Жолаушыбаева Лаззат Аманкельдиевна
Ақтөбе қаласы, № 32 «Қуаныш» МДҰ психологы
Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеніне байланысты Елбасының «2030 жылғы жолдауындағы» мақсаттар мен мұраттар мүлтіксіз жүзеге асырылса, ұрпақ тәрбиесіндегі істерде де үлкен бетбұрыстар болары сөзсіз. Ұрпақ қамы ертеңгі ел қамы. 21 ғасырда өмір сүріп еңбек ететін жастарды тәрбиелеуде қазақ халқының ғасырлар бойы жинақтап уақыт талабынана өткен бай қазынасын отбасы тәрбиесінде қолдану – кезек күттірмейтін мәселе екені даусыз. Отбасындағы бала тәрбиесі жөнінде 17-18 ғасырларда өмір сүрген батыстың, орыстың педагог – ғалымдары жақсы ой-пікірлер айтқан болатын. Я.А.Коменский «Ағайынды чехтарды» тәрбиелеудегі халықтық дәстүрдің жақсы нәтижелеріне сүйене отырып, баланы жастайынан жақсы мінез-құлыққа тәрбиелеудің жолдарын көрсетіп берсе, ал Швецарияның кемеңгер педагогы И.Г. Песталоцци тәрбиені ана тілінде оқытатын халықтық мектептердің бай тәжірибесіне негіздей отырып жүргізуді мақұлдады.
И.Г. Песталоцци: «Бала тәрбиесі, оның дүниеге келген күнінен басталуы керек. Баланың дүниені түсінуі отбасында басталып, мектепте әрі қарай жалғастырылуы шарт» — деген қағиданы ұсынды. Француздың ұлы ағартушысы Ж.Ж. Руссо бала тәрбиесінің көзі еңбекте, сондықтан баланы жан-жақты жетілген азамат етіп тәрбиелеуді отбасында еңбекке үйретуден бастау керек деп қараса, әйгілі орыс педагогы К.Д.Ушинский бала тәрбиесіне тоқтала келе, мектеп жасына дейінгі бала тәрбиесінің негізгі ортасы – отбасы. Қазақ отбасындағы ата-ана мен баланың кісілік қарым-қатынасы, эмоционалды сезімдері – олардың жаны мен қанының табиғи бірлігі негізіндегі жақындық арқылы орындалған. Қазіргі уақытта баланы заман талабына сай жеке тұлға етіп қалыптастыру қазақ отбасындағы барлық ата-аналар үшін көптеген қиындықтар туғызуда. Бұрын бәрімізге белгілі халқымыздың аса күшті қасиеті балажандылығы деп саналған. Тіпті қазақ әйелі әулиеге түнеп перзент үшін өмір сүретін. Ал, қазір қазақ әйелдері арасында балаға деген сүйіспеншілік күрт бәсеңдеп кеткен сияқты. Себебі сәби өмірге мүлде дәрменсіз күйде келеді. Нәрестенің өмірге келіп, кіндігінің келісіп, жөргекке оралуынан бастап дені сау, ақылды да тәлімді бала етіп өсіру мақсатындағы ата-ананың өмірінде таусылып бітпейтін қарбаласы басталады. Соңғы жылдары адамның жан-дүниесімен сырласып, оның мінез-құлқын, тәртібін зерттеуде психолог-педагог мамандар адамдар арасындағы қарым-қатынасқа айрықша назар салып отыр. Осы бағыттағы құнды зерттеудің негізін, әсіресе мектепке дейінгі кезеңде М.И. Лисина, Қ.Т. Шериазданова сынды ғалымдар салды. Олар психологиядан мектеп жасына дейінгі баланың ересектермен қарым-қатынасын зерттеуде жаңа жол ашты. М.И. Лисина зерттеулеріндегі негізгі әдістердің бірі – отбасында тәрбиеленуші және түрлі типтегі балалар мекемелеріндегі отбасынан тыс тәрбиеленіп жатқан балаларды салыстыра отырып зерттеу. Балалар үйінде тәрбиеленушілер өмір сүруге қажетті барлық қажеттіліктермен (қалыпты тамақтану, киім, ойыншық, дәрігерлік бақылау, білім т.б.) қамтамасыз етілгенімен, дара бағыттағы үлкендердің эмоционалды – жағымды қарым-қатынасының тапшылығы олардың жан-жақты дамуын баяулатады.
