Канимбетова Салиха Абдугалиевна,
Әдіскер, педагог-психолог,
Ақтау қаласы білім бөлімінің «№39 «Хиуаз» балабақшасы» МКҚК
Мақсаты: Ата-аналар арасында жағымды қарым-қатынас орнату, сыйластықты арттыру, отбасында балаға жақсы тәрбие беруіне ықпал ету, өзін өмірдің бір бөлшегі ретінде сезіндіру, өзін және өзгені бағалай білуге көмектесу.
Әдіс тәсілі:
Тренинг бағдарламасы:
1. Есімдер аллитерациясы
2. Жаттығу «Өз жұлдызыңызды табыңыз»
3. Мақал-мәтелдің мағынасын ашу
4. Жаттығу: «Жіп орамасы»
5. Сергіту: «Өтінемін»
6. Тілек шоғы
Барысы:
Cәлемдесу. Қош келдіңіздер, құрметті ата-аналар. Бір күнгі танысыңа қырық күн сәлем дегендей біз бүгін бір-бірімізбен сәлемдесу рәсімін көрсетеміз. 1. Алақанымыздың ішін және сыртын тигізіп бір-бірімізге күлімсірей қарайық. 2. Оң және сол жақ иықтарыңызды тигізіп сәлемдесу. Сәлемдесу кезінде қандай әсерде болдыңыздар?
Психолог: Бүгінгі біздің отырысымыз ерекше болады деген үмітпен тренингті бастаймыз. Тренингіміздің ерекшелігі сол, тәрбие процесіндегі қиындықтарды біз боп, сіз боп пікірлесе отырып, ойымызды түйіндеп, өмір жолында пайдалану. Отбасы – адам баласының алтын діңгегі. Өйткені адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәттен бастап, осында ер жетіп, отбасының тәрбиесін алады. Сондықтан да отбасы – адамзаттың аса қажетті әрі қасиетті алтын бесігі.
Ата-ана тілегі баласының жақсы адам болуы, еңбексүйгіштігі, кішіпейіл, мейірімді болуы. «Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз. Қыз тәрбиелей отырып, ұлтымызды тәрбиелейміз». Отбасындағы тәрбие әрбір мүшенің өзін-өзі сақтау, ұрпақты жалғастыру, өзін-өзі сыйлау қажеттілігінен туындайды.
Отбасында адамның жеке басының қасиеттері қалыптасады.
Балаға білім, тәрбие беруде басы тұлға- ұстаз болса, оны жалғастырып демеуші ата-ана. Ал сіздер ата-ана, өміріңізде үш рет балабақшаға және мектепке баратындарыңызды әрқашан есетен шығармаңыздар. Бірінші рет- өзіңіз, екінші рет балаңыз, ал үшінші рет немереңіз барады екен. Ендеше бүгінгі тренингке қатысып отырған ата-аналарға әрдайым осы балаларыңыздың қорғаны болып, жүре беріңіздер демекпін!
1-жаттығу. Есімдер аллитерациясы.
Мақсаты: ата-аналарды бір-бірімен таныстыру.
Нұсқау: Алдымен өз есіміңіздің алдына адмның бойындағы бар жақсы қасиеттің біреуін айтып, өзіңіз туралы қысқаша мәлімет беруіңіз керек.
Мысалы: мен сәнді – Сандуғашпын
Мен гүлдей – Гүлнармын
Мен айдай – Айдынмын
Өз есіміңізді жақсы қасиеттермен айтып жатқанда, қандай сезімде болдыңыз?
— Өзіңіз қазіргі кезде қандай көңіл күйде отырсыз?
2-жаттығу. «Өз жұлдызыңызды табыңыз?»
(әуен қойылады, ата-аналар қөздерін жұмады )
Нұсқау: Жұлдызды түнді елестетіңіз. Жұлдыздар үлкен және кіші, жарқ және күңгірт. Біреу үшін бұл біреу немесе бірнеше жұлдыздар, ал біреулер үшін сансыз көп, жарқ шашып, бірде алыстап, бірде қол созым жерде жақын орналасқан. Жұлдыздарға мұқият қарап ең керемет жұлдызды таңдаңыз. Мүмкін бұл балалық кездегі сіздің арманыңызға ұқсас шығар, мүмкін, ол сіздің бақытты сәби кездеріңізді еске түсірген шығар. Тағы да ол жұлдызымызға сүйсініп, соған жетуге тырысыңыз. Бар күшіңізді салыңыз. Аспанмен алып, оны алдыңызға қойыңыз. (ата-аналар көздерін ашады)
а) ата-ана алдарыңда жатқан жұлдыздардан өзіне біреуін таңдап алады.
