөзі:

Керемет! Яғни өз есімдеріңізді еркелетіп айтқанда көңіл-күйлеріңіз бір серпіліп қалды деп ойлаймын. Сондықтан балаларыңыздың көңіл-күйлеріне баса назар аударуларыңызды сұраймын. Мысалы: кейбір ата-аналар болады, балалары сабақтан келген кезде бүгін неше алдың деп жағасынан алып жатады. Әрбір ата-ана ең бірінші баланың көңіл-күйімен бөліссеңіздер, бала бойында ата-анам мені жақсы көреді, мен ата-анама керек екенмін деген жағымды ойлар арқылы психологиялық дамуына эмоциялық жағынан қоректендіре аламыз. Яғни балаға ата-ана мейірімділігін, қамқорлығын көрсете алмаса, онда балада эмоциялық проблемалармен қатар мінез-құлқында ауытқулар пайда болып, тіпті психикалық жүйке ауруларына да ұшырайды.

Сағат тренингі

1. Қолыңызды қысыңыз

2. Арқасын қағыңыз

3. Күлімсіреңіз

4. Қол бұлғаңыз

5. Көзіңізді қысыңыз

6. Тізелеріңізді түйістіріңіз

7. Қол ұстасып айналыңыз

8. Беттерінен сүю

9. Массаж жасаңыз

10. Арқаларыңызды үйкеңіз

11. Бір-бірлеріңізді еркелетіңіздер

12. Бір сөйлеммен тілек айтыңыз

Топқа бөліну: «Әке», «Ана», «Бала» сөздері арқылы топқа бөлу.

2. «Бала мүсіні» көрініс

Психолог: баланың роліне ата-аналардың бірін шақырамын. Қатысушыларға әр топтан көрініс кезінде айтылатын тыим сөздерді естерінде сақтап, орамалмен байлап тұру тапсырылады.

Менің кішкентай қызым бірінші сыныпта оқиды. Біз екеуміз мектепке асығып келеміз,автобусқа үлгеріп келуіміз керек. Менің қызым өте қозғалғыш,бәрін білгісі кеп тұрады, тіпті автобусқа асығып келе жатқанда да көп сұрақтар қояды. Мен қызымның қолынан алдым да, жүгіре жөнелдік.

— Мама, анау не, қарашы!- деді қызым.

— Уақыт жоқ, аяғыңның астына қара, сүрінесің де жүресің! Неге жан-жағыңа алақтай бересің? Жолға қара. ЖАН-ЖАҒЫҢА ҚАРАМА!- деп жауап бердім мен. Сол сәтте қызым сөздерді тура мағынасында түсініп, менің бұйырғанымдай көзін жұмды. (орамалмен көзін байлаймыз) Біз әрі қарай мектепке асығып кетіп барамыз. Автобусқа мініп, мен онда өзімнің құрбымды кездестірдім. Екеуміз кешегі күнді талқылай бастадық. Қызым мұқият тыңдап, содан соң былай деді.

— Мама, мама, құстың сайрағанын естимісің? Сағат деген ағай кім?- деді.

— Мен, неге сен үлкендердің әңгімесіне жағаласасың? Құлағыңды түріп алыпсың ғой, үлкендердің әңгімесін тыңдауға ұялмайсың ба? ТЕЗ ҚҰЛАҒЫҢДЫ ЖАП! (орамалмен қызымның құлағын байлаймыз)

Біз автобустан түсіп, жолмен жүгіріп келеміз. Мен кешігіп қаламыз ба деп қайта-қайта сағатыма қарап келемін.

Бүгін қандай күн, тамаша болады! Мама мен Малика күтіп отырған шығар, мен оған фантик әкелемін дегенмін, анау ше… –деді. — Қойшы! Не былшылдап кеттің, уақыт жоқ, онсыз да кешігіп келеміз. Осы сен үндемей жүре алмайсың ба? ТЕЗ АУЗЫҢДЫ ЖАП! (орамалмен аузын байлаймыз). Баламды қолынан ұстап алдым да, әрі қарай жылжыдық. Қызым үндемей келеді, бірақ жерден бір бұтақты көтере бастады. Мен оның тілазар екенін айтып, қолынан салып жібердім.

