Номинация: «Мен психологпын».
Беспаева Айнаш Токташбаевна
№29 қалалық емханасының психологы
Алматы қаласы Алатау ауданы №29 емхана
Эссе «Мен психологпын»
1. Кіріспе бөлімі: Психолог маманы туралы қысқаша мағлұмат.
2. Негізгі бөлімі: Жақсы психолог болу үшін не қажет?
3. Қорытынды бөлімі: Психология әлеміндегі өз жетістіктерім.
«Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла» -деп Ұлы Абай атамыз айтқандай, әрбір тұлға –жұмбақ. Сол жұмбақтың кілтін тауып, жүрек кілтін аша білу, әрбір жүректің құпия сырын айтқызбай оқи білу мен қалаған мамандықтың ғажайып бір таңғажайып сыры деп білемін. Кейбіреулер ойлайтын шығар: «Бұл қандай мамандық?», -деп. Болашақта қандай мамандықты таңдасам екен деп көп ойланатынмын. Осы бір сұрақ әрбір азаматты толғандыратыны белгілі. Адам баласы шыр етіп дүниеге келгеннен кейін, есін біле келе, өзінің қалаған мамандығын таңдап, сол мамандықпен жұмыс істеуді армандайды. Адам баласы жар таңдау мен мамандық таңдауда қателеспеу керек. Өмірге нық аяқпен аттау керек.
Бала кезімнен дәрігер болуды, ұстаз болуды армандайтынмын, сол армандарым орындалды. Жамбыл облысы, Шу ауданы, Жаңа жол ауылының Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті сабағынан 3 жыл мұғалім болып жұмыс істедім. Содан кейін Алматы қаласына 1998 жылы келіп «Эмили» атындағы институтқа түстім. Оны 2001 жылы медбике ісі факультетін жақсы аяқтап шықтым. 2001 жылдан бастап Алматы қаласының №2 қалалық емханада 13 жыл жұмыс істедім. Көптеген грамоталар, алғыс хаттар, марапаттаулар алдым. Науқастардың да алғыстарына бөлендім. Кейіннен менде адам психологиясын меңгеріп, оны зерттеу сияқты қызығушылықтар пайда болды. Көп ойланып, толғанып, қиялдап, өзім қалайтын, өзім сүйіп айналысатын істі таңдау жетегінде жүрдім. Ақыры сол арманыма да жеттім. Ол әлем – психология әлемі. Психолог, ол кім? Психолог – ақыл мен мінез-құлықты зерттейтін маман. Психолог – өзінің білімі мен біліктілігіне сүйене отырып, өзгелерді тығырықтан шығаруға көмектесетін ізгі жан. Психолог – өзін терең түсіне жүріп, өзгелердің жан-дүниесін түсінуге, зерттеуге ұмтылатын зерттеуші. Психолог – жәрдемші, ақылшы, кеңесші және көмекші. Психолог өзгелердің жүрегін ауыртпайды, керісінше жан-дүниесі күйзеліске түскен жандарға жан азабынан қалай шығу керек жолын іздеп, әуреге түседі. Қолынан келгенінше өзінің бар білгенін, білімін салып, қол ұшын беруге тырысады. Өзінің психология әлемін шарлап, жанына дауа іздейді.
Жақсы психолог болу үшін ең алдымен терең білім, еңбек, дәлдік, ұқыптылық, бастамашылдық, қойған мақсатына жетуге деген өз күшіне сенімділік. Бұл қасиеттер кез-келген мамандық иесіне тән қасиет деп білемін. Ал психолог мамандығы бұдан да зор қасиеттерді талап етеді. Ең маңызды қасиет ол мәселені шығармашылықпен шешетін терең интуицияның болуы. Психолог – басқа адамның мәселесіне кіріп, егжей-тегжейіне дейін түсініп, өзі бірақ бұдан зардап шекпейтін мықты тұлға, тәжірибелі маман. Жылап, эмоцияға беріліп отырған адамға, қуаныш сыйлап, езуіне күлкі ұялататын жәрдемші, көмекші адам. Өзінің ісіне жауап бере алатын өте байсалды адам. Өз өмірін тәжірибе ретінде қолданбайтын, еш нәрсеге объективті түрде қарай алатын, өзгелермен бірге қуана да, қайғыра да алатын терең эмоциялы, ақылды жан.
