Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

2 207 қаралым

Ана – өсiредi, Әке – үйретедi

0

Ишанкулова Л.А.,
Психолог, C.Сейфуллин ЖОББМ, Ахмет ауылы, Нұра ауданы, Қарағанды облысы

«Өмірге ұрпақ келтіріп, оны асырау арқылы әке өз міндетінің үштен бірін ғана орындайды. Ол адамзатқа адам, қоғамға қызметкер, мемлекетке азамат беруге міндетті. Осынау үш міндетті орындауға қабілетті бола тұра кімде-кім оны орындамаса айыпты»деген екен Жан Жак Руссо.
Әке… Бұл үш әріпті сөзде не бар? Әке деген сөз – мейірімділік, ержүректік, әдептілік деген ұғымдармен іспеттес.
«Әке – отбасының тірегі», «Әке – асқар тау», деп теңестіреді халық даналығы. Әр бала Әкесі мен анасының махаббатының жемісі болғысы келеді. Бақытты бала тек бақытты ата-анада ғана болады. Психологтардың зерттеуі бойынша, егер әкелер балаларымен тығыз байланыста болып, тәрбиелеу міндетінің жүктемесін мойындарына алатын болса – анаға қарағанда тигізетін әсері басым болатынын айтады. Көптеген зерттеулер нәтижесі бойынша, мысалы, ана баламен ойын ойнаса, ол әкеге қарағанда, ойнай отырып, баланы күтуді жалғастырады (мысалы: ойнаса да, ол бала құлап қалмаса екен, немесе бір жерін ауыртып алмаса екен, киімін ластап тастамаса екен т.с.с.) Ал әке керісінше, күш, қозғалыс ойындарын таңдайды. Осының салдарынан баланың даму белсенділігі арта түседі екен.
С.Сейфуллин атындағы жалпы орта білм беретін мектепте 1-4 сыныптар арасында әкелерге арнап «Ана – өсiредi, Әке – үйретедi» тақырыбында тренинг өткіздім. Тренингті бірнеше кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңнің өзі екі бөлімнен тұрды: «Танысу», «Мен үшін әке болу- бұл…». Әр әке өз ойларын ортаға салып, рухани құндылықтар туралы ой бөлісті. Ал екінші кезеңде: Ы. Алтынсариннің «Әке мен бала» әңгімесі бойынша мультфильм, «Әке, мен сенің бір сағат уақытыңды сатып алайыншы», «Мен әкемді жақсы көремін», «Әке, мені вальске шақыршы?» тақырыптарында бейтероликтер көрсетілді. Бұл бейнероликтерде, отбасылық мәселелер, жұмысбасты әке мен баланың арасындағы қарым-қатынас мәселелері, әке тәрбиесі ақсап тұрған отбасындағы баланың жан айқайы және тағы да басқа мәселелерді қарастырылған бейнероликтерден тұрды. Әр бейнероликтің өзіндік тәрбиелік маңызды, себебі баланы жастайынан еңбекке баулу – анаға қарағанда, әкенің рөлі зор. Тіпті мамандық таңдауда да, әсіресе ер балалар әкенің ақыл-кеңесіне құлақ түре отырып, өз болашақ мамандығын айқындайды.
Ал үшінші кезеңде: Осыған дейін мектебімізде 1-11 сыныптар арасында зерттеу жұмыстарын жүргізілген еді. «Сенің өміріндегі әкенің рөлі қандай?» деген сауалға 1-4 сыныптар арасында сұхбат, 5-11 сыныптар арасында сауалнама жүргізілген еді. Зерттеу нәтижесіне қарап әкенің бала өмірінде маңызды роль атқаратынын дәлелдей түсті.
Ал төртінші кезеңде «Әке туралы жыр», «Әке ана» әндерін бірге шырқап, постермен жұмыс жасадық. «Асқар тауым әке» тақырыбында әр әке өз ойларын қағаз бетіне түсіріп, қорғады. Тренингтің соңы Әкелерге психологиялық кеңес беріліп, жаднамалар бердім. Бұл жаднамада:
1. Сөзден бұрын іс-әрекет.
