Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

2 427 қаралым

Мұғалімдер арасындағы өзара қарым-қатынасты дамыту жаттығулары

0

Орақбай Бақыткүл Мирзоянқызы,
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Өркендеу ауылы №104 орта мектеп педагог-психологы

Мақсаты: Мұғалімдер арасында жағымды психологиялық қатынас тудыру. Өзара қарым-қатынасты дамыту, бір-біріне деген сенімді нығайту, психологиялық көңіл күйлерін көтеру, өздеріне құрметпен қарауға баулу, ұжымда сыйластық қарым-қатынас орнату.

Міндеттері: Ұстаздардың жаңашылдыққа, ізденімпаздыққа, үздіксіз білім алып, инновациялық әдіс-тәсілдерді тәжірибелеріне енгізе отырып, еңбектенуге деген көзқарастарын қалыптастыру.
Сабақ түрі: Топтық
Көрнекілігі: интерактивті тақта, слайдтар, үлестірмелі парақтар.

Жүргізілу барысы.

1. Ереже
Өзін еркін ұстау
Сөзді бөлмеу
Берілген тапсырманы орындау
Бірігіп жұмыс жасау
Күлімсіреу

2. Сәлемдесу
Жылы-жылы жүзбенен,
Маңдайыңнан сипайын
Жылы-жылы сөзбенен,
Жүрегімді сыйлайын
Ыстық алақаныммен,
Қолыңды бір қысайын
Амандасып өзіңмен,
Құшағыма қысайын

Топтарға бөлу:
Мақсаты: Мұғалімдердің бір-бірімен тығыз байланыс жасап, өзара қарым-қатынасын дамыту.
Өздеріңізге ұнаған түстерді таңдап алуларыңызды сұраймын.
Мұғалімдер өздері таңдап алған түстері бойынша топқа бөлінеді. (Қызыл түсті жүрекше алған топқа «Асыл – құмған – ай!», сары түс жүрекше алған топқа «Еркем – ай!», жасыл түс жүрекше алған топқа «Атамекен – ай!», көк түс жүрекше алған топқа «Достар – ай!» сөздері жазылған.
Мұғалімдерге таңдаған түстері туралы мағлұмат беру.
Қызыл түс – өте ерекше сұрақты көп қоятын, ойларын еркін айтатын белсенді адамдар. Бұл топ «Күміс – құман – ай!» тобы. Таныс болыңыздар! (Қошемет көрсетіліп, қол шапалақтайды).
Сары түс – оптимизм. Бейбітшілікпен шешуді жақтайтын, ақжарқын адамдар. «Еркем – ай!» тобымен таныс болыңыздар! (Қошемет көрсетіліп, қол шапалақтайды).
Жасыл түсс – қиялға бай, шығармашыл адамдар. «Атамекен – ай!» тобымен таныс болыңыздар! (Қошемет көрсетіліп, қол шапалақтайды).
Көк түс – мінездері жұмсақ, кішіпейіл ашық жарқын адамдар. «Достар-ай!» тобымен таныс болыңыздар! (Қошемет көрсетіліп, қол шапалақтайды).
Қазір әр топ өз аттарын қорғайды. Өздерінің аттарына байланысты әндер айтады.

