Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

10 765 қаралым

Қиындық туғызатын балалармен жұмыс жасау түрлеріне психологиялық талдау жасау

0
Ermekkalieva J.
Ермекқалиева Жанар Ғабдықайырқызы

Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Шөптікөл орта жалпы білім беретін мектеп – балабақшасының жоғары санатты психологы

Психология тәжірибелік саласы жаңа дамып келе жатқан, салыстырмалы түрде жас сала болғанмен, болашақта зерттелуі тиіс қыр-сыры мол ғылым болып табылады. Психология ғылымының кез-келген мәселесі адамның жан дүниесінің сыры мен, қоғам мен әлеуметтік өмірдің сан алуан салаларымен тығыз байланысты. Жалпы баланың жас ерекшілігіне қарай психикалық дамуын алты кезеңге бөлуге болады: 1. Нәрестелік кезең (1 жасқа дейінгі кезең); 2. Ерте балалық кезең (1-3 жас); 3. дейінгі кезең (3-7 жас).
Мектептегі кезеңнің өзін бастауыш,орта және жоғары сынып деп үш буынға бөлеміз.Оқушының әрбір жас кезеңінде өзіндік физикалық және психикалық ерекшеліктері болады. Бала мінез-құлқында ауытқулардың да орын алуы мүмкін.
Бастауыш сыныпта оқу неге қиын немесе мектепке бейімделу (адаптация) дегеніміз не?
Мектепте оқудың басталуы бала өміріндегі физикалық қана емес, әлеуметтік-психологиялық тұрғыдағы да қиын және жауапты кезең. Бұл адамның жаңа өмір жағдайы немесе іс-әрекеті емес, бұл-жаңа байланыстар, жаңа қарым-қатынастар, жаңа жауапкершіліктер. Баланың бар өмірі өзгереді, барлығы оқу-ға, мектепке, мектептегі істерге және әрекеттерге бағынады. Бұл өте шиеленісті кезең, өйткені мектеп алғашқы күннен бастап оқушылар алдына тұтас міндеттер, интеллектуалдық және физикалық күшті қажетсінетін талаптар қояды.
Баланың мектепке бейімделуі бірден жүзеге аспайды. Жаңа жағдайға және жаңа іс-әрекетке организмнің қиын бейімделуі бала организмі «төлейтін» жоғары «баға».
Көптеген балалар балабақшадан соң мектепке дайын болып келеді. Жаңалықтардың қажеттігі, өзіндік «мен енді оқушымын» мәртебесінің маңызы, бала алдында тұрған міндеттерді орындауға дайындығын, өз мінез-құлқына, құрдастарымен қарым-қатынасына, жаңа күн тәртібіне бағынуға, сабақтардың ретіне және т.б. мұғалім талаптарын қабылдауына мүмкіндік туғызады.
Оқу іс-әрекеті ұжымдық сипатқа ие. Көптеген балалар тез танысады, жаңа ұжымға бейімделеді, бірлесе жасайтын жұмыста бақталастық, сайысқа түсу болып тұрады. Жалпы бастауыш оқушысы үшін мұғалімнің беделі ата-ана беделінен де жоғары тұрады. Мұғалім тек ересек емес, ол – беделді тәрбиеші.
Балалардың арасында мектепке дайын емес алты жасар оқушылар мұғалім мен оқушы қарым-қатынасындағы шарттылықты түсінбеуі мүмкін. Мұндай бала мұғалімнің ескертуіне «Менің мұнда оқығым келмейді, маған сізбен қызық емес» деуі мүмкін. Мұндай ерке балаларға жазалау, бұйыру нәтиже бермейді. Тек сабырлылық танытып, баламен оңаша «ересектерше» сөйлесу керек. Бала үстінен шағым айтпай, ата-ананы да тартуға болады. Белгілі бір уақыттан соң (егер бала мінез-құлқында басқа ауытқулар болмаса) бәрі орнына келеді.
