Сатханова Бахытгүл Жаннатхожақызы,
Психолог, А.С.Пушкин атындағы №20 мектеп – лицейі, Атырау қаласы, Атырау облысы
Бүгінгі білім беру үрдісінде жеке тұлғаның қалыптасып, ой-өрісінің дамуы, өздігінен қоршаған ортаны танып білуі, белсенділігінің артуы, шығармашылық міндеттерді ойдағыдай шешуде мұғалім және мектеп психологының тарапынан көп жұмыс жасалуы тиіс.
Мектептегі оқытудың негізгі мәселелері- оқушылардың оқу үрдісіндегі танымдық қызығушылығын арттыру, танымдылық жан қуаттарының оятуына түрткі болу.
Денсаулығы дұрыс дамыған кез келген оқушы мектеп бағдарламасын толық игеруі керек. Оқушылардың көпшілігі оқу бағдарламасын қиындықпен, ал кейбіреуі негізгі пәндерден ұзақ уақыт бойы үлгермейді.
Үлгермеуші оқушыларды зерттеу кезінде ғалымдар екі мәселеге тоқталады: біріншісі – Оқытушы қалай оқытады?, екіншісі – Оқушы қалай оқиды және осы кезде оның дамуы қалай жүзеге асады?
Дидактиктер бұның себептерін педагогикалық психологиялық жағдай, оқу- тәрбие үрдісі жағынан қарастырады. Ал психологтар үлгермеуші оқушылардың оқу үрдісіндегі оқу іс –әрекетінің жеке ерекшеліктеріне тоқталады.
П.П.Борисов үлгермеушіліктің себебін айқындауда оны ірі төрт топқа бөлген:
— Педагогикалық себептерге: жеке пәндердің берілуі, былтырғы білімінде қалыс қалушылықтар, келесі сыныпқа дұрыс көшірілуі;
— Әлеуметтік –тұрмыстық себептер: өмір сүрудің жағымсыз жағдайы. Ата-анасының дұрыс үлгі бермеуі. Отбасының материалдық қамтамасыздығы, отбасы тәртібінің жоқтығы, баланың бақылаусыздығы.
— Физиологиялық себептер: ауру, денсаулықтың жалпы әлсіздігі тыныс алу жолдарының ауруы. Жұқпалы аурулар, орталық нерв жүйесінің қимыл функциясының бұзылуы, нерв жүйесінің аурулары.
— Психологиялық себептер: зейін, есте сақтау, ойлаудың даму ерекшеліктері, түсінудің нашарлығы, сөйлеу қабілетінің дамуының жеткіліксіздігі, танымдық қызығушылықтың қалыптасуы, дүниетанымының тарлығы.
Қазақстан бойынша үлгермейтін оқушылардың 20% йод жетіспеушілік, 12% бастың ішкі қысымының жоғары болуымен тікелей байланысты.
Сонымен қатар үлгермеуші оқушыларды үш топқа бөлуге болады:
Барлық пәндерден үлгермейтін оқушылар.
Негізгі пәндерден ұзақ уақыт үлгермейтін оқушылар.
Кей кездерде үлгермейтін оқушылар.
Оқушылардың ұзақ уақыт үлгермеуінің себебі, психикалық функцияның әлсіз, нашар дамуында оқушылардың есте сақтау мен зейін ерекшеліктерінің айырмашылығы айқын көрініс алады.
Оқушының ойлау әрекеті сапасының жоғарылығы оқуға деген теріс қатынасының болуы және оқушының бағыттылығы толық емес жарым – жартылай болуы.
Оқушының ойлау әрекетінің сапасының төмендігін, оқуға деген теріс
қатынастың болуы және оқушының бағыттылығы жарым- жартылай емес толық жойылуы.
Осы ерекшеліктер үлгермеуші оқушылардың типтерін анықтайды
және үлгермеушіліктен құтылудың жолын көрсете алады.