Қарым-қатынас – баланың психикалық дамуының негізгі факторы, әрі шарты. Кеңестік психология мен педагогика қарым-қатынасқа бірнеше анықтама береді. Біреулер, қарым-қатынасты ақпарат алмасу деп түсінсе, келесі біреулер, қарым-қатынасты – адамзат дамуының құрамдас бір бөлігі деп қарастырады. «Қарым-қатынас – қаншалықты әлеуметтік құбылыс болса да, соншалықты – жеке даралық құбылыс. Сондықтан да, қарым-қатынастың ең маңызды құралы – тілде, оның жеке даралық көрінісі мен механизмі болып табылатын – сөйлеуде, әлеуметтік пен жеке даралықтың бір тұтастығына көрінеді…». Қарым-қатынас тек тіл арқылы әрекеттесу ғана емес, ол аса маңызды тәрбие құралы да болып табылады. Адамды қалыптастыратын қоршаған орта, қоғам екендігі белгілі шындық. Отбасындағы ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас мәселесін В.С. Мухина мен Л.А. Венгер де ғылыми тұрғыдан зерттеді. Олар отбасында дұрыс ұйымдастырылған қарым-қатынас пен тәрбие үрдісі нәтижесінде мектеп жасына дейінгі бала өздігінен дербес түрлі әрекеттер (киім кию, жуыну, тамақтану т.б.) орындағандарымен, ата-ана тарапынан көрсетілген эмоционалды қарым-қатынасты әлі де болса ас қажет етеді. Деп тұжырымдайды. В.С. Мухинаның айтуынша адамдар арасындағы қарым-қатынастар барысында балада әр түрлі тәртіп формалары қалыптасады. Бұл жерде бала үшін ең бастысы – ата-ана тарапынан ұйымдастырылған жағымды қатынас. Ата-ана сенімі мен махаббаты балада оптимизм, жақсы, үлгілі болуға деген тілекті қалыптастырады. Бала әр уақытта өзіне жасалған эмоционалды қолдауды қажет етеді. Л.А. Венгер өз пайымдауын айтады. Баланың жан-жақты дамуына отбасының әсерін көрсете келіп, ол жердегі тәрбиелік ықпалдардың дұрыс ұйымдастырылмауы, қарым-қатынасқа қанағаттанбау, ұжымда өз орнын дұрыс сезінбеу, отбасындағы кикілжің жағдайлар, осылардың бәрі бала тәртібінде біраз қиындықтар тудырады деп қорытындыласа, ресейлік ғалым Б.Лихачев отбасы баланың жеке басына екі жақты: біріншіден, отбасының материалды жағдайын сипаттайтын өзіндік өмір сүру дәстүрі арқылы, яғни отбасы мүшелерінің материалдық және рухани қажеттіліктері мен әлеуметтік құндылықтары арқылы; екіншіден әлеуметтік және белгілі бір мақсатқа бағытталған әрекет арқылы әсер етеді. Бұл көбінесе отбасындағы негізгі көзқараспен тәрбие үрдісі қоғамның тәрбиелік мақсатына, идеологиялық, адамгершілік және эстетикалық талаптарына қаншалықты сәйкес болуына байланысты жүзеге асырылады деп көрсетеді. Баланы дұрыс толыққанды азамат етіп тәрбиелеу үшін ынтымақтастық қарым-қатынастың керек екені белгілі. Осы қарым-қатынас түрін дамыту жолдарына баса көңіл бөлген жөн. Біздің бұл көзқарасымыз халықтық тәрбиенің басты қағидаларының ғылыми педагогикамен байланысын қарастырған С.Қалиевтің тұжырымдамасымен қабысып жатыр. Халық педагогикасында тәрбие ісі баланың жас ерекшелігін ескере жүргізуді талап ете отырып: «Ұлыңа бес жасқа дейін патшадай қара, он бес жасқа дейін қосшындай сана, он бес жастан асқан соң ақылшы досындай бағала» — делінген. Осылайша баланы еркін тәрбиелеудің, көмекшім деп үмітпен қараудың, ақылшым деп санаудың өзі ғылыми педагогиканың ынтымақтастық заңдылықтарымен байланысады.
