Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

5 616 қаралым

Жапырақ тамырдан нәр алады

0

Султанкубиева Асемгул Муратовна
Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Алакөл негізгі орта мектебінің I санатты психологы

Мақсаты:
1. Отбасы тәрбиесінде ата-ананың балаға тәрбиелік ықпалын арттыру, тәрбиелік ықпалының ерекшеліктерін ашып көрсету.
2. Ұрпақ тәрбиесінде халық педагогикасының жүйелері, яғни жүрек пен ақыл тәрбиесі арқылы тәрбиелеудің маңызын ашып көрсету.
3. Тәрбиенің ең тамаша жері – отбасы екенін, олардың бала тәрбиесіндегі мүмкіндіктерінің жоғары екендігін және бүгінгі заман талабынан шығатынын дәлелдеу.
Көрнекілігі: «Тәрбиесіз берілген білім, білім емес…». Әл-Фараби.
«Балаға берілген бірінші тәрбие ата-анасын, туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады…». Ы.Алтынсарин.
Тренинг ережесі:
1. Тыңдай білу.
2. Сөзді бөлмеу.
3. Белсенділік.
4. Шығармашылық.
5. Төзімділік.
6. Сыйластық.

Тренинг мақсатын түсіндіру.
— Сәлеметсіздер ме, құрметті ата-аналар! Біз сіздерді көргенімізге қуаныштымыз.Бүгінгі  «Жапырақ тамырдан нәр алады» атты тренинг кешімізге қош келдіңіздер!
Отбасының басты қызметі – бала тәрбиелеу. Отбасы тәрбиесі – бұл жалпы тәрбиенің ең басты бір бөлігі. Ата-ана және отбасы мүшелері жас нәресте дүниеге келген күннен бастап, оның өміріне қамқорлық жасап, болашағын жоспарлайды және саналы азамат болып өсуі үшін қажет жағдай жасайды. Бұған баланың қажеттілігі толық қанағаттандыру, оны дене және ой еңбегіне үйрету, күн тәртібін дұрыс реттеуге, салауатты өмір сүруге, адал болуға тәрбиелеу, жақсылықты үйренуге, жамандықтан жиренуге үйрету, бойында жастайынан мәдени құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру жатады.
Қазіргі кезде ата-ананың бірін ші мақсаты қаражат табу, балаларын еш нәрседен мұқтаж етпеу болып қалды. Бала-шағаның қамымен жүрген ата-ана олардың тәрбиесіне де көңіл бөле алмай қалды. Осыдан келіп баламен арада кейбір түсініспеушілік те болып қалады. Баланы тек қана киіндіріп, ішіндірумен ғана шектеліп қоймай, олардың тәрбиесіне де аса мән берулеріңіз қажет. Біздің мақсатымыз – балаларыңызбен қарым-қатынастарыңызды бұрынғыдан да жақсартып,бала тәрбиесіне көп көңіл бөлудің маңыздылығын дәлелдеу.

Тренинг барысы:
1. Топқа бөлу, түске қарап психологиялық мінездеме беру
2. Ата-анаға кеңес «Баламен сөйлесудің он ережесі»
3. «Өзіңді білгің келсе…» жобалық тест
4. «Бала мен алма ағашы» ой бөлісу (слайд)
5. «Сіз қандай ата-анасыз?» сауалнамасы
6. «Өмір ағашы» тренинг

Ата-ананың ең ардақты міндеті: бала бойына жақсы қасиеттерді сіңіре беру, күн сайын емес, сағат сайын бала оқуын, еңбегін, ойынын, жолдастарымен қарым-қатынасын үнемі шаршамай, ерінбей бақылап, жақсылыққа жол сілтеу. Бала біздің болашағымыз, өміріміздің жалғасы,сондықтан бала тәрбиесі – ата-анадан жауапкершілікті талап етеді. Бала Отанына қызмет етсін десек, халқына адал, бақытты болып, өмірде өз орнын табуын естен шығармай, үнемі көңіл бөліп отыруы қажет.

1-бөлім. Топқа бөліну, түске қарап психологиялық мінездеме беру
Әр ата-ана, түсіне орай топқа бөлініп отырады.
Сары түсті таңдағандар «ӘКЕ» тобы – өте әсершіл, сезімтал, көпшіл, ерік күші мол, қайсар, түрлі идеяға толы адамсыз. Сіз бала тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарайсыз. Балаңыздың өсіп дамуына үнемі көңіл бөліп отырасыз. Балаңыздың болашағынан үлкен үміт күтесіз.
«Әке туралы жыр» әнін айту
Жас едім өмірге еркін бойламаған,
Күні ертең не боларын ойламаған.
Шарықтап кетсем дағы қанат қағып,
Өзіңдей қамқор әке қайда маған.
ӘКЕ