Үлгермеуші оқушылардың танымдылық белсенділігін арттыруда мұғалім тарапынан шығармашылық пен ізденісті қажет етеді.
Оқушылардың таным үрдісін тиімді ұйымдастыру арқылы оқу белсенділігін және танымдық қызығушылығын дамыту жөнінде зерттеулер қатарына психологиялық тұрғыдан: С.Рубинштейн, Л.Эльконин, В.Давыдов педагогикалық жақтан Ю.Бабанский, Г.Щукина, ал әдістемелік тұрғыдан Н.Хмель, А.Әбілқасымова жатқызуға болады.
Үлгермеуші оқушыға көмек көрсетудің тиімді жолдарын айқындауда ең алдымен оқушының мектептегі проблемаларының себептерін және оқу – танымдылық іс –әрекеті мен жүріс – тұрысына тән ауытқулардың ерекшеліктерін түсіну қажет.
Осының нәтижесінде баланың жалпы дамуына, бағдарлама талаптарына танымдылық мүмкіндіктерінің сәйкестігі оқушыға кешенді бағалау психо-педагогикалық және медициналық көмек көрсету жолдарын айқындайды.
Оқудағы үлгермеушілікке апаратын ауытқушылықтар жеке дара дамуының бір немесе бірнеше аспектіде көрінуі мүмкін: физикалық және психикалық денсаулығы, баланың танымдылық деңгейінің қарқыны, оның эмоционалды- тұлғалық даму ерекшелігі. Сондықтан баланың даму қарқыны мен көмек көрсету бағдарламасын құруда көптеген мамандар қамтылуы керек (дәрігер, психолог, логопед, әлеуметтік педагог, пән мұғалімдері).
Мұғалім мен оқушының іс-әрекетіндегі өзара байланысының күрделі үрдісінде қалыптасатын оқуға деген субъект – объективтілік қарым – қатынасқа өтудің маңызы зор. Оқушының ойын ояту, түйінді сұрақ қою, оны таңғажайыптармен таңырқата білу, танымдық қызығуды тұрақтандыратын белсенді өзіндік іс-әрекеттерге қатыстыру шараларын ұйымдастырғанда мұғалім мен мектеп үлгермеуші оқушыны жоя алады.
Үлгермеуші оқушының негізгі принциптері:
Тиісті пән негізіндегі нақты және арнайы білімде қалыс қалулар, оның негізінде оқушы оқылатын түсініктердің, заңдылықтардың, теорияның негізгі элементтерін сипаттап бере алмайды және практикалық іс- әрекет орындай білмейді.
Оқу – танымдық іс-әрекетінде дағдылардың қалыс қалуының салдарынан, берілген уақыт ішінде оқушы білім, білік, дағды көлемін меңгере алмайды, жұмыс қарқыны төмендейді.
Даму деңгейі мен тұлғалық қасиеттердің тәрбиеленуінің жеткіліксіздігі негізінде, оқушы сәтті оқуға қажетті өзбетінділік, ұйымдастырушылық, шыдамдылық және басқа қасиеттерді көрсете алмайды.
Үлгермейтін оқушыға көрсетілетін көмектің тиімді жүйесі:
Оқу іс-әрекетін жоспарлау (қайталауды қалыс қалуды алдын алуға бағытталған жаттығуларды орындау, талдау және қатемен жұмыс жасау негізінде оқу іс-әрекетін жүйелеу);
Оқу іс-әрекеті барысында нұсқау келтіру;
Оқу іс-әрекетін ынталандыру (мадақтау, жетістік жағдаятын ұйымдастыру, белсенді еңбекке ұмтылдыру т.б.);
Оқу іс-әрекетін диагностикалау (оқушыны жиі сұрау, барлық үй тапсырмаларын тексеру, оқу іс-әрекет барысында өзіндік бақылауды белсенді ояту т.б.);
Өзара көмекті ұйымдастыру;
Оқушымен қосымша сабақты ұйымдастыру;
Кешенді психологиялық – медициналық қолдау көрсету
Үлгермейтін оқушыны алдын алу шаралары:
Әрбір сабақтың тиімділігін жан-жақты арттыру;
Оқуға танымдылық қызығушылықты және танымдылық мотивін қалыптастыру;
Оқушыға жеке дара көзқарас ұстану;
Үй тапсырмаларының арнайы жүйесін құру;
Ата-анамен жұмысты күшейту;
Оқушының оқу жауапкершілігін арттыруда сыныптағы белсенді оқушылардың жұмысын қатыстыру.
