Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

6 642 қаралым

Жасөспірімдердің суицидке бару әрекетінің алдын алу

0

Ахметова У.О.,
«Өрлеу» БАҰО АҚФ ОҚО бойынша ПКБАИ, «Мұғалімнің кәсіби дамуын педагогикалық – психологиялық сүйемелдеу» кафедрасының аға оқытушысы


Бүгінгі таңда бүкіл әлемді елеңдетіп, қоғам дертіне айналып отырған жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауы – дүние жүзіндегі ең өзекті мәселелердің бірі. Суицидті зерттеп жүрген мамандардың пікірінше, дүниежүзінде әрбір 20 секунд сайын бір адам өзіне-өзі қол жұмсайды екен. Тіпті жылына 1 миллион адам өзін ажалға қиып, шамамен 20 миллион тұрғын өмірмен мәңгілікке қоштасуға әрекет жасайды. Сорақысы сол, бұлардың 8 мыңы қазақстандықтар екен. Ал бұл дегеніңіз, республика бойынша сағат сайын бір адам өз еркімен өмірмен қоштасады деген сөз. Әсіресе, бұл дерттің жасөспірімдер арасында кең етек жайғаны алаңдатады. Оған жасөспірімдік «өтпелі» шақта кездесетін қиындықтарды көтере алмау, айналадағылармен тіл табыса алмау, бала психологиясының толық қалыптаспауы, т.б. жағдайлар себеп болуда.
Суицид (лат; suicaedere – өзін өлтіру) – адамның өзіне-өзінің қиянат жасап, өз өмірін қиюы. Бүкіл әлемдік денсаулық сақтау ұйымының жұртшылыққа жариялап отырған жан түршігерлік мәліметтерінен Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы суицид оқиғаларының көбее түскендігін, өзіне — өзі қол салуға көбінесе олардың заң бұзуы, қылмыстық жауапкершілігі алдында үрейленуі, шыдамсыздығы, төзімсіздігі, қорқақтығы, сабақ үлгерімінің төмендігі, қызығушылық деңгейінің нашарлығы, көңіл күйінің болмауы, тез ашулануы және тәбетінің төмендігі себеп болып отырғаны баршамызға аян. Ендеше адам тағдырына келгенде жауапкершілікті тек ұстаздар мен дәрігерлерге, мектеп психологтары, әлеуметтік педагогтарына жүктеп қоймай, жұмыла мойнымызға алуымыз керек.
Америкалық психолог Едвин Шнейдмен суицидтің назар аударатын басты себептерінің бірі деп адам төзгісіз жан ауруын көрсетеді. Шынында да суицид тәннің емес жанның ауруы. Психологтар суицид жасайтындардың көпшілігі «Барлық күрделі мәселелерді шешетін тек қана ажал» деген пікірді ұсынатынын дәлелдеген. Ал өзіне-өзі қол жұмсауға ешбір күрделі проблемасы жоқ жандар да баратын көрінеді. Мұндай жағдай көбіне психологиялық тұрғыдан әлсіз адамдарда болады. Олар өмірде кездескен болмашы қиындыққа бола өлімге жүгінеді екен.
А.Е. Личко жасөспірімдер арасында кездесетін суицидтердің ең жиі кездесетін себебіне мыналарды жатқызады:
1. Сүйікті адамын жоғалту.
2. Шектен тыс қалжырау жағдайы.
3. Өзіндік қадір-қасиетін осал сезіну.
4. Алкогольді, гипногенді, психотропты дәрілерді және есірткіні пайдалану
нәтижесінде пайда болатын жеке бастың қорғаныш тетігінің бұзылуы.
5. Өзін-өзі өлтірген адаммен өзін теңестіру.
6. Әртүрлі сылтаулар бойынша туатын қорғаныш, ызалану мен жабырқаудың әр алуан формалары.
Дәрігерлер өзін-өзі қол жұмсауды үш түрге бөледі:
Бірінші, анық күйзелістік жағдайдан соң, өмірдің мәнін жоғалтып, адам өзін ұзақ уақыт өлімге дайындайды.
Екінші, жасырын суицид, адам өзін өлімге арнайы дайындамайды. Тек саналы түрде тәуекелге бел буу күтпеген өлімге алып келеді.
Үшінші, басқалардың көзінше ашық түрде өлімге бет бұру. Бір нәрсені дәлелдеу үшін, біреуге ерегісу.