Қызыл түс – «АНА» тобы. Бірбеткей мақсат-мұратыңыз үшін күреске дайынсыз. Балаңызға көп талап қоясыз, қатал қарайсыз. Айтқаныңызды орындатасыз.
«Ана туралы жыр»
Әлемнің жарығын сыйладың сен маған.
Даланың әр гүлін жинадың сен маған.
Сен бердің құстардың қанатын самғаған,
Балалық құштарым өзіңе арнаған
АНА

Көк түс – «БАЛА» тобы – сіз ақ көңіл, бейқамшыл, табысқа құмар адамсыз. Бала тәрбиесіне кей уақытта немқұрайлы қарайсыз. Балаңыздың оқу ісіне жиі бақылауға алғаныңыз дұрыс
Балдай тәтті тіліңнен,
Құлыншақтай жүгірген.
Балдай тәтті құлыным,
Айналайын тіліңнен, тіліңнен.
БАЛА

2-бөлім. «Баламен сөйлесудің он ережесі» (ата-анаға кеңес)
1. Үйге ашығып келмеңіз. Ашыққан адам шыдамсыз, мазасыз болады.
2. Өте шаршап қажымаңыз. Шамадан тыс физикалық, ақыл-ой жүктемелер өзіңізді жайсыз сезінуге әкеледі. Жұмыстағы қиындыққа бала кінәлі емес.
3. Қызметіңіз туралы айтқанда бала қызметтің одан маңызды екенін сезінбесін. Қызметіңіз сізге ұнайды, баланы – жақсы көресіз.
4. Баламен сөйлесу бәрінен де маңызды. Ас дайындауда немесе басқа жұмыс барысында келген баланы итермеңіз. Бала – бұл адам, ал кешкі ас пен жұмысты күтуге болады.
5. Бала көмекші әрі отбасының теңқұқылы мүшесі. Ыдыс жуу, еден жуу сияқты үйдегі ең ұнамсыз жұмыстарды тапсырып, баланы жалықтырмаңыз. Неге қоқысты бала төгу керек? Себебі, сіз бұйырасыз!
6. Бала арқылы мен білемге салмаңыз. Сіз ересексіз, сондықтан көп білесіз. Егер де балаңыз басқалармен салыстырғанда өзіне, өз күшіне сенімді болсын десеңіз, бала ересектердей ой түйетінін сезетіндей сөйлесіңіз.
7. Жұмыс – бұл жанұяны қамтамасыз ететін құрал. Егер өз өміріңіз үшін жұмыс маңызды болса, бала өзін бақытсыз сезінеді және тез ержетуге асығады.
8. Тыңдай біліңіз. Көпшілігімізге баланың ісі шала, сөзі маңызды емес деп санаймыз. Ол кішкентай болғанмен «ауқымды» болуы мүмкін. Негізінде оның ісі мен сөзі өзіміз сияқты маңызды. Егер балаға сондай көзқарас танытсаңыз, онда ешқандай сенімділік болмайды.
9. Баламен кеңесіңіз. Өз ойларыңыз бен уайыммен бөлісіңіз. Ақыл- кеңес сұраңыз және соған жүгініңіз.
10. Бір тілім нан үшін қинай бермеңіз. Балаңыз сізден материалды тәуелді екенін айтудан қашыңыз. Балада сізге ауыртпалық түсіремін деген ой туады, бұл баланы жаралайды. Қарттық шағыңызда осындай жағдайлардан ұялуыңыз әбден мүмкін.
Соңында келген әрбір ата-анаға «Баламен сөйлесудің 10 ережесі» парақшасы  таратылып берілді.

3-бөлім. «Өзіңді білгің келсе» проекциялық тесті.
Сурет салу: күн, тау, үй, ағаш, қапшық, жол, сақина.

•    Егер күн дәл ортасына салынса – жастық шағы қызықты, ал шығысқа салынса-балалық шағы қызықты, батысқа салынса-кәрілік шағы қызықты.
•    Тау дөңгелек салынса – мінезі жұмсақ, мейірімді, сенгіш. Егер тау ұшты болса, өкпелегіш, тік мінезді адам. Егер аралас салынса – басында қар болса, өзгермелі адам.
Үй – суретте ағаш үй салынса арманың орындалады. Егер бір терезе салынған болса, өзіне жақын бір адам туралы көп ойланады. Егер бірнеше терезе болса және жапқыштары болса, ол тұйық, сақ адам. Үйдің төбесінде мұржасы болса, түтін шығып жатса, әңгімеге жақын, өсек құмар адам.
Ағаш – біреу болса, өзінің жолдасына ұнайды. Егер бірнешеу болса, балаларды жақсы көреді, оларға уақыт бөледі, көп көңіл аударады. Қоршаған әлемді сүйеді, қанша мықты әдемі салынса сұлулыққа соншалықты құштар
Қапшық, қалта қаншалықты үйге жақын жатса, байлықта жақын. Керісінше болса бәрі керісінше. Егер қапшық аузы байлаулы болса сараңдық. Қапшық жерде жатса жалқау, түргеліп тұрса еңбекқор адам.
Жол – үйге жақын жатса – жолы жеңіл, алыс болса керісінше. Егер жол үйдің есігінен шықса, тапқан табысын үйге әкелетін, ал керісінше болса шашпай, айналасына тарататын адам.
Сақина – көзсіз болса қонақ қабылдағанды, қонақ шақырғанды ұнатады. Көзі болса, болашақты ойлайды, капитал жинайды. Неке жүзігі – мықты отбасын білдіреді.

