Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

2 514 қаралым

Мен және менің мамандығым

0

Абдикеримова А.С.

№36 «Бүлдіршін» балабақшасының педагог-психологы, Тараз қаласы

ЭССЕ

Тәрбие біздің жүрегімізге ең алдымен жеке адамға да, қоғамға да пайдалы әдеттердің ұрығын себуі керек.
К.Гельвеций

Жүсіп Баласағұнидың «Жақсы тәртіп көрсе бала күнінде, өнерімен қуантады түбінде» дегендей бала тәрбиелеудің жүгі ешқашан жеңіл болмағанын біліп, жауапкершілік пен талапшылдықты қажет ететін мамандық иесі екенін сезіне тұра осы мамандықты таңдағаныма мен әрқашан қуанамын.
Психология – адамның жеке бірлік ретіндегі психикасын, өзінің сан-алуан сезім, аффективтік, интеллектуалды, басқа да туа біткен функцияларымен бірге сыртқы ортамен өзара әрекетін зерттейтін ғылым, кей-кезде адам мінез-құлығын зерттеу деп те анықталады. Қыруар тараулары теориялық және практикалық бағыттарды қарастырады, қолданбалы бағыттары да сан алуан: терапевтік, қоғамдық, кәсіпкерлік, кей жағдайда саясаттық және теологиялық. Психологияның негізгі мақсаты – психиканың cубъективтік құрылымымен, сыртқы ортаны пайымдаумен, елестетумен жұптасқан айрықша іс-әрекеттің негізі ретінде зерттеу.
Психология мамандығы дегенде маған әлем кеңістігі елестейді. Осы ғаламшарда тоғыз планета, жұлдыздар, аспан денелері күн жүйесінен жылу ала отырып, өз жолымен айналып жүреді. «Күн», ол – психолог, психолог – өз тарапынан көмек күтетін, ақыл-кеңес алатын, ішкі жан-дүниесін ұққысы келген мұқтаж адамдарға қол ұшын беретін періште.
Періште/психолог – өзіміз әркез мақтаныш ететін табиғат тылсымдарының шынары, адамның алуан құбылысқа толы жан сарайының сырлы да, мұңлы жұмбаққа толы, тіпті күрделі психологиялық мәдениетіне үңілуді былай қойғанда, астары мол ой жүйесі мен тебірене де түлей білетін, адам баласының – жан-дүниесінде бір-біріне ұқсамайтын, жанаспайтын адам психикасындағы қарама-қайшы табиғатында кездесетін психологиялық мінез-құлқы туралы іс-әрекеттерді шешуші қоғамның, әлеуметтің қажет ететін сыйы деп білемін.
«Білекке сенер заманда – ешкімге есе бермедік, Білімге сенер заманда – қапы қалып жүрмелік» дегендей, XXI ғасыр – психологтар ғасыры.
Адамды – бүкіл тіршілік әлемінен ерекшелейтін – оның ерекше жетілген психикасы. Сол психиканың дұрыс дамуына ықпал ететін, әрине психологтар.
Әр адам – адамзаттың жеке-дара өкілі болғанымен, өзіндік ерекшеліктерімен дараланады. Себебі, әр адамның өзіндік мінез-құлқы, бет-әлпеті қайталанбайды.
Жеке тұлғаны қалыптастыру үшін ең алдымен баланың жасаған іс-әрекеттерін таразыға сала отырып, баламен біріге жұмыс жүргізу қажет.
Мектепке дейінгі мекемедегі педагог-психолог үшін баланың қызығушылығы, бейімі, қабілеті, зейіні, түйсігі, ойлау қабілеті, сөйлеу мәнері секілді ерекшеліктері басты орында болуы тиіс. Осы ерекшелікті ескеру мен дамыту баланың жеке тұлғасын қалыптастыруда маңызды фактор болып табылады. Бала қабілетінің әрқилы болатыны белгілі. Балаларды байқағыштық пен байсалдылыққа, зейінділік пен зеректілікке, тапқырлық пен ойланғыштыққа баулып, тәрбиелейтін – психология.