Психолог – өмірді әр түрлі қиындықтарына оқуда, отбасында, қарым-қатынаста, өмірлік жол таңдауда, өзін-өзі дамытуда туындаған мәселелер, жанжалдық жағдайларда және тағы басқа жағдайларға тап болған дені сау адамдарға кеңес беруші маман болғандықтан, көп адамдар көмек қолын созады, ақыл-кеңес сұрайды. Психологқа өмірінен өзгеріс күтетін және дұрыс жол таңдау үшін келеді. Өміріңде қиындықтар туындағанда психолог әр кезде де жаныңнан табылады. Қазақта «Тән ауруы жазылар, жан ауруы жазылмайды» деген сөзде үлкен мағына мен мән бар. Бүгінгі күні тән ауруын дәрігердің шипасы емдесе, жан ауруын психолог маман емдей алады. Сөз соңында айтарым, дәрігер адам жанының арашасы болса, психолог – ада жанының жанашыры. Себебі, алдына келген әр адамның жүрегіне үңіліп, онымен бірге мұңайып, қуанса қуанып, өмірге деген құштарлығын ояту – өзімнің басты міндетім деп білемін. Психолог маманы халық үшін қызмет етеді.
Қазір мен Алматы қаласы Алатау ауданы №29 қалалық емханада психолог болып жұмыс істеймін. Күніне неше түрлі мәселелермен науқастар, пациенттер келеді. Күн сайын кездесетін қиыншылықтармен бетпе-бет кездесіп, өз білімімді шыңдау, іздену үстіндемін. Бұл мен үшін психология мектебі. Мен жұмыс барысында көптеген психолог-ғалымдардың, ойшылдарың еңбектрімен танысып, өзіме керек деген мағлұматтарды түртіп алып отырамын. Үлкен жетістіктерге жетуге, адам жан-дүниесін терең түсінуге мән беріп жүрмін. Қазіргі таңда мені қоғамдағы басты мәселелердің бірі – жасөспірімдер мәселесі қатты толғандырады. Олардың ішкі жан күйзелісін түсіне отырып, заманның індетіне айналған «суицид» ауруымен күресіп, өскелең ұрпақты осы бір әбжыланның уысынан құтқарғым келеді. Барлық адамдарда, балаларда жан күйзелісі болмаса екен, өмірде жолдары ашық болып, бақытты өмір сүруін қалаймын. Психолог болу – қызықты да қиындығы мол тамаша мамандық.
Қызметтің тәтті де ащы дәмін татып, әрқашанда өз ісімнің хас шебері болуға ұмтыламын. Өйткені мен психологпын. Осы күнге дейін қол жеткізген жетістіктерім көп. Көп оқимын, көп ізденемін, олимпиадалар мен конкурстарға көп қатысамын. Білімімді жетілдіру үшін көптеген курстарға барып оқимын. Үздік психолог жарысына қатысып, үшінші орын иелендім. Психологтар арасындағы олимпиадаларға қатысып, бірінші орынды иелендім. Жақында «Үздік ғылыми жоба авторы» деген конкурсқа қатысып, «Үздік ғылыми жоба авторы» деген төсбелгі алайын деп отырмын. «Білім өркениеті» ұлттық инновациялық ғылыми зерттеу орталығы ұйымдастырып отырған «Қазақстан Республикасының құрметті азаматы» деген конкурсына қатысып, «Қазақстан Республикасының құрметті азаматы» деген орденімен марапатталып жатырмын. Қарашаның жиырма бесінде Нұрсұлтан қаласына министрлер үйіне барып төсбелгі алдым. Осы жеткен жетістіктеріме тәубешілік етемін.
Осындай жетістіктерге жетуімнің бәрі өзімнің білімімнің арқасында, іздену жұмыстарымның арқасында жетіп жатырмын. Өте білімді болуды қалаймын, еш ерінбей еңбек етемін. Өз мамандығым өзіме қатты ұнайды. Жанымдағы адамдарға, көмек керек болған жандарға, әрқашанда шуағымды шашып жүруге әзірмін. Жер бетінде ешкім жыламаса екен, тек қана күлімдеп, жақсы көңіл-күймен өмір сүрсе екен,- деп армандаймын. Қорыта келгенде психолог –арнайы теориялық білімі және практикалық тәжірибесі бар маман. Қазіргі таңда елімізде психология саласы жақсы дамыған, психологтың көмегіне зәру адамдар өте көп. Психологтың көмегінсіз тығырықтан шығу мүмкін емес. Психолог болып жұмыс істеп жүргеніме қатты қуанамын. Көп адамдардың алғыстарын алып жатырмын. Мен өте бақытты адаммын. Әрі қарай да халқым үшін адал еңбек етуге даярмын.