Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

2 927 қаралым

Отбасы ортасы – ең жақын орта

0

Құдайбергенова Бақтыбала Жексенбековна, 

Педагог-психолог, Т.Әубәкіров атындағы негізгі мектебі, Тұрар Рысқұлов ауданы, Жамбыл облысы

Құндылық: Дұрыс әрекет, сүйіспеншілік, төзімділік, сыпайылық, кішіпейілдік, мейірімділік, қайырымдылық.

Сабақтың түрі: Кездесу сабағы.

Қасиеттер: адалдық, сенім, мейірім, адамгершілік, жақсылық жасауға ұмтылу, ниет пен пейілдің тазалығы.

Сабақтың мақсаты: Мектеп пен Ата-ана арасында қарым-қатынасты нығайту. Барлық жалпы адамзаттық құндылықтарды бала бойына сіңдіретін ата-ана тәрбиесі, ал оны дамытуға ықпал ететін мектеп екенін ата-аналарға түсіндіру. Ата-аналарға кеңес бере отырып, бала тәрбиесі – бәрімізге ортақ екенін ұғындыру.

Міндеттері: Сүйіспеншілік ұғымының адам өміріндегі мәнін түсіндіру;

Пейіл мен ниеттерінің тазалығын, мейірімділік пен адалдық қасиеттерін, сүйіспеншілік қарым-қатынасты дамыту;

Ата-аналарды шыдамдылыққа, төзімділікке, отбасын сүюге тәрбиелеу;

Ата-аналардың «Ұстамдылық» пен «Сабырлық» қасиеттерін дамыту.

Сабақтың барысы

Ұйымдастыру кезеңі:

Ата-аналарды 3 топқа бөлу. Әрқайсысы түрлі-түсті жүректерді алып, сол түстегі орынға барып отырады. Әр орында тапсырма болады.

Топтардың аты Сүйіспеншілік, Мейірімділік, Қайырымдылық.

Тыныштық сәті «Нұрға бөлену»

Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолыңызды айқастырмаңыз. Қолыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін.

Елестетіп көріңіз: Күн нұры сіздің төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі орналасқан. Гүлдің түйнегі нұрдан баяу ашылып келеді. Балғын және таза әсем гүл сіздің әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңыз бен тілек-қалауыңызды  шайып, жүрегіңіздің қауызын ашты.

Нұр сәулесі сіздің бойыңызға ақырын тарай бастағанын елестетіңіз. Ол біртіндеп күшейе түсуде. Оймен осы нұрды қолдарыңызға түсіріңіз. Сіздің қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашуда. Қолымыз тек жақсы, ізгі істер істейді және баршаға көмектеседі. Нұр аяқтарыңызға тарады. Аяқтарыңыз нұр сәулесін шашуда. Олар сізді тек жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады. Олар нұр мен махаббат құралына айналды.

Одан әрі нұр сіздің аузыңызға, тіліңізге тарады. Тіліңіз тек шындықты және жақсы, ізгі сөздер ғана айтады. Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз, құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естиді. Нұр көздерімізге де жетті, көзіміз тек жақсыға қарап, бәрінен жақсылықты ғана көреді. Сіздің басыңыз түгелдей нұрға бөленіп, басыңызға тек ізгі, сәулелі ой келеді.

Нұр бірте-бірте қарқын және шұғылана бастайды, сіздің денеңізден шығып, жан-жағыңызға сәуле шашады. Осы нұрды туысқандарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз. Нұрды уақытша түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да бағыттаңыз, олардың да жүрегі нұрға толсын.

Осы нұр бүкіл әлемге: барлық адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге, барлық тірі жанға таралсын… Ғаламның барлық түпкір-түпкіріне нұр бағыттаңыз. Ойша айтыңыз: «Мен нұрлымын… Нұр менің ішімде… Мен Нұрмын».

Осындай Нұр, Махаббат және Тыныштық күйінде отыра тұрыңыз…

Енді осы Нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз. Нұрға толы бүкіл әлем  сіздің жүрегіңізде. Оны осындай әсем қалыпта сақтаңыз.

Жаймен көзіңізді ашуға болады.

Рахмет!

1.   Танысу: Әр ата-ана өз бойындағы асыл қасиеттерін әңгімелейді.

2.   Тренинг «10 бөлме» ой қозғау. Ата-аналарға сұрақтар қою.

3.   Бейнебаян. Пікірталас:

· «Өмір – өзен» дегенді қалай түсінесіз?

· Неге өмірді өзенге теңейміз.

· Өмірде нені қатты бағалайсыз?

· Әр адам не үшін өмір сүреді?

· Жалпы адамзаттық құндылықтар туралы сіздің түсінігіңіз?

· Бала тәрбиесіне өз отбасыңызда кім көбірек көңіл бөледі?

· Балаларыңызға күніне кем дегенде 7-8 минут көңіл бөле аласыз ба?

· Балаңызбен қандай тақырыптарда сырласа аласыз?

· Сізбен әңгімелескенде балаңыз өз ойын жасырып тұр деп ойламайсыз ба?

· Балаңызбен соңғы бірігіп оқыған кітабыңыз қандай?

· Балаңызға жиі ашуланасыз ба?

4. Шығармашылық тапсырма: Өз балаңызға деген махаббатыңызды, сүйіспеншілігіңізді білдіріп бұл өмірде, я болмаса дәл қазір не жасай аласыз, балаңыздың өмір жолы қандай болады деп үміттенесіз? Балаыңыздың бойынан қандай игі қасиеттерді көргіңіз келеді.

5. Ата-анаға алғыс хат. Балалардың жазған хаттарына шолу

6. Бейнебаян «Бала тәрбиесі» Ата-анаға 6 кеңес.

Егер балам қатыгез, қайырымсыз, өзімшіл болмасын десеңіз, мына қателіктерге жол бермеңіз:

1. Кішкентайынан көп жапа шеккен бала өскенде кінамшыл болады.

2. Кішкентайынан мазаққа ілінген бала өскенде ұялшақ болады.

3. Кішкентайынан жекіруді көп естіген бала бар кінәні өз мойына алуға бейім тұрады.

4. Кішкентайынан көптің бірі болып өскен бала кейін бауырмал, сабырлы, ұстамды келеді.

5. Кішкентайынан жалғыз тәрбиеленген  бала өзімшіл болады.

6. Кішкентайынан қатыгездікті көп кқрген бала өскенде дау-дамайдың ортасында жүретін болады

7.   Ән шырқайық, бәріміз! Топпен ән айту. «Балама тілек»

8.    Қорытынды

Осы рухани- адамгершілік тәрбиесінде алдымен баланы тек жақсылыққа, қайырымдылық, мейірімділік, риясыз сүйіспеншілікке, ізгілікке тәрбиелеп, соны мақсат тұтса, ұстаздың да, ата-ананың да болашағы зор болмақ. «Мен үш қасиетімді мақтан тұтам»,- депті Ақан сері. Олар: жалған айтпадым, жақсылықты сатпадым hәм ешкімнен ештеңені қызғанбадым. «Еліміздің күші- патшада, сәбидің күші- жылауында» демекші, біздің күшіміз, қорғанышымыз, сеніміміз- адамгершілігімізде болуы керек. Ол үшін Ақанның үш қасиетін бала бойына дарыта білсек- ұлы жеңіс болары анық.

Leave A Reply