Балаларымыз бізді іс жүзіндегі үлгі ететін тұлға кейпінде көргісі келеді. Оларға батырлар дастанын жырлайтын радио қабылдағыш сияқты тұлға керек емес. Бала үшін мың сөзден, бір жақсы іс әлде қайда өтімді. Сондықтан, жақсы әдеттерді бала бойына сіңіруде перзентіңізге бет айна болуға тырысыңыз. Тілі шықпаған бала, намаз оқып тұрған әкесін көріп өссе, оның намазға деген көзқарасы қандай болатынын пайымдай беріңіз.
2. Сыртыңызды емес ішкі болмысыңызды түзеңіз.
Бала болмысының қалыптасуы әке-шешесінің тек сыртқы қимыл-әрекетімен шектелмейді. Бала біз ойлағаннан да ішкі дүниемізге терең бойлап тәрбие алады. Әдетте, әке отбасында емін-еркін ешбір қысылмай шынайы болмысын көрсетеді. Балаға да сол керек. Ол әкенің әрбір сөзі мен қимылын қадағалап отырады. Тіпті, жүріс-тұрыс үлгісін де айна-қатесіз қайталайды. Сөзі маңызды. Бала үшін әкенің әрекетінде елеусіз және майда зат деген нәрсе жоқ. Сондықтан баланы жаман сөзден тыймас бұрын, өзіңіз тиылыңыз. Баланы жаман әдеті үшін жазаламас бұрын, қателіктің себебін өзіңізден іздеп көріңіз. Ал, баланы жазалау ешқайда қашпайды.
3. Жұмсақтық отбасы жылуы
Әке жұмсақтығы бала-шағаның жанын рақатқа бөлейді. Бұл отбасы ішіндегі бауырлардың бір-біріне бауырмал, ал әлсіз бен дәрменсізге мейірімді болып өсуіне септігі тиеді. Баланың ынжық және тартыншақ боп өсуіне әке-шешенің әдеттен тыс қаталдығы кінәлі. Сондай-ақ, бала қатыгездікті де әкеден үйренетін ұмытпаған жөн. Кейде бала тәрбиесі осы екен деп жат адамнан артық дөрекілік көрсетеді. Бұл баланың пәк жанына жарақат салмай кетпесі анық.
4. Қаталдық та қажет
Жұмсақ болу, әрине, жақсы қасиет. Алайда, баланың жаман іс-әрекетіне көз жұма қарау да қателік. Баланың әдепсіз әрекеттен тыймау – жұмсақтық пен даналыққа жат. Сондықтан да қажет сәттерде қаталдық танытып, жанұяңыздағы тәрбиелік тыйымдардың бұзылуына жол бермеңіз. Жұмсақтықпен қатар, қаталдықтың бала мінезін қалыптастырудағы рөлі өте зор.
5. Жүйелі тәлім
Әдетте әке балаларымен қарым-қатынас құруда белгілі бір жүйе түзгенді жөн санайды. Ал, кейбір ата-аналар балаларын еріксіз бір іске мәжбүрлеп жататын жағдайлар да кездеседі. Жүйенің ынталандыру және қызықтыру негізінде болғаны дұрыс. Бастапқы білім алуда күшпен және қорқытып берудің теріс әсер етері сөзсіз.
6. Сіздің сауаттылығыңыз – баланың сауаттылығы
Әке ұдайы тәрбие мәселесінде ақпарат алып, педогог пен дін мамандарынан кеңес алып тұрғаны дұрыс. Өйткені, тәрбие бірнеше жылдық емес, үнемі керек ететін шаруа.
7. Сабырлық тәрбиемен келеді
Балаға сабырлықты үйрету – әке шеберлігінің шыңы. Баламен қарым-қатынаста үнемі ашуды тәсіл етіп қолданудан сақ болған жөн. Әсіресе, жүйкесі тез сыр беретін және ашушаң әкелерге құлаққағыс. Сонымен бірге, ашу үстінде баланы ұру дегенді мүлдем ұмытыңыз. Өйткені, бұл балаға тәрбие беруден гөрі ата-ананың өз ашуын алуға жақынырақ жайт. Баланың «қылмысы» қаншалықты болса да, ашуды басып, өз қалпыңызға келген соң, баламен отырып сөйлесу әлдеқайда нәтижелі және пайдалы.
8. Достық
Бала үлкенген сайын әке онымен оңаша қалып, достарша әңгіме-дүкен құруды үйрену ләзім. Баланың жан дүниесіне үңіліп, оны не мазалайды, не қызықтырады, соны білген жөн. Бала өз армандары мен ойларын әкесімен достарша бөлісе алуына мүмкіндік жасаңыз. Бұл қарым-қатынас көпірі перзентіңіз арманы ойыншық боп тұрған шақта құрылуы керек. Әйтпесе, перзентіңіз ер жеткен кезде әке мен баланың ортасында үлкен қабырға өсіп шығуы әбден мүмкін.
