Дабылова Бақтыгүл Әбілханқызы,
Психолог, Т.Жүргенов атындағы орта мектеп, Әйтеке би ауданы, Ақтөбе облысы
Мақсаты: Бала тәрбиесіндегі ата-аналар рөлін кеңейту және бірлікті, адамдардың жан дүниесіндегі жақсы қасиеттерді жетілдіру. Балаларды мейірімді, қайырымды болуға тәрбиелеу.
Қатысушылар: ДМШ балалар мен ата-аналарға арналған.
Тренинг өтілу барысындағы ұстанымдар: бірлік және ынтымақтастық, тренингке қатысушылардың белсенділігі.
Психолог сөзі: Құрметті ата-аналар, ұстаздар мен оқушылар! Бүгінгі «Жүрек жылуы» атты психологиялық тренингке қош келдіңіздер!
Бала тәрбиесі қазіргі уақытта аса ден қойып қаралатын мәселе. Тәрбие отбасынан басталады. Бала шыр етіп дүниеге келген сәттен бастап тәрбие бастау алады. Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанды соны ілесің» деген ұлағатты сөз бар. Бұл ұғымда үлкен мән жатыр. Баланың көзін ашып көргені ата-анасы, бауырлары, ата-әжесі, өзінің жақын-жуықтары, солардың іс-әрекеттері. Өмірде көрген жағымды, жағымсыз іс-әрекеттің бәрін бала бірдей қабылдай береді. Сәби үшін жақсы мен жаманның арасында айырмашылық жоқ. Оның бойында нақты көзқарас қалыптаспаған. Данышпан Абай атамыз былай деген екен: «Балаға үш алуан түрлі мінез жұғады: біріншісі – ата-анадан, екіншісі – ұстаздан, үшіншісі – құрбысынан» сондықтан қаншалықты шаршап -шалдығып жүрсе де ата-ана бала тәрбиесін ұмытпауы тиіс.
Сабағымыз сәтті әрі көңілді өту үшін бір-бірімізбен амандасып алайық. Сіздерге сәттілік тілеймін!
1. Амандасу.
Мейірімді жүрекпен,
Ақпейілді тілекпен,
Амандасып алайық,
Бір жадырап қалайық!
Мақсаты: Бір-бірімен мейірімділік және қамқорлық қатынасты қалыптастыру.
Нұсқау: Сіздер бөлмеде еркін жүресіздер де, менің айтқанымды орындайсыздар мен «бір-біріңе» деп айтқанда өздеріңізге жұп тауып алуларыңыз керек. Одан кейін берілген тапсырмаларды орындайсыздар. Бастаймыз, «Бір-біріңе». Енді бір-біріңе қол беріп, мұрынды мұрынға, беті бетке т.б. дене мүшелеріңізді тигізесіздер.
2. Топқа бөлу. Сіздерге 3 түсті жүрекшелер ұсынылады. Қызыл, көк, сары. Балаңыз екеуіңіз ортақ шешімге келіп 1 түсті жүрекшені таңдаңыздар.
Қызыл түс тасыған күшті білдіреді. Көбінесе қызуқанды адам киімді осы түстен таңдайды. Албырт, белсенді, тез шешім шығаратындар бір орында отырғанды қаламайды. Өмірден бәрін үйреніп, алға ұмтылғыштар қызылға құмар болады. Оларды бір қалыптылық тез жалықтырады. Айналасындағылардың қателігіне көз жұмып қарамайды. Шынайылықты жақсы көреді.
Көк түсті киімдерді көп киетіндер сараптама жасаудың шебері. Бірақ бұл мүмкіндігін жасырады. Аталған істі қалайтындар өте қарапайым келеді. Сезімталдығы да бар. Бірақ іштей қатал мінезі де жоқ емес. Оны өзгелерге аңғартпауға тырысады. Көк түсті жақсы көретіндер өте сақ адамдар.