ә) жұлдыздарға болашақта балаңызды қандай адам ретінде елестететінін жазады
б) Осы жұлдыздарды жүрегіміздің төрінде сақтаймыз арманымыз орындалсын деген ниетпен.
3-жаттығу. «Мақал-мәтелдің мағынасын ашу»
Қазақ отбасында әуелі әке, содан кейін шеше, бұлар жанұя мектебінің ұстаздары болады. Әке мен шешенің баласына қоятын ең бірінші басты талап тілектері баланың «Әдепті бала» болып өсуі. Тәрбие басы әдептілік деп білген ата-ана әуелі баласына өздерін сыйлап құрметтеуді, өзгелерге, әсіресе үлкендерге, сыпайылық танытуды, ешкімді мұқатпауды үйреткен. Сонымен қатар балаларының ер азамат болып халқына еңбек етулерін басты міндет етіп қойған.
Ата-аналарға:
«Баланы жетіге келгенше тыйма, он төртке келгенше құлыңдай қина, он төрттен кейін құрдасыңдай сыйла»
«Тәрбие бесіктен басталады»
«Сүтпен біткен, сүйекпен кетеді»
«Баланың жақсысы- қызық, жаманы- күйік»
«Әкеге қарап ұл өседі, шешеге қарап қыз өседі»
4-жаттығу. «Жіп орамасы»
Нұсқау: Мына жіпті өздеріңіз қалауларыңыз бойынша үзіп алыңыз, енді осы жіп біткенше өзіңіз, өз отбасыңыз, балаңыз, бала тәрбиесі жөнінде айтуыңыз керек.
5. Сергіту. «Өтінемін» ойыны.
Қатысушылар ортаға жартылай шеңбер жасап тұрады.
Құрметті ата-аналар! Сіздер қандай сиқырлы күші бар сөздерді білесіздер?
— Рахмет, өтінемін, кешірерсіз, ризамын т.б.
Мен әртүрлі өтініштер жасаймын, егер мен «өтінемін» деген сөздерді айтсам, сіздер оны орындауларыңыз қажет. «Өтінемін» деген сөзді айтпасам, сіздер ол өтінішті орындамайсыздар.
— Өтінемін секіріңіздер
— Қолдарыңды жоғары көтеріңіздер
— Өтінемін оң аяқтарыңызды көтеріңіздер
— Өтінемін алақандарыңызбен қол шапалақтаңыздар
— Өтінемін бір-бірлеріңізді құшақтаңыздар
— Оң қолмен сол қолдарыңызды уқалаңыздар
— Отырып тұрыңыздар
Қорытындылау.
«Тілек шамы»
Мақсаты: тренинг туралы пікірлерін ортаға салу.
Міне қоштасатын да сәтте жетті ата-аналар.
«Бала туылғанда ақ қағаздай болып таза туады, оның үстіне шимақты қалай салсаң, қағаз бетіне солай түседі. Бала тәрбиесі де сол сияқты, өзің қалай тәрбиелесең солай тәрбиеленеді». Ендеше ата-аналар қолымыздағы алтынымызды жақсылап тәрбие берейік және біздер оларға үлгі болар бейне екендігімізді ұмытпайық. «Отбасы» атауының мәніне терең үңілер болсақ, оттың да үлкен маңызы бар екенін сеземіз. Сондықтан оттың басы, ошағымыздың түтіні түзу болуы үшін «тілек шамы» жаттығуын бір-бірімізге тілек айта отырып жүргізейік. Бір-бірімізге мына шамды бере отырып: бүгінгі кездесуден алған әсерлеріңізбен бөлісіп, ойларыңыз болса барлығыңыз да осы жерде айтуларыңызды сұраймын.