Ұстаз болу – жүректің батырлығы
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы
Ұстаз болу – азбайтұғын адамның алтындығы.
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқына жолдауында Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына кіруінде біліп сапасы жоғары, денсаулығы мықты, еліміздің әл-ауқаты үшін қызмет жасайтын жастарға үлкен сенім білдіріп отыр. Білім мен тәрбие әрқашан күн тәртібіндегі басты өзекті мәселе болып келгендігі баршамызға белгілі.
Қазір заман өзгерді, талап өзгерді. Бүгінгі бала ертеңгі ел болашағы. Олай болса білім деңгейі мен шығармашылық қабілеті жоғары шәкірттерді тәрбиелеу ұзтаздардың басты міндеттері екендігін ұмытпауымыз қажет.
Елімізде соңғы уақытта білім саласында жүріп жатқан реформалардың басты мақсаты өрісі биік, дүниетанымы кең, кемел ойлы және бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру болып отыр. Осыған орай, соңғы уақытта елбасы Н.Ә.Назарбаев мұғалімдерге үлкен үміт артып отыр. Мұндай бәсекеге қабілетті ұрпақ, әрине мектеп табалдырығынан шығады. Әрбір оқушыны оқытып, тәрбиелеуге байланысты мәселелерді өздігімен және шығармашылық ынтамен шешуге қабілетті жаңашыл мұғалім керек.
Мұғалім мектептің жүрегі. Мұғалімнің жұмысының нәтижесі оқушы білімі, олай болса оқушылардың шығармашылық қабілеттерін ашу оны алға қарай дамыту үшін, ең бастысы ерінбей еңбектену қажет деп есептеймін. Көп оқушының ішінде оқушының жеке пән саласына, дарындылығын анықтау, оны дамыту мұғалімнің кәсіби біліктілігіне және оның тұлғалық қасиетіне тікелей байланысты. Жас жеткіншектің бойындағы табиғат берген ерекше қабілетті, дарындылықты тани білу оның одан әрі дамуына бағыт-бағдар бере білу ерекше қиын іс.
Алайда әр баланың жеке қабілетін анықтап, оны сол бағытта жетелеу – ұстаз парызы. Ұстаз болу жауапты да қиын мамандық. Баланы заманына қарай икемдеп, заманының озық өнегесін оның санасына сіңіре білу, оларды шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту бүгінгі күннің басты талабы. Дарынды және басқа балалармен жұмыс жүйесінде мұғалім маңызды орын алады. Оқушының болашақтағы мамандығы яғни кәсіби тағдыры тек қана жақсы мұғалімге байланысты. Дарынды баланы анықтау, дамыту, оған қолдау көрсету қазіргі уақытта білім жүйесіндегі қолға алынып, жатқан өзекті мәселе екеніне қарамастан, еліміздегі жоғарғы оқу орындарында оқушылармен жұмыс істейтін мұғалімдерді даярлау мәселелерін нақты қарастырмаған. Дарынды оқушыны анықтау, дамыту және оқытуға арналған ғылыми-әдістемелік оқулықтар тапшы. Сондықтан әрбір мұғалім өзінің жинақтаған және семинарларда алған тәжірибесі деңгейінде оқушымен жұмыс жасайды. Дарынды және басқа балалармен жұмыс сыныпта сабақ берумен шектелмеу керек. Ол жұмыс мұғалімнің қажырлы еңбегін көп уақытын,педагогикалық шеберлігін қажет етеді.
Көбінесе «Дарынды оқушы – бұл жақсы оқитын оқушы» — деген пікір қалыптасқан. Бірақ бұл пікірдің қате екендігі ағылшын психологы П.Торранстың зерттеулері дәлелдеп отыр. Егер біз нағыз дарынды таба алмасақ, жұмысымыздың нәтижесін көру екіталай. Олай болса кез-келген адам өмірге өзіндік қасиеттерімен, қабілеттерімен келетіндігін ескеруіміз қажет. Ал баланың бойындағы туа біткен қасиеттерді дамытатан- тәрбие мен оқыту. Неғұрлым баланың таланты мен қабілетін дамытуға ертерек көңіл бөлінсе, соғырлым оны толық ашуға мүмкіндік туады. Дарынды баламен жұмыс жасағанда оның нәтижелі болуы мұғалімнің біліміне тікелей байланысты. Дарынды ұстаз болған жерде, дарынды бала шығады. Осыған орай мұғалім жан-жақты, кәсіби дайындығы терең, өз бойына жинақтаған білімін жастарға үйрете алатын маман болуы шарт. Ол тек білімді жеткізуші ғана емес, керісінше, оқушының білімін, өмірге көзқарасын жүйелі түрде қалыптастыра алатын, ізденгіштікке баулып, танымдық қабілетін дамыта түсетін болуы керек.