— Осы сенің қолдарыңа тыным жоқ екен. Таста дедім мен саған. ТАРТ ҚОЛЫҢДЫ! (орамалмен қолдарын байлаймыз.) Осы кезде секеңдеп, аяғын жан-жаққа сермей бастады. Менің төбе шашым тік тұрып, оған айқайладым. — Сен мұндайды қайдан үйренгенсің? Бұл немене тағы? Секеңдегеніңді қой! ТҮЗУ ТҰР! (орамалмен аяқтарын байлаймыз) Мен сағатыма қарап, кешігетінімізге ашуланып, баланы сілкілей бастадым.

— Неғып былжырап келесің, аяғыңды бас тезірек, жүруді де ұмытып қалғансың ба, бол тез! Әкел қолыңды! Қолы қол емес имек сиақты, я дұрыс жаза алмайды, я дұрыстап ұстай алмайды. Жолыңа қара, сүрінбей, соқырға ұқсап келе жатқанын қарашы! Неғып үндемей қалдың, мен сенімен сөйлесіп тұрмын ғой керең неме! Қызым жыламсырай бастады. Мен одан сайын даусымды көтеріп айқайладым.

— Неге жылайсың? Неге жылайсың деймін мен саған. Жылайтындай не болды? Мені ұятқа қалдырдың ғой! Мен кімге айтып тұрмын. ЖЫЛАМА! (осы сөздерден кейін ішін қатты байлаймын) Сөйтіп, әрі қарай қызымды қолынан дым келмейтіндігі үшін сөгуді жалғастыра бердім. Яғни мен оның бала екенін және оған менің көмегім керек екенін ұмытып, оның істеген істеріне көңілім толмай жүре бердім.

Ата-аналардың ой пікірлерін тыңдау

— Сіздердің осы оқиғадан түйген ойларыңызбен бөліссеңіздер?

— Ата-ана бала көзімен болғанда қандай әсер алдыңыз?

— Кішкене болса да бала тәрбиесінде кетіп жатқан қателіктеріңізді түзетуге түрткі бола алды деп ойлайсыздар ма?

Әкелермен жаттығу «Қолыңнан таны»

Постермен жұмыс

1. Отбасы дегенді қалай түсінесіздер?

2. Отбасындағы әкенің рөлі?

3. Отбасындағы ананың рөлі?

Атақты жанұялық терапевт Вирджиния Сатир балаңыздың дұрыс қалыптасуына күніне бірнеше рет құшақтаудың оң әсер беретінін айтқан. Яғни балаңыздың өмір сүруі үшін 4 рет құшақтау өте қажет болса, ал өзін жақсы сезіну үшін кем дегенде 8 рет құшақтау керек деп есептеген. Ал баланың интеллектуалдық жағынан дамуы үшін- күніге 12 рет құшақтау қажет деген. Ересектер үшінде өте қажет екенінде айтқан. Бала өзі ата-ана құшағынан өзі шықпайынша итеріп жіберуге болмайды. Бала өзін риясыз қабылдайтынын сезініп өсу керек.

«Сөздерді алмастыр»

Ата-аналардың баламен қарым-қатынасында баланың үмітіне балта шабатын, кінәлайтын сөздер беріледі. Осы сөздерді олардың өз күшіне сенім тудыратындай, жақсы қолдау көрсете алатындай сөздермен алмастыру керек. /әр топқа екі сөйлемнен беріледі/

1. Сенен ешқандай жақсылық шықпайды, нөлсің.

2. Неге сен басқа балалардай емессің?

3. Неменеге ұсқынсыз болып кеткенсің, шашың дудыраған, үстің кір-кір.

4. Тағы осылай істесең, менен таяқ жейтін боласың.

5. Сенің кесіріңнен өмірі жолымыз болмады.

6. Жұмысыма барарда сенің мектебіңнің жиналысы да жағаласып қалды ғой.

7. Айтатының ылғи өтірік, сенің сөзіңе қалай сенемін.

8. Сені жиналыста жамандағанда жерге кіріп кете жаздаймын.

Ата-аналар осы сөздерді былай алмастыруына болады:

1. «Сенің де қолын өмірде бір нәрсеге жететініне сенгім келеді. Оқу озаты немесе оқу екпіндісі боласың» — деп, үміт артуы керек.