3. Ертегі терапиясы: «Жүзіктегі жазулар». Баяғыда бір хан болыпты. Оның перзенті болмапты. Хан қартайып, өлер шағына жеткен соң; — Мен өлгеннен кейін , менің ауламның есігін бірінші болып ашқан адам менің орныма хан болсын,- дейді уәзірлеріне. Хан өлген соң уәзірлері қақпа алдында тұрса, бірінші болып қақпаның есігін бір диуана ашыпты. Ханды жерлегеннен кейін диуананы хан етіп сайлайды. Басқа диуаналар оны көре алмайды да:
— Сендер мені күндемей-ақ қойыңдар. Менің өмірімнен сендердің өмірлерің жақсы. Сендер өз пайдаларыңды өздеріңе жұмсайсыңдар, өз бастарыңды ойлайсыңдар. Ал мен болсам, халқымды ойлаймын, халқым үшін қызмет етемін дейді. Осы сөзді айтып хан диуаналарды шығарып салады. Арада біраз уақыт өтеді. Хан диуаналарды ұмытып та кетеді. Ханға қапа болған диуаналар жиналып әңгімелеседі. Сонда бір диуана тұрып :
— Бұл хан бізді менсінбей барады. Біз былай істелік, барлық жиған ақшамызды қосып 5 күміс жүзік істелік. Сол жүзіктердің бетіне 5 түрлі өсиет жаздырып, қанға сыйлайық. Сосын патша уәзірлеріне сөйлеген кезде сол өсиеттерді оқып, менменсімейтін болады, — дейді.
Топтық жұмыс. Диуаналар ханға қандай өсиет сөздерді жүзікке жаздырды.
Бұл жүзікте:
Ұлық болсаң кішік бол
Менмен болма
Ең жақсы әдет жомарттық
Кішіпейіл бол
Кем болма, кең бол,- деген өсиеттер жазылады.
Хан жүзіктерді өмірінің соңына дейін тағып өтеді де, оны ұрпақтан – ұрпаққа қалдыруға өсиет етеді.

4. Сергіту сәті:
Сізге бар болғаны 40 секунд беріледі.
3 рет отырып тұрыңыз
Сол қолыңызбен 3 рет мұрныңызды сипаңыз
«Мен ақылдымын» деп басыңызды сипаңыз
Өз есіміңізді айқайлап айтыңыз
Тапсырманы мұқият оқып шығыңыз
Күшік болып оуф-оуф деп 2 рет үріңіз / бәрі естісін /
Сол аяқпен 3 рет секіріңіз
Орныңыздан тұрып 3 рет айналыңыз
Бір – бірлеріңіздің құлақтарыңызды тартып мазақтаңыз
Кез келген 3 адаммен амандасыңыз.
Тапсырманы толық оқып болғаннан кейін 13 – 14 тапсырманы орындаңыз
Шапалақтаңыз
Тізерлеп отырыңыз
Қағазды партаның үстіне қойыңыз

5. Еңбек ағашы. Әр топқа плакат және түрлі-түсті қағаз беріледі. Топ мүшелері бірлесе жұмыс жасайды. Нәтижесінде еңбек ағашы пайда болады.
1. Бұталарға – мұғалім қандай болу керек?
2. Жапырақтар – мұғалімнің түпкі мақсат, мұраты.
3. Гүлдер – мұғалім еңбегінің нәтижесі.
4. Жемістер – шәкірт қандай болу керек?
Міне сіздер «Еңбек ағашын» құрастырып шығардыңыздар. Сіздердің еңбектеріңіздің жемісі осы емес пе?

6. «Дауыс ырғағы» жаттығуы
Мақсаты: мұғалім мүмкіндіктерін арттыру. Топ мүшелеріне
«Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті –
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек»
Осы берілген сөзді таңдап алған эмоцияға қарай топтың бір мүшесі орындайды.
Ашулы
Жылап
Таңқалып
Қуанып

7. «Мұнара» тұрғызу жаттығуы
Мақсаты: Мұғалімдердің ситуациялық жағдайлардан шығу мүмкіндігін бағалау, жағымды эмоциялық қарым-қатынасты нығайту.
Нұсқау: қатынасушы оқушыларды төрт топқа бөлеміз.
Ойынға 4 – 5 минут беріледі. Төрт топқа 15 – 15 – тен ақ қағаз (А4 форматын) береміз. Осы ақ қағаздарды пайдаланып, төрт топ «биік мұнара» жасап шығу керек. Қағазға қосымша тіреуіш заттар және т.б.қағазда көлденеңінен тігінен, т.б. жағдайларға қажетіне қарай пайдалануға болады.
Айта кететін шарт – мұнара биік әрі бір орында қозғалмай нақты тұру керек. Ойын соңында қай оп биік мұнара жасап шығады, сол топ жеңіске жетеді.

8. «Өрмекші торы» жаттығуы
Мақсаты: Ұстаздардың бір-бірімен тығыз қарым-қатынасын орнату.
Барлығымыз ортаға тұрып, өрмекші торын жасаймыз. Әрбір қатысушы тілегін айтып, жіпті келесі адамға ұсынады.

Leave A Reply