Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

4 886 қаралым

Мектеп психологының қызметі жайында

0

Jumagazieva D1Жұмағазиева Данасұлу Жүсіпқызы
Қызылорда облысы, Байқоңыр қаласындағы №272 орта мектептің ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары

«Адам жанын түсіне білу, оны зерттей білу – үлкен өнер» деген екен XIX ғасырдың белгілі австриялық невропатолог, психиатр және психолог Зигмунд Фрейд. Егер психология ғылымын адам жанын зерттейтінін ескерсек, Фрейдтің бұл пікірі – әсіресе, педагогикалық іс-әрекеттің психологиялық қызметпен тығыз қарым-қатынаста болу керектігін дәлелдегендей. Сондықтан да бүгінгі күн талабына сай мектептегі жұмыс бағыттарының бірі психологиялық қызмет болып табылады. Жалпы психология ғылымы ерте замандардан келе жатқан білім салаларының бірі. Сондай-ақ, «психология» мамандығы әлемдегі ең танымал мамандықтар қатарының бестігіне кіреді екен.

Адамды – бүкіл тіршілік әлемінен ерекшелейтін – оның ерекше жетілген психикасы. Қазіргі ХХІ ғасыр өркендеген қым – қуыт тіршілік пен техника дамыған заманда, адамның ішкі психикалық әлемі мен рухани дамуын зерделудің маңызы зор. Осы орайда, әсіресе мектеп қабырғасында ұжымың зор табыстарға жетіп, береке бірліктерінің мықты болуына, оқушылардың сапалы білім алып, саналы тәрбиеде болуына, ата-аналармен қарым-қатыныста педагог-психологтардың ықпалы өте зор. Бүгінгі педагог-психологтың алдына: болашақ өркениетті, дәстүрлі демократиялық мемлекетті құратын жас ұрпақтың ең әуелі адамгершілік қасиеттерін қалыптастырып, содан кейін оның жан сапасын, тән сапасын арттырып, техникалық прогреске сәйкес жан-жақты қолданбалы білім беру міндеттері қойылады. Осындай міндеттерді жүзеге асыруда аянбай еңбек етіп, адамгершілігі мен ұстаздық шеберлігі өз алдына бір төбе, сондай-ақ білім қуған әрбір жасқа кез келген уақытта кеңесін аямайтын, мектебімізде 15 жылдан аса педагог-психолог болып қызмет атқарып келе жатқан – Бекбай Индира Махмутқызы. Ол Қазалы ауданының – тумасы. Білімге деген құштарлығы жастайынан-ақ көрінген Индираны арманы жетелеп, Алматыға әкелді. 1991-95 жылдары Қазақ қыздар педагогикалық институтының «Педагогика және психология» мамандығын бітіріп шығады. Мұнымен тоқтамай, 2000-2003 жылдары Абай атындағы Алматы Мемлекеттік университетінің сырттай бөлімінің «Биология және валеология» мамандығын тәмамдайды. Әрдайым өз білімін үздіксіз жетілдіруді мақсат еткен Индира Махмутқызы — отандық оқу орындарында білім алумен қатар, 2012-2015 жылдары көрші Ресей елінің Орынбор қаласындағы Мемлекеттік университетінің «Арнайы психология» мамандығы бойынша бітіріп шығады.
Индира Махмутқызының ұйымдастыруымен өткізілген барлық іс-шаралар — мектеп пен сынып ұжымдарын біріктіруге, позитивтік көңілге, бір бірін құрметтеуге шақырады. Осы орайда, Индира Махмутқызының «Зейін» оқушылар ғылыми қоғамы мүшелерімен өткізген «Менің көңіл-күйім» атты тренингін айтпай өткенім әділетсіз болар. Бұл тренингтің мақсаты — оқушылардың өз мінезіне басшылық жасай алуын қалыптастыру, көңіл-күйін жағымды арнаға түсіруге баулу, көтеріңкі көңіл-күйдің айналасындағыларға әсерін түсініп, сезінуге тәрбиелеу болды.
Жалпы көңіл-күй дегеніміз – адамның психикалық процестерге, барлық қызметіне, соның ішінде оқу материалын меңгеруге әсер ететін эмоционалдық жағдайы. Көңіл күйіне қарап адамдарды: шат, жайдары, көңілді, жылы жүзді, ызбарлы, ызалы, т.б. деп ажыратуға болады. Көтеріңкі көңіл адамға қуат бітіріп, бойын сергітеді, ал уайым-қайғы жүнжітіп, жабырқатып жібереді.
Кейде адамның көңіл күйі жалпы өмірге деген қатынасын сипаттайды. Мысалы, адамның қызметі жақсы, жұмыс істейтін ұжымы ынтымақты, отбасы жарасымды болса, мұндайда оның көңіл күйі де көтеріңкі болады. Адамның денсаулық жағдайы, жүйке жүйесіндегі ерекшеліктері де көңілге әсер етеді. Тіршілік үшін маңызды да мәнді нәрселер де көңілге ерекше із қалдырады. Егер көптен айналысып жүрген іс оңға басса, орындалса, онда, кісі шат-шадыман күйге түседі. Керісінше, кісі сәтсіздікке ұшырап, көздеген мақсатына жете алмаса, қиналып мазасызданады. Ерік-жігері күшті, рухани өмірінің мазмұны бай, ұстанған идеясына сенімі мол адамдар қандай ауыр жағдайларда да өздерін көтеріңкі, сергек ұстайды. Көңіл-күйін меңгере білу кімге болса да аса қажетті қасиет. Сондықтан тренинг барысында оқушыларда кездесетін қобалжуды тежеу, стрестен арылуға бағытталған тыныс алу жаттығулары жүргізілді. Оған қоса психолог маманымыз әңгімелесу, ой қорыту, сұрақ-жауап, сезімін және тілегін білдіру арқылы қатысушылардың психоэмоционалдық жағдайларын жақсартып, бір-бірінің арасында жақсы қарым -қатынас орната білді.
Оқушылар тренингтің алғашқы танысу кезеңінде өз есімдерінің алғашқы әрпінен жағымды теңеу сөздер ойлап жазып, өздерінің көңіл-күйлері туралы қысқаша мәлімет берді. Сондай-ақ, қатысушылардың есте сақтау қабілетін дамытуға арналған жаттығулар жасалып, логикалық жұмбақтар жасырылды. Тренинг кезінде ұсынылған барлық ойындар мен жаттығулар оқушылардың қызығушылықтарын танытып, белсенділіктерін арттырды. Әсіресе «Керуен» ойыны кезінде, қатысушылар ортаға шығып, шеңбер жасап, бірінің арқасына бірі «массаж» жасау арқылы көңілдерін одан әрі көтере түсті.
Сонымен қатар, оқушылардың шығармашылық пен ойлау абілеттерін әрі қарай дамытуда «Алма ағашы мен бала» деген тақырыпта суретті слайдтар көрсетіліп, сол бойынша өз ойларын ортаға салды.
Тренинг соңында психолог ортаға «қураған» ағаш әкеліп, оған оқушылар өздерінің тілектерін жасыл жапыраққа жазып, ағашқа жапсырды. Тура көз алдымызда ағаш оқушылардың ақ тілегіне толы, жайқалған жасыл ағашқа немесе «даналы ағашына» айналды.
Жалпы тренинг қойылған мақсатына жетіп, аяқталған соң қатысушылар өз ризашылықтарын білдіріп, психолог маманға көтеріңкі көңіл-күй сыйлағаны үшін рахметтерін айтты.
Психолог болу – қызығы мен қиындығы қатар жүрер өзіндік ізденісті қажет ететін мамандық. Психолог — өзінің білімі мен біліктілігіне сүйене отырып өзгелерді тығырықтан шығаруға көмектесетін ізгі жан. Психолог — өзін терең түсіне жүріп, өзгелердің жан-дүниесін түсінуге, зерттеуге ұмтылатын зерттеуші. Психолог — жәрдемші, психолог — көмекші. Психолог өзгелердің жанын ауыртпайды, керісінше жан-дүниесі күйзеліске түскен жандарға өзінің психология әлемін шарлап, жанына дауа іздейді. Міне, осыншама жақсылық атаулыны жүрегіне, ақылына, санасына шоғырландыра білген ізгі жан иесі – Индира Махмутқызына алдағы уақыттарда толағай шығармашылық табыстар мен білімі мен ерік-жігерін адамдардың игілігі мен ізгілік жолында аянбай жұмсауына және психология ғылымының ұлттық даму жолында одан әрі өз үлесін қосуына шын жүректен тілектеспіз.

Leave A Reply