4-бөлім. «Бала мен алма ағашы» ой бөлісу (слайд)

5-бөлім. Сауалнама
Сұрақтар:
1. Кез-келген жағдайда жұмысыңыздың барлығын тастап, балаңызбен айналысу қолыңыздан келе ме?
2. Баланың жас ерекшелігіне назар аудармай, ақылдасу қолыңыздан келе ме?
3. Баланың алдында жасаған қателігіңізді мойындау қолыңыздан келе ме?
4. Өзіңіз қателескеніңіз үшін баланың алдында кешірім сұрау қолыңыздан келе ме?
5. Егер баланың қылығы сіздің ашуыңызды келтірсе, өзіңізді ұстау қолыңыздан келе ме?
6. Өзіңізді баланың орнына қою қолыңыздан келе ме?
7. Бір уақытқа өзіңізді ертедегі қайырымды Ханша немесе Би ретінде елестете алу қолыңыздан келе ме?
8. Бала кезіңізде болған оқиғаның тәрбиелік мәні мен айтып беру қолыңыздан келе ме?
9. Баланың жүрегіне ауыр тиетін сөздерді әр қашан айтпау қолыңыздан келе ме?
10. Баланың жақсы тәртібі үшін оның арманын орындап беру қолыңыздан келе ме?
11. Не істесе дағы өз білгенін жасауына балаға бір күн бөлу қолыңыздан келе ме?
12. Егер де сіздің балаңыз басқа бір баланы ұрып не итеріп жіберсе немесе күнәсіз жазаласа елеп-ескермеу сіздің қолыңыздан келе ме?
13. Балаңыз егер де бір нәрсені алып бер деп жылап сұранып тұрса, сіз осыған ұстамдылық ете білу қолыңыздан келе ме?
Кілт: А – 3 ұпай, Ә – 2 ұпай, Б – 1 ұпай.
16 ұпайға дейін. Баланы тәрбиелеуде сізде үлкен мәселелер бар. Сіз не білімділікке,не ойға жиі мән бермейсіз. Не ұстамдылық жеткіліксіз. Баланы тұлға ретінде қабылдауға назар аудару қажет. Ұстаздар мен психолог мамандарға баруды ұсынамыз.
16-30 ұпайға дейін. Сізде ең бірінші дәрежеде тұратын мәселе – ол балаға деген қамқорлық. Сізде тәрбиешінің қабілеті бар,бірақ іс жүзінде сіз оны әрқашан қолдана алмайсыз. Кейде сіз тым қаталсыз, кей жағдайда – тым жұмсақсыз. Баланы тәрбиелеуде мән берген өте қажет деп ойлайсыз.
30-39 ұпайға дейін. Сіздің өміріңіздегі ең үлкен құндылық, сіз баланы түсінуге және білуге тырысасыз. Балаға сыйластықпен қарап, тәрбиелеудегі ең тиімді әдістерді қолдануға ынталысыз. Басқаша айтқанда, сіздің іс-әрекетіңіз түзу және ісіңіздің жемісті болуына үміттенеміз.

6-бөлім. «Өмір ағашы» жаттығуы
Бала тәрбиесі бір күндік іс емес. Сондықтан да бала тәрбиесіне жете мән беріп, «Адамның бір қызығы – бала деген» ұлы аталарымыздың даналық сөзін естен шығармайық.
Біздің алдымызда тамыры тереңге жайылған үлкен ағаш ол сіздерсіздер, сіздердің алдарыңыздағы жапырақ балаларыңыз, енді осы жапыраққа өзіңіздің балаңызға немесе отбасыңызға жылы тілектеріңізді жазасыз. Тамырларыңыз тереңге жайылып, жапырақтарыңыз жайқалып, саялы бәйтерекке айналыңыздар.

Күніміз ашық болсын,
Түніміз тыныш болсын,
Ауамыз таза болсын,
Суымыз мөлдір болсын,
Ұл-қызымыз аман болсын! деп тренинг кешімізді аяқтаймыз.

Leave A Reply