Елiмiздiң Бас прокуратурасы балалар суицидтiне байланысты зерттеу жүргiзiп, оларды өлiмге итермелейтiн факторларды анықтауға тырысқан. Бiрiншi кезекте баланың әлеуметтiк-психологиялық жағдайы күрделi болуы мен тұрмыс деңгейiнiң төмендiгiмен байланыстырған. Алайда, осы күнi жан қиып жатқан жеткiншектер арасында ауқатты отбасыдан шыққан балалар да бар. Жасөспiрiмдер арасындағы суицидтi мамандар өтпелi кезең мен баланың жас ерекшелiгiмен байланыстырады.
Өзіне-өзі қол салу негізгі үш топқа бөлінеді: ашық, демонстративтік және жасырын.
Ашық суицид – қашанда жабырқау дағдарыстық жағдай немесе өмірден бас кешу жайлы ой, өмір сүруді мәні жайлы ойланып, күйзелу жатады. Өйткені, өзін ешкімге керексіз сезінеді. Яғни, ашық суицид көбіне жасы егде тартқан адамдар мен жасөспірімдер арасында жиі кездеседі. Мысалы, жасөспірімдерге «Қалай өмір сүремін? Мен қандай адам боламын?», яғни болашаққа деген сенімсіздік себеп болса, қарт кісілерді «Мен қалай өмір сүрдім, бұл өмірде кім болдым?» деген ой мазалайды екен.
Демонстративтік суицид — өлуге деген ниеті жоқ, жай ғана басқалардың назарын өзіне аудару үшін өз-өзіне қол жұмсау әрекеті жатады.
Жасырын суицид — өлуді мәселенің шешімі деп санамайды, одан басқа жол таба алмай қиналатындардың мінез-құлығының бір түрі. Жастар арасында еліктеуіш күш те қарқынды әсер етеді. Олар теледидар, радиохабарлар, интернет арқылы «көшірме» ретінде өз үлгілерін табады да, оларға еліктейді.
Суицидалдық мінез-құлықтың психологиялық ерекшеліктері:
— эгоцентризм (тұлға тек өзіндік күйзеліске, уайым-қайғыға назар аударады, басқа мәселелерге қызығушылық танытпайды);
— аутоагрессия (өзін-өзі орынсыз кінәлау, тұлғаның өзін төмен деңгейде бағалауы және т.б.);
— кризистен шығу жолына пессимистік тұлғалық қатынас (депрессия, қорқыныш, суицидалдық әрекетке әзірлік);
— паранойялдылық (нерв-психикалық үрдістердің ригидтілігі, дайын ойшыл стереотиптерді ұстану, өте бағалы идеялар табу икемділігі);
Жасөспірім кезенде суицидалдық мінез-құлықтың кейбір өзгешеліктері болады. Жасөспірімдер арасында ересек балаларға қарағанда өзін-өзі өлтіруге әрекет жасау жиі кездеседі. Бірақ олардың аз ғана бөлігі өздерінің қойған мақсатына жетеді. Суициалдық мінез-құлық бұл жаста көп жағдайда демонстративтік сипат, сонымен бірге байбаламдық сипат алады.
Баланың өзіне-өзі қол жұмсау жайлы ойлап жүргенін қалай білуге болады?
Ол депрессиялық жағдай, күні бойы төсектен тұрмайды, жылайды, ешнәрсе жемейді және ешкіммен сөйлескісі келмейді. Бұл жағдайда «не болды?» деген сұраққа жауап алуға тырысудың қажеті жоқ. Балаға егер ол сізбен сөйлескісі келсе, қай кезде де тыңдауға және түсінуге дайын екеніңізді айтыңыз, тіпті ол қорқынышты, ұнамсыз, ұятты туралы болса да. Оны қараусыз қалдырмауға тырысыңыз. Дене түйсігі арқылы жалғасу өте маңызды: оны арқадан қағыңыз, құшақтаңыз, сүйіңіз;
Бала айнаға қарауды қойса, әрі өзін «ұсқынсыз», «семіз», «көріксіз» және т.б. деп атап, айтуға ұялмайтын болса. Оны «Сен сұлусың» деп иландырудың қажеті жоқ, оданда осындай ұзын мұрынмен немесе толық денелермен жетістіктер мен атақтарға қол жеткізген танымал адамдарды мысалға келтіріңіз;
Ол бұрын өзін қызықтырған нәрселердің бәріне қызығушылығын жоғалтса;
Бала сізден немесе сіздің жақын туыстарыңыздан өз өмірлерін өзіне-өзі қол жұмсаумен аяқтай алар ма едіңіз деп сұрайды. Бұл жағдайда онымен суицидке деген өзіңіздің пікіріңізбен ашық бөлісіп, баланың мақсаты бойынша алаңдаушылығыңызды айтыңыз.
Ол егер жоғалып кетіп жүрсе, барлығына да онсыз жеңіл болатындығы туралы жиі айтса, оған қарама-қарсыны дәлелдеу қажет, оған деген өзіңіздің сүйіспеншілігіңізді және оларға оның қымбат екені туралы айту керек;