Мұғалімнің біліміне қойылатын талаптар
Өзінің сабақ беретін пәнін мемлекеттік стандарт деңгейінен жоғары деңгейде білу.
Оқушы дарындылығын моделін білу.
Қазіргі заманға сай оқытудың жаңа технологияларын білу.
Дарынды оқушыны оқыту, тәрбиелеу үрдісінде үлгерімге ғана көңіл бөлмей, оның басқа да көрсеткіштерімен байланысына көңіл бөлу.
Дарынды оқушылардың ерекшелігін ескере отырып, оларға шығармашылықпен жұмыс жасайтын тапсырмалар дайындай білу.
Мұғалімнің іскерлігіне қойылатын талаптар
1. Дарынды оқушыны анықтау әдістемесімен жұмыс жасай алуы.
2. Дарынды оқушыларды (жекелей және топпен) оқытуға арналған бағдарлама құрастырып, сонымен тұрақты жұмыс істей білуі
3. Оқушы дарындылығын дамытуға қажетті зерттеу жұмыстарын жүргізе алуы.
4. Дарынды оқушыны оқытудың нәтижесін нақты бағалай білуі.
5. Дарынды оқушының ғылыми-ізденісі жұмыстарымен айналысуына жетекшілік етуі.
6. Дарынды оқушыны олимпиадалар мен сайыстарға дайындауда жетістікке жете алатындай деңгейде жұмыс жасауы шарт.
Балаға білім мен тәрбие жас шамасына,жаратылысына қарай беру керек. «Жас бала – жас бір шыбық» жас күнінде қай түрде иіп тастасаң, өскенде сол иілген күйіне қатып қалмақ. Теріс иіліп қалған шыбықты артынан түзеймін десең, сындырып аласың. «Баланы бастан» деген сөздің мәнісі осы,- дейді Мағжан Жұмабаев. Дарынды баламен жұмыс жүргізудің барысында мұғалім өзі бірінші болып ізденеді. Дарын – адам бойындағы асқан талант, ерекше қабілет. Бала бойындағы дарындылықты көре білу мұғалім үшін аса қажет қасиет. Ол үшін ерінбей еңбектеніп, баланың қабілетін байқауда күнделікті сабақта, тәрбие жұмысында үзбей бақылап, бала бойындағы дарындылықты немесе жүйелі алуға қабілетті тұлғаны анықтауға болады.
Бала бойындағы дарындылықты ашуда әрбір ұстаз өз сабағында жаңаша әдіс тәсілдерге сүйеніп, сабақ өткізуде өскелең жастың өмірге нақты көзқарасын қалыптастырады. Заман жаңарған сайын оқыту жүйесінде әдіс тәсілдер де жаңарып, түрленіп отыруы тиіс. Оқушыларды сабақта жалықтырмас үшін бүгінгі күнгі жаңа технология бойынша сабақ мазмұнына сәйкес, «Дамыта оқыту» технологиясы, «Ақпараттық» технология, «Деңгейлеп саралап оқыту» және тағы басқа түрінде сабақтар өткізілуі керек.
Қорыта айтқанда, дарынды оқушыны таба біліп, әрқайсысына жеке тұлға ретінде қарап, олардың өздеріне деген сенімін артырып, өзара қатынасты жақсартып, ата-ана оқушы, ұстаз байланысын жоғары, шығармашылықпен жұмыс істеу қажет.
Ең бастысы, табиғаттың адамзатқа берген тамаша сыйын одан әрі дамытып, ерекше қабілетті оқушыны дарынға айналдыру үшін аянбай еңбек ету қажет. Ал дарынды ұрпақ – ел ертеңі екенін үнемі жадымызда ұстайық.
Амирова Нұргүл
Жамбыл облысы Талас ауданы Ойық ауылы
Б.Әлменұлы атындағы орта мектеп педагог-психологы