«Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы іс жүзінде
Жоспар:
1. Рухани – адамгершілік тәрбие беру өзекті мәселе ретінде.
2. Рухани – адамгершілік құндылықтарды білім мазмұнына енгізу тәсілдері.
3. Колледжіміздегі рухани – адамгершілік тәрбие беру сипаты.
Елбасы Н.Назарбаев:
Еліміздің болашақта қандай болатыны балаларымыздың
бойына өзіміз қандай тәрбиені сіңіретінімізге тікелей байланысты.
Мен барша халқымды жарқын болашаққа жол бастайтын адамзат баласының мәңгілік құндылықтарды бойына сіңіруге шақырамын.
«Қазақстан – 2050 – Мәңгілік ел» стратегиясы.
1. Рухани – адамгершілік тәрбие беру өзекті мәселе ретінде
ХХІ ғасырдың табалдырығын аттаған еліміз әлемнің 50 елінің қатарына кіруге бет алды. Сондықтан еліміздің туын асқақтатар білімді, білікті, адамгершілігі жоғары ұрпақ тәрбиелеу – біздің алдымыздағы ең басты міндет. Ал ұрпақ тәрбиесінде адамгершілік тәрбиесінің маңызы қай қоғамда, қай кезеңде болмасын күн тәртібінен ешқашан түскен емес. Оған дәлел Аристотельдің «Ғылымда ілгері ұмтылғанмен, адамгершілігі ақсап жатса, ондай адамның алға басуынан гөрі, кері кетуі тезірек» — деген сөзі дәлел.
Осы тұрғыда жалпы білім беру жүйесін ізгілендіру қажеттілігі, қазіргі таңда рухани – адамгершілік тәрбие беру өзекті мәселе ретінде қарастыралады.
«Бала тәрбиесі – мемлекеттің маңызды міндеті» деген сөзді Платонның өзі де бекер айтпаған болар. Өйткені ұрпақ тағдыры дегеніміз – ұлт тағдыры. Әрбір қоғамның дамуына байланысты бұл мәселе әрқалай шешіліп отыр. Қазіргі таңдағы ағымда оңай болып отырған жоқ. Біз қайда бара жатырмыз, қандай ұрпақты тәрбиелеп жатырмыз, алдымызда не күтіп тұр деген сұрақ әрбір ата-ананың, әрбір педагогтың көкейінде тұр.
Француз жазушысы әрі философы Жан-Жак Руссо өзінің «Эмиль немесе тәрбие туралы» атты кітабында «баланы өмір сүруге үйрету керек» деп жазған болатын, өйткені өмір сүру адамның – ең басты мақсаты мен міндеті. Ал өмір сүру дегеніміз өмірдің әрбір мезетін, әрбір көрінісін толыққанды, бар мүмкіншіліктерімен, мүшелерімен сезіну. Дана деп көп ғұмыр сүрген адамды емес, өмірді жан – жақты сезіне білген адамды атамаймыз ба?!
Сондықтан да шәкірт оқу орнының табалдырығынан қандай да бір ғылым иемденіп қана емес, бірінші кезекте адам болып шығуы қажет. Ол өз жүрегі мен жанын өмірге және басқа адамдарға айқара ашқан, жалған қағидаларды ұстанбайтын, дүниеге өз көзқарасы бар тұлға болуы керек. Адам болу дегеніміз адамгершілік қағидалар мен құндылықтарды ұстану, өмірдің мәнін өзіңнен емес, басқадан көру. «Өзің үшін!» қағидасының «Өзге үшін!» ұстанымынан бәсең болуы. Адамгершіліксіз білімнің еш қажеті жоқ екендігін ХХ-шы ғасыр дәлелдеді емес пе?!
Сол себепті де ұстаздың басты мақсаты – шәкірттерін адам болуға баулу деп тұжырымдауға тұрарлық. Әрбір пән, әрбір сабақ, әрбір тақырып осы мақсатты жүзеге асыруға бағытталуы керек. Керек десеңіз, олардың барлығы да тек осы мақсаттың құралы ғана.
