Исаева Айнұр Мұхтарқызы
Педагог психолог, №31 «Балдәурен» балабақшасы Атырау қаласы
Ата-аналар баламен қарым-қатынас жасаған кезде туындаған қиындықтарға кезіге отырып, көбіне бала өсіп есейген жағдайда өзін қалай ұстау керектігіне үйренеді, осылайша барлық қиындықтар өзінен өзі жоғалады деп ойлайды. Бірақ кейде балаға ықпал ету, оның бойында жақсы қасиеттер тәрбиелеу мүмкіндігінің уақыты өтіп кетіп жатады. Егер де ата-аналар бала туған сәттен бастап оның тәрбиесімен айналыспаса білімді, педагогикалық мәдениеті биік ата-ана болуға тырыспайтын болса, онда ол өз сәбиінің жеке ерекшеліктерін түсініп, ескермейтін болады. Баланың есею кезінде кездесетін қиындықтармен күресуге күш-жігерлері жетпейді. Дегенмен мектепке дейінгі жастағы балалардың бойында пайда болған эмоционалдық реакциялар және мінез-құлықтық модульдер кейіннен мінез-құлықтың сипаттамасы мен жеке тұлғаның мінездемесіне айналары сөзсіз. Дана халқымыз «баланы жастан» деп текке айтпаған болар. Ата-аналар әрдайым мынаны есте ұстаулары керек: сүйкімді сәбилерінің мінез-құлқында ұнамсыз болмаса баланың өзіне қасірет әкелетін қасиеттерді: иеленуге болатынын кейбір қасиеттерге биологиялық, тұқым қуалаушылық факторлар ықпал етеді, бірақ олардың көпшілігін иеленуге болады, яғни оны түзетуге де болады.
Агрессивтік мінез-құлық мектепке дейінгі жастағы балалардың арасында ең көп таралған ауытқушылықтардың бірі. Күнделікті жағдайда балалар арасында әр түрлі қарым-қатынастар орнап жатады: балалар ұрысысады, төбелеседі, достасады. Барлық осындай қатынастар балаларды уайымға салады, әр түрлі эмоцияларды бастан өткізеді. Ал біз мәне бермей қалуымыз мүмкін. Олардың қандай сезімде қалғанын, қарым-қатынасы қай деңгейде екенін түсінбеуіміз мүмкін. Ал негізінде құрдастарымен орнаған алғашқы қарым-қатынас баланың тұлға ретінде қалыптасуына негіз болатын іргетас болып саналады. Осындай мектеп жасына дейінгі балалар арасындағы қарым-қатынастың проблемалық түрлерін анықтау және балаға оны жеңіп шығуға көмектесу педагог-психологтың негізгі міндеті.
Агрессия – қоршаған ортадағы адамдарға зиян келтіру, тұрақты жағдайларға қарсы тұратын мінез, адамдарға психологиялық немесе физиологиялық тұрғыдан зиян келтіруші күш. Қатыгез, агрессивті, төбелесқор және сотқар бала-ата-ананың ғана емес, педагогтар мен психологтардың, ең бастысы бүкіл қоғамның көкейтесті мәселесі. Балада агрессивтіктің пайда болуына көптеген факторлар ықпал етеді. Олардың ішіндегі ең маңыздылары:
Отбасындағы тәрбие стилі
Орталық нерв жүйесінің ауруы
Шамадан тыс бақылау немесе бақылаудың мүлде болмауы
Бала еркіндігіне жол бермеу
Қозғалыс белсенділігіне тыйым салу
Агрессиялы психологиялық қорғаныс құралы
Көптеген ғалымдар мен тәжірибешіл ұстаздардың пікірінше, олардың отбасылық ортасы мен тәрбиелеу стилі шешуші фактор болып табылады: эмоционалдық қатынастардың сипаты, қабылданған мінез-құлық нормалары, рұқсат етілген шекаралардың кеңдігі, баланың кез келген қылықтарына қатысты ата-аналардың іс-әрекеті. Егерде ата-ана өздерін агрессиялы ұстап (сөзбен, дене жазасы), дене жазасын пайдаланатын болса немесе балада агрессияның пайда болуына кедергі жасамайтын болса, онда бұл қылықтар кеңінен таралады және оның мінезінің тұрақты сипатына айналуы шүбәсіз. Сондықтан да агрессиялы баласы бар отбасы отбасылық қарым-қатынастың жалпы атмосферасын айрықша мұқият талдау керек.
Агрессиялықты жою үшін келесі кеңестерді ұстану қажет:
— Отбасындағы ата-аналар мен балалардың өзара қарым-қатынасын талдаңыз.
— Отбасылық қарым-қатынасты қалыпқа түсіріңіз.
— Балаңыз қандай болса, сондай түрінде көріңіз және оны кез келген кемшіліктерімен қоса жақсы көріңіз.
— Баладан бір нәрсені талап еткен кезде, оның жас мөлшерлік және жеке ерекшеліктерін есепке алыңыз.
