Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

3 075 қаралым

Спорт – денсаулық кепілі

0

Утешова Қ.М.,

Әдіскер, «№1 Балдырған балабақшасы» МКҚК, Мұнайлы ауданының білім бөлімі, Маңғыстау облысы


Эссе

Биыл біздің елімізде көптеген жаңалықтар болып жатқанына бәріміз куәміз. Білім саласында ҚР Үкіметінің 2016 жылғы «13» мамырдағы №292 қаулысына 1-қосымша ҚР Үкіметінің 2012 жылғы «23» тамыздағы №1080 қаулысымен бекітілген ҚР Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты бекітілді. Жаңа стандарт бойынша балабақшада «Денсаулық» саласының «Дене шынықтыру» ұйымдастырылған оқу қызметі аптасына үш рет өтеді.

Әр қазақстандық отбасының баласы бақытты, денінің сау болуы үшін оған үлкен қамқорлық қажет. Дені сау баланың ақыл-ойы айқын, өз-өзіне сенімді, жан-жағына қуанышпен шаттана қарайды. Бала денсаулығының мықты болып, қозғалыс, дене құрылысының дұрыс жетілуі мектепке дейінгі кезеңде қалыптасады, сондықтан да сүйектің, буынның дұрыс, әрі мерзімінде жетілуіне, бел омыртқаның физиологиялық иіндерінің қалыптасуына, табан дөнестерінің дұрыс жетілуіне айырықша мән беру керек. Дене тәрбиесі балалардың ақыл-ой, адамгершілік, еңбек және эстетикалық жағынан тәрбиелеу жұмысын жүзеге асыруға, олардың сергек, шат көңілді және белсенді болуларына мүмкіндік тудырады.

Балабақшада дене тәрбиесінің жүргізілуі мазмұнына дене жаттығуларына, таза ауада сауықтыру шаралары мен гигиеналық және әлеуметтік-тұрмыстық факторларға ерекше көңіл бөлінеді.

Дене жаттығуы – дене тәрбиесінің негізгі және ерекше құралы, ол педагогтың арнайы іріктеп алған, әдістемелік дұрыс ұйымдастырылған және басқаруға болатын қозғалыс пен қозғалыс қызметтің күрделі түрлерін қамтиды. Дене жаттығуы еркін сипаттағы белсенді қимыл-әрекеттеріне негізделген. Ол баланың жан-жақты жетілуіне ықпал етеді. Дене тәрбиесінің негізгі мазмұны денені жаттықтыру болып табылады. Балабақшада күн тәртібі бойынша сауықтыру шаралары (таңғы жаттығу, қимылды ойындар, сергіту сәттері, серуен кезіндегі спорттық ойындар мен жаттығулар, спорттық мерекелер, ойын-сауықтар) өткізіледі.

Дене шынықтыру оқу қызметі аптасына үш рет өтеді. Біздің балабақша ғимараты өте ескі 1967 жылы салынған. Сол себепті біздің балабақша ғимаратында спорт залы жоқ. Дене шынықтыру оқу қызметі қыс мезгілінде әр тәрбиеші өз тобында, ал басқа жылы мезгілінде ойын алаңдарында өтеді. Әр топтың балаларының жас ерекшелігін ескере отырып, жалпы жаттығулар әр айдың екі аптасында жаттығулар құралсыз, ал екі аптасында жалаушалар, секіртпе жіптер, доптар, құрсаулар т.б. атрибуттарды пайдаланып өткізіледі. Негізгі жаттығулар әдістемелік құралға сүйене таңдалып өтіледі. Балабақшада көптеген қимылды ойындарға арналған ойын құралдары өте көп. Осы құралдарды тек қана оқу қызметінде ғана емес, серуенге шыққанда да пайдаланып жатады.

Дене шынықтыру оқу қызметі балалардың ақыл-ойы, адамгершілік қасиеттері, ұйымдастырушылық қабілеттері жетіледі. Допты лақтырып, қағып алу, ұзындыққа секіру, қабырғаға өрмелеу, гимнастикалық отырғыш үстімен тепе-теңдікті сақтап жүруге үйренеді. Дене шынықтыру оқу қызметінде үйренген қимылдарды балалар серуенге шыққанда жетілдіреді. Біздің спорт залымыздың жоқтығына байланысты, балалардың таза ауада дене шынықтыруына көп көңіл бөлеміз. Таза ауада өткізілетін спорттық шараларының ерекшелігі көп. Мысалы: екі топтың балалары мен ата-аналарынан құрастырылған командаларды жарыстырып, эстафеталық ойындар ұйымдастыруға болады. Су, құм, т.б. көмекші құрал ретінде спорттық ойындарға пайдалануға мүмкіншілігі мол. Балалардың жаттығуларға деген белсенділігін төмендетпес үшін оларға көп ауыртпалық түсірмеуге, дұрыс демалуларына көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, таза ауада дене шынықтыру оқу қызметін өткізу үшін балалардың денсаулығы туралы мәліметті балабақша медбикесі береді. Осындай сауықтыру шараларына медбике жиі қатысып, тексеріп тұрады. Балалардың жүйке жүйесіне, жүрекке, бұлшық еттің қатаюына, қан айналымының жақсаруына әсер ететін жаттығулар түрін таңдауға көмектеседі. Дене шынықтыру өткізу үшін балалардың киімдерінің жүріп-тұруына ыңғайлы болуы қажет. Жалпақ табандылықты болдырмау үшін арнайы кілемшелер үстімен жалаң аяқ жүргізеді. Балалардың қимыл іс-әрекетін жетілдіру тек дене шынықтыру оқу қызметімен шектелмейді, бос уақытта балалардың қимыл іс-әрекетіне көп көңіл аударуымыз керек. Тәрбиеші көп қозғалмайтын балаларға ерекше көңіл аударып, ойынға үнемі қатыстырып отыруы тиіс.

Баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуына ең алдымен ата-ананың тәрбиесі негізгі рөл атқарады. Балабақшадағы тәрбиешілер ата-аналармен тығыз қарым-қатынаста болуы керек. Сол кезде ғана баланың жан-жақты дамыған, денсаулығы мықты, мемлекетіміздің абройлы жеке тұлға ретінде өсуіне куә боламыз.

Leave A Reply