Көптеген мектептерде физиологиялық себептердің алдын алуда йодомарин, дибазол, ценаризин дәрі – дәрмектерін таратумен қатар фитотерапиялық көмек көрсетілуде (балаларға дәрумендерге байытылған арнайы шай беріледі).
Біздің елімізде мұғалімнің жеке тұлғасына үлкен талаптар қойылады. Мұғалімге өз оқушыларының арасында шынайы беделге ие болуы және оларға үлгі бола білуі қажет. Аталған талаптарды орындай отырып ол оқушыларды оқыту мен тәрбиелеуде оңды нәтижелерге қол жеткізе алады.
Н.Добролюбов былай деген: «…нағыз тәрбиеші бәрін білуге тиіс, сонымен бірге ол тәрбиеленушіні ойландыратын барлық сұрақтарды алдын ала шеше білуге, бала жанын мазалайтын барлық ойлар мен пікірлерді, қиындықтарды, тұжырымдарды талдап, талқылай білуі тиіс». Ол үшін мұғалім қазіргі заманғы ғылым негіздері жайлы жан-жақты, терең біліммен қарулануға, оқу пәнінің мазмұнын мүлтіксіз білуге, өз мамандығымен байланысты басқа ғылым салалары жайлы хабардар болуы тиіс.
Оқыту тиімділігін арттыру үшін берілген психологтың нұсқаулары:
1. Әр түрлі жағдайларға сәйкес мұғалім өз жеке ережесін қолдануы керек
2. Мұғалім сынып тазалығын бақылауы керек
3. Мұғалім тәртіпті қадағалауы керек
4. Сыныпта мұғалім үнемі қозғалыста болуы керек
5. Мұғалім ашық және эмоционалды түрде жанжал жағдаяттарын сабақта шешпеуі керек (нұсқау: Көзбе-көз сөйлесу).
6. Мұғалім оқушымен жеке жұмыс жүргізген кезде, берген тапсырмасы оқушыны қызықтырды ма, соған көңіл бөлу керек
7. Мұғалім көбіне оқушыларға тапсырма берген кезде, белгілі бір ережелерге сәйкес, оқушыларға үнемі көмек бермеуі керек
8. Оқушының жіберген қателігі үшін қатты сөкпеуі керек
9. Сұраққа жауап беру кезінде оқушыға қателігін өзі дұрыстауы үшін уақыт беруі керек
Үлгерімі нашар оқушылардың мықты жақтары да болады:
— үйде олар оқшауланбай жұмыс жүргізе береді;
— олардың белсенділігі кеш пайда болады, әрі көпке дейін сақталады;
— олар бірізділік жұмысқа бейімделуі байқалады;
— олар өздері жеке өз жұмысын ұсынуға мүмкіндігі бар, тапсырмаларды орындау қабілеттері бар.
Мектеп психологтарының бұл істегі атқаратын міндеті қандай? Енді соған қысқаша тоқталсақ, ең алдымен, психологтар мұғалім мен сынып жетекшісінің жұмысымен танысуы керек (үлгермеу себептерін айқындау, біліміндегі олқылықтар сипаты) Оқушылардың үлгермеушілігінің себептерін зерттеу мақсатындағы мектепте педагогикалық дөңгелек үстелдер, семинар, тренингтер өткізілуі тиіс. Олардың тақырыптары: «Нашар үлгеретін және үлгермейтін оқушыларға білім беру үрдісін белсендіру», «Үлгермеушілікті болдырмау және алдын алу жөніндегі ұстаздар қауымының іс-әрекеті», т.с.с. бұл шараларда оқушыны зерттеудің жалпы бағдарламасы қарастырылып, пікірлер тыңдалып, үлгермеушілік себептерінің айқындалуы және жеке оқушыны оқыту мен тәрбиелеуді жетілдіру шаралары қарастырылуы қажет. Бұл жұмыстар оқушы үлгермеушілігінің себептерін білуге, алдын алуға бағыт береді, көмектеседі.