— Жағдайды алдын ала болжай білуге және баланың қызығушылығын басқа арнаға жіберуге тырысыңыз.
— Оны ересектермен және балалармен қарым-қатынас жасауға үйретіңіз.
— Өз балаңызды түсінуге үйретіңіз.
Агрессиялы балалармен түзету жұмысы 4 бағытта жүргізілуі керек:
1) Агрессиялы балаға ызасын көрсетуін ыңғайлы түрде, оны ойын арқылы затқа ауыстыру жолдары
2) Әр түрлі жағдайларда баланы өзін-өзі ұстай білуге үйрету
3) Дау-дамай жағдайында қатынастың мүмкін болатын жағымды дұрыс жолдарын қарастыру
4) Эмпатия. Адамға деген сенімділік қасиеттерін дамыту.
Ойын барысында бала әрекетін бақылау әдісі:
1) Ойынға ену кезеңі
2) Ойын кезеңі
3) Ойыннан шығу кезеңі
Бет әлпеті және жалпы әрекеті
Сөйлеу мәнері
Агрессивтіліктің көрінуі
Жанама агрессия
Баланың өз агрессиясын шығара білуі маңызды. Психологтар оларға мыналарды ұсына алады:
Ойыншықпен төбелесу
Дененің күш жаттығуларын пайдалану
Қағаз жырту
Кімді ұрғысы келсе, соның суретін салу және осы суретпен бір нәрсе жасау
«Айқайларға арналған қапшықты» пайдалану
Жиһазды үрмелі балғамен ұру.
Психологтар баланың агрессивті мінез-құлқын түзету үшін изотерапия элементтерін пайдалануға кеңес береді: онымен бірге түрлі әдістермен сурет салу (саусақтарымен, алақандарымен, табандарымен); мүсіндер жасау; балаларға жағымды сипаттамасы бар рөлдер (батырлар, серілер, алыптар) беретін спектакль қою.
Агрессиялы балалары бар ересектердің, баланың іс-әрекетінің алдындағы қорқыныш сезімін білдіруі, оның агрессиясын көтермелейтінін әрдайым естерінде ұстаулары керек. Сондай-ақ, «Сен біздің кішкентай қарақшымыз және сотқарымызсың» деп ата-анасы айтатын болса, «Солай ма, бәлем! Ендеше мен сендерге көрсетемін!» деп ойлайды бала. Және өзінің мінез-құлқымен ата-анасының бағалауы мен күткенінің «дұрыстығын» барынша дәлелдеуге тырысады. Ата-аналардың баласының эмоционалдық күйін жақсы көзіне елестету үшін «Ертегі» тестін меңгергендері пайдалы. Ол өздерінің сезімдерін көрсету үшін өте-мөте қарапайым тілді пайдаланатын ең балғын жастағы сәбилерге де жарайды.
Тесті өткізу ережесі: ата-ана балаға ертегі айтады, онда бала өзін ұқсастыратын кейіпкер болуы керек. Әр ертегі балаға арналған сұрақпен аяқталады. Бұл тесті өткізу аса қиын емес, себебі балалардың барлығы ертегі тыңдағанды ұнатады. Алынған нәтижелерді түсіндіру анағұрлым қиындау болады. Тесті өткізу бойынша бірнеше кеңестер:
Біріншіден, бала тест бұл кез келген ойын сияқты, сондықтан да оған ыңғайлы сәт таңдап алу керек. Мүмкін,әсіресе сіздің отбасыңызда сондай дәстүр қабылданған болса, оның сізден ертегі айтып беруіңізді күткені керек шығар. Екіншіден, ешуақытта да оның жауаптарын түсіндірудің қажеті жоқ және «Енді басқа ертегі тыңда» деп айтып, асығуға болмайды. Егер де бала ертегі тыңдап отырып, үрейленіп немесе шамадан тыс ашуланғыштық көрсетіп отырған болса тоқтатыңыз және оны келесі жолы айтуға әрекет жасаңыз. Егерде бала әңгімені бөліп, әңгіменің күтпеген соңын ұсынса, толқыныстың айқын белгілерімен «қызару немесе бозару, тершеңдік, аздаған бет тартуы) дауысын бәсеңдетіп, асығып жауап берсе, егерде ол сұраққа жауап беруден бса тартса-мұның барлығы тестке деген патологиялық әсердің белгілері. Мұндай жағдайда балалар психологына жүгінудің артықшылығы болмай қоймас.
«Балапан» ертегісі баланың ата-ананың біріне немесе екеуіне де тәуелділік деңгейін анықтауға мүмкіндік береді.
«Ағаштағы ұяда құстар ұйықтап жатыр: әкесі, анасы және кішкентай балапан. Кенеттен күшті жел тұрды, бұта сынды, ұя жерге құлады:барлығы жерге құлады. Әкесі ұшып, бір бұтаққа отырды, анасы екіншісіне отырды. Балапанның не істеуі керек?».