Ол кейбір дәрілерді мөлшерден тыс пайдаланудың салдарымен немесе адам жетінші қабаттан секіріп кетсе не болатындығына қызығушылық танытады. Бұл жағдайда адамды күтіп тұрған азап туралы айтыңыз және міндетті түрде бұл сұраққа жауаптың ол үшін не себепті маңызды екендігін анықтаңыз.
Бала, егер ол қайтыс болса, сіздің қанша уақыт қайғыратыңызды сұрайды. Бұл жағдайда оған, бұның сіздің өміріңізде ең үлкен қорқыныш қауіп екендігін айтыңыз.
туыстарынан алыстау, жеке қалуға ұмтылыстар;
көңіл –күйінің бірден төмендеуі, сөздерге адекваттық емес реакция жасау, баяу және мәні жоқ сөздер;
үлгерімі төмендейді және меңзеңділік;
мектепте мінез–құлқы нашарлайды, серуендеп жүреді, тәртіпті бұзады;
тәуекелдігі мен негізсіз қауқарлығы және абайсыз іс-әрекеттері;
денсаулығының нашарлауы: тәбетінің төмендеуі, өз-өзін жайсыз сезінуі, ұйқысыздық, жаман түстер көру, шошу;
заттар мен ақшаға бей — жай қарау, оларды тарату;
барлық жағдайды ретке келтіреді, соңына дейін аяқтайды, болған іс-әрекеттеріне кешірім сұрайды;
өз-өзін кінәлау немесе керісінше — басқа тұлғаға жасаған кінәсін мойындау;
өлім туралы философиялық ойда мәні бар тақырыптарды әзілдеп немесе күлкі ретінде айту.
Ондай жағдайда не істеу керек, қалай көмектесу керек деген сұрақ туады?
Егерде сіз баланың бойынан суицидальды мінезді байқасаңыз, сіз баламен ашық, шын көңілмен сөйлесуге тырысыңыз. Сіз, бірақ ешқашанда, суицид туралы балаға сұрақ қоймаңыз, егерде баланың өзі осы тақырыпты айтып, қозғамағанынша.
Сіз барлық мән-жайды түсіндіріп, оны қандай ой мазалап жүргенін анықтап, оның жалғыз емес екеніне, бақытсыз емес екеніне, ешкімнің қармағына түспейтіндігіне, ешкімге керек емес немесе қарыздар емес екеніне көз жеткізіп, баланың достарын және неге қызығатынын анықтап, оған қолдау көрсету керек.
Тығырық жағдайдан шығу жолдарын іздестіру қажет, бірақ көп жағдайда баламен сөйлесу, басындағы жиналған ауыр жүктен айықтыру, сонда баланың өзіне қол жұмсаушылығы төмендейді.
Психолог – маманға барудан қорықпаңыз. Психолог маманына барғанда – ол баланы тіркеуге алмайды және психикалық толық емес, ауытқуы бар дегенді білдірмейді.
Өзінің өміріне қол жұмсайтын адамдардың көбісі – психикалық тұрғыда дені сау адамдар, шығармашылық таланты барлар, олар қиын жағдайда, тығырықтан шыға алмай қалатын адамдар.
Баланы жалғыздықтан сақтап қалатын тек қана мейірім, махаббат!
Өзіне-өзі қол жұмсаудың себептері өзгелерге нені түсіндіреді:
Шарасыздықты;
Жағымсыз қарым-қатынас жасағанына өкіндіру үшін;
Өзгені қаншалықты сүйетіндігін немесе өзгелер бұған қаншалықты сүйіспеншілікпен қарайтынын анықтау үшін;
Қатаң шешімді өзгерткізу үшін;
Жан айқайын;
Қорытындылай келе, Құран сүрелері мен Пайғамбар хадистерінде де балаларға қамқорлық жасау барша мұсылман қоғамының парызы екені ескертілген. Ата-ана ұлы борышын орындамағаны үшін ар алдында бір азапталса, заң алдында міндетін атқармағаны үшін ата-аналық құқығынан екі айрылады. Баланы өсіру, саналы тәрбие берудің,оқытып, азамат етіп қалыптастырудың түп төркіні отбасылық тәрбиеде жатыр.

Әдебиеттер
Аймауытов Ж. Психология. «Рауан» Алматы, 1995.
Елшібаева К.Ғ. Жас өспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу. Арман ПВ баспасы, Алматы, 2012.
Мектептегі психология. №12, 2015.
Осипова А.А. Справочник психолога по работе в кризисных ситуациях. Ростов-н/д: Феникс, 2005.

Leave A Reply