Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

4 384 қаралым

Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты зерттеу және түзету жұмыстары

0

Бекеева М.Бекеева Маншук Халбаевна
Педагог-психолог, С.Керімбеков атындағы орта мектеп және Мектепке дейінгі шағын орталық КММ, Қаскелең қаласы Қарасай ауданы Алматы облысы

Мақсаты: ата-аналар мен бала арасында жақындық қалыптастыру, қарым-қатынастың ерекшеліктерін психологиялық жаттығулар арқылы көрсету.
Күтілетін нәтиже: Тренинг барысында ата-аналар баланы түсініп, кез-келген жағдайда қарым-қатынаста бір-бірін түсіне білу.

Бала тәрбиесі – қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін күрделі процесс. Жас ұрпақ тәрбиесі адамзаттың мәңгілік тақырыбы. Ұлттың бүгінгі де болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты. «Бір баланы адам етіп өсіргенше, бір шахар абат болады» дейді екен көне шығыстың даналығы. Осы салыстырудың өзі-ақ баланың ойын мәніндегі адам болып қалыптасуы қыруар уақыт пен тер төгетін, зор еңбектің қажет ететін ауқымы кең, жауапкершілігі мол жұмыс екенін ұқтырса керек.
Ата-аналардың жастығы мен бала тәрбиесіндегі тәжірибенің жоқтығы, болмаса тәрбие жұмыстарында тек қана өз ойлары мен көзқарастарына ғана жүгінуі немесе қажетті педагогикалық білімдерінің жетіспеушілігі салдарынан тәрбие процестері көптеген қателіктерге ұшырап отырады.
Сондықтан да мектеп өміріндегі ата-аналардың педагогикалық білімін жетілдіру, мәдениетін арттыру, бала тәрбиесіне белсене араластыру, соның нәтижесінде ата-ананы баланың алғашқы ұстазына айналдыру мақсатында ұйымдастырылатын семинар тренингтердің маңызы орасан зор.

«Бейне таспа» көрсетіледі

Оқушы – мұғалім – ата-ана
Болашақ қоғам мүддесі үшін еңбектене білетін рухани ойлау дәрежесі биік, отан сүйгіш, еңбекқор, ізденімпаз, қабілетті адамды тәрбиелеу – мектеп пен ата-ана, әлеуметтік орта бірлесіп жұмыс істегенде ғана үйлесімін табады.

«Таныстыру» тренингі
Мақсаты: Топта жұмыс жүргізу үшін жағымды ахуал орнату, қарым-қатынастың белсенді стилін және кері байланыс тәсілдерін меңгеру.

Алдымен танысайық, біз оны былай жасаймыз: дөңгелене отырып, сағат тілі бойынша, кезек – кезек әр қатысушы өз атын және өзінің нақты сүйікті ісін іс-қимылмен көрсетеді.

«Мен түсінемін» жаттығуы
Мұнда ата-аналар өз балалары туралы айтады. Яғни, оның ата-анасын қуантатын және ренжітетін жағдайларды параққа түсіреді және қорғайды.
1) Мені балам қуантады …
2) Мені балам ренжітеді…
Талдау: – қай жағы көп болды? Қуантатын сәттері ма, әлде ренжітетін сәттері ма? Неліктен ол жағы көп деп ойлайсыз?
Оның көп болуына ата-ананың әсері бар деп ойлайсыз ба?

Ата-аналарға арналған сауалнама
Мақсаты: ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты анықтау.

«Бейне таспа» көрсетіледі

«Сіз қандай ата-анасыз?» жаттығуы
Нұсқау: Сіз қандай ата-ана ретінде көрінесіз? Ата-ана топ алдына қалауы бойынша шығады, өзгесі үнсіз отырып, ол туралы әсерін қалыптастырады. Баласын қалай тәрбиелейді, жазалайды, мадақтайды. Ата-ана 2 – 3 минутқа шығып кеткенде, психолог талқылау қорытындысын жазып алады. Ол қайтып оралғанда топ оған қандай психологиялық портрет жасағанын табады.

«Бейне таспа» көрсетіледі

«Тілек білдіру» жаттығуы
Мұнда бір-біріңізге тілек айтасыздар, яғни айту кезінде ол адамды құшақтап тұрып немесе басқалай да іс-қимылмен тілек білдіресіз.
Талдау:
сізге тілек білдіргенде қалай сезіндіңіз?
сізге тілекті шынайы айтты ма?
сіз айтылған тілекті қалай қабыл алдыңыз?

Қорытынды сөз:
«Қатты тәртіп көрсе бала күнінде,
Өнермен қуантады түбінде.
Бала нені білсе жастан, ұядан-
Өле-өлгенше соны таныр қиядан.
Өнер-білім берем десең басынан,
Бер оқуға балаларды жасынан,
Ата-анадан өсіп ұрпақ тараған,
Жақсы-жаман болса, бала – соларда» деп, ХІ ғасырда Жүсіп Баласағұн айтқандай, ата-аналар балаларының жеке ерекшеліктерін жас күннен танып, соған қарай бағыт-бағдар, тәрбие берудің маңызы ерекше. Ата-ана балаларына жақсы тәрбие беруде қоғам алдында жауапты. Сыйластық, түсіністік, үлкен жауапкершілік сезімдері бар отбасы – бақытты отбасы. Бақытты отбасында ғана ата-ана және олардың балаларының өзара қатынасы мазмұнды, берілген тәрбие сіңімді және негізді.

Leave A Reply