Сары түсті еркіндікті қалайтындар және арманы биік, қиялға берілгіштер ұнатады. Олар күтпеген оқиғаларды жақсы көреді. Үнемі ізденісте жүреді. Мұндай мінезді адамдардың маңайында көбінесе әзілге жақын адамдар жүреді. Тың идеяларды талқылап, ой таразысына салғанды жаны қалайтын адамдар өзгені тыңдап, өз пікірін де ұмыт қалдырмайды. Бірақ кейде жауапкершіліктен қашады. Бұл өзін еркін сезінгісі келетін әрекеті.
3. «Тамшылар» ертегісі (ата-аналар мен балалар бірлесіп сурет бояйды)
— Бір орманда тамшылар тұрыпты. Бірінші тамшы үлкен және жуан, ал екінші тамшы кішкене және күлкілі. Жаңбыр жауғаннан кейін жапырақтан гүлге, бұтақтан шөпке көңілді тамшылар секірді. Олардың фигуралары мөлдір және жылтыр болады. Күн шыққанда ормандағы аңдар: қояндар, түлкілер, тиындар тамшыларды айнаға ұқсатып қарайтын. Тамшылар сурет салуды өте ұнататын және барлығын да өздеріне ұқсатып бейнелейтін.
— Балалар, сіздер алдарыңыздағы аңдардың бейнелерін өз қалауыңыз бойынша таңдап алыңыздар. Осы тамшылардан құралған бейнелерді қажетті түспен бояңыздар. Қастарыңыздағы ата-аналарыңыз сіздерге көмек береді. Бірігіп салған сурет өте әдемі, таңғажайып болып шығады.
— Соңынан сурет көрмесін ұйымдастыру. Балалардың еңбегін бағалап, әрқайсысына жұлдызша тапсыру.
4. «Табан» ойыны
Мақсаты: қатысушыларды ұйымшылдыққа тәрбиелеу, жағымсыз энергияны қимыл-қозғалыс арқылы шығару.
Ойын шарты: Әуен қосылады, қатысушылар қиылған табанды айналып бірінің артынан бірі билеп жүреді. Әуен тоқтатылғанда табанды аяқпен басып тұру қажет. Баса алмаған қатысушылар ойыннан шыға береді.Соңғы қалған бір оқушы жеңімпаз атанады.
5. «Қолынан таны» ойыны. Ата-анамен жүргізіледі.
Мақсаты: Ананың балаға деген сезімін анықтау.
Ойын шарты: Ананың көзі байланады. Қатысушы балалардың ортасынан өз баласын қолынан табу.
6. «Ассоциация» жазу.
Сіздер әр отбасының ұйытқысысыздар. «Өнегелі отбасы» дегенді қалай түсінесіздер?
Балаңыз сізді қуантқанда немесе ренжіткенде қандай сөз айтасыз?
Мақтау Ұрысу
2 минут уақытта кестені толтыру, іштей шешімге келу. Кестенің қай жағындағы сөздер көп? (Ойлау)
Жауаптар: Қай сөз көп болу керек? Неліктен?
Ата-ана жауабы:
Мақтау баланың көңіл-күйін көтереді, өзіне деген сенімділігін арттырады.
Егер ата-ана баланы үнемі ұрысып, айыптап, балағаттап жатса, онда ол бұйығы, қатыгез, кекшіл болып өседі.
Баланы сынай берсе, ол жек көруді үйренеді.
Баланы қолдап тұрса, ол өзіне сенуді үйренеді.
Баланы мақтап өсірсе, ол игілікті болып өседі.
Бала шындықта өссе, ол әділетті болып өседі.
Баланы орынсыз әлпештей берсе, ол өзімшіл болып өседі
7. Қорытынды. «Бейне таспа»
8. Жүректен — жүрекке.
Біздің дәстүрлі әдісіміз жүректен — жүрекке деп аталады. Қазір біз жүрек пішініне жиналып, бір-бірімізге жүректен шыққан тілектерімізді айтып, бүгінгі тренинг сабақтан алған әсерлерімізді қолымыздағы жүрекшелерге жазып, тақтаға ілейік.
Бүгінгі тренинг сабаққа қатысқандарыңызға ризашылығымызды білдіреміз. Сіздердің құрметтеріңізге 10 сынып оқушысы Қасымбек «Жақсы адамдар» әнін тарту етеді.
Сурет интернет беттерінен алынды.