Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

4 001 қаралым

Жас ұстаздарға арналған «Ұстаз болу…» психологиялық тренингі

0

БЖНБаймурзина Жанар Найзабекқызы,

Педагог-психолог, Ақтоғай орта мектебі Шалқар ауданы Ақтөбе облысы

Мақсаты: жас ұстаздың өзіндік ізденуіне, оқушылар мен мұғалімдердің қарым-қатынасынының нығаюына, ортаға бейімделуіне, өзіндік пікір айтып, қорытынды жасауға ықпал ету.

Кіріспе сөз: кез-келген адам өз еңбек жолын бастамас бұрын, өзінің тәжрибесінің аздығына байланысты түрлі қиындықтарға тап болады.

Ұстаздық мамандықтың өзге мамандықтан қиындау. Себебі педагогикалық білім жас ұстазға еңбек жолының жемісті болуына кепілдік бермейді. Ұстаз болу үшін программалық білім жеткіліксіз.

А. Макаренко жазған: «Ғылыми білімді синтездеу үшін әдіскерлік шеберлік, ұстаздың жеке қасиеттері, педагогикалық техниканы игеру шеберлігі және педагогикалық жетістік».

1. Жаттығу: «Ұстаз болу…»

Мақсаты: сенім атмосферасын құру, қатысушыларды топтық жұмысқа біріктіру, ауызбіршілік пен қолдауды сезіндіру.

Қатысушылар шеңбер бойымен отырып, өзін таныстырады және «Ұстаз болу деген..» сөйлемді аяқтап, өз ойын айтады. (Өз мамандықтары туралы пікірін айту.)

2. Жаттығу «Оқушыны суреттеу»

Қатысушылар 2 топқа бөлінеді. Әр топқа конверт таратылады. І топқа берілген конвертте 10 жасар баланың суреті берілген. «Суретте А. Тоқсандық қорытынды бойынша кілең үштік. Тәртібі нашар. Суретке қарап оқушыны суреттеп беріңіздер». ІІ топтың конвертінде де сол баланың суреті. «Суретте А. Тоқсандық қорытынды бойынша кілең бестік. Тәртібі жақсы. Суретке қарап оқушыны суреттеп беріңдер».

Әрбір топта хатшы таңдалып, баланың мінездемесін жазып отырады. Болған соң мінездемесін оқиды. Артынан 2 топтың да бір оқушыны сипаттағаны хабарланады және оқушыға берілген қысқаша мәліметке сүйеніп 2 топ 2 түрлі мінездеме жазғаны айтылады.

Психолог: Бұл жаттығу бізді өзіміздің жеке пікірімізді қалыптастыруға, өзгенің пікіріне тәуелді болып, қате қорытынды жасамауға жетелейді.

Сондықтан өзге туралы пікір айтпас үшін, сол адам туралы жеткілікті мәлімет жинау керек.

3. Суретті-болжам «Тікенекті сурет»

Нұсқау: ақ парақа тікенектің суретін салады.

Мақсаты: қатысушылардың агрессиялық жай-күйін анықтау.

Агрессия – тікенегі көп және ұзын болса.

Импульсивтік – әлсіз сызба немесе қатты сызса.

Эгоцентризм, лидерлікке ұмтылу – көлемі жағынан үлкен болса,қағаздың ортасына салынса.

Сенімсіздік, бағыныштылық – кішкентай сурет, қағаздың төменгі жағына салынса.

Өзін көрсету, ашықтық – тікенекті көркемдеу.

Сақ, тұйықтық – зигзагпен салу, тікенектің ішіне салу.

Оптимизм – «көңілді» түстерді қолдану

Мазасыздық – «көңілсіз» түстерді пайдалану

Отбасылық қолдау қажет етеді – тікенектің ыдысы болса.

Отбасылық қолдауды қажет етпейді – жабайы тікенек.

Экстраверттік – бірнеше тікенек немесе қасына басқа өсімдікті салса.

Интроверттік – бір тікенектің суретін салса.

4. Болжам-ойын «Менің бейнем»

Мақсаты: қатысушылардың өзіндік бейнелері туралы психологиялық мінездеме беруді негізге алады.

Нұсқау: қатысушылар слайд арқылы көрсетілген бейнелерден біреуін ойша таңдайды. Негізгі 5 бейне көрсетіледі: қоян, жолбарыс, сиыр, құс, тасбақа. Таңдалған бейне бойынша оларға психологиялық мағлұмат беріледі. Бұл мағлұмат олардың жеке тұлғалық-мінездік ерекшеліктерін, болашағына деген сенімділігін нығайтуды қамтамасыз етеді.

Бейне түрінде берілген психологиялық мінездемелер:

Құс- бейне: Сіздің мінез-құлқыңыз айналаңыздағы адамдарға тәуелді. Өйткені, сізге өз ортаңыз қатты әсер етеді. Сіз эмоционалды жансыз, себебі сіз барлығын көңілізге тікелей қабылдайсыз. Өз көңіл-күйіңізді тиімді пайдалануға ұмтылыңыз. Және сізде эгоизмдік қасиет бар. Сіз өзіңіздің бұл қасиетіңізді жоюға тырыссаңыз жақсыға ұмтылуға мол мүмкіндігіңіз бар.

