Айтбаева Жансая
Педагог-психолог, «Абыралы жалпы негізгі білім беретін мектебі» КММ, Семей қаласы, Шығыс Қазақстан облысы
Республикамызда жүріп жатқан іргелі әлеуметтік-экономикалық жаңарулар жеке тұлғаны әлеуметтендіру үрдісіне, жас ұрпақ өмірінің барлық қырларына едәуір әсер етуде. Жеке тұлға көп уақыттан бері тәрбиенің объектісі ретінде қаралып келсе, бүгінде ол өзін-өзі ұйымдастырушы және өзін-өзі жетілдіруші субъект ретінде көрініп келеді. Жеке тұлға бүгінде ішкі сұранысқа ие болып, алдына нақты мақсат қоя білуі қажет. Қазақстан Республикасында жеке тұлғаны әлеуметтендірудің стратегиялық бағыты жаңаша әрі шығармашылықпен ойлайтын, өміртану мәдениеті дамыған жаңа адамдарды қалыптастыруды алға тартып отыр. Бүгінгі таңда білім беру мен тәрбиелеуге байланысты талаптар жоғарылай түсуде.
Елбасымыз айтқандай, — «Егер біз адамгершілігі жоғары қоғам болғымыз келсе, жастардың алдындағы жауапкершілікті күшейтуіміз керек». Білім беру ісімен бірге ұлттық тәрбиені ұштастыра отырып, болашақ мамандарды іскер, адамгершілік қасиеттері мол, өзінің жеке басы мүмкіншіліктерін бағалай білетін, саналы, әдепті азамат етіп тәрбиелеу міндеті тұр. Біріншіден, жеке тұлғаның өзінің азаматтық жауапкершілігін сезінуі, өз міндетін күнделікті өмірде бұлжытпай орындауы, екіншіден қоғамдағы өз орны мен үлесін салмақтай білуі, өзін Қазақстан Республикасы азаматы екенін саналы түрде сезінуге және оған өзінің қандай да үлесін қосуға тәрбиелеу. Қазіргі кезеңде қоғамдық құбылыстардың даму үрдісінде жеке тұлғаның орны ерекше маңызды. Қазіргі білім жаңалықтары және әлеуметтік- экономикалық ортада тұлғаның қалыптасуына және әлеуметтенуіне негіз болады. Оның әлеуметтік жағдайларда қалыптаса бастауы, ортаның дамуымен, ондағы тұлғаның дамуына жетелейді. Сондықтан, тұлғаның қоғамдық ортадағы қалпы, оның қоршаған шынайылықты қайта қалыптастыруға бағытталған саналы және жүйелі іс-әрекеті маңызды болып табылады
Осы орайда орта дегеніміз – адамға стихиялы түрде әсер ететін сан алуан сыртқы құбылыстардың комплексі. Ал әлеуметтік орта деген ұғым кең мағынада қоғамдық өмірдің материалдық жағдайлары, әлеуметтік және мемлекеттік құрылыс, өндірістік, қоғамдық қатынастар жүйесі және оларды анықтап отырған әлеуметтік жүйе сипаты мен қоғамда пайда болған әр түрлі мекемелер қызметін қамтиды. Қоршаған ортаның — қоғамдық болмыстың, нақты әлеуметтік ортаның, отбасының, мектептің, ауланың, қала берді, тіпті балалардың өз ортасында бір нәрсеге қызығушылық нәтижесінде пайда болатын ресми емес, уақытша топтардың, ересек адамдардың ықпалынсыз жас баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуы, бойынша адамзат қауымдастығына тән сапалық белгілер мен қасиеттерді сіңіруі екі талай. Демек , өмірге жаңадан келген әрбір жас нәрестенің, жаңа адамның пісіп-жетіліп, аяқтануы, өсіп -өніп, ер жетіп, есею барысында оның бойында адамзат қауымдастығына тән сапалық бергілер мен қасиеттерді сіңіріп, қоғамдық өмірге даярланып, қосу- оны қоршаған нақты әлеуметтік ортаның – белгілі бір мемлекеттік құрылыстың, ондағы қалыптасқан қоғамдық-өндірістік қарым-қатынастар мен байланыстардың көрінісі тәріздес әлеуметтік институттардың – отбасының, мектептің, көпшілік ақпарат құралдарының т.