Султанкубиева Асемгүл Муратовна,
I cанатты психолог, Алакөл негізгі орта мектебі, Қаратөбе ауданы, Батыс Қазақстан облысы
Мақсаты: ата-ананың бала тәрбиесіндегі қарым-қатынасы туралы түсініктер беру арқылы ата-аналардың білімін көтеруге көмектесу.
Әдіс-тәсілі: сұрақ-жауап, топпен жұмыс, шығармашылық жұмыс.
Қажетті нәрселер: ақ қағаздар (А4) маркерлер, үлестірмелер, тілек жазылған үлестірмелер, шар.
Тренинг бағдарламасы:
1. Есімдер аллитерациясы.
2. «Өз жұлдызыңызды табыңыз» жаттығуы
3. Мақал – мәтелдің мағынасын ашу
4. «Отбасылық оқиға» жаттығуы.
5. «Сиқырлы таяқша» жаттығу
6. «Тілек шамы».
Барысы:
Психолог: Қош келдіңіздер, құрметті ата-аналар және әріптестер. Бүгінгі біздің отырысымыз ерекше болады деген үмітпен тренингті бастаймыз. Тренингіміздің ерекшелігі сол, тәрбие процесіндегі қиындықтарды біз болып сіз болып пікірлесе отырып, ойымызды түйіндеп, өмір жолында пайдалану.
Отбасы – Адам баласының алтын діңгегі. Өйткені адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, осында ер жетіп, отбасының тәрбиесін алады. Сондықтан да отбасы – адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті алтын бесігі.
— Бала қанша білім алып, мектеп табалдырығын аттағанымен, оның өмірінің көп бөлігі әке-шешесінің қасында өтеді екен. Ал сіздердің ата-ана, өміріңізде үш рет мектепке баратыныңызды әрқашан естен шығармаңыз. Бірінші рет – өзіңіз, екінші рет – балаңыз, ал үшінші рет – немереңіз барады екен. Ендеше бүгінгі тренингке қатысып отырған ата-аларға әрдайым осы балаларыңыздың қорғаны болып, жүре беріңіздер демекпін!
I. Жаттығу. Есімдер аллитерациясы.
Мақсаты: Ата-аналарды бір-бірімен таныстыру.
Көңілді допты бір-бірлеріне беріп өз есімдерін айту.
— Есіміңіз кім?
— Қандай мағына береді?
— Есіміңізді кім қойды?
— Өз есіміңіз өзіңізге ұнай ма?
— Есіміңізді өзгерткіңіз келе ме?
Әр отбасынан бір адам осы жерде отырған отбасы мүшелерінің есімдерін айтып және де есімдерінің бірінші әрпінен басталатын жағымды қасиетін айту керек.
Әр отбасының сөзінен кейін қалғандары үш рет қол соғып қошеметтеп қояды.
— Сіздің есіміңізді, жақсы қасиетіңізді айтып жатқанда қандай сезімде болдыңыз?
— Өзіңіз қазіргі кезде қандай көңіл-күйде отырсыз?
ІІ. Жаттығу. «Өз жұлдызыңызды табыңыз»
Нұсқау: Жұлдызды түнді елестетіңіз. Жұлдыздар үлкен және кіші, жарық және күңгірт. Біреу үшін бұл біреу немесе бірнеше жұлдыздар, ал біреулер үшін сансыз көп, жарық шашып бірде алыстап, бірде қол созым жерде жақын орналасқан. Жұлдыздарға мұқият қарап, ең керемет жұлдызды таңдаңыз. Мүмкін, бұл балалық кездегі сіздің арманыңызға ұқсас шығар, мүмкін, ол сіздің бақытты сәби кездеріңізді еске түсірген шығар. Тағы да ол жұлдызыңызға сүйсініп, соған жетуге тырысыңыз. Бар күшіңізді салыңыз. Сіз міндетті түрде сол жұлдызға жетесіз. Аспаннан алып оны алдыңызға қойыңыз.
а) ата-ана алдарында жатқан жұлдыздардан өзіне біреуін таңдап алады.
ә) жұлдыздарға болашақта баласын қандай адам ретінде елестетінін жазады.
б) тақтаға іледі.
