Шайлаева Ару Базарбаевна,
Педагог-психолог, М.Горький атындағы орта мектебі, Луговой ауылы, Т.Рысқұлов ауданы, Жамбыл облысы
«Жігітті тәрбиелеген – әскерді тәрбиелейді,
қызды тәрбиелеген – ұлтты тәрбиелейді».
Дана халық
Сөз басын Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының: «Шығыс халықтарының арасында, жалпы мұсылман елдерінде әйел затын бөлекше бағалайтын, қарындасты қатты қастерлейтін халықтың бірі де, бірегейі де – біздің қазақ», – деген пікірінен бастағым келіп отыр.
Халқымыз «қыз-қонақ» деп, төрінен орын беріп, қыздарды алтынның сынығына балап өсірген. Жалпы бала тәрбиесіне, соның ішінде қыз бала тәрбиесіне өте көп көңіл бөлген.
Қазіргі заман қыз бала тәрбиесіне ерекше мән беруді қажет етеді. Себебі, қыз баланы тәрбиелеу деген сөз – ұлтты тәрбиелеу деген сөз. Отбасы – қоғамның бір бөлшегі. Ал отбасының алтын қазығы – әйел адам. Бесігінде жақсы тәрбие алған, үлгі-өнеге көрген қыз бала ержеткенде сол әдетін сақтайды. Бұл бағыттағы жұмыстардың көпшілігі ата аналармен қоян-қолтық араласуды тікелей қажет етеді. Ақыл да анадан дариды, дана да әйелден туады. Бүгін ол қыздар өнегелі тәрбие алса, ертең ұрпақ тәрбиелейтін қазақтың дана аналарына айналары сөзсіз. Қазақ халқының мақсаты – әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін қыз баланың бойына сіңіре отырып, қыз балаға келешекте ана, ақ босағаның аруы, шаңырақтың құт-берекесі екенін ұғындыру, әдептілікке, сыпайылыққа, инабаттылыққа, мейірімділікке, төзімділікке, шыншылдыққа тәрбиелеу. Қыздың бойжетуі, яғни, жан-жақты жетіліп, белгілі дәрежеде өмір тәжірибесіне ие болуы заңды құбылыс.
Ыбырай Алтынсариннің әңгімесінде жасынан отбасы тәрбиесін көрген бала үлкен азамат болғанда, өз мәнінде өмір сүруге бейім болады деген нақты тұжырымы бар. Ұлы ғұлама Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова: «Қыз баланың мына өмірдегі міндет-парызының жүгі ауыр, әрі ардақты. Ол – адамзат ұрпағын өмірге әкелетін болашақ ана, үй ұстап, жар күтетін адал жар, ата-ене сыйлап, иілетін қамқор келін. Ол осыны қаласын-қаламасын, бұл – өмір заңы» — деген. Баланың алғашқы тәрбие алатын орны – отбасы. Отбасында баланың мінез-құлқы, әдет дағдысы қалыптасады. Тәрбие – күрделі үдеріс. «Тәрбие отбасынан басталады» деп халық даналығы бекер айтпаған. Саналы да, білімді болашағын қалыптастыру әрбір ата-ананың мерейлі міндеті, парасатты парызы. Ата-бабамыздан қалған ұлттық тәрбиемізге дақ түсірмеу үшін барлық қажетті жауапкершілікті ата-ана өзіне алғаны жөн, себебі бала ата-ананың өмірінің жалғасы. «Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын» деп өткен ғасырдың ұлы тұлғасы А.Байтұрсынұлы айтқандай, баланың болашағына толғанар ел, ойланар отбасы қалыптасса елдің болашағы зор болмақ. Ата-аналардың оқу мен тәрбие үдерісіндегі ынтымақтастық пен бірлескен жұмысы жан-жақты болса жемісті болады. Ұрпақ тәрбиесі ұлағатты болу үшін, отбасындағы ата-ана берген тәрбие мектепте жалғасын тауып, кішкентай бүлдіршін сапалы азамат болып қалыптасу үшін мектеп, мұғалім және тәрбиеші жауапты зор міндетті атқарады. Ең бастысы – бала ата-ананың оның оқудағы жетістіктеріне қызығушылығын сезінуі керек.