2. «Сенің де басқалардан өзгеше болуыңа құқың бар, сенің де қолыңнан келеді» — деп, сенім артуы керек.

3. «Үстіңді ретке келтір, шашыңды тара, киіміңді ауыстыр» — деп, баланың өзін жақсы сезінуіне көмектесу керек.

4. «Біз саған қиыншылықты жеңуге көмектесеміз, екіншілей жаман қылық жасама».

5. «Үлкендердің өмір жолында болып жатқан ыңғайсыз жағдайларға сен кінәлі емессің. Сенің болашағың алда, үлкен ғалым боласың, жақсы дәрігер, білімді ұстаз болуды арманда» және ата-анасын сыйлау керек екенін айтып отыру керек.

6. Балам бүгін жұмыстан сұрана алмаймын, бос уақытымда сынып жетекшіңе барып жолығамын.

7. Қателеспейтін адам болмайды, мен саған сенемін, сырлас болайық.

8. Сен туралы айтылған әрбір жақсы сөз маған күш, қуат береді.

Міне, осындай біз көңіл аудара бермейтін қарапайым нәрсенің өзі немесе ойланбай айтылған ұрыс сөзі де баланың жанын ауыртуы мүмкін, өмір сүру ағынын өзгертуі де ғажап емес. Бала жат қылықтарға бой алдыруы мүмкін.

Аналармен жаттығу «Көзді байлау»

«Жанұя ойыны»сергіту жаттығуы:

1. Балаңыздың туған күні?

2. Сынып жетекшісінің толық аты- жөні?

3. Балаңыздың парталас көршісі кім?

4. Балаңыз қандай өлшемлі аяқкиім киеді?

5. Балаңыздың сүйікті асы қандай?

6. Балаңыз кеше қандай баға алды?

7. Балаңыз қандай түсті жақсы көреді?

8. Балаңыз спорттың қандай түрін жақсы көреді?

9. Балаңыз бірінші сыныпқа қай жылы барды?

10. Балаңызды еркелетіп қандай сөздер айтасыз?

11. Балаңызға ашуланғанда, ең алдымен ауызыңызға қандай сөз түседі?

12. Балаңыздың ең жақын досы кім?

Жағдаятты талдау

Мақсаты: Өз балаларының іс-әрекетіне дұрыс бағыт бере білуге баулу.

1-жағдаят. Балаңыз мектептен шағым айтып келді. Мұғалім ұрысқанын, енді сабаққа барғысы келмейтінін айтты. Сіз қандай әрекет етесіз?

2-жағдаят. Балаңыз ұялы телефон алып бер деп жылады. Сіз: «Шамалы шыдай тұр, уақыты келгенде алып беремін» — дедіңіз. Балаңыз тыңдамай есікті тарс жауып кетіп қалды. Сіздің әрекетіңіз?

3-жағдаят. Марат сабаққа дайындықсыз келді. Мұғалім сабақ түсіндіріп жатты. Марат сабақты да тыңдамады. Онымен қоса жанындағы оқушыларға да тыныштық бермеді. Мұғалім ескертулер берсе де қорытынды шығармады. Мұғалім оқушының сыныптан шығып кетуін талап етті. Марат үйге келіп шағым айтты. Ата-анасы әй-шәйға қарамай, директорға кіріп айқай шығарды. Ата-ананың бұл әрекеті дұрыс па? Сіз қандай әрекет етер едіңіз?

4-жағдаят. Балаңыз түнімен теледидар көріп, ұйқысы қанбай қалды. Балаңыз: «Басым ауырып тұр, сабаққа бармай-ақ қояйыншы», — деді. Сіздің әрекетіңіз?

Кез келген шешімді қабылдауға асығыстық жасауға болмайды. Балаңыз сіздің оның ісіне немқұрайды қарамайтыңызды көретіндей, оны тыңдауға дайын екендігіңізді байқайтындай болсын. Кейде бала бір сәтсіздіктерге ұрынады. Ата-ана қатты уайымдап, баланың еш нәрсеге икемі жоқ, қабілетсіз деген асығыс қорытындыға келеді. Сөйтеді де баланың өзіне деген сенімі күрт жойылады, қолын қусырып. Ата-ана мектеппен байланыс жасамайды, қиыншылықтарды жоюға дәрменсіз болады. Сондықтан да ата-аналар мектеппен байланысты болу керек.

