Құдайбергенова Бақтыбала Жексенбековна,
Педагог-психолог, Т.Әубәкіров атындағы негізгі мектебі, Тұрар Рысқұлов ауданы, Жамбыл облысы
«Психолог болу – өз уақытыңды аямау,
басқаның бақытын аялау»
Қазіргі таңдағы білім берудің барлық сатыларындағы түбірлі өзгерістер оқыту процесіндегі жаңаша көзқарасты, білім берудің жаңа тиімді технологиясының, белсенді оқыту әдістерінің кеңінен енуінен туындап отыр. Еліміздің болашағы өскелең ұрпақтың рухани байлығы мол, білімді, кәсіби біліктілігі жаңалыққа сай жоғары дәрежеде болуын қажет етіп отырған уақытта психология ғылымы ауадай қажет.
Психологиялық жүйе ретінде оқыту процесінің тиімділігін айқындайтын фактор оқушылардың танымдық процестерінің қалыптасуы мен дамуына оқу процесін өз бетінше меңгеруге бейімділігін байқаймыз. Жүйелі тәсілдің мазмұны мен болмысын біржақты анықтау қиын. Жан-жақтылық мақсатпен оқыту процесін игеруде жүйелік тәсілдің принциптерін пайдаланамыз, әрі оқыту процесінің жүйелі психологиялық талдауын жүргіземіз.
Мен – жемісінің өнімін көруге асыққан бағбандай, бала жанына ақыл дәнін сепкен психологтың бірімін. «Көп білген кісі кемеңгер емес, білгенін елге пайда келтірген кісі – кемеңгер» деп ойшыл Эсхил айтқандай, бар ғұмырын шәкірттеріне арнау, егеменді еліміздің ертеңгі иелерін білім нәрімен аянбай сусындатып, ерен еңбектің жемісін көру – психологтардың арманы.
Шындығында психологтар жеке тұлғаның жанын түсінетін абзал жандар. Психолог берген тәрбие әрбір жаның өміріне жол сілтер шамшырақ болары анық. Қиындығы да, қызығы жетерлік, ең бастысы жауапкершілігі жоғары мамандықтың бірі психолог болу екені ақиқат. Өйткені бұл мамандық иелерінің мойнына ешнәрседен хабары жоқ, мыңдаған тарыдай ғана бүлдіршіндердің бойына білім нәрін сеуіп, тәрбие ұрығын егіп, таудай азамат етіп шығару жүктелген.
Менің түсінігімдегі психологтардың рухы – таза, ой өрісі биік, ұлты мен Отанының болашағы үшін тер төгіп, шыдамдылық пен табандылықтың үлгісін көрсетуші, өз бойындағы асыл қасиеттері мен білімін болашақ ұрпақтың бақыты мен кәдесіне жаратып, қоғамды өрге өркендетуші, жаңашылдықтың бастаушысы, жүрегі жылы, көңілі – дархан адам болуы тиіс. Бұл мамандық содан да киелі. «Психолог болу – өз уақытыңды аямау, басқаның бақытын аялау» деген нақыл сөзі жаныма өте жақын. Психолог білгенін үйретуші ғана емес, тұла бойы тұнған өнеге, ақ тілеулі ана тәрізді барлық адамның бойынан жақсылық іздейтін ізгі ниет иесі. Өйткені, өмірдің заңды дамуы, ілгерілеу, озу. Өзінен озған шәкірт тәрбиелейтін шебер психолог үздіксіз ізденісте болып, қоғам сұранысына сай білімді, шығармашыл, өзін-өзі дамытып, жетілдіре алатын болуы қажет деп ойлаймын. Мен психолог болудың ауыр жүгін арқалауды өз жүрегімнің қалауымен таңдадым.
Психолог ретіндегі негізгі ұстанымым: баланы тұлға деп тану, оның пікірімен санасу, баланың кішкентай қуанышын, табысын бағалай білу. Психолог мәңгі нұрдың қызметшісі, ол барлық ой мен қимыл-әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп, нұр құятын тынымсыз лаулаған жалын иесі.
«Қазіргі заманға сай білікті психолог қандай болу керек?»- деген сауалға адамзат ғұламасы данышпан Абайдың: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: жылы жүрек, нұрлы ақыл, ыстық қайрат»- деген үнінен жауап тапқандаймын. Бойында осы үш қасиеті бар адам қай қоғамда еңбек етсе де, қоршаған ортасының жаны, жүрегі, ұйтқысы. Өз басым, жылы жүрегімді, ыстық қайратымды, нұрлы ақылымды еліме, аяулы шәкірттеріме арнаймын.
Психологтың жолы – мен үшін өмірімнің мәні, қайрат-жігерімнің, қабілетімнің бастауы. Әр таңдағы әрбір игілікті еңбек қадамым, шығармашылық ізденістерім, шәкірттеріммен бірлесе атқарған жемісті істерім мені алдағы уақытта мақсатты істерге жетелейді. «Адам өзінің қабілеттерін оларды іс жүзінде қолдануға тырысуы арқылы біле алады»- деген ойшыл Сенеканың пікірін шәкірттер санасына сіңіруден мен де жалықпақ емеспін.
Бүгінгі тәуелсіз еліміздің тұғырын биіктету жолында, жаһани талаптарға төтеп беретін жеке тұлғаны тәрбиелеуде аянбай еңбек етіп жүрген білімді де білікті, шығармашылық ізденістегі психологтардың еңбегі өлшеусіз…
Жаңа ғасырдағы психолог шәкіртке сапалы білім, саналы тәрбие беруші ғана емес, ғылым мен техниканың тілін жетік меңгерген, білікті де білгір маман болуы міндетті. Бүгінгі психолог ұстаз – инновациялық технологияларды пайдаланушы, әрі ізденуші, әрі өндіруші, әрі ғалыми-зерттеуші. Мен өзімді осындай психологтар қатарындамын деп санаймын, өйткені мен – болашақтың бағбанымын!