Ал егер де оқушы қандай да болмасын бір тақырыпты немесе бір пәнді білмесе, бұл қынжылуға тұрарлық жәйт емес, өйткені мұндай жетіспеушілікті аталған биік мақсат толықтырады. Басқаша сөзбен айтқанда, шәкірт оқу нәтижесінде қандай да болмасын пәнді біліп емес, адам болып қалыптасуы керек.
Жан-Жак Руссо ХVIII ғасырда «Бізде физиктер, геометрлер, химиктер, астрономдар, ақындар, музыканттар, суретшілер бар, алайда бізде азаматтар жоқ» деп налып айтқан екен. Бір ғасырдан кейін орыс педагогы Н.И. Пирогов педагогикалық процестің мақсаты «біздер адам қылу, саудагер, теңізші, солдат, заңгерлерді тәрбиелеу емес, адам мен азамат қалыптастыру» деп Жан-Жак Руссоға үн қосады.
Ғұлама хәкім Абайдың негізгі ұстанымы да «Адам бол!» еді ғой… Абай өзін өзгеден артық санайтын адамнан бойын тартып, тіксініп қана қоймай, оны адам қатарына қоспаған. Адам мен адам бір-біріне тең тұтқанда, тегін сыйлағанда ғана сүюі мүмкін. Адам баласын осылай сүйе алған Абай «Адамның баласы – бауырың», «Адам баласына адам баласының бәрі – дос», «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген нақыл сөздерінен білуге болады. Аса зор гуманистік сүйіспеншілікпен айтылатын мұндай ауқымды, құдіретті сөзді тек кеудесінде Жер шарындай алып жүрегі бар Абай сынды тұлға ғана айта алса керек. Сондықтан талай-талай ұлылардың тәлім-тәрбиелік әдеп-қағидаларын, өмірлік ғибратты өсиеттерін жастарымыздың санасына сіңіру, жалпыадамзаттық құндылықтарды игерту білім беру жүйесіндегі қажетті шарты болып табылады.
2. Рухани – адамгершілік құндылықтарды білім мазмұнына енгізу тәсілдері
Білім өзінің шынайы міндетіне жауап беруі үшін балаларда жас кезеңінен бастап, ең маңызды адамдық саналарды – адамгершілікті, сүюді, аяушылықты, төзімділікті, имандылықты, әдептілікті, мейірбандылықты, шыншылдықты және басқа асыл қасиеттерді дамыту керек.
Қазіргі жағдайда бұл талаптарды жүзеге асырудың мынадай мүмкіндіктері бар:
Рухани-адамгершілік құндылықтарды кез-келген пәнді оқытудың мазмұнына енгізу.
Сыныптан тыс сабақтарды баланың адамдық асыл қасиеттерді игеруіне ықпал ететіндей бағытта ұйымдастыру.
Жеке пән ретінде жүргізілетін сабақтардың бағдарламасына енгізу.
Рухани тәрбие өзінің әрбір құбылысынан алуы мүмкін. Олай болса, кез-келген оқу пәні балалардың адамгершілігін, жақсы мінез-құлқын қалыптастыру құралы бола алады.
Бүгінгі таңда үлкендерге балалардың ынтасы мен назарын өзіне аударуға қол жеткізу оңайға түспейді. Балалардың рухани-адамгершілік тағылымына кері әсер етуші факторлар: жат қылықты жариялайтын фильмдер, бейнетаспалар және компьютерлік ойындар.
Сондықтан сабақтан тыс кездердегі жұмыстарды ұйымдастыруда оқытушы барынша тапқырлық танытқаны жөн. Мұндай кездесулерді оқушылар оларға қатысуға құлшынып тұратындай және оның жалғасын асыға күтетіндей дәрежеде тартымды етіп өткізу керек.
