Абдрашева Г.К.
«Балалар психоневрологиялық медициналық- әлеуметтік мекемесі»
дефектолог- мұғалім
Түйсіну мен қабылдау – қоршаған ортаны танудың алғашқы сатысы. Бұл саты барлық өмір жолында маңызды болып қала береді. Кемақыл балалардың тежелген, шектелген қабылдау қабілеттері оның психикалық даму барысына орасан зор әсер етеді.
Түйсіну мен қабылдаудың дамуы жоғарғы жүйке жүйесі қызметінің біртіндеп орнына келуінің көмегімен спонтанды түрде дамуы мүмкін. Осыған орай, жүйке процестері анағұрлым икемделіп, күшейе бастайды, сезіну мен қабылдау қарқыны жылдамдайды. Өмірлік тәжірибесі молайған балалардың дүниетанымдары кеңейеді, мағлұматтары көбейеді. Айналаны тану – қабылдау мен сезіну сапасын жоғарылатудың негізгі жолы.
Жалпы бұл балалардың қоршаған орта туралы білімі өте шектеулі, фрагментарлық болып келеді. Қабылдаудың заттық және құрылымдық түрлері жеткіліксіз болып келеді. Бұл балалар кез келген затты таныс емес ракурста немесе схемалық түрінде, контур түрінде тани алмайды.Ұқсас әріптер мен әріп элементтерін үнемі шатастырады.
Соқыр және нашар көретін балалар есту анализаторының көмегімен алынған ақпаратты санада, қиялда жаңғырту арқылы қабылдайды. Есту анализаторларының қызметі көру анализаторларының орнын басады. Әр түрлі әрекеттер мен кеңістікті бағдарлау қажеттігі олардың әртүрлі дыбыстарды, шуларды дифференциалдай білуін, дыбыстың шығу көзін оқшаулауды, дыбыс толқынының бағытын анықтай білуді талап етеді, сондықтан да олардың есту қабілеттері жетіле түседі.
Соқыр балаларда олардың жасына сәйкес дәм сезу қабілеті қалыптасады. Олардың дәм сезінуі дәм сезу анализаторына тамақтың әсер етуімен жүзеге асады.
Церебральды сал аурулы кейбір балалардың өз қимыл-қозғалыстарын нашар сезіну мен заттармен іс-әрекет орындау қиындығы церебральды сал ауруы балалардың белсенді сипап сезу арқылы қабылдау мүмкіндіктерінің жеткіліксіздігімен түсіндіріледі, оның ішінде заттарды сипап сезу арқылы тануы (стерегноз). Балалар церебральды сал ауруының барлығында да кеңістіктік қабылдаудың бұзылуы орын алады. Гемиплегияда бүйірлік бағдарлау бұзылады, диплегияда — тік сызықтағы бағдар (вертикальдық), тетраплегияда — алдан артқа қарай бағдар жасау (сагиттальдық) бұзылады. Тетраплегияда сонымен бірге, кеңістіктік қабылдаудағы дөрекі бұрмаланулардың баланың психикасына тигізетін зардабы өте ауыр.
Күрделі сенсорлық кемістігі бар балаладың тері арқылы түйсінуі мен қимыл-қозғалыстық жады бұл балалардың қоршаған ортаны танудағы ерекше мүмкіндігі болып табылады Соқыр немесе нашар көретін бала өз денесінің барлық қимыл-қозғалысын әуел бастан-ақ көріп бақылай алмайды. Есту қабілетінң бұзылуы да мұндай баланы дыбыстың көмегімен бағдау жасау мүмкіндігінен айырады. Соқыр-саңырау баланың барлық жағынан да жеке өзінің қимыл-қозғалыс және сипап сезу тәжірибесіне сүйенуіне тура келеді. Сондықтан бала неғұрлым ерте жастан өздігінен қозғалуға үйренсе – аударылып жату, созылу, ұстау, отыру, тұру, еңбектеу т.б. Соғұрлым ол келешекте кеңістікте еркін қозғала алады.
Тактильдік сезім бұл балалардың айналаны танудағы негізгі қабілеттерінің бірі, яғни затпен тікелей жанасу арқылы оларды қабылдауға болады. Бұл балалар заттың пішінімен, текстурасымен, салмағымен, температурасымен сипап сезу арқылы танысады. Сол сияқты адам затпен белгілі бір арақашықтықта да таныса алады. Бірқатар авторлар бұл категорияға жататын балалардың иіс сезу қабілеті әсіресе жақсы жетілгендігін атап өтеді.
Тактильдік-вибрациялық сезімдердің көмегімен адамдар мен заттардың қозғалысын, дыбыстарды, олардың қандай қашықтықта екендігін біле алады. Айналасында болып жатқан оқиғаларды, маңайындағы адамдарды ажыратады. Музыканы, қатты дыбыстарды табанымен сезінеді, адамдарды жүрісінен таниды.