Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

4 579 қаралым

Балалармен қарым-қатынас құра білу – үлкен өнер

0

Тұрсын Нұргүл Тұрғынқызы
№68 «Балбұлақ» балабақшасы педагог-психологы
Тәрбиеші педагогтарға арналған тренинг

Мақсаты: Қарым-қатынас үдерісінің маңыздылығын түсіндіру, кері байланысқа түсуде ақпараттардың түрленуін түсіндіру, тыңдай білу дағдыларын қалыптастыру.

Тренинг барысы:

1. «Мен кіммін?» ойыны
2. «Бұзық телефон» жаттығу.
3. Ақпараттық блок: «Қарым-қатынас психологиясы»
4. «Нұсқау бойынша сурет салу» жаттығуы.
5. Көңіл-күй жаттығуы: «Гүлдер алаңы»
6. «Сіз тыңдай білесіз бе?» сауалнамасы

1. «Мен кіммін?»
Нұсқау: Тәрбиешілерге қағаздан жасалған гүлдер беріледі, әр гүлдің жапырақшасына өзінің бойындағы қасиеттерін жазады. Жазып болған соң әр қатысушы өзі жазған қасиеттермен таныстырады.

2. «Бұзық телефон» жаттығуы.
Жаттығуға қатысушылардың біреуінен басқасының бәрі бөлмеден шығуы тиіс. Қалған жалғыз қатысушыға жүргізуші бір ақпарат береді. Сол ақпаратты келесі қатысушыны шақырып айтуы тиіс. Жаттығу барлық қатысушы ақпаратты естігенге дейін жалғасады.
Үлгі: Біздің балабақшаға жаңадан жас мамандар келді. Ол жас мамандар өте белсенді. Біз сол жас мамандарға көмектесудеміз.
Талқылау:
— Ақпаратты бір қатысушы екіншісіне бергенде неліктен өзгеріске ұшырады деп ойлайсыздар?
— Ақпараттың қай бөлігі өзгеріске ұшырады және неліктен?
— Қанша адамнан өткен ақпарат көздеріне сене беруге болады ма?

3. «Қарым-қатынас психологиясы» ақпараттық блок.
Қатысушыларға қарым-қатынас психологиясы туралы 15 – 20 минуттық ақпарат беріледі.
Қарым-қатынасты көпжақты түсінудің мәні тұлғалық және қоғамдық байланыстарды түсіну логикасынан келіп туындайды. Әлеуметтік психологияда екі немесе одан да көп адамдардың түйсінуін бірнеше формаға бөліп қарастырады:
1. Пассивті қатысу;
2. Ақпарат алмасу;
3. Бірлескен әрекет;
4. Тең құқықты және ассиметриялы белсенділік.
Қарым-қатынасты бірнеше аспектілерге бөліп қарастыруға болады: мазмұны, мақсаты және құралдары.
Қарым-қатынас мазмұны – бір тірі ағзадан екіншісіне өзара түйісу жағдайында берілетін ақпарат. Бұл ақпараттар субъектінің ішкі жағдайы немесе сыртқы ортадағы қалыптасқан жағдайлар туралы болуы мүмкін. Дегенмен, қарым-қатынас субъектілері адамдар болып табылғанда ғана, ақпарат мазмұны алуан түрлі болып келеді.
Қарым-қатынас мақсаты – «Қарым-қатынас актіне не үшін қатысады?» деген сұраққа жауап береді, алғашқы аспектідегі қағида мұнда да сақталынады. Жануарлар әлемінде қарым-қатынас мақсаты олар үшін өзекті биологиялық қажеттіліктер шеңберінен шықпайды.

4. «Нұсқау бойынша сурет салу» жаттығуы.
Қатысушылар бір – біріне арқасымен екі – екіден бөлініп отырады. Әрбір жұптан бір қатысушыға сурет бейнеленген үлестірмелер беріледі. Қатысушы сол үлестірмедегі суретті нұсқау бере отырып, екінші қатысушыға бейнелетуі тиіс. Алғашында сурет салып отырған қатысушы нұсқаушыға ешқандай сұрақ қоймауы тиіс. Кейінгі айналымда сұрақ қоюларына болады.
Талқылау:
— берілген ақпаратты дұрыс түсіндіре алу үшін қандай әрекеттер қажет?
— қарым-қатынаста дұрыс түсіндіре алудың маңызы бар ма?

