Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

12 094 қаралым

Мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытудың ерекшеліктері

0

Еспанова Алтын Эгликовна, 

Тәрбиеші, Балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесі КММ

Педагогика жүйесіндегі балаларды оқыту мен дамытудың маңызды құрамдас бөлігінің бірі – мүмкіндіктері шектеулі балаларды мінез-құлқындағы кемшіліктерді ескере отырып оқыту, олардың ой-өрісін дамыту, қоршаған ортаға бейімділігін арттыру болып табылады. Жалпы, мүмкіндігі шектеулі балалардың жүріс-тұрысындағы кемшіліктер олардың жеке тұлға болып қалыптасуына, оның жеке қасиеттеріне, яғни оқу, жазу, ортаға бейімделу әрекеттерінің бұзылуын қалыптастырып, баланың үлкендермен, құрдастарымен қарым-қатынасына кері әсер етеді.

Сондықтан да психикалық даму мүмкіндігі шектеулі балаларға оқу үрдісін қабылдау және танымдық қабілеттерінің қалыптасу қиындығы тән құбылыс. Ал танымдық қабілетті дамыту ойлау қызметін жетілдірумен тығыз байланысты. Баланың ойлау қабілетін дамыту мәселесі мектеп тәжірибесінде үлкен орын алады. Оқушы қабілетіне қарай ең басты мәселені айыра білсе, демек ол мәнді тапсырмаларды орындай алады.

Менің мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеп келе жатқан уақыттың ішінде мен мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеудің қиындығы мен үлкен жауапкершілікті қажет ететіндігін сезініп те үлгердім. Себебі, қалыпты балаларға сабақ беру барысында еңбегіңнің жемісін тез көресің. Қалыпты балалар қоршаған ортаға тез бейімделеді, айтқаныңды тез ұғады. Тіпті, сабақ оқымай келген қалыпты балаға қаттырақ сөйлесең, ұрысқанның өзін ол дұрыс қабылдай алады, келесі жолы ондай қателік жібермеуге тырысады. Ал мүмкіндігі шектеулі балалар болса, даму жүйесінде ауытқушылықтар болғандықтан өз қатарластарынан артта қалған, қоршаған ортаға бейімделуі баяу, кейбіреулері денсаулығына байланысты ақырын қимылдайды, көбіне көңіл-күйі төмен болатындықтан да қатты сөйлегенді қабылдай алмайды. Мұндай балалардың ата-аналарымен жұмыс істеудің де өзіндік қиыншылықтары бар.

Мүмкіндігі шектеулі бала үйреткеніңді қабылдайды, дегенмен, бұл ұзақ жүретін процесс. Бір топта сегіз мүмкіндігі шектеулі бала болатын болса, әрқайсысының қабылдау деңгейі әр түрлі. Бірі түсінгенді екіншісі түсінбейді, бірін-бірі тыңдағысы келмейді, сабақтың өзін көңіл-күйіне қарай қабылдайды. Бұл балаларға қатты сөйлеуге болмайды, тек асқан шыдамдылықпен баланың тілін таба білу керек. Сабақ түсіндіру барысында әр балаға қабылдау деңгейіне қарай түрлі тәсілді қолдану керек.

Баланың ақыл -ойының дамуы тек белгілі бір білім көлеміне емес, танымдық іс-әрекет, яғни баланың жанына жақын заттарды еске сақтату, ойландыру, елестету, бала бойындағы түрлі қабілеттерін дамытумен тығыз байланысты. Мүмкіндігі шектеулі баланың дамуы үшін есте сақтауы мен ойлау қабілетінің мәні өте зор. Бұлардың бәрі қоршаған орта мен білім, білік дағдысының қалыптасуы, еске сақтау және ойлау қабілетімен тығыз байланысты.

Қазіргі таңда еліміздегі мүмкіндігі шектеулі балалар өзінің қадыр-қасиетін қамтамасыз ететін, өзіне деген сенімділігін арттырып және қоғамдық өмірге белсене араласуына жәрдемдесуін толыққанды жағдайлардалайықты өмір сүруге, яғни, мүмкіндігі шектеулі балаларға жан-жақты педагогикалық қолдау көрсетіліп, әрбір бала шама — шарқына қарай білім көлемін меңгеруде. Интеллектуалдық жетіспеушілік салдарынан мүмкіндігі шектеулі балалардың қалыптасуы әртүрлі аспектілерінде қиын жағдайларда өтеді. Олар мадақтауға, қолдауға және ренжісуге әсершіл болып келеді. Дегенмен, жаратпау және еркелету эмоцияларын ажырата алады. Бірақ, өз эмоцияларын вербалды түрде көрсете алмайды. Өзінің адамдарға деген қатынасын жымиюмен, адам бетіне аянышты түрде қараумен білдіреді. Негізінен, мүмкіндігі шектеулі балалар селсоқ, өзіне — өзі сенімсіз, кейбіреулері шектен тыз ызақор болып келеді. Олардың эмоциялары әлсіз, алайда күйзелістері тұрақты, терең болады. Мұндай балалар айқайлауға, жүгіруге, рұқсатсыз зат алуға, шулауға, қырсығуға болмайтындығын түсінбейді.

Leave A Reply