Сиыр- бейне: Сіз әрқашан өз стиліңізді табуға ниеттенесіз.Соған орай,ортадағылар сізді қолдап,әрқашан сізді түсініп отырады. Осыған қарап,сіздің қатынасыңыздың жоғар ыекендігін байқауға болады. Сіз өзіңіздің еркіңіздің сипатына қарай қызық әрі нақты жұмыстарды жасай білесіз. Яғни бұл өзіңіздің еркіңізге күш салатындығыңызды көрсетеді. Және, сіздің мінезіңіз жағымды, барлық адамдар сізді жақсы жылы қабылдайды. Сондықтан сізде жағымды жаңалықтар көп болады.

Тасбақа- бейне: Сіз өзіңізге, ішке сезіміңізге үлкен жауапкершілікпен қарайсыз. Сіз өмірде, әртүрлі жағдайда өзіңіздің пікірлеріңіз бен көзқарастарыңызға дұрыс баға бересіз. Және әрқашан қатынаста тиімді жол таба білесіз. Егер сізде қиындық тап болса, сіз ол үшін көп әрекеттенесіз, яғни жағымсыздықтан тез арылуға тырысасыз. Себебі, сіз жағымсыздық әсерінен өз көңіл-күйіңізді реттей алмай қаласыз. Алға шынайы ниетпен талпынсаңыз, сіз де жақсы нәтижеге қол жеткізесіз.

Қоян- бейне: Сізге өз көзқарастарыңыз бен принциптеріңізден бас тарту кейде қиынға соғады. Бірақ, сіз өз-өзіңізге тым сенімді емессіз. Демек, сізге ортада өзіңіздің батылдығыңыз керек. Осыған қарап, сіз ерік күшіңізді көп жұмсамайтындығыңызды аңғаруға болады. Ендеше сіз ерік күшңізді пайдалана біліңіз. Ол сізге өзіңізді танытуға мүмкіндің береді. Табыстарға көп жетесіз.

Жолбарыс- бейне: Сіз өте белсенді адамсыз, сонымен бірге сіз ортада және басқа жерлерде сыйлысыз. Сізбен қатынаста болған адамдар сізді әрдайым жоғары бағалайды. Сіз айналаңыздағылар бір-бірімен дұрыс келісімге келсе және бір-бірін дұрыс түсінсе, сізге қолдау көрсетсе бақытқа жетуге болады деген ойға келесіз. Және сіз әрқашан бақытты өмір сүруге талпынасыз. Сондықтан сізде сәттіліктер көп болады.

5. Сергіту сәті.

· Көзімізді жұмамыз, айналамыз тып – тыныш, ыңғайланып отырып алыңыз.

· Сізге өте жайлы, тып – тыныш, сіз тек менің даусымды естіп тұрсыз. Сіз келе жатырсыз, алдыңызда орман шықты, көз алдыңызға елестетіңізші: яғни қалың орман ба, әлде сирек орман ба – оны өзіңіз таңдайсыз…

· Сіз келе жатырсыз, келе жатырсыз – алдыңызда жол бар, сіз сол жолмен келе жатырсыз – сол жол кең бе, әлде тар ма, — оны өзіңіз таңдайсыз.

· Келе жатырсыз – алдыңызда әмиян (кошелек) көрдіңіз, ол әмиянды аласыз ба, әлде алмайсыз ба – оны да өзіңіз білесіз.

· Сіз келе жатырсыз – алдыңызда үлкен қақпа тұр. Ол қақпадан секіріп өтесіз бе, әлде ашып кіресіз бе немесе айналып өтесіз бе – оны да өзіңіз шешіңіз.

· Сіз әлі келе жатырсыз, алдыңызда үй көрдіңіз. Ол үйге кіресіз бе, әлде кірмей, айналып қасынан өтесіз бе — өзіңіз біліңіз.

· Сіз келе жатырсыз, алдыңызда құмыра көресіз, құмыраны аласыз ба, әлде алмайсыз ба – оны да өзіңіз біліңіз.

· Келе жатырсыз – алыстан бір үйір жылқы көресіз. Сол жылқыға жақындап барасыз ба, әлде айналып өтіп кетесіз бе? — өзіңіз шешіңіз.

· Енді алдыңыздан өзен көресіз – ол өзен жәй толқынмен ағып жатыр ма, әлде шулап тасып жатыр ма? – оны да өзіңіз таңдаңыз.

ИНТЕРПРЕТАЦИЯ

· Орман – ол Сіздің проблемаларыңыз, яғни алда кездесетін орман сирек болса, онда Сіздің проблемаларыңыз сирек болады, одан тез өтесіз. Егер қалың орман таңдасаңыз – алда қалың, үлкен проблема тұр.

· Жол – Сіздің кеңдігіңіз немесе тарлығыңыз –
таңдаған жолыңызға сәйкес келеді.