Сабақтан тыс кезіндегі пікірталас, әсерлі әңгімелер, мұражайға, театрға немесе классикалық музыка концертіне бірге бару, үйірмелердегі театрланған сабақтар – осының бәрі рухани-адамгершлік тәрбие үшін таптырмас құралдар.
Олар білімгерлердің шығармашылығын оятып, жан дүниесімен сезінетін тамаша ойларға жетелейді. Ал одан тек жағымды қасиеттер туындайтыны белгілі.
Жалпыадамзаттық құндылықтар білімгерлерге жеке сабақтарда берілуі мүмкін. Мұғалім әрбір сабақты жан-тәнімен беріле оқытуды, бала жанына әсер ететін құндылықтарды қалыптастыруды өзі үшін заң санауы қажет. Шын мәнінде жалпыадамзаттық құндылықтар ұғымына енетін өмір құбылыстарының бәрін сабақтардың кез келгенінде көрсетуге болады.
Сухомлинский айтқан екен: «Дәрігер балаға жақындар алдында қолын жылыту керек деп, ал мұғалім жүрегін». Сондықтан мұғалімнің бұл сабақтарға дайындалуына қажетті қайнар көздері өте көп.
Сабақтарда оқушының ішкі жан дүниесін оятудың және дамытудың тәсілдері:
Тыныштық сәті.
Үлгі аларлық оқиғаларды, нақыл сөздерді, жырларды, ертегілерді тыңдау және талқылау.
Әңгімелеуге қажетті материалдар ертегілер, аңыз әңгімелер, ғибратты өсиет әңгімелер, атақты адамдардың өмірі туралы жазылған әңгімелер. Оқытушы оқиғаларды, әңгімені, ертегіні кітаптан оқымай, ауызша әсерлі етіп баяндап бергені жөн. Мұндайда оқытушы оқушылармен тікелей байланыста болып, олардың алған әсеріне бақылау жасау мүмкіндігі туады.
Әңгімені таңдағанда мүмкіндігінше балалардың отбасы жағдайын ескеру қажет. Әлдебір оқиғаның олардың қасіретіне әсер етпейтіндей болуын есте ұстаған жөн.
Бұл әдіс оқушылардың танымдық белсенділігін арттыруға, оқу материалын эмоциялық – бейнелі тұрғыда қабылдауға ықпал етеді. Сабақтың дәйексөзі ретінде халық даналығы, халық мақалы, нақыл сөз, даналық сөздер сабақтың тақырыбына сай алынады. Жаңа тақырыпты жете түсінген оқушылар дәйексөздің мағынасын берілген сұрақтар бойынша өз пайымдауларымен түсіндіріп береді.
Ән және музыка тыңдау.
Ежелгі грек дәуірінен Пифогордың ізбасарлары әуеннің шипагерлік күшіне сенген. Олар өз тәжірибесінде әуенді адамдардың ақылы мен эмоциясын қалыпты күйге келтіру үшін қолданган. Сондықтан әуен тыңдау күнделікті өмірде жүргізілуі тиіс. Оқушылар әуенге қызығушылығы артып, олар әуенді түсіне бастайды. Әуендік аспаптардың ішіндегі ең күшті әсер ететін құрал – ол адамның дауысы. Басқа дыбыстар күшті болғанымен де, ол жанды емес. Ежелгі үнділер осыны біліп, ән айту – бірінші өнер, аспапты меңгеру – екінші өнер, ал би үшінші деген екен. Сондықтан сабақ барысында ән айту топтық рухты көтеру, біртұтастықты сезіну болып табылады.
Топтық, шығармашылық жұмыс.
Топтық іс-әрекетті таңдаудың бес бағыты бар:
Қойылым көрсету (оқиғалар қойылымы).
Тестілеу (тестілеудің пайдасы: өзін-өзі таниды, өзінің адалдығын анықтайды, ерекшеліктерін байқайды, мұғалім баға береді, ойлап отырып оқиды).