ІІІ. Мақал- мәтелдің мағынасын ашу
Қазақ отбасында әуелі әке, содан кейін шеше, бұлар- жанұя мектебінінің ұстаздары болады. Әке мен шешенің баласына қоятын ең бірінші басты талап тілектері баланың «әдепті бала» болып өсуі. Тәрбие басы әдептілік деп білген ата-ана әуелі баласына өздерін сыйлап құрметтеуді, өзгелерге, әсіресе үлкендерге сыпайылық танытуды, ешкімді мұқатпауды үйреткен. Сонымен қатар, балаларының ер азамат болып халқына еңбек етулерін басты міндет етіп қойған.
Ата-аналарға:
1. «Баланы жетіге келгенше тыйма, он төртке келгенше құлыңдай қина, он төрттен кейін құрдасыңдай сыйла»
2. «Бетің қисық болса, айнаға өкпелеме»
3. «Тәрбие бесіктен басталады»
5. «Сүтпен біткен, сүйекпен кетеді»
6. «Баланың жақсысы – қызық, жаманы – күйік»
7. «Әкеге қарап ұл өседі»
ІV. «Отбасылық оқиға» жаттығуы
Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта. Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Отбасының басты қазығы, алтын тіреу діңгегі – бала. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол. Отбасының әрбір мүшесі, өзара сөйлесіп, не болмаса ата-ананың, баланың міндетін атқару ғана емес, береке-бірлік, сүйіспеншілікпен араласса, босағасы берік, шаңырағы биік отбасына айналары сөзсіз.
«Отбасы» мүшелері топпен құрылған шеңбердің ортасымен жайғасады. Олар отбасындағы рөлдерін анықтап алады да, жетекші оларға қандай да бір отбасында қуанышты немесе өкінішті жағдайдың болғанын айтады, мысалы, 1 отбасыға — «Сіздерді, ата-аналар, мектепке балаңыздың тәртіп бұзушылығына байланысты шақырып жатыр. Екеуіңіз де жұмыстасыздар. Мектепке кім барады? Жағдайды білмей жатып, ең бірінші әрекетіңіз: директорға барасыз немесе сынып жетекшіге жолығасыз не болмаса балаңызды шақырып жеке сөйлесесіз».
2 отбасыға – «Балаңыз сабақтан кейін кешігіп жатыр. Сыныптастарына қоңырау шалдыңыз, олар үйіне бір сағат бұрын келгені анықталды. Сіздің іс-әрекетіңіз. Анасының әрекеті? Әкесінің әрекеті?
Осы жерде шешім қабылдауға көп ықпал еткен кім, «ата-аналар» қаншалықты «балаларының» пікірін ескере алды, «отбасы» ортақ пікірге келе алды ма, келісімге келе алды ма,сол сияқты мәселелерге көңіл бөлуі қажет.
Талқылау:
V. «Сиқырлы қарындаш» жаттығуы.
Шарларға бала тәрбиесі жайлы сұрақтар жазылып ішіне салынады. Сиқырлы таяқшаны бір-біріңе ұсына отырып, шарларды сиқырлы қарындашпен кезекпен жарып, ішіндегі сұрақтарға жазбаша немесе ауызша жауап беріледі.
VІ. Қорытындылау.
«Тілек шамы».
Мақсаты: тренинг туралы пікірлерін ортаға салу.
«Міне, қоштасатын да сәт жетті, ата-аналар. Біз сіздермен жанұядағы ата-ана мен балалар арасындағы қарым-қатынастың түрлі жақтарын тануға, жан-жақты талқылауға тырыстық. Отбасы, ұшқан ұя – жылылықтың, жылулықтың мекені. «Отбасы» атауының мәніне терең үңілер болсақ, оттың да үлкен маңызы бар екенін сеземіз. Сондықтан оттың басы, ошағымыздың түтіні түзу болуы үшін «Тілек шамы» жаттығуын бір-бірімізге тілек айта отырып жүргізейік. Бір-бірімізге мына шамды бере отырып бүгінгі кездесуден алған әсерлеріңізбен бөлісіп, тренинг барысында айта алмай қалған ойларыңыз болса барлығыңыз да осы жерде айтуларыңызды сұраймын.