Арман Ерболатович Мундуинов
Павлодар облысы «Ақтоғай ауданының Ақбидай негізгі мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің психологы
Әр жастағы мектеп оқушыларына, мектепке дейінгі жастағы бүлдіршіндерге алуан түрлі логикалық ойындар ойлап тауып өткізуге бүгінгі ғылым мен техниканың, өнер-білімнің биіктерге көтерілер кезеңінде мүмкіндік молынан жасалғандай. Адам ойы түрленіп, жаңалыққа, жақсылықтарға деген құштарлық артқан шақта халқымыздың болашағы – жас ұрпаққа озаттықты, азаматтық биік парасаттылықты мектеп оқушылары бойына жас ерекшеліктеріне қарай дарыта тәрбиелеу – ұстаздар қауымының ең жауапты әрі аса күрделі міндеттерінің бірі болып қала бермек.
Баланың ойлау қабілетін тәрбиелеу мақсатында өткізілетін кейбір ойын түрлерін мысал ретінде айтар болсақ:
«Санамақтар» ойыны. Бұл мектепке дейінгі жастағы және жасөспірім балалар үшін ұсынылады. Мұндай ойын түрі – ойынға қатынасушылардың лидерлік (озаттық) қабілеттерін айқындауға игі әсер етеді. Ойынға қатынасушылар көздерін жұмады. Ойын жүргізуші бұларға, мысалы, онға дейін санауды ұсынады (сан кез келген де болуы мүмкін). Санамақ тәртібі төмендегідей:
— санау кезінде сандардан басқа бірдеңелерді айтуға болмайды;
— топқа бөлінген балалардың тек біреуі ғана сандарды атауы тиіс, егер балалардың екеуі бірдей бір уақытта бір түрлі санды атайтын болса, ойын қайта басталады. Ойыншылар көздерін жұмып отырғандықтан, бұлар кімнің бұдан әрі санауға дайындалып отырғанын біле алмайды. Және бір-бірлеріне нендей де бір белгі де бере алмайды. Ақыр соңында, бәлкім, бәрінен сандарды көп айтқан ойыншы дараланып қалады. Міне, серіктестер ішінен озып шыққан ойыншы, осылайша, лидер (озат) атанады.
«Бір, екі» ойыны. Бұл ойын, негізінен, мектеп оқушыларына арналған. Ойын түрі де ойыншылар тобынан ерекшеленген озаттарды анықтауда ерекше маңызды. Ойын басталмас бұрын, команда бойынша көрсетілетін қозғалыстарды ойыншылардың бір уақытта жасаулары ескертіледі. «Бір де!» ойын басқарушының командасы бойынша ойыншы балалар өз орындықтарын жоғары көтереді. Бұдан соң, ойын жүргізуші ешқандай команда бермейтінін хабарлайды. Бұл тұста, оқушылардың (ойынға қатынасушылардың) алғашқысының «Орындықтарыңды түсіріңдер!» деген командасын ескеру ғана маңызды. Бұдан әрі ойын жүргізушінің «Екі де!» командасы бойынша балалар өз орындықтарын айналып жүгіреді. Ойыншылардың біреуінің: «Орындықтарыңа отырыңдар!» бәрі де бір уақытта орындықтарына отырулары тиіс. Ойыншылар арасынан бірінші және екінші жағдайларда команданы бір ғана оқушы берсе, бұл ойыншы бойында лидерлік (озаттық) қабілеттің бары анықталады.
«Кактустар шөл далада өседі» ойыны. Бұл ойын мектеп жасына дейінгі балаларға арналған. Ойынға қатынасушылар қол ұстасып, шеңбер бойымен жүріп, бәрі бірдей: — Кактустар шөл далада өседі, кактустар шөл далада өседі,- дейді. Ойын басқарушысы шеңбер ортасында тұрып, тосыннан бұрыла кетеді. Осы кезде лезде шеңбер ішінен бір ойыншы секіріп шығып: — Ой! – деп айқай салады. Мұны ол ойын басқарушы міндетті түрде көре алмайтын кезде жасауы тиіс. Көршілес тұрған ойыншылар айқайлаған ойыншының іле қолынан ұстай алады. Егер ойын жүргізуші шеңберден секіріп шығуға ыңғайланған ойыншыны байқап қалса, ол сол ойыншының иығынан қағуы керек. Ойыншы бұл кезде көпшілік тұрған шеңбер ішінде қалуы тиіс. «Саған не болды?» дейді ойын жүргізуші шеңбер ішінен секіріп шыққан «науқасқа». Ойыншы кактусқа байланысты кез келген жауапты ойлап табады (мысалы: «Мен дәмі тым ащы кактусты жеп едім». «Мен кактусты басып кетіп едім», т.б.). Бұдан кейін ойыншы шеңберге қайта кіреді. Осы тәртіппен ойынды басқалары жалғастырады. Ойыншылар басқарушының сұрақтарына жауап беру кезінде бұрын айтылған жауаптарды (ойыншылардың жауаптарын) қайталамауы тиіс. Шеңбер сыртына көбірек шығып, белсенділік танытқан ойыншы «лидерлік» (озаттық) қабілеті бар деп бағаланады.