5. Көңіл – күй жаттығуы: «Гүлдер алаңы»
Тіл арқылы байланысу, қарым-қатынас жасау – адамға ғана арналған басты байлық, ұлы сыйлық. Бірақ осы байлықты жақсылыққа ғана емес, жамандыққа да қолданатынымыз жасырын емес. Кейде «аңдамай сөйлеп, ауырмай өлеміз». «Жақсы сөз бұлттан шыққан күндей боп, көңілді жадыратады. Жаман сөз – жаныңа мұң құйып, қабырғаларыңды бір-бірлеп сөгеді» деген, демек сөзден қорқыңыздар. Оны абайлап, орнымен пайдалану керек. Ғалымдардың зерттеуінші былапыт жаман сөздер хромосомдарды өлтіріп, сол сөз иесіне сәтсіздік, жаманшылық, ауру шақыратынын анықтаған. Өздеріңізге белгілі, ұстаз мамандығы басқа мамандарға қарағанда стрестік жағдайларға жиі душар болатындығы белгілі. Ал ұстаз өзінің профессионалдық ұстанымын жоғалтпай, қандай жағдай болса да, эмоцияға берілмеуі тиіс. Сондықтан қазір біз сіздермен әр кезде көтеріңкі көңіл-күйде болуы үшін, бірнеше жаттығу жасап үйренеміз.
Денелеріңізді бос ұстап отырыңыздар. Демдеріңізді мұрныңызбен ішке тартып, демді сыртқа шығарар кезде, қатты бар даусыңызбен «А» дыбысын айтыңыздар. Ол бүкіл денеңіздің сауығуына көмегін тигізеді.
«Е» — қалқанша без жұмыстарына әсер етеді.
«И» — миыңызға, көзіңізге, құлағыңызға;
«О» — жүрегіңіз бен өкпеңізге;
«У» — қарныңыздың маңындағы дене мүшелеріңізге;
«Х» — денеңіздің тазаруына;
«Ха» — көңіл-күйіңіздің көтерілуіне. Осы жаттығуды жаттап алып, әр кезде орындап отырыңыздар.
Денсаулығыңыз өз қолыңызда, эмоциялық стреске шалдықпаудың алдын алыңыздар.

6. «Сіз тыңдай білесіз бе?» сауалнамасы
Қорытынды.
Мінекей ұстаздық еңбектеріңіз, қарым-қатынастарыңыз табысты, жемісті болуы үшін бүгінгі айтылған кеңестерге көңіл бөліп, бұл дүниеде тек қонақ екенімізді ұмытпай, сыйластықпен, жақсы қарым-қатынаста болып кемшіліктерімізді ақылмен түзете біліп, өз қателерімізді мойындай білсек, бір-біріміздің жақсы қасиеттерімізді көре білсек, сонда ғана еңбектеріңіздің жемісін көріп, алға жылжисыздар.
Меніңше, әркім өзін-өзі тани білуі керек. Өзіне нақты баға бере біліп, менен қандай қателік кетті деп, бір мезет өз қатесін таба біліп, кешірімді болуға үйрену керек.
Егер мәселеңіз көбейсе, онда жауабын тек өзіңізден іздеңіз.
Жақсы адам да күн сияқты айналасына жылу береді. Күн табиғатқа, жер бетіне жылуын таратады. Мына кішкене гүлді бір-бірлеріңізге бере отырып, жақсы тілектеріңізді айтып шығыңыздар.
Тәрбиеші-педагогтар шеңбер бойына тұрып, бір-біріне тілектер айтады.
Осы тренинг несімен ұнағандығы туралы ойларын ортаға салу.

Leave A Reply