Гүл теру. Пікірлесу

(Әуен ойналып тұрады, арнайы дайындалған гүлдер алқабына бару) Барлық ата-аналар орындарынан тұрып, гүл теруге шығады. Бір-бір гүлден алады. Сол гүлдерде сұрақтар жасырылған. Осы сұрақтар көлемінде пікірталас өрбиді.

1. Балаңызды еркелеткенде қандай сөздер айтасыз?

2. Балаңыз сізді ренжітті, сіздің іс-әрекетіңіз?

3. Балаңыздың бойыңызда, сіздің ойыңызша қандай жақсы қасиеттер бар?

4. Балаңыздың сүйікті мультфильмі қандай?

5. Бала тәрбиесі үшін отбасы жауапкершілігі басым ба, әлде мектептің жауапкершілігі басым ба?

6. Балабақшаға неше жасында келді?

7. Балаларда қызғаныш, өзімшілдік мінездің қалыптасуы неден?

8. Балаңыздың ең жақын досы?

9. «Өнегелі отбасы» дегенді қалай түсінесіз?

10. Бала деген кім?

11. Балаларыңыз игілік істер істесе оларды қалай мадақтайсыздар?

12. Балаңыздың сүйікті тағамы?

13. Қандай жылы сөздер айтасыз?

14. Бала – білімді әрі саналы болу үшін ата-ана қандай жағдай жасау керек?

15. Балаңыздың бос уақытын қалай ұйымдастырасыз?

16. Бала үшін мұғалім мен ата-ана арасында қандай қарым-қатынас болу керек?

17. Балаңыз /қызыңыз/ сізге өз сырын айта ма?

18. Балаңызды қалай еркелетсіз?

19. Отбасында бала тәрбиесіне кім жауапты деп ойлайсыз?

20. Балаңызға қаншалықты ақыл кеңес айтасы және қандай?

Сонымен ата-аналар бала тәрбиесі ең маңызды — мәселе. Ең басты – ата-ананың бала тәрбиесіндегі маңызы зор. Бүгін міне бала тәрбиесіне байланысты ойларыңызды ортаға салдыңыздар. Осы іс-шарамыздың соңында сіздерге мандарин ұсынғым келеді. Барлығыңыздың мандариндеріңізді ашыңыздар. Ашып ауыз тиюлеріңізге болады. Мандаринді берген мақсатым: Мандарин жемістің бір түрі. Өзі жұмсақ, нәрлі шырынында дәрумені көп жемістердің ішіндегі, тез көп жеміс беретін өсімдік. Мандарин қандай қасиеттерге ие болса, бізде балаларымызға жұмсақ мінез танытып, жан-жақты тәрбие берейік.

Арт-терапияның элементтерін қолдану «Түрлі түсті көңіл-күй» жаттығу түрлі түсті бормен түзды бояп сурет салу .

Соңғы сөзді маған қалдыр…

Стикер таратылады, әр ата-ана тренингтен алған әсерлерімен бөліседі.

Бала тәрбиесі ешқандай үзіліс, демалыс дегенді білмейді. Ендеше, ата-аналар қолымыздағы алтынымызды жақсылап тәрбиелейік және біз оларға үлгі болар бейне екенімізді ұмытпайық. Олай болса балаға әрдайым жылы сөздер айтып, дұрыс тәрбие беруге сіз болып, біз болып бірге атсалысайық.

Әкем-біреу, анамда біреу менің,

Мен жығылсам, сүйенер тілеулерім,

Олар барда – мереке. Көрген емен,

Қабақтарын шытқанын түнергенін

Әке – білек, саусағы – балалары,

Қан тамырмен жалғасқан аралары.

Ана – тамыр бойымен бәріне де,

Тіршіліктің жылуы таралады.

Сіздердің аялы алақандарыңызбен, жылы жүректеріңізбен тербеткен әрбір азаматтарыңыз барыс текті, намысты ұрпақ болсын дегім келеді.

Leave A Reply