«Мен сенімен келіспеймін» ойыны. Мектеп жасына дейінгі және бастауыш сынып балаларына арналған. Бүлдіршіндер екі топқа бөлінеді. Бірінші топ мүшелері екінші топқа бірнеше сұрақ қояды. Екінші топ мүшелері бұл сұрақтарға жауап қайтарады. Сұрақтар, негізінен, әр ойыншының белгілі бір іс-әрекетке құмарлығы төңірегінде өрбиді. Мәселен: «Соңғы кезде қандай кітап оқыдың?», «Спорттың қандай түрімен айналысасың?», «Денсаулықтың зор болуы үшін не қажет?», т.б. Мұндай сұрақтар балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес әр алуан болып келеді. Сұрақтарға жауап беруші жақтың да жауаптары мазмұнды, мағыналы, ойға қонымды болуы қажет. Ойыншылардың сұрақ және жауаптарындағы ой-өрістеріне қаншалықты әсер ететінін де байқап, бағамдау ләзім. Бірінші топ мүшелерінің сұрақтарына екінші топтың – жауап беруші жақтың – бағасы он баллдық (ұпай) мөлшерде беріледі. Бұдан әрі екінші топ сұрақ қоюға көшеді де, бірінші топ мүшелері жауап қайтарады. Көбірек сұрақ қойған ойыншылар да, сұрақтарға дұрыс жауап қайтарған оқушылар да 10 баллдық шкаламен бағаланып, ең жоғары баллға ие болғандар – лидерлік (озаттық) сапаға ие болып, ойын басқарушыдан немесе әділқазылар алқасынан дәріптеліп, марапатталуы да мүмкін.
Лидерлік сапа – қабілет – кез келген оқушы бойынан табыла бермейтін қасиет. Десек те, шәкірттерді озаттыққа тәрбиелеу – тәжірибелі ұстаздар мен мектеп психологтарының педагогтік қызметтегі басты міндеттерінің бірі деуіміз қажет. Бала бойына туа біткен зәрідей ғана дарын ұстаздар еңбегімен ғана қалыптасып, дариды да дамиды.
«Біз екеуіміз ғана» ойыны. Бұл қызықты ойынды сегіз бен он бес жас аралығындағы балалар ойнайды. Ойыншылар саны шектелмейді. Бірақ сегіз адамнан кем болмауы да керек. Топ ішінен екі жүргізуші (ойын басқарушы) тағайындалады. Басқалары – ойыншылар. Бұлар жұп санды құрауы қажет. Радиусы 4 метрлік шеңбер жасап, балалар ойынға әзір тұрады. Ойыншы жүргізуші екеуі қарама-қарсы жаққа тарап, біріне-бірі қарама-қарсы тұрады. Музыканың әуенімен бәрі шеңбер жасап, қол ұстаса көңілді қозғалыспен ойынды бастап кетеді.
Арада бірер минут өткен соң, жүргізушілердің бірі жұптанған ойыншылардың бірінің қолынан ұстай алады. Осы кезде шетте қалған екінші ойыншы қаша жөнеледі. Ойын басқарушы оны қайткенде ұстап алуы керек. Ойын басқарушылар да, ойыншылар да бірі – ұстауға, екіншісі – ұстатпауға тырысады. Басқарушы шеңбер жасап қашқан ойыншыны ұстап алса, ойыншының орнына басқарушы тұрады да, ұсталған ойыншы басқарушының рөлін орындайды.
«Мен бәрінен жақсымын, ал сен ше?» ойыны. Бұл ойын да мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге арналған. Ойынға қатынасушы бүлдіршіндер бұл ойын түрінен бірлікті, сергектікті, ұнатушылықты, т.б. қасиеттерді мақұлдауды сезінуге тәрбиелене беруге, жақсы көңіл күйде болуға, біраз уақытқа болса да дағды алады. Күнделікті ойындарында кездесетін қорқыныштарды, күдіктерді аз уақыт болса да ұмытатын болады. Ойын үш, бес бүлдіршіннің қатынасуымен шақталуы тиіс. Балалардың бірі көпшіліктің мақұлдауы, қолдауымен орындыққа отырғызылып, үстін жұмсақ, бірақ салмағы бар заттармен жабады. (Бұл тұста бүлдіршіннің жасы және салмағы қатаң ескеріледі.) Бұдан әрі орындықтағы бүлдіршін үстінде үйілген заттарымен сахнаға әкелінеді. Жиналған ата-ана, мектеп оқушылары бұл көріністі ерекше қошеметпен, ду қол шапалақтап қарсы алады. Ойынға қатынасқан былайғы үш, төрт бүлдіршін орындықтағы бүлдіршінді қоршап алып, қол шапалақтайды. Бұл секілді «құрметті» орындыққа қалған бүлдіршіндер де кезегімен отырып, өз өнерлерін көрсетуі тиіс. Жеңіске жеткендер – ең көп қол шапалаққа ие болғандар, көпшіліктің ризашылығына бөленгендер болса керек. Жеңімпаз бүлдіршін сый-сияпатпен көтермелеуі мүмкін.
«Мұғалім және оқушы» ойыны. Бұл ойын кіші жастағы мектеп оқушыларына арналған. Бұл қызықты ойынды өткізу үшін бірнеше қарындаш пен қағаз ғана қажет. Әуелі, ойын жүргізуші тағайындалады. Бұл – мұғалім рөлінде ойнайды. Қалған ойыншылар – оқушылар. Әр парақ қағазға «мұғалім» бір заттың суретін салады. Бұл сурет оңай да, бәлкім, қиын да салынуы мүмкін. «Мұғалім» кезекпен әр парақтағы суретті «оқушыларға» (ойыншыларға) бірнеше секунд ішінде көрсетеді де, «мұғалім» «оқушысына»: — Суреттердің қалай салынатынын есіңе сақта да, салып шық, — дейді. Бұдан әрі «оқушылар» суреттерді сала бастайды. Көрсетілген заттарды ұқсата салған «оқушылардың» жұмыстары белгіленген ұпай бойынша бағаланады. Кім неғұрлым көп ұпай жинақтаса, сол жүлдегер атанады.
Міне, осындай кез келген ойынды ойлап тауып, өткізуге болады.