Үлгермеушілікті болдырмаудың әдістері мен түрлері:
бірінші жарты жылдық барысындағы мұғалімнің қойған бағаларын және олардың нормаларға сәйкестігін талдау (бақылау жұмыстарын, оқушылардың дәптерлерін, журналдағы, күнделіктердегі бағаларды талдау);
мұғалімнің сабақ барысында үлгермеушілікті болдырмау жөніндегі жұмысының түрлері (сыныптағы және үй жұмыстарының саралық сипаты, қателерінің алдын алу);
қателермен жұмыс жүйесі және оқушылардың жадынамаларымен саналы түрде жұмыс істей білу;
оқушылардың үлгермеушілігіні болдырмау жөніндегі әкімшіліктің іс-әрекеті.
Нашар, жақсы үлгеретін оқушыларды бақылау түрлері.
Сабақтағы бақылау бағдарламасы. Оқушылардың үлгермеушілігін болдырмауға бағытталған шаралар жүйесі. Сынып оқушыларына төмендегідей сұрақтар қойылады:
сыныпта достық қарым-қатынастар жағдайы жасала ма?
тақта алдында жауап беру кезінде оқушыларға көмекші құралдар қолдануға рұқсат етіле ме?
тақырыптың негізгі бөлімдеріне ерекше мән беріле ме?
оқушылардың үнемі қайталанатын қателеріне назар аударыла ма?
оқушылардың жауабын көтермелеу тәсілі қолданыла ма?
жетістікке жетуге жағдай жасала ма?
Жаңа тақырыпты түсіндіру кезінде:
Нашар үлгеретіндерге жаңа тақырыпты баяндау жылдамдығы қиындық туғызбай ма?
Жаңа тақырыптың негізгі мәселелері ерекше айтылып көрсетіле ме?
Мұғалім нашар үлгеретін оқушылардың жаңа тақырыпты түсіну деңгейін анықтап ескере ме?
Тақырыпқа қызығу туғызатын техникалық, т.б. құралдар қолдана ма?
Нашар үлгеретін оқушылар әңгімеге тартыла ма?
Жаттығу кезінде:
Өз бетімен жұмысқа арналған жаттығулар дұрыс таңдалды ма?
Нашар үлгеретіндерге өз бетімен жұмыс кезінде көмек көрсетіле ме?
Оқушылардың қабілеті ескеріле ме?
Өз бетімен жұмыс кезінде оқушылар өзін тексеруге дағдыланған ба?
Үй тапсырмасын түсіндіру кезінде:
үй тапсырмасының көлемі сол сыныпқа сай ма?
Үй тапсырмасына қатемен жұмыс енгізілген бе?
Мұғалім үй тапсырмасын нақты, жете түсіндіре ме, кездесер қиындықтар жөнінде ескерте ме?
Нашар үлгеретін оқушылар үшін жеке тапсырмалар қарастырылған ба?
Оқушының үлгеріміне ықпал етуші қоршаған орта дегенді кең мағынада қолдануға болады. Оған табиғат, жан-жағындағы жолдастары барлығымен орнатылған тығыз қарым-қатынас жақсы нәтиже береді. Сол сияқты денсаулықтың да сабақ үлгеріміне әсері зор.