А.С. Макаренко «Ата-аналарға арналған кітабында» «Бала тәрбиесінде сіздің іс-қимылыңыздың өзі шешуші рөл атқарады. Сіз тәрбиені сөз арқылы немесе үйрету, бұйыру арқылы іске асырамын деп ойламаңыз. Тәрбие өмірдің әр сәтінде іске асады. Тәрбие сіздің қалай киінетініңіз, сөйлейтініңіз, қалай күлгеніңіз, осы іс әрекеттің барлығы бала үшін өте маңызды. Ал отбасында сіз дөрекілік көрсетіп, жұбайыңызды жәбірлесеңіз осы ісіңізбен сіз балаға жаман тәрбие бересіз», — дейді. Баланы жанұяда дұрыс тәрбиелеу, оның мектепте жақсы оқуына, болашақта жақсы азамат болып шығуына үлкен ықпалын тигізеді. Еліміздің болашағы – ертеңгі тәртіпті де тәрбиелі ұрпақ екені даусыз. Баланы мектепке апарып алып қайтар жолда сырласып әңгімелесуге болатынын естен шығармаған жөн. Бала мектепте болған жайды әңгімелеп, достары жайлы ой пікірімен бөліскісі келеді. Балаға уақытым жоқ деп тиып тастамай, сұрақтарына жауап беріп өз пікіріңізді ортаға салсаңыз ол баланың ойында дұрыс пікір қалыптастырады.
Қай заман, қай қоғамда болмасын адамзат баласы жас ұрпақ тәрбиесіне зор мән беріп келген. Өркениет жолында алға ұмтылған ұлт, ең алдымен жастарға оқу білім беру ісін дұрыс жолға қоюы тиіс. Сондықтан да Елбасымыз XXI ғасырды білім жарысы ғасыры деп атап отыр. Тәрбиенің мақсаты пәнді керемет меңгерген оқушы тәрбиелеу емес, ең бастысы адамды тәрбиелеу.
Бүгінгі күні біз – әлем халқы, бір кісідей жаңа дәуір, жаңа ғасыр – жаңа мыңжылдыққа аяқ басып отырмыз. Шәкәрімнің: «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады, олар барлығынан басым болатын адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек. Бұл саналар адамды дүниеге келген күннен бастап тәрбиелейді»- деген сөзі бар. Адамгершілікке тәрбиелеу ісі білім берумен ғана шектелмейді. Бұл баланың сезіміне әсер ету арқылы ішкі дүниесін оятудың нәтижесінде оның дүниетанымын қалыптастырады.
Ата-аналардың бұйрық беріп, жетекшілік жасау уақыты әлдеқашан өтіп кетті. Сондықтан балаңызға айғайлап ұрысқаннан еш нәтиже шықпайды. Сіз жеңіліске ұшырайсыз. Оның орнына өзіңізді ұстамды, дәрежелі көрсетіп, нақты ісіңізбен ғана қарым-қатынасты орната аласыз. Жасөспірімдік жастың бір ерекшелігі – өз ісінің дұрыстығын дәлелдеу болып табылады. Оны түсіну қиын, алайда балаңызбен бірге тәуекелге бел байлауға тура келеді. Осылайша оған біршама жақын болып, өзіңіздің тапқырлығыңызды көрсетесіз.
Бала дегеніміз – болашақ. Балаларымызды қалай тәрбиелесек болашағымыз солай болмақ. Келешегіміздің қожасы балаларымызды білімді де мәдениетті, тәрбиелі де әдепті, кішіпейіл де қарапайым етіп тәрбиелеу өз қолымызда. «Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз». Отбасындағы тәрбие әрбір мүшенің өзін — өзін сақтау, ұрпақты жалғастыру, өзін-өзі сыйлау қажеттігінен туындайды. Отбасында адамның жеке басының қасиеті қалыптасады. Баланы дұрыс тәрбиелеу отбасында, алдымен, жанұя жағдайы, онда қалыптасқан он моральдық- психологиялық ахуал, татулық пен өзара түсіністік, сүйіспеншілік пен сыйластық, ауызбіршілік, отбасы мүшелерінің бір — біріне деген құрмет сезімдері, яғни, отбасындағы кіршіксіз таза, мөлдір көңіл-күйі тікелей ықпал етеді.
