Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

2 072 қаралым

Әуестікті іздеуде. Эссе

0

Молдир Жунусова,

Ш.Батталова атындағы ЖОББ мектебінің әлеуметтік педагогы,

Ақжал кенті, Қарағанды қаласы, moldir10610@mail.ru


«Егер әуестікті таңдап алуда

сіздің жолыңыз болса және

осы жолда өміріңізді сарп ететін болсаңыз,

онда сіздің бақытты болғаныңыз».

К.Д.Ушинский

 

Иә… Бәріміздің, балғын мектеп шақтарынан алыстап, ересек өмірге аяқ басқалы тұрғанымызды сезіне бастаған кезде, көкейімізге сан түрлі сауалдар келіп орнайды: Кім боламын? Кім болғым келеді? Осынау өмірдегі менің миссиям қандай? Қазіргі қоғамға қандай сала мамандары қажет? Бұл маңызды таңдауда аса мұқият болған жөн. Өйткені, әуестікті таңдау – өмір жолын таңдау.

Әуестікті неге іздеу керек?

Әрине, әлеуметтік және материалдық жағдайға қанағат білдіріп, отбасыда, достармен қарым-қатынаста жетілумен ғана өмір сүре беруге болады. Бірақ, егер сіз бойыңыздан дарындылықты тауып, оны өмірлік әуестікке ұластырсаңыз, сіз шынайы бақытты өмірге кенелер едіңіз.

Өз бойымыздағы әуестікті қалай анықтауымызға болады?

Оның нақты бір формуласы жоқ. Кейбір адамдарда бірнеше салада таланты немесе  дарындылығы болып, бірнеше іске құштарлық танытуы мүмкін,  ал екінші бір топ жанына шексіз рахат пен үлкен бақыт сыйлар тек бір іске бар ақыл-ойын, күш-жігерін жұмсайды. Енді біреулер таланты мен дарыны бола тұра, ол істі өмірлік әуестігі ретінде көрмейді. Сонда, біз өмірлік әуестікті анықтауда қандай басты критерийлерге назар аударуымыз қажет? Оларды төменде атап көрсетейін…

Қабілет. Ерекше жаратылыс иесі – әрбір адамда белгілі бір қабілет түрі кездеседі. Қабілет адамнан әрекеттің бір түрімен айналысуға мүмкіндік беретін бейімділікте байқалады. Әркім өз ерік-күшіне сәйкес қабілетін танып-білуге, дамытуға талпынып, әуесқойлық білдіруі тиіс. Ұлы ойшыл Сенека айтқандай, адам өз қабілетінің қандай екенін бір іске кіріскенде ғана біледі. Бұл рас. Сондықтан әрдайым өз ісімізге сыни тұрғыдан қарап, одан қорытынды шығара білуіміз қажет.

Темперамент. «Әрбір адам қоғамда қалаған және жеке адами қасиеттеріне сәйкес келер орынды алуы керек» — деп батыс философиясының өкілдері К.Маркс пен Ф.Энгельс айтқандай, болашақ іс жайлы шешім қабылдауда әрбіріміз өзіміздің жеке тұлғалық қасиеттерімізді, темпераменттік типімізді ескеруіміз тиіс. Мәселен, дәрігер маман ширақ типті, науқасқа дер кезінде көмек бере алар жан болуы керек. Ал ұстаз бейнесіне келер болсам, бұл мамандыққа оқушылардың көңіліне нұр ұялатар, ашық жүзді, жарқын бейнелі адам лайық.

Қызығушылық. Жалпы, қай саланың маманы болсаңыз-дағы, өз ісіңіздің шебері мен жанкүйері болуыңыз керек. Егер ісіңізге деген қызығушылық болмай, күнде кабинетіңізде жұмыс уақытының аяқталуын күтумен болсаңыз, демек сіз сол кезде, яғни әуестікті таңдауда қателестіңіз.

Сүйіспеншілік. Өз кәсібін сүйген жан – бақытты. Өз ісіне деген сүйіспеншілік – сәттіліктің басты шарты. Құштарлық қана алға қарай өрлеуге септігін тигізеді. Жұмысқа деген сүйіспеншілікті тексерудің амалы – өзіне сұрақ қою:

Мен осы жұмысты тегін істеуші едім бе? Шынымен ешкім жалақы төлемесе де, істей берер ме едім?