Оқушылардың үлгерімін жақсарту бағытындағы жүргізілетін жұмыс түрлері
Әлеуметтік жағдайы төмен
Ата-ана баланың жағдайын жасауға көмектесе алмайды. Өзі күнде ішкілікке салынып жүреді. ГДН есебіне алып ата-аналық құқықтан айыру. Ішкіліктен арылу жолдарынан көмек көрсету. Мектеп тарапынан көмекке келу.
Мұғалім мен ата-ана байланысының төмендігі
Мектепте ата-ананы қызықтыратын іс-шаралар ұйымдастыру. Ата-анамен жиі қарым-қатынаста болу жолдарын қарастыру. Айына бір-екі рет ата-ананың сабаққа қатысуына мүмкіндік жасау. Мұғалім өз талаптарын жете білу. Баланың төмендеу себептерін ата-анаға баласының іс-әрекет барысында ашып көрсете білу
Денсаулығының нашарлығы
Денсаулық – зор байлық. Ендеше денсаулығы дұрыс бала болмаса, баланың сабақты қабылдау деңгейіне кедергі келтіреді. Мектепке бала қабылданғанда әр мұғалім өз алдындағы баланың денсаулығын жетік білуі қажет. Мектеп дәрігерлерімен бірлесе отырып, балалардың денсаулық куәлігімен таныса отырып, ауру себептерін білу. Диагностикалық карта жасап, ауруды алдын ала пән мұғалімдеріне мектеп басшыларына ескерту.
Еріншектік пен жалқаулықтың қалыптасуы
Бұл кемшілік ата-ана мен мұғалім тарапынан кетуі мүмкін. Бұл көбінесе ата-ананың тарапынан жиі қадағалаудың болмауынан туындайды. Мұғалім тарапынан баланың психологиялық жағдайын жетік білмегендіктен, пәнге белсенділік пен қызығуын жоғалтады. Сондықтан кемшілікті алдын алып тез жою үшін оқушы бойында ерінбей еңбек етуге, кітап оқуға, оқығаннан жазбаша түрде жазып беруге, өлең, мақал-мәтелдерді жатқа айтуға, жұмбақтарды шешуге бала кезден қалыптастыру керек. Жалқаулықты бала бойында болдырмау үшін үнемі жаса,ан істеріне баға беріп, еңбекпен келген нанның тәтті болатынын сездіру керек.
Ата-ана қадағалауының төмендігі
Ата-ана қадағалауының төмендігі оқушының оқу сапасының төмендеуіне әсер етеді. Ата-ана мен мұғалім арасындағы жиі қарым-қатынас ата-ана қадағалауына мүмкіндік ашады.
Сабақты себепсіз босатуы
Ата-ана қадағалауының аздығы, ата-ана мен мұғалім арасындағы қарым-қатынгастың төмендігі баланың жаман қылықтарға әуестенуіне жол ашады.
Сол себепті мұғалім баланың сабақтан қалу себептерін айқындап ашып, ата-анасымен кездесіп, пікір алысуы және мектеп басшысына осы жайында хабарлама түсіріп отыруы керек.
Қоғамдық ортадағы кері әсерлер
Оқушының мектептегі және үй ауласындағы достарын біліп отыру. Жас жағынан үлкендермен араласпауын қадағалау. Баланың басқа ортаның адамдарымен араласуын болдырмау. Бос уақытын көшеде не аулада өткізуіне жол бермеу, баланың мектептен тыс уақытында үйірмелерге, спорт түрлерінің секцияларын сынып балаларымен бірге баруын қалыптастыру.
Жұмыс түрлерін ұйымдастыруда оқушылардың үлгерімін жақсарту барысында үш түрлі бағытты атап көрсетуге болады. Осы үш бағыттың бірлігінде жұмыс үнемі орындалса, мұғалімдер қиыншылыққа ұрынбас еді. Олар: психо-педагогикалық, медико-биологиялық және әлеуметтік бағыттар.
Бұл бағыттар оқушының даму дәрежесіне, сабаққа қатысуына, оқу үрдісіне жеке оқушының өз қабілеті мен мүмкіншілігін пайдалану жолдарын ашуға көмек береді.