Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

1 078 қаралым

Заманауи сабақ қандай болуы керек?

0

Убаева Артугай Сайрамқызы 

ОҚО, Сайрам ауданы, №92 «Ақсу» жалпы орта мектебінің педагог-психологы

«Ұстаздың биігі ойлана қарасаң биіктей береді,
үңіле қарасаң тереңдей береді,
қол созсаң қарсы алдыңда,
айналсаң артыңда тұрғандай»
Сократ

Болашақтың іргетасын қалайтын жас ұрпақ терең білім иесі, адамгершілік қасиеттері мол, өмірде кездесетін қиыншылықтар алдында өзін жоғалтпайтын, бәсекелестікке қабілетті тұлға болып қалыптасуы керек. Ал мектеп мұғалімдері осы мақсаттарды көздей отырып, өз жұмыстарын жүзеге асыруы керектігі бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналған. Білім беру саласына мемлекет тарапынан елеулі өзгерістердің енгізілуі жоғарыда аталған мақсат-мүддені басшылыққа алып жүзеге асырылуда.
Сондықтан, мұғалім бүгінгі қоғамның дамуынан артта қалмауы үшін әрбір сабағына шығармашылықпен, жоғары дәрежеде дайындық көруі қажет.
Мен мектептегі педагогикалық жұмысым барысында ғылыми-педагогикалық әдебиеттер, әдістемелік нұсқаулықтарды оқуға, өз пәніме арналған газета-журналдардан заманауи әдіс-тәсілдерден хабардар болуға әрекет жасадым. Мұғалімнің білімін жетілдіруі үшін бұл да қажет қой, бірақ біліктілікті арттыру курстарының орны, теориялық, тәжірибелік білімінің жоғарылауында беретін пайдасы мол. Мұны мен ІІ-деңгей бойынша біліктілікті арттыру курсына барып, оқығаннан кейін тағы да тереңірек түсіндім. Деңгейлік бағдарламаның негізгі идеясы мұғалімдердің оқыту мен оқудың табыстылығы туралы заманауи түсініктерге сай келетін бай білімді игеруі болып табылады.
Бүгінгі өзгерістерге бет бұрған, сандық технологиялар дамыған заманда «дәстүрлі» тәрізде өтілген сабақ оқушы үшін қызықты емес. Олай болса, заманауи сабақ қандай болуы керек? Осы сұрақ төңірегінде өз ой-пікірімді білдірсем. Менің ойымша, заманауи сабақ:
біріншіден, бастауыш сыныптарда болсын, жоғары сыныптарда болсын, әрбір сабақ, әрбір тақырып өмірмен байланыстырылып жүргізілуі керек. Себебі, мектепте игерілген білім, дағды, өмірдің кез-келген жағдайында пайдаланылғанда беретін нәтижесі мол болмақ;
екіншіден, А. Әлімовтің «Интербелсенді әдістемені ЖОО-да қолдану мәселелері» кітабында айтылғанындай, әрбір сабақтағы тақырып белгілі проблемамен байланыстырылса және сабақ барысында осы «проблеманы айқындау, оны шешу және шешімін қолдану» кезеңдері бойынша жұмыс жүргізілсе. Мысалы, «Өзін-өзі тану» пәні бойынша «махаббат» туралы сабақ жоспарын дайындау барысында оқушыларға махаббатқа жолыққан жас жігіт немесе қыздың басынан кешкен сәтті немесе сәтсіз оқиға мысал ретінде келтірілсе және махаббат арқылы сәтсіз оқиға жүзеге аспауы үшін не істеу керек, деген проблема негізінде сабақ жүргізілсе. Мұнда оқушы әрі тақырыппен танысады, тақырып бойынша білім, түсінік, мәліметке ие болумен бірге, өмірде кездесетін проблемаларды шешу жолдарын үйренеді. Осылайша, оқушы өмірде кездесетін қиыншылық, проблемалар алдында өзін жоