Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

8 890 қаралым

«Қазақ отбасындағы қыз баланың тәрбиесі» пікірталасы

0

Нуриденова Бакытгуль Назмухановна,
Психолог, «Баянауыл ауданы білім беру бөлімінің Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы ат. ЖОББМ» КММ, Жаңажол ауылы, Баянауыл ауданы, Павлодар облысы 

«Қыз елдің көркі»
«Қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол»
«Қызым саған айтам, келінім сен тыңда».

Халық нақылдары

Мақсаты: жаңа әлеуметтік даму жағдайында қыз балаларға тәрбие берудің жүйесін айқындай отырып, ғылымның барлық бағыттарында интеллектуалды қабілеттері дамыған, белсенді шығармашылық іс-әрекеттерге дайын, ұлттық және әлемдік білім нәрінен сусындаған, жоғарғы деңгейдегі мәдениетті және адамгершілікті, жан сұлулығы мен сұлулығын қатар алып жүре алатын, өзінен кейінгі ұрпақ алдындағы жауапкершілік ұғымын түсінген қыз баланың тұлғасын қалыптастыру.

Қатысушылар: 8 — 10 сынып қыздары.
Психолог сөзі: Қазақ халқы «қыз» деген сөздің өзін әдеміліктің, әдептіліктің, инабаттылықтың, сұлулықтың белгісі деп таныған.
Халық арасында бойжеткен қыздың ажарына қарай: әдемі қыз, көрікті қыз, шырайлы қыз, әсем қыз, сұлу қыз, ажарлы қыз, ару қыз деп бөлген. Олардың сипаттамалары: әдемі қыз- баппен сөйлеп, биязы күліп, жақсы-жаманның жөнін біліп тұратын қыз; көрікті қыз- істесе үйіріп, сөйлесе бұйырып, баурап алатын,өзі бірден көзге түсе қоймайтын қыз; шырайлы қыз- көз жанары өткір, бет-әлпеті бал-бұл жанған, тәні шымыр қыз; әсем қыз-жүзі жылы, өзі ұяң, тәні нәзік қыз; сұлу қыз- сөзі өткір, өзі пысық, өрескелділікті сүймейтін, болмашыға пісіп күймейтін, келбетті қыз; ажарлы қыз- дене бітісі жинақты-тығыршық, сөзі салмақты, ісі тиянақты қыз; ару қыз- бет пішіні, дене мүсіні келіскен, сөзі сыпайы, өзі әдепті, сұңғақ бойлы, терең ойлы қыз.
Қазақ отбасында осындай қазақ қызын халқымыз қалай тәрбиелеген екен, соған тоқталайық.
Бүгінгі пікірталас барысында «Бүгінгі таңда қазақ қызы қандай?» болуы керек деген сұрақ төңірегінде 8-10 сынып қыздары пікір таластырады.

Пікірталас барысы:
Әр топтың аты, ұстанымы болуы керек. Топ басшысы таныстырып, қорғайды.
«Бүгінгі күнде қазақ қызы қандай?» деген сұраққа жауап іздейді.
Әр топ бір-біріне сұрақ қойып жауап беру арқылы бүгінгі пікірталас тақырыбын қорытындылайды
Қыз жайында айтылған нақыл сөздер мен мақал-мәтелдердер айтылып оның мағынасын ашу ұсынылады.
Қорытындылау.

Психолог сөзі:
Ал қазіргі қазақ отбасындағы қыз бала тәрбиесі қандай?
Кейбір отбасында бұл тәрбие өз мәнін жоғалтқан. Қазіргі қыздардың бойынан қазақ ұлтына жат қылықтар көптеп кездеседі. Мысалыға айтатын болсақ; темекі тарту,жеңіл жүрістері, көпшілік ортада өзін ұстау этикасын білмеу, бейбастақ сөздер айтуы, және де олардың ашық киім киуі. Әсіресе қыз балалардың бойында бұрынғы аналарға тән инабаттылық, ұялшақтық қасиеттер азайып барады. Міне, осындай жан түршігерлік қылықтардың біздің қазақтың қыздарының бойынан табылуы өте өкінішті-ақ.
Қазіргі кезде осындай кемшіліктердің болуына ата-аналарда кінәлі. Ата-ана бала тәрбиесінде басты рөл атқарады. Күнделікті тіршіліктің соңында жүріп олар бала тәрбиесіне соның ішінде қыз бала тәрбиесіне жауапкершілікті азайтып алған сияқты. Сондай-ақ қыз бала тәрбиесінің төмендеуіне қазіргі көгілдір экрандағы көрсетіліп жатқан шетел фильмдері де әсер етуде. Осы фильмдерге қазақ қыздары еліктеп өздерін тым еркін ұстайды, тіпті кейбір қыздар ата-анасын сыйламай, оларға қарсы келіп жатады. Әрине бұған себеп тек шетел фильмдері ғана емес, қыздардың әдеби кітаптарды көп оқымауы, театр, мүзей, көрме залдарына жиі бармауы.

Қыздар жайлы нақыл сөздер мен мақал-мәтелдер айтылып және оның мағынасын ашу.
Қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрін қыз баланың бойына сіңіре отырып, қыз балаға келешекте ана, ақ босағаның аруы, шаңырақтың құт-берекесі екенін ұғындырып, әдептілікке, сыпайылыққа инабаттылыққа, мол мейірімділікке, төзімділікке, шыншылдыққа баулып, ар тазалығын жоғары ұстайтын қылықты қыз тәрбиелеу мектептен бастау алғаны нұр үстіне нұр болып отыр. Біз ата-ананы пір тұтқан, тегімізді атадан, тілімізді анадан санаған халықпыз. «Атасыз ұл ақылға жарымас, анасыз қыз жасауға жарымас», «Қыз ақылды ескермес, ана үлгісін көрмесе, ұл жарылқап ас бермес, әке үлгісін көрмесе». Ұлттық салт -дәстүрімізді білу оның астарын түсініп, атадан-балаға мирас ету қазіргі таңда, әсіресе, қазақ қыздары үшін ауадай қажет. «Қыз тәрбиелей отырып-ұлтты тәрбиелейміз» деген қанатты сөздің өзі қыз бала тәрбиесінің қаншалықты маңызды екенін білдіреді. «Қызым үйде, қылығы түзде» дейді екен бұрынғылар. Қыз баланың бойына асыл қасиеттерді дарыту тек құлаққа құюмен, ақыл айтумен не болмаса «Қызды қырық үйден тиюмен» шектелмейді, мәселе қай кезде, қандай жағдайда ақыл ұсынып, үлгі-өнеге көрсету қажет. Ізеттілік, көргендік нәресте кезінен ана сүтімен бойға сіңеді. Қатты күлмеу, айқайлап сөйлемеу, үлкеннің жолын кеспеу, ыдыс-аяқты сылдырлатпау, алдымен кіріп, артымен шығу, есікті теуіп ашпау, босағаны кермеу, ұсынған кесені төмен қарап беру, үлкендерден жоғары отырмау тәрізді тіпті қыз баланың отырысына, жүрісіне, аяқ берудің өзі қыз бала тәрбиесіне аса зор мән беріп, көңіл қоюдың жауапкершілік сездіреді.

Leave A Reply