Мұғалім мен оқушылардың, оқушылардың өзара қарым-қатынасында оқудың бастапқы кезеңінде маңызды мәнге олардың оқу процесіндегі жетістігіне және сәтсіздігіне мұғалімнің бағасы ие. Баланың іс-әрекетін қабылдау психологиясының бағасы оның бүтіндей жекелік бағасы болып табылады. Бұған кез-келген ересектердің балаға қоятын сұрағы: «Сен қалай оқисың, қандай баға аласың?», «Сен бүгін қандай баға алдың?» дәлел. Егер мұғалім баланың оқудағы жетістігін ескерсе, онда сыныптағы балалар да, ата-аналар, сыныптастардың ата-аналары солай бағалайды.
Әрине, мұғалім оқушылардың жетістігін бағалауы керек. Әрбір баланың ұсақ, тіпті мүлде көзге ілгісіз жетістігі сынып оқушыларының көзінше жеткізілуі, ал жетіспеушіліктер мен қиынсыздықтарын дауысқа салудың қажеті жоқ, балаға оңаша айту керек. Өкінішке орай, көп мұғалімдер көпшілік алдында ұялту әдісіне салады: «Балалар, қараңдар, Самат үй тапсырмасын қалай орындаған, қалай болса солай. Сен мүлде тырыспайсың, Самат бар балаға кесіріңді тигізесің». Осыдан келіп бала мінез-құлқында ашушаңдық, жылампаздық сияқты ауытқулар пайда болып, бала мектепке барудан бас тартады, үлгерімі тө-мендейді.
Жалпы бастауыш сыныпта балалар мұғалімнің, ата-аналардың және басқа ересектердің пікіріне бағынады, ал жеткіншектік кезеңнен бастап ересектік сезім қалыптасып, жаңа талаптар пайда болады. Өзіндік баға, қарқынды физикалық даму және биологиялық жетілу жүргізіледі.
Жеткіншектердің «қиындығы». Қазақтың көрнекті ғалымдарының бірі М.Мұқанов жеткіншек жасындағыларды былай сипаттайды: «балалық шақтан өткен, бірақ ересектікке әлі жетпеген 11-12 жас пен 14-15 жас аралығын қамтитын балаларды халық психологиясында «жетіліп келе жатқан», яғни «жеткіншек» деп атайды. Олар істі игеру жағынан әлі «бала», ал талап қою жағынан – ересек. Өз мүмкіндігін ажырата алмастан, «бәрін өзім істей аламын», «сендер мені әлі бала деп ойлайсыңдар» деп үлкендерге наразылық білдіреді, шамасы келмейтін істерге ұмтылады. Бұл кезеңге «қиын жас», «өзгермелілік», «құбылмалы шақ», «акселерация», «өтпелі кезең» ұғымдары жиірек таңылады».
Жеткіншектердің ересектер талабына оңайлықпен көнбейтіндігінің себептері:
— Біріншіден, олардың оқудан басқа айналысатын шаруасы болмағандықтан;
— Екіншіден, радио, теледидар, т.б. ақпарат көздерінен ересектерге арналған хабарларды көріп, соған еліктегендіктен;
— Үшіншіден, өзінен үлкен балалармен танысып, солардың жарамсыз әрекеттерін ерлік тұтқандықтан.
Жеткіншектердің «қиын» болуының бір себебі дамуының бір сатысынан екінші сатысына өтуіне байланысты дағдарысқа ұшырау салдарынан. Психикалық дамуында жаңа құрылымдар пайда болып, содан бала қиналысқа түседі, уайым шегеді. Жеке басындағы жеке толқыныстары олардың үйреншікті істерге қатысын өзгертеді. Нәтижесінде, мұғалімдер шағымданатындай тәрбиеге көнбеуге айналады.
Жеткіншектер мінез-құлқына әлеуметтік факторлармен бірге биологиялық факторлар да елеулі әсер етеді, мәселен, олардың дене құрылысы онша үйлеспейді. Денесін тік ұстамай бір жағына еңкейіп, не қисайып тұруы, бүкшиіп жүруі дене мүшелерінің біркелкі дамымауынан әрі ұялғандықтан болады. Олардың аяқтары, қолдары, белі, мойны тез өседі де, көкірек қуысының (ер балаларда) өсуі кешеуілдейді: қан айналымы бірқатар өзгерістерге ұшырайды, жүрегінің көлемі тез өсіп,салмағы артады. Осының нәтижесінде жүрек қанды көп айдайды да, түтіктерінің тесігінің көлемі кішкентай болғандықтан, қанның қысымы көбейеді, сөйтіп жүрек жұмысын нашарлата бастайды. Ол өз кезегінде жүйке жүйесіне әсер етіп, жеткіншек қызба, ашуланшақ, ызақор болуы мүмкін.