Отбасындағы ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас мәселелерін Л.А. Венгер баланың ойын әрекетімен байланыстыра қарайды. Ойын барысында жүргізілген қарым-қатынас бұл кезде әлеуметтік қатынастар мектебі болып табылады. Себебі ойын әрекетінде қарым-қатынас жасау арқылы бала өзгенің көңіл күйіне ортақтасып, мінез көнгіштігін түсіне бастайды. Ал, А.В. Запорожец, Я.З. Неверовичтер тек отбасы жағдайында, жағымды қатынастар негізінде ғана мектеп жасына дейінгі бала тәртібінде айналасындағы үлкендер, құрбыларына деген көнгіштік, аяушылық, өзгелердің әрекетіне баға беру сияқты эмоционалды тәжірибе қалыптасады деп көрсетеді. Кейде өмірде болашақ ата-ана бала тумай жатып, оның қандай болатыны, қалай өсетіні, немен шұғылданатыны туралы жоспар құрып қояды. Біраз уақыт өткен соң ата-анасы оның өзгеше екенін түсінеді. Ғалымдардың ойынша отбасындағы жағымды қарым-қатынас балада жауапкершілік, ынтымақтастық, бірлік сияқты сапаларға негіз болса, керісінше жағдайдағы қарым-қатынас (ұрыс-керіс, қақтығысушылық) баланың көңіл-күйіне, еңбекке қабілеттілігіне үлкен зиян келтіреді. Айналада болып жатқан құбылыстар балаларды сөзсіз қызықтырады. Қазіргі заман психологиясы балалық шақты – баланың өзіндік сана сезімі, «өзінің» және «өзге» этностарға деген рефлексивті қатынастарының жедел жүретін кезі екенін көрсетеді. Осы айтылған өзіндік сана – сезім балада ең алдымен отбасы деген әлеуметтік – этникалық ортада қалыптаса бастайды. Отбасындағы әлеуметтік нормаларды меңгеру барысында балада өзін-өзі қабылдауы және «мен» деген түсінігі пайда бола бастайды. Өздерінің бұрынғы армандарына ой жүгіртіп саралай келе, олар өз баласының ойдан жасаған бейнесі мен өмірдегі болмысының арасындағы сәйкессіздіктен қанағаттанбаушылық сезінетінін түсінеді. Шынайы «көрініс» қиялмен алмастырылады. Шынайы бала мен айналасындағы адамдар туралы түсінік көзқарастың, мақсаттың әсерінен бұрмаланады. Осы кезде бала өзін қалай сезінеді? Нені уайымдайды? Кез-келген бала өзінің «жақсы» бейнесіне қолдау көрсеткенің қалайды. Бұл қолдау жақсы көретін ересектер тарапынан, көбінесе ата-анасы жағынан болуы керек. Бірақ жақсы көретін бұл ересек адамның өз баласынан көңілі қалғандықтан, қажет қолдауды көрсетуге қабілетсіз болады, көбінесе тек өзінің наразылығын ғана көрсетеді. Дәл осы жағдай қарым-қатынастың ушығуына әкеп соғады. Өкінішке орай ақыл ойының әлі толық жетілмеуіне байланысты бала өзінің қолдау мен махаббатқа зәру екенін сөзбен айтып жеткізе алмайды, сондықтан ол ересектермен клиникалық психологияда белгілер деп аталатын түрлі аурушаңдықтың көріністері бар түсініксіз тілмен сөйлеседі. Бұл белгілер тілінің түсініксіздігі сонда, ол физиологиялық тегі жағынан ауру сияқты болып көрінеді, сондықтан да ата-аналар оны ушыққан қарым-қатынастан туындаған ішкі сезім қиналысының белгісі ретінде қабылдамайды. Кейін бала өскенде өзінің ата-анасымен қарым-қатынасын «Менің ата-анамның үнемі бірдеңеге көңілі толмайтын, меніңше олар мені жек көретін», немесе «олар мені өте жақсы көретін, бірақ менен ештеңе шықпады» деген сияқты сөздермен суреттейді.