Қазіргі таңда, бәрі ақшамен өлшенетін заманда ерікті тегін жұмыс істеушілер жоқ шығар деп ойларсыздар, дегенмен, ондай кең пейілді адамдар сирек болса-дағы кездеседі. Мәселен, волонтерлер… Олар өз әуестігі деп көмекке зәру жандарға көмек пен қолдау көрсетуді санайды.

Егер сіздің де жауабыңыз «иә» болса, демек ісіңізде шарықтауға үлкен мүмкіндігіңіз бар. Сүйіспеншілік болса, құштарлығыңыз ісіңізде көрініс табады. Мәселен, журналист құштарлығы – мақалаларында, ақындікі – өлеңдерінде, суретшінікі – шығармаларында.

Тұлғадағы табиғи қабілеттер мен құштарлықтың тоғысуының нәтижесінде қоғамда «өз ісінің шебері» деп атауға лайық білікті де білгір мамандар қалыптасады, жұмыс сапасы артады. Қай уақытта болмасын, өз ісіне әуесқойлықпен қарап, әбден беріліп, оны түбегейлі танып, жіліктеп шағатын адамның аты ғана озады.

Өз әуестігімді таңдауға келер болсам, мен көп уақыт ойға салындым. Соңында өзін-өзі тану саласына түсуге бел будым, себебі мен бұл пәнге мектеп қабырғасында ерекше қызығушылықпен қарайтынмын, сондай-ақ, өзін-өзі тану пәні жетекшілігін – мамандық емес, өмірлік әуестігім ретінде қабылдаймын. Өзіндік адамгершілік құндылықтарды бала бойына дарытып, оның  жүрек түкпіріндегі рухани қазынасын жарыққа шығарудан артық қандай игі іс бар? Күнделікті күрделі сабақтарды 45 минутқа бір шетке ысыра тұрып, оқушыларды рухани сергіту, әрбірінің өз көзқарасын жеткізе білуіне септік тигізе отырып, сыныптық бірлестікті жоғалтпау аса маңызды.

Қазіргі таңда, барлық әлем ақпараттық — техникалық дамуға бет бұрған заманда біз адами рухани құндылықтарды тәрбиелеуді естен шығармауымыз тиіс. Американдық демократ Ф. Рузвельт: «Адамды рухани тәлімсіз интеллектуалды тәрбиелеу қоғамға қауіп төндірумен парапар» — деген.

Еліміздегі ұрпақ өнегесі, олардың адамдық болмысы жайлы ой толғап, рухани білім беруді басты идея ұстанатын «Ел анасы», «Бөбек» қорының президенті Сара Алпысқызының «Өзін-өзі тану» авторлық бағдарламасының енгізілуі жақсы бастама десем, артық болмас. Осы пәннің мектеп бағдарламасына, жалпы өмірге қадам басқанына мен шексіз қуаныштымын. «Өзіңді танығанда ғана әлем саған түсінікті болмақ» деген психологиялық аксиома бар. Өзін-өзін тану сол сөздермен астасып жатқандай…

Сондай-ақ, бұл істе ұстаздың бойында болуы тиіс маңызды сапа — балаларға деген сүйіспеншілік пен ынтызарлық. Егер мұғалім жеке басында өз ісіне және оқушыларына сүйіспеншілікті ұштастыра білсе, ол нағыз мұғалім.

Осы істі таңдауымдағы түпкі мақсат не? Әрине, әрбір адам мамандық түрін таңдауда белгілі бір мақсат белгілейді. Мысалы, ұлы Абай «Мақсатым тіл ұстартып, өнер ашпақ» деген ғой, ал менікі қандай?

Түп тамырымызда жатқан ұлттық қасиеттерімізді әрбір шәкірттің бойына сіңіру негізінде олардағы рухани-шығармашылық бастаманы ашу – менің болашақ ісіме қойған мақсатым. Бала жан әлеміне үңіліп, оның бар қыр-сырын ұғыну арқылы, әрбірінің ортада толығынан ашылуға мүмкіндік жасай отырып, сыныптық бірлік пен жақындастық орнатқым келеді. Сол мақсатыма жету жолында мен барлық біліктілігімді және дарындылығымды жетілдіруге бар ақыл-ойым мен күш-жігерімді жұмсаймын!

 

Leave A Reply