Ойын (Ойынның пайдасы: Қызықтыру, сергіту, босаң күйге келу, өзгелермен әрекеттесу.)
Топтармен жұмыс (бір-бірімен ықпалдасу, үйлесімділікті сезіну)
Шығармашылық жұмыс
А.Джумсай: «Шынайы білім беру жан қабілеттерін дамытуға байланысты». Шығармашылыққа деген қабілеттілік шынайы білім берудің ең маңызды құндылығы. Біздің миымыз екі бөліктен құралған. Оң және сол жақ. Сол жақ ми басқарады және талдау қабілетіне жақын. Ал оң жақ ми – шығармашылық, өнер, әдебиет және т.б. Көбіне сол жақ миымыз көп дамыған. Сондықтан оң жақ миымызды дамыту үшін шығармашылық жұмыстың пайдасы мол. Шығармашылық жұмыс балалардың шығармашылық шабытын аша түсуге, өзіндік «Менін» көрсете алуына септігін тигізеді.
3. Колледжіміздегі рухани-адамгершілік тәрбие беру сипаты
Жас ұрпақты рухани азықпен қаруландыру барша мұғалімдердің ең бірінші борышы. Рухани-адамгершілік тәрбие толыққанды «Өзін-өзі тану» пәнінде жүзеге асатыны белгілі. Алайда рухани-адамгершілік тәрбие өзін-өзі тану сабағы барысында ғана айтылып шектелмеуі керек. Осы мақсатты көздей отырып, колледж оқытушыларына “Өзін-өзі тану” рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасын оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері және оның басқа пәндермен ықпалдасуы» тақырыбында дәріс-семинар ұйымдастырылып өткізілді.
Ондағы мақсатымыз білім беруді ізгілендіру тек бір пән аясында ғана емес, «Өзін-өзі тану» пәнінің мақсаттарын іске асыру іс-шараларының бірі ретінде басқа оқу пәндері мазмұнының құндылық мәнін күшейту мәселесі төңірегінде мәселе көтерілді. Соның негізінде пән аралық ықпалдастырудың маңыздылығын бірнеше қырынан көрсетіп баяндалды. Осы тұрғыда жалпы білім беру жүйесін ізгілендіру мәселесінің қажеттілігі мен өзектілігі жайлы сөз қозғалды. Білімді ізгілендіруде мұғалімнің алатын орны ерекше екендігі өзекті мәселе ретінде қарастырылды. Педагогтың оқушылармен қарым-қатынас стильін айқындайтын бейне фильмдер көрсетіліп талқыланды. Дәріс-семинар жаңа заман технологиялары интерактивті тәсілдерді қолдану негізінде өз мағынасын ашып мақсатымызға жетуімізге тиімді әсер етті.
Келесі күні практикалық бөлімінде жаңа бағдарлама мазмұны бойынша «Өзін-өзі тану» пәнінен «Ар-ождан – адамдық өлшемі», «Қызмет етем халқыма» тақырыптарында үлгілі сабақтар көрсетіліліп, талданды. Екі күнге созылған бұл іс-шара өз мақсатына табысты жетті. Үстіміздегі жылдың сәуір айында колледжімізде «БӨБЕК» ҰҒПББСО – мен тығыз байланысып «Өзін-өзі тану – заманауи педагогика талабы» тақырыбында «Өзін-өзі тану» оқулық авторларымен кездесу ұйымдастырылып, ғылыми-практикалық семинар өткізілді. Семинар екі бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімі ашылу салтанатында жалпыадамзаттық құндылықтардың мәнін ашуда сахналық қойылым көрсетілсе, екінші практикалық бөлімінде «Өзін-өзі тану» пәні бойынша бірнеше үлгілі сабақтар жүргізіліп, республика көлемінде пән бойынша білім жетілдіріп жатқан курсанттарға таптырмас бірден бір әдістемелік көмек көрсетілді десек те артық айтпаймыз.