Әдеттегі қалыпты жауаптар:
— ол да ұшып барып, бұтаққа отырады;
— анасына ұшып барады, себебі ол қорқып қалды;
— әкесіне ұшып барады, себебі әкесі күшті;
— жерде қалады, себебі ұша алмайды ғой, бірақ көмекке шақырады, сосын әкесі мен анасы алып кетеді.
Әдеттегі патологиялық жауаптар (ата-аналарға агрессиялықты жоюға қарсы дабыл ретінде қызмет етуі керек):
— жерде қалады, себебі ұша алмайды;
— құлап келе жатқанда, өліп қалады;
— аштықтан немесе суықтан өліп қалады,
— оны барлығы ұмытып кетеді;
— оны біреу басып кетеді.
Агрессивті бала – ол бақытсыз, өйткені оны ешкім түсінбейді, аямайды және аяламайды. Агрессивті балалармен әрқашан өзара жылы қарым-қатынас түзеу және агрессия түрлерін ойын арқылы шығару керек.
«Сыбызғы» ойыны
Мақсаты: баланың ішкі агрессиясын шығару, беттің бұлшық еттерін, әсіресе ерін маңы еттерін босаңсыту арқылы
«Бүгін біз сыбызғы тартуға үйренеміз. Демді ішке тартып, сыбызғыны ернімізге жақындатайық. Ақырындап, ауа еріннен шығатындай етіп, үрлейміз. Қане, тағы қайталайық. Неткен керемет оркестр!»
Бұл жаттығуларды топта кілемде отырып та, түрегеп тұрып та орындауға болады.
«Домалақ» ойыны
Мақсаты: баланы өзін-өзі қалыпқа түсіруге амалдарының бірі, ішкі агрессияны жеңуге шақыру.
Әрі бері не істерін білмей жүрген баланың қолына, ашық түсті тоқыманы ұстатып, домалақтап жинау керектігін тапсыру керек. Әр ұсынған сайын домалақтың мөлшері ұлғая береді. Ересек адам балаға домалақтың қарапайым емес сиқырлы екендігін айтады. Жіпті домалақтап жинай бастаса, мейлі қыз бала немесе ер бала болсын тыныштала бастайды. Осындай ойындар бала үшін әдетке айнала бастағанда, бірдеңеге ренжігенде немесе шаршаған сәттерінде, міндетті түрде оның өзі ересектерден «сиқырлы жіпті» сұрай бастайды.
«Күн райын болжау» ойыны
Мақсаты: Арқаның бұлшық еттерін босаңсытып, бір-біріне қамқорлыққа үйрету, достық қарым-қатынасқа тәрбиелеу.
Балалар бірінің соңынан бірі шеңбер жасап тұрады. Ойын жүргізушінің ауа-райын болжаған нұсқауларына сәйкес, балалар бір-бірінің арқасына массаж жасайды. Мысалы: Ақтөбеде күн ашық (сылайды); Астанада күн бұлтты, аздаған жаңбыр жауады (бір саусақпен ақырындап тырсылдатады); Семейде күн бұлтты, нөсер жаууы ықтимал. (бес саусақпен қаттырақ тырсылдатады)
Жаттығудан соң не ұнағаны, не ұнамағаны жайлы әңгімелесуге болады.
«Екі қошқар» ойыны
Мақсаты: Балаға жариялы ішкі ызасын шығаруға, бойында жиналған артық эмоция мен дене қысымын түсіруге, бойындағы қуатты пайдалы нәрсеге жұмсауға үйрету.
Психолог балаларды жұптарымен бөліп, ертегі оқиды. «Ертемен екі қошқар көпір үстінде кездесіп қалыпты». Ойыншылар екі аяғын алшақ етіп, маңдайларын түйістіріп, екі қолдарын алақанға тіреп тұрады. Мақсат орындарынан қозғалмай, бір-біріне қарсылық ету, «бә-бә-бә» деп қойдың дыбысын салу. Қауіпсіздікті сақтау керек.
«Жанжал» ойыны
Мақсаты: саусақ пен төменгі жақ бұлшық еттерін босаңсытуға үйрету.
«Сен досыңмен ренжісіп қалдың. Міне-міне жанжал басталады. Қатты тістеніп тұрып, терең дем ал. Тырнақтарыңды алақаныңа батыра, қатты жұдырығыңды түй.Бірнеше секундта деміңді ішіңе тарт.
Ойланып көрші: мүмкін жанжалдасудың қажеті жоқ шығар? Дем шығарып, денеңді босат. Алақай! Жағымсыздықтың бәрі артта!»
«Құм және сумен» ойын
Мақсаты: балалардың агрессивтілігін құммен және сумен жұмыс жүргізу арқылы тыныштандыру.
Жоғарыда көрсетілген психологиялық ойындар бала бойын тек агрессиядан жеңілдетіп қана қоймай, бала белсенділігі мен қызығушылығын арттырып, таным процестерінің да дамуына мүмкіндік жасайды. Тұлғалық құнды қасиеттерінің де жетілуіне себеп бола алады.