Психолог бала жанының терең түкпіріне үңіле білсе, баланы тыңдай білсе, өзін де тыңдата алса, бала құқығына қол сұқпай тәрбие ісіне басшылық жасаса, дұрыс нәтижеге жетеді.
Психологтың өзінің де дүниетанымы кең болып, баланы дүниені танып білуге, байқампаз болуға, білімге қызығушылығын арттыруға күш салып, бүгінгі шешуі қиын деген мәселенің ертең түкке тұрғысыз жеңіл болып қалатынына сендіре білуі керек. Балалармен арадағы қатынас адамгершілік негіздеріне сүйенсе ғана нәтижелі болады. Бала көңілі сезгіш, оның өмір жолын таңдауға өз құқы бар. Сондықтан біз оларға үлкен өмірдің таңдауын жасарда көмек қолын созсақ, сәттілік әкеледі. Бала жаны әрқашан жылу мен мейірімді қажет ететінін естен шығаруға болмайды. Біздің өзіміздің адамгершілігіміз, өз жұмысымызға берілуіміз, баланы сыйлап қадірлеуіміз, әділ шешім шығару арқылы қатаң да дұрыс талап қоя білуіміз маңызды.
Өзімнің педагогикалық жалпы 15 жыл еңбек өтілімдегі алғашқы еңбек жолымда «Ұлан» балалар үйінде тәрбиеші болдым, содан кейін 2006 жылы, сол мекемеде психолог маманына ауыстым. Ал қазіргі уақытта екінші жылға шыққан педагог-психолог жұмысымда балабақша табалдырығын алғаш аттап келген баланың жүзіне қарасам нәзіктік, толы күш-жігер, үлкен үміт, ал ең алдымен кіршіксіз таза жүрегін байқаймын. Иә!
Мен адам жанын түсініп, демеу үшін, бағдар беру үшін осы мамандықты таңдадым. Менің өмірдегі басты мақсатым – балалар өмірге еш қорқынышсыз, зұлымдықсыз қарап, олар алдарында бір ғажап жұмбақтың шешімін табатындарына және де алда ашық, жарқын күндер күтетініне сенсе екен деймін. Ал басты бағытым, өмірге еш өшпенділіксіз, қорқынышсыз қарауды балалардың санасына жеткізу. Балаларды алға ұмтылуға, алда ғажайып нәрселердің бар екендігін, жақсы өмірдің кілтін аша алатындарына сендіру!
Мен әр кезде өз әлемімді балалармен бөлісуді, оларға дем беріп, олардың жан-дүниесіне үңіліп, олардың бүгіп, ұялып, сыртқа шығара алмай жүрген ойларын іске асыруға ұмтылдырамын. Мен балалардың күнделікті өмірден бір сәтке болса да шығып, өздерін жаңа қырлардан танып, әр сәтін тек жақсылыққа, артынан өкінбейтін жақсы істер жасауына, жастық шақтарын босқа өткізбей, өмірден дұрыс жол таңдап, тек қана алға ұмтылуларын қалаймын. Осы жерде ұлылардың «Өзіңді біл, таны, аш, сол кезде әлемді де біліп, аша аласың» деген нақыл сөзді айтқым келеді. Әлем айна сияқты, әр күн сайын өз бейнеңді көріп тұрасың, өз мойныңа жауапкершілікті ала білуге, берген уәдеңде тұруды үйретемін.
Адам кей уақытта өзіне деген сенімін жоғалтып, күйзеліске ұшырайды, солай дегенмен де, өмірге деген сенімін, құштарлығын жоғалтпай, тоқтамастан тек қана алға ұмтылуы керек екенін ұмытпауы тиіс. Қандай қиын жағдай болса да, бар күш-жігерін жинап, алға ұмтылса ғана барлығын жеңіп, жүрегінде де, жан-дүниесінде де тыныштық орнайтынына, барлығы тек жақсы болатынына сенуі керек. С.Торайғыровтың сөзімен айтқанда «Адамның ең ұлы қасиеті бақытты болуға ұмтылу» дегім келеді.

Leave A Reply