с.с. тәлім-тәрбиелік ықпалына сондай-ақ, аға буын өкілдерінің үлгі-өнегелік тағылымына тікелей қатысты. Жеке тұлғаның әлеуметтенуі – баланың қоғамға тек үйреніп қана қоймай, сонымен бірге әлеуметтік іс-тәжірибе жинақтауы.Әлеуметтендіру барысында, бір жағынан өмір сүріп отырған қоғамдағы әр түрлі сипаттағы факторлар мен әр түрлі өмірлік жағдайлар ықпалымен әсер етудің стихиялы жолымен қалыптасса, екіншіден, мақсатты тәлім-тәрбиелік жұмыстар арқылы жүзеге асады. Жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуының негізгі обьективті факторлары ретінде биологиялық факторды, сыртқы ортаны және тәрбиені айтуымызға болады. Биологиялық факторларға балаға ата-анасының қасиеттері мен ерекшеліктерінің берілуі кіреді. Сыртқы ортаға: әлеуметтік орта, отбасы, мектеп, құрбылары жатады. Тәрбие жеке тұлғаның бейімділік қабілеттерін де жетілдіреді.
Ал, М.Е.Дуранов, В.И.Жернов, О.В.Лешнер әлеуметтік, әлеуметтік-педагогикалық, педагогикалық, психологиялық, психо-педагогикалық факторларды атап көрсеткен. Әлеуметтік факторлар – бұл қоғамдық және мемлекеттік қоғам, қоғамдық ұйымдар, отбасы, қоғамдық тұлғаға деген міндеттер. Әлеуметтік-педагогикалық факторлар – оқу орындарының типтері, педагогикалық ұйымдар, оқу-тәрбие сипатындағы жастардың қоғамдық ұйымдары, оқушыларға деген міндеттемелер. Психо-педагогикалық факторлар- оқушылармен оқытушылар арасындағы қарым-қатынас, тәрбиелеу және өзін-өзі тәрбиелеу үрдісі, танымдық және еңбек іс-әрекетін жатқызған. Сондықтан, мектептік оқыту мен тәрбие үрдісі жас ұрпақты әлеуметтендірудің жетекші, әрі айқындаушы негізі болып табылады. Әлеуметтік орта мен мектептің ықпал жасауы, оқушының әлеуметтенуі нәтижесінде дүниеге көзқарасы, құлықтық, эстетикалық және осы сияқты қасиеттері дамып қалыптасады. Бұдан мектептің тәлім-тәрбиелік үрдісінің мазмұны мен қоршаған өмір шындығының болмысына сезімдік, танымдық дәрежеде бейімделуі арасындағы мақсатты бірліктің қажеттігін, жас ұрпақты қоғамдық талаптарға сай әлеуметтендірудегі маңыздылығын көруге болады.Жалпы, тәлім-тәрбиеге байланысты іс-шаралар мазмұны: жеке тұлғаның балалық шағынан бастап, мектептік оқу-тәрбие үрдісі арқылы сезімдік, танымдық, ойлау, талғам қабілеттерін қалыптастыру, дүниетанымдық өрісін кеңейтуге, олардың әлеуметтік ағымдармен, қоғамдық талаптармен тығыз байланыста өмір сүруін қамтамассыз ететін білім, ғылым негіздерін, жалпыадамзаттық, ұлттық мәдени, моральдық-этикалық құндылықтарды игерту, сол арқылы қоғам өміріне белсенді араласуға бағыттап, әлеуметтендіруді қамтуы тиіс.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Бортко Т.Г. «Проблемы социализации учащихся общеобразовательных школ Казахстана». А., 2005.
2. Тұрсынбаева Қ. Тұлғаны әлеуметтендіру мәселесіне ғылыми көзқарас //Қазақстан мектебі, 2008, №2
3. Нұсқабаев О. Мектеп – жас ұрпақты әлеуметтендіру институты. А., 1997.