9. Әке… һәм күйеу
Жақсы әке мен жақсы күйеу арасында тығыз байланыс бар. Жақсы күйеу шаңырағына жылулық жасайтын. Ол – отбасының әрбір мүшесін назардан тыс қалтырмайтын отағасы.
Сонымен қатар қызы бар әкелерге:
1. Оның не айтып жатқанын мұқият тыңдаңыз. Себебі ол өзінің ойымен бөліседі.
2. Қызыңызға әдемі екенін жиі-жиі айтып тұрыңыз.
3. Сізге ана болудың қажеті жоқ, өйткені сіздің рөліңіз басқа.
4. Ешқашан дауыс көтермеңіз. Ал егер бұған дейін дауыс көтерген болсаңыз, кешірім сұраңыз. Одан сіздің абыройыңыз түсіп қалмайды.
5. Қызыңыз жаңа ойыншық сатып алуды сұраса, міндетті түрде орындаңыз. Қыздың көңілін қайтаруға болмайды.
6. Әр қызға ханшайымға қарағандай қарау керек.
7. Үлкен қызыңыз қоңырау соқса, ақша сұрайын деп жатыр деп ойлап қалмаңыз. Мүмкін ол сіздің қал-жағдайыңызды білгісі келген шығар.
8. Қызыңыз бой жетіп кетсе де, жиі-жиі құшақтаңыз. Өйткені қыз бала әкесінің мейірімін аңсайды.
9. Көлік жөндеп жатқанда немесе басқа да бір іс істеп жатқанда қызыңыз көмек көрсеткісі келсе, бас тартпаңыз. Болашақта «әкемнен үйрендім» деп мақтанып жүреді.
10. Бірге істейтін істер болу керек. Мысалы: картоп тазалау, көлікжайға бару, т.б.
11. Қызыңыз сіздің қандай қиындық болса да қорған болатыныңызды сезіну керек.
12. Бөлмесі әрдайым таза әрі жинақы тұру керек. Қадағалап тұрыңыз.
13. Дәрігерлер мен медбикелерге сыпайы сөйлеңіз. Өйткені ол сіздің қызыңызға денсаулық тілейді.
14. Кешқұрым саябақта серуендеуді ұмытпаңыз. Сонымен қатар қызыңызбен циркке де барып тұрыңыз.
15. Ешқашан «анаң дұрыс айтпады», — демеңіз. «Біз» деген сөз қыздың психикасының дамуына мол әсер етеді. Бірге шешім қабылдаңыздар.
16. Жұмыстан кейін футбол көргенді ұнатасыз ба? Бірге қараңыз. Себебі футбол қарау арқылы қызыңыз жан-жақты болады.
17. Қызыңыз жыласа, кінәлі адамды іздеуге асықпаңыз. Жылап болғанын күтіңіз.
18. Өзіңіз ойдан ертегі ойлап табыңыз. Ол өте қызық әрі көңілді.
19. Қызыңызға анда-санда жүгіруге, секіруге, өрмелеуге рұқсат беріңіз.
20. Жолдан өткенде немесе базарға барғанда міндетті түрде қолынан ұстап жүріңіз.
21. Қызыңыздың еңбегін бағалаңыз. Не жасаса да көмектесіп, бірге істеуге тырысыңыз.
22. Киімін мұқият қадағалаңыз.
23. Оның айтқан құпиялары туралы ешкімге тіс жармаңыз. Тіпті ол өзі бәріне айтып қойса да.
24. Салған суреттеріне, құрастырған ойыншықтарына көңіл аударып, ризашылығыңызды білдіріңіз.
25. Ең соңғысы: гүлді тек әйеліңізге сыйлау міндетті емес.- деген кеңестермен қорытындыладым.
Әр әке өз отбасының тірегі, қуанышы, мақтанышы, ақылшысы және берекесі. Құрметті әкелер, сіздер барда балаларыңыз өзіне сенімді және бойларын тік ұстап, көкіректерінде мақтаныш кернеп жүретіні айдан анық. Сіздер балаларыңыз үшін тамырын тереңге жайған алып бәйтерек екендеріңізді ұмытпаңыздар. Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді дейді дана халқымыз. Ал әкелеріміз сол әлеммен бесіктің қорғаушысы. Тренингке қатысқын әкелерге алғысымыз шексіз.

Leave A Reply