Бұл жетістігіміз бұқаралық ақпарат көздеріндеріне жетіп «Білім және мәдениет» телеарнасының «Өзін-өзі тану» телебағдарламасының реттік нөмірінде жарияланды. Соның нәтижесінде Есік гуманитарлық-экономикалық колледжі базасында Алматы облысы «Тәрбие мен рухани-адамгершілік білім беру серіктестерінің» қауымдастығы қоғамдық бірлестігі құрылды.
Бұл бірлестіктің негізгі мақсаты:
Алматы облысындағы бірыңғай ғылыми-білім беру кеңістігін қалыптастыру және адамгершілік тәрбиені дамыту, осы мәселелер бойынша тәжірибе алмасу мен қарым-қатынас орнату үшін жағдай жасау.
Осы орайда қазіргі таңда оқу орнымызда пән аралық ықпалдастыру жүзеге асырылып, оқу барысында да, сабақтан тыс жұмыстарда да рухани-адамгершілік тәрбие беру сипаты жан-жақты жүргізілуде.
Мен өзім арнайы пәндер бойынша білім беруде білімгерлердің рухани адамгершілік тәрбиесінің жетілуіне, рухани кемелденуіне баса назар аударамын. Солардың біріне тоқталар болсам педагогика пәнінде «Тәрбие принциптері» тақырыбында рухани кемелдендіру қағидаларын жан-жақты қарастырдым. Сабақ қорытындысында білімгерлер өмірлік ұстанымдарын айқындай отырып, рухани кемелдену жолында өзін-өзі тәрбиелеу ережелерін құрастырды.
Көрнекті педагог В.Сухомлинский: «Егер балаға қуаныш пен бақыт бере білсек, ол бала солай бола алады»- дейді. Демек, шәкіртке жан-жақты терең білім беріп, оның жүрегіне адамгершілікті үздіксіз ұялата білсек, ертеңгі азамат жеке тұлғаның өзіндік көзқарасының қалыптасуына, айналасымен санасуына ықпал етері сөзсіз.
Сондықтан баланы рухани тұрғыда кемелдендіру, оны жетілдірудің тиімді жолдарын таба білсек жас ұрпаққа рухани ізгілікті білім беру ортасын құра аламыз.
Ұлы ойшыл, кемеңгер Әбу-Насыр әл-Фараби: “Адамдар бақытты болуы үшін біріне бірі көмектесіп отыру мақсатымен бірлескен қала ізгі қала болады. Халқы бақытқа жету үшін өзара көмектесіп отырған қоғам да ізгі қоғам болады. Қалалардың бәрі бақытқа жету жолында біріне бірі көмектесіп тұратын халық ізгі халық болады. Сол сияқты, халықтардың бәрі бақытқа ұмтылып, біріне бірі көмектесіп отырса, бүкіл жер жүзі ізгі болар еді” дегендей, осы асыл мұраларды, жалпыадамзаттық құндылықтарды көпшіліктің бірлесе әрекет етуі арқасында ғана қол жеткізуге болады. Сондықтан баршаңызды осы игі істің жолында олжа салуға мүмкіндігіңіздің бар екендігін айтқым келеді.
Қолданылған әдебиеттер
Қоянбаев Ж.Б., Қоянбаев Р.М. Педагогика. – Алматы.
Құрманалина Ш.Қ., Мұқанова Б.Ж., Ғалымова Ә.У., Ильясова Р.К. Педагогика.
Губашева С.Г., Отарбай А.Ж. Тәрбие жұмысының әдістемесі.
Әлімов А. Интербелсенді әдістемені ЖОО-да қолдану мәселелері. – Алматы.
Мейір Ж., Игенбаева Б. Креативтік тәрбие.
Аметова Ләззат Абуқызы
Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің
педагогика, психология және өзін-өзі тану пәндерінің оқытушысы
Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы