Баймбетова Мира Қуатжанқызы,
Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Саға мектеп-бала бақшасының педагог-психологы
Мақсаты: Ата-ана мен баланың отбасылық тәжірибесін түсіну және қабылдау, қарым-қатынас пен болашағы жайлы түсінік қалыптастыру.
Көрнекілігі: шарлар, табан іздері, үлестірмелі қағаздар, плакат, фломастер, музыка.
Қатысушылар: 8-9-10 сынып ата-аналары мен балалары.
Барысы:
Құрметті ата-аналар және қымбатты оқушылар, сіздерді көргендерімізге қуаныштымыз! Бүгінгі тренинг-ойын сабағымыздың тақырыбы «Бала отбасының айнасы». Әрбір адам – өмірге келген қонақ. Өмір өте мәнді, мағыналы, мазмұнды өтуі үшін «қамшының ғана сабындай қысқа» өмірде адамдардың бір-бірімен сыйластықта болуы керек. Жан-жағымызға мұқият қарасақ, айналамызда күйбең тіршілік жүріп жатыр. Адамдар еңбек етуде, жұмысқа бара жатады, жұмыстан қайтып жатады. Демалады, қонаққа барады, алға қойған мақсаттарына жетіп, басқа бір мақсаттар қойып жатады. Кейбіреулер болса қайғы — мұңды бастарынан өткеріп жатады. Ал, кейбіреулер не үшін өмір сүріп жүргендерін, қиындықтардан қалай құтылу керектігін білмей өмірден түңіліп жатады. Бұл – өмір. Қақтығыстары мен қиындықтары көп осынау өмірде адамдар бір-біріне және өздеріне мейіріммен қарап, ізгі ниетпен жақсылық жасай білу керек. Сол қиындықтарды жеңу жолдарын іздеп, алға қойған мақсаттарына жете білулері әркімнің өзіне байланысты. Олай болса, бүгінгі тренинг-ойынымыз осы өзіміз таңдаған өмірімізде мәнді де, мағыналы өмір сүру әрқайсысымыздың өз қолымызда.
1. «Мен және өмір» жаттығуы
Балалар, бәріміз ортаға шығып, жылылық шеңберін құрайық. Ата-аналар мен оқушылар шеңберге тұрып, мысалы «Мен, Айбол өмірде бақыттымын» дегендей өмірге байланысты сөз тіркестерін айтады.
2. «Кім мәреге бірінші жетеді?»
Сіздің балаңыз сізді қатты қуантты (бір ісімен). Сіз не айтасыз? Қалай қолдайсыз? (Әр топтың бір мүшесі тақтаға шығып, балаға мадақтау сөздерін айтып, мәреге бірінші жетуге тырысады. (Тамаша! Тіпті ертегідей ғой! Сенсіз мен не істер едім? Өте жақсы! Мақтанышым менің! Мен де осындай нәтиже күтіп едім! Қандай қуанышты!)
3. Постер қорғау
1. Өмірдегі мақсатың қандай?
2. Өмірдің мәні неде деп ойлайсыңдар?
3. Өмір адамға несімен қымбат?
4. Адам өмірі мәнді болу үшін не істеу керек?
4.«Тілек шары»
Қатысушыларға әуе шарлары үлестіріп, әрбір бала мен ана өздерінің арман тілектерін жазып, көк аспанға ұшыруы тиіс. Нәтиже: өз бойындағы арман, тілектері мен жақсы сезімдерге жол ашу.
Қорытынды:
Бүгінгі «Бала отбасының айнасы» дөңгелек үстелімізде өмірдің қаншалықты маңызды және қымбат екенін түсіндіңіздер осы түйгенімізді өмірде қолдана білейік. Өз ойларыңызды ортаға салып қатысқандарыңызға рахмет! Өмірлеріңіз әрқашанда мәнді де, сәнді болсын.