· Әмиян – ол Сіздің ақшаңыз, Сіз әмиянды алсаңыз алдағы уақытта Сіздің ақшаңыз көп болады. Егер әмиянды алмасаңыз – қаржы жағынан қысыласыз.

· Қақпа – қиындықтан өтуіңіз, қақпаны ашып кірсеңіз – қиындықтан жәй өтесіз, яғни төзесіз, ал секіріп өтсеңіз – қиыншылықтан қиналмайсыз. Ал айналып өтсеңіз, қиыншылықтан қашасыз.

· Үй – ол өзіңіздің жанұяңыз, яғни Сіз үйдің адамысыз немесе үй шаруасына жоқсыз.

· Құмыра – ол Сіздің ата – бабаңыздың байлығы.

· Жылқы – аттың қасына жақындасаңыз, Сіз бақытты адамсыз. Айналып өтсеңіз — өз бақытыңыздан айналып кеткеніңіз.

· Өзен – ол жәй болса, сіздің мінезіңіз жайлы болғаны. Ал шулап, тасып жатырса – Сіздің қаттылығыңызды білдіреді.

6. «Жұптық» ойын

Қатысушылар 2 топқа бөлініп, екі қатарға тұрады. Бірінші қатар екінші қатарға ұрысады:

· Көзбен;

· Ауызбен;

· Қолмен;

· Баспен;

Екінші қатар бірінші қатарды мақтайды:

· Көзбен;

· Ауызбан;

· Қолмен;

· Баспен;

7. Ойын «Мұнара»

Мақсаты: қатысушылардың ситуациялық жағдайлардан шығу мүмкіндігін бағалау, жағымды эмоционалдық қарым-қатынасты нығайту.

Нұсқау: Қатысушыларды екі топқа бөлеміз: ойынға 4-5 минут беріледі. Екі топқа 15-15-тен ақ қағаз (А-4 форматы) береміз. Осы ақ қағаздарды пайдаланып екі топ «биік мұнара» жасап шығу керек. Қағазға қосымша заттар пайдаланылмайды. Мысалға, қию үшін қайшы, желім, қосымша тіреуіш заттар. Қағазды көлденеңінен, тігінен т.б. жағдайларда пайдалануға болады.

Айта кететін шарт: мұнара биік әрі бір орында қозғалмай нақты тұру керек. Ойын соңында қай топ биік мұнара жасап шығады, сол топ жеңіске жетеді.

Қорытынды: қиын жағдайда адамдардың ситуациядан шешім тауып шығуын, жағымды эмоционалды қарым-қатынас құруды, адамдардың ақыл-ойының шығармашылық ұшқырлығын көруге, көңіл-күйді көтеруге мүмкіндік береді.

8. Релаксациялық жаттығу: «Нұрға бөлену».

Баяу әуен ойнатылып тұрады.

Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолыңызды айқастырмаңыз. Қолыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін.

Елестетіп көріңіз: Күн нұры сіздің төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі орналасқан. Гүлдің түйнегі нұрдан баяу ашылып келеді.

Балғын және таза әсем гүл сіздің әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңыз бен тілек-қалауыңызды шайып, жүрегіңіздің қауызын ашты.

Нұр сәулесі сіздің бойыңызға ақырын тарай бастағанын елестетіңіз. Ол біртіндеп күшейе түсуде. Оймен осы нұрды қолдарыңызға түсіріңіз. Сіздің қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашуда. Қолымыз тек жақсы, ізгі істер істейді және баршаға көмектеседі. Нұр аяқтарыңызға тарады. Аяқтарыңыз нұр сәулесін шашуда. Олар сізді тек жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады. Олар нұр мен махаббат құралына айналды.

Одан әрі нұр сіздің аузыңызға, тіліңізге тарады. Тіліңіз тек шындықты және жақсы, ізгі сөздер ғана айтады. Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз, құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естиді. Нұр көздерімізге де жетті, көзіміз тек жақсыға қарап, бәрінен жақсылықты ғана көреді. Сіздің басыңыз түгелдей нұрға бөленіп, басыңызға тек ізгі, сәулелі ой келеді.

Нұр бірте-бірте қарқын және шұғылана бастайды, сіздің денеңізден шығып, жан-жағыңызға сәуле шашады. Осы нұрды туысқандарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз. Нұрды уақытша түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да бағыттаңыз, олардың да жүрегі нұрға толсын.

Осы нұр бүкіл әлемге: барлық адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге, барлық тірі жанға таралсын… Ғаламның барлық түпкір-түпкіріне нұр бағыттаңыз. Ойша айтыңыз: «Мен нұрлымын… Нұр менің ішімде… Мен Нұрмын».

Осындай Нұр, Махаббат және Тыныштық күйінде отыра тұрыңыз…

Енді осы Нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз. Нұрға толы бүкіл әлем сіздің жүрегіңізде. Оны осындай әсем қалыпта сақтаңыз.

Жаймен көзіңізді ашуға болады. Рахмет.

9. Қорытынды: «Жұлдызды сәт».

Қатысушылар жұлдызшаларға өз тілектерін жазып «көк аспанға» жабыстырады.

 

 

Leave A Reply