«Қазіргі уақытта қыз бала тәрбиесінің табысты болуы ата-аналардың тәжірибесіне, кәсіби шеберлігіне, ынтымақтастығына, отбасы мүшелерінің өзара қарым-қатынасына, көзқарастарының және мақсаттарының бірлігіне байланысты. Ол үшін ата-аналар күнделікті өмірде қыз балаларының мінез-құлқына, қажетті қасиеттердің қалыптасуына назар аударуды, тәрбие үрдісінде теріс қылықтарды болдырмауды ойластыруы шарт. Баланың көп уақыты сәби шағынан бастап отбасында өтеді. Оның өмірін, іс-әрекетін, демалысын бірқалыпты ұйымдастырып, реттеп отыру үшін қажетті жағдай керек. Ал жағдай ұтымды күн ырғағы негізінде жасалады. Күн ырғақ – бұл өмір тәртібі. Ал бала өз міндетін қашан да орындауға тырысады. Отбасында бала әр нәрсені естиді, көреді, қалай өмір сүру керек, өзін-өзі қалай ұстай білу керек, жағымды, жағымсыз мінез-құлықтарды байқайды. Сондықтан ата-ана балаға үңіле қарап, үнемі бақылап бала жан дүниесіне оң әсер ететін іс-әрекеттерді дағдыға айналдыру керек.
Қазіргі қазақ қыздарының жүріс-тұрысы, өз бойын күтуі, киім киісі, үлкен-кішіге анық. Құрбы қыздардың арақ ішіп, шылым шегіп, түнгі клубтардың есігін баққанын көргенде жаның түршігеді. Осындай әрекеттердің салдарынан қыздар жүкті болып, одан соң жасанды түсік жасатып, аналық құқығынан айырылып жатады. Батыстан бел түзеген түрлі жағдайлар біздің салт-санамызға өз әсерін тигізіп отыр. Мәліметтерге сүйенсек, еліміз бойынша жылына 200 мыңдай жасанды түсік жасалып, 1643 бала ата-ана қамқорынсыз қалады екен. Ана тәрбиесін көрген қыз әрдайым көрегенділік танытады. Жаңа ғасыр, тек жаңалықты қабылдау керек деп, шетелге еліктеп немесе ғаламтор арқылы керексіз дүниелерді қабылдаудың қажеті жоқ.
Қазіргі заман ағымына сай қыздар тәрбиесінде төмендегідей басты мәселелерге көңіл бөлінуін баса айтқым келеді:
Ата-аналармен тығыз байланыста болу, баласы туралы пікір алмасып әңгіме жүргізіп отырып тәрбиелеу өз нәтижесін бермек. Себебі, қай бала болса да (қыз, ұл) алдымен тәрбиені отбасынан алады, ата-анасына еліктейді, соларды қайталағысы келеді, ал бала жас шыбық тәрізді, қалай баулыса солай қарай бой түзейді.
«Қызға қырық үйден тыйым» деп, қыз баланың әлдебір іс-әрекетіне үзілді-кесілді тыйым салу, жылылық танытпай ұрысып, зеку зиян, керісінше баланың жағдайымен санасып сеніміне кіру, сырласып дос бола білу керек.
Отбасы дұрыс, мәдениетті қарым-қатынаста болуы. Жас ұрпақты адамға тән табиғи сезіммен өмірді, табиғатты сүйе білуге, құрметтеуге үйрету. Сөз соңын Елбасымыздың: «Әйел – бесік иесі. Демек, әйелдің жайы түзелмей, бесігіміз түзелмейді, бесігіміз түзелмей – еліміз толық түзелмейді» деген пікірімен қорытындылағым келіп отыр.
Әдебиеттер
Халық педагогикасындағы қыздар тәрбиесі. Қазақстан мектебі, №8 2004. (66-бет)
Қыздардың ұлттық рухта тәрбиелеудің теориясы. Ұлт тағылымы №1, 2003. (4-8 бет)
Психологиялық идеялар негізіндегі қыздар ерекшелігінің кейбір мәселелері. Ұлт тағылымы. №2, 2004. (11-14 бет)
Ахметова З. «Тәрбие тек айтудан ғана емес, көрсетуден…». Сұхбат. –Ұлттық тәрбие. №3, 2010. 116-122 б.
Жарықбаев Қ. Аталар сөзі – ақылдың көзі. – Алматы: Қазақстан, 1980.
Табылды Ә. Ұлттық әдеп – тәрбие негізі. – Ұлттық тәрбие. №3, 2010. 27-35 б.
Алдамбергенова Г.Т. Қазақ халық педагогикасында қыздарға моральдық-этикалық тәрбие берудің ғылыми негіздері. – п.ғ.д. ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты. – Алматы, 2009.
Сурет интернет беттерінен алынды.