Баланың эндокринді жүйесі де өзгеріске ұшырайды. Гипофиздік гармондар жыныс безінің жұмысын әсерлендіріп, жеткіншекті жыныстық өмірге дайындайды. Ми қабығы жасушалары тітіркендіргіштерге әсерленгіш келеді. Жеткіншек дағдарысының биологиялық табиғаты басты, әрі міндетті алғы шарт болса, әлеуметтік қоғамдық табиғаты да маңыздылығы жағынан еш кем соқпайтын фактор.
Жалпы жеткіншектердің «қиындығының» астары неде?
— Біріншіден, қарым-қатынастар саласының, ең бастысы, өзіне деген қатынасының бұзылуы;
— Екіншіден, танымдық саласының бұзылуы. Танымдық үрдістердің даму деңгейінің төмендегі және тежелуі, танымдық қажеттіліктердің дамымай қалуы;
— Үшіншіден, мінезінің дұрыс дамымауы немесе патологиялық дамуы (ауытқуы).
Жеткіншектердің қиындығының себебі педагогикалық назардан тыс қалуына да байланысты. Мектеп жасына дейінг дамуда мінез-құлық деңгейіндегі пайда болып, бастауыш сынып кезінде дидактикалық деңгейдегі жаңа құрылымдық сипат алатын педагогикалық назардан тыс қалу жеткіншектік шақта әлеуметтік-педагогикалық жағдайға ауысады. Бүгінгі таңда халық ағарту саласындағы әлеуметтік-психологиялық қызметтің басты мақсаты назардан тыс қалған балалармен жұмыс болып отыр. Бірақ осы игілікті шара жолында ұстаздар қауымы мен ата-аналар, балалардың өздері белсенділік танытса нұр үстіне нұр болары сөзсіз.
Жоғарғы сынып оқушылары. Жоғарғы сынып оқушылары ата-аналарын өзінің досы немесе ақылшысы ретінде көргісі келеді. Қанша дербестікке ұмтылса да жасөспірім қыздар мен жігіттер өмірлік тәжірибені, көмекті қажетсінеді. Өздерін толғандыратын көп сұрақтарды құрдастарымен талқылай алмайды: өзіндік сезімі кедергі жасайды, өзімен шамалас өмір сүріп жатқан адам қандай ақыл бере алады дейсің деген ой қалыптасады.
Теориялық тұрғыдан қарайтын болсақ бала туралы баланың өзінен де жақсы білетін ата-анасы болып табылады. Ата-анаға баланың көзқарасы қандай екендігін білу мақсатында жоғарғы сынып оқушылары арасында анкета өт-кіздім.
1. «Адамның мінез-құлқы ата-анадан мұра болып қалды деп ойлайсың ба?» деген сұраққа, бір оқушы «мінез – мұра емес, ол – дара ерекшелік» десе, келесі оқушы «менің ойымша,әкеден алған мінезді шешенің мінезі толықтырып отыратын сияқты. Ешқашан екі адам бірдей болмайды ғой» деп өз ойын білдіріпті.
2. «Сіздің ата-анаңызға ұқсағыңыз келе ме?» деген сұраққа бір оқушы «жоқ ұқсағым келмейді. Өйткені кейбір ата-анамның қылықтары маған ұнамаған сәттте, менің де осындай болатыныма сенгім келмейді. Ата-анамның мінезі бір қалыпты болмайды ғой, сондықтан мен басқаша болғанын қалаймын» депті. Келесі бір оқушы «әрине, олар менің кумирім ғой» деп жауап беріпті.
3. «Қиын кезеңде кіммен ақылдасар едің?» деген сұраққа оқушылардың көпшілігі анасымен кейбірлері әпкесімен, ағасымен, сосын анасымен депті. Бірен- саран оқушылар ғана әкесімен кеңеседі екен.
4. «Сіздің ішкі толқынысыңызды кім айтпай түсінеді деп ойлайсыз?» деген сұраққа көп оқушылар «ешкім түсінбейді» десе, бір оқушы «менің ішкі толқынысымды түсінетін бір адам бар, ол – менің анам» деп жауап берді.
Жалпы бұл жерден балаға кім көбірек көңіл бөлсе, бала соған жақын деген қорытынды шығады.
Көп жағдайда мінез-құлық ауытқушылығының пайда болуына және қалыптасуына психоәлеуметтік себептер негіз болып табылады. Қолайсыз биологиялық негізге сүйене отырып балалар мен жеткіншектер мінез құлқындағы уақытша немесе белгілі бір дәрежедегі тұрақты ауытқуларға алып келеді. Психоәлеуметтік қолайсыз факторлар ішіндегі негізгі рөл балаға ең жақын- отбасылық тәрбиеге тиесілі.
Отбасы – бұл өзіндік әдет-ғұрып, салт-дәстүрі, өмір құндылықтарын бағалайтын ерекшеліктері, этикалық және эстетикалық қажеттіліктері, өзара қалыптасқан қарым-қатынасы бар микроәлеуметтік топ және ол баланың қалыптасуына сөз жоқ ықпал етеді. Үлгілі отбасында да «қиын» балалар тәрбиеленеді, дегенмен көп жағдайда балалардың теріс қылықтарының себептері тәрбиедегі кемістіктерге байланысты. Тәжірибе көрсеткендей, көбінесе, «қиын» балалар қолайсыз отбасында болады. Соңғы уақытқа дейін кең тараған мұндай отбасыларын «ішкіш» ата-аналар құрап келеді. Мұндай отбасы –баланың психикалық жарақаттануының көзі, сол сияқты баланың өскен ортасындағы материалды-тұрмыстық қолайсыздық болып табылады. Бала мінез-құлқындағы ауытқуға «толық емес» отбасы, көбінесе әкесі жоқ, ал ұл бала үшін әкенің рөлі ерекше. Сол сияқты анасы жоқ болмаса әжесі, атасы немесе жақын туысы тәрбиелейді. Кей жағдайда «бұзылған» отбасында өгей әке, өгей шеше жақсы көзбен қарағанмен де, ұрыс-керістегі қарым-қатынас баланың дамуына теріс әсер етеді.
Отбасындағы дұрыс емес тәрбие түрлері
1. Гипоқамқоршы (гипо-әлсіз) немесе қараусыздық түріндегі тәрбие. Көбінесе адамгершілікке жат мінез-құлықтағы немесе әке-шешесі ішімдікке әуес, толық емес отбасыларында болады. Мұндай тәрбие балаға толық еркіндік берумен жүргізіледі. Мұндай отбасында «ішкіш әке» бала тәрбиесімен мүлде айналыспайды, тек уақыт өте келе «қатал шаралар», «тыйымдар» қолдана бастайды. Дегенмен, бұл шаралар іске аспайды, өйткені бала алдындағы әке беделі жоқ. Мұндай отбасында анасы отбасылық бюджетті толтыру қамымен жүр-етіні белгілі, баланың тәрбиесіне көңіл бөлуге уақыты қалмайды, сонымен қатар, мұндай аналардың жүйке жүйесі тұрақсыз, олардың өздері невротикалық реакцияға бейім болады. Осыдан келіп отбасында ауыр, ұрыс-керісті, шиеленушілік жағдай қалыптасады, аяғы – баланың үйден қашуына әкеліп соғады. Мұндай балалардан ешқандай тәрбиелік мінез-құлық талап етілмейді, олар қараусыз қалғандықтан жауапкершілік және парыз сезімдері қалыптаспайды. Қараусыз балалар ата-ана жұмысқа алаңсыз беріліп, баланың тәрбиесіне уақыт қалмайтын отбасында да болады.
Қараусыз қалған жеткіншектердің мінез-құлқындағы ауытқулар көптеген зиянды әдеттерге, ерте темекі шегуге, ішімдікке, нашаға, токсикоманиялық заттарға деген әуестігіне әкеледі.
2. Гиперқамқоршы (гипер-жоғары) тәрбие түрі. Мұндай тәрбиеде бала үлпілдеген жағдайда, шексіз қамқорлық, өмір қиындығынан шеттетілген немесе үнемі оның денсаулығына үрейлену сезімі арқылы туындайды. Мұндай тәрбие түрі зиян, бұл баланың дербестігінің жойылуына, енжарлыққа, қажырсыздыққа инфантильдікке (тежелушілікке) әкеледі.
3. «Отбасы кумирі». Бұл жиі кездесетін тәрбие түрі. Мұндай отбасында бала зейіннің ортасында, яғни оның сыртқы әлпетіне қатысты («ең сұлу»), психикалық қасиетіне қатысты («ең ақылды») мақтап отырады. Мұндай жағдай отбасында әкесі, шешесі, әжесі, атасы және т.б. жақын туыстары бетіне қарап отырған жалғыз балаға қатысты. Мұндай балаға бәріне рұқсат, шектен тыс еркіндік беріледі, бар еркелігі және тілегі орындалады. Бұл тәрбие түріндегі бала бағалы заттарға, көп ақшаға құмар келеді де, эгоист болып өседі, қандай да бір амалмен басқалардан ерекшеленіп, өзгелердің назарын өзіне аударуға тырысады. Өз арманы орындалмаған жағдайда ызалы, агрессивті, кейде өз өмірін қиюға (дәрі ішуге, өз тамырын кесуге) дейін барады.
4. «Күлше қыз» түріндегі тәрбие түрі. Кейінгі кезде тәрбиенің бұл түрі жиі кездесіп жүр. Мұнда ата-ана немесе оларды алмастырушы адамдар шектен тыс қаталдық көрсетіп, олардың мүмкіндігінен тыс талаптар қояды. Үлкендер сөзсіз тіл алуды талап етеді және балаға ең зияны өзгелердің көзінше оның намысына, абыройына тіл тигізіп, жазалау нәтижесінде балада өз-өзіне сенбеушілік, жасқаншақтық, өз қызығушылығын қорғай білмеу, үрейлілік, ұялшақтық қалыптасады. Кей жағдайларда ашушаңдық, қозушылық, агрессиялық сияқты мінез-құлықтар дамиды.
Сонымен, кез-келген бала психикалық дұрыс дамуына дүниеге келген сәттен психологиялық, сезімдік, ақпараттық ықпалды қажет етеді. Ең әуелгі кезекте бала сезім шуағы мен махаббатты қажетсінеді. Егер ол қажетінше сезімдік қолдаумен қамтамасыз етілсе, ойыншықтың жетіспеуі, тәрбие жетімсіздігі және ағарту ісінің олқылықтары, ал кейде бір сезім мүшесінің болмауының да орнын толтыра алады.
«Адам баласы өмір деп аталатын қысқа ғұмырдың мәнін толық түсінбейді. Бүлдіршін ес біле бастағаннан: «мен ертең жігіт болғанымда…» дейді. Ал жас жігіт «мен ертең ер жеткенімде…» деп бастайды. Үйленгенмен ештеңе өзгермейтінімен шаруасы жоқ. Осыдан кейін: «мен зейнеткерлікке шыққаннан соң…» деп ойлайды. Зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейін өзінің жүріп өткен өмір жолына қараса, қаншама алтын уақытты босқа өткізгеніне, енді ештеңені кері қайтара алмайтындығына өкінішпен көз жеткізеді. «Бұл өмірдің мәні бүгінгі күн мен бүгінгі сағатта екенін кеш түсінеміз» деген атақты америкалық ғұламасы Стивен Ликоктың осы бір сөздері ащы да болса шындық. Ауырлық өз басына түспесе сезінбейтін пендешілік өмірде аз да болса өз ұрпағымызға мән беру біздің ересектердің үлесі екені де жасырын емес.
Мектеп қабырғасында дәріс алып жүрген оқушының бір күнінің жартысынан астамы білім ұясында өтеді десек, егер баланың болашағы ойландырар ата-ана болса ұстаздар қауымына жиі соғып, өз баласының білімімен, тәрбиесімен ой бөліседі, сабаққа енеді. Жалпы ата-ана «алтын» уақытын бөліп баланың сабағына қатысса, біріншіден, мұғалімнің сабақ беру деңгейін, екіншіден, өз баласының сабақтағы тәртібін, зейінін қадағалар еді. Ата-анасының сабағына қатысқанына оқушының да мерейі өсіп, көңілі көтерілер еді.
«Бала бауыр етіміз» десек, «теңізге тамшыдай» тамып, жәрдеміміз қажет болса, біз әрқашан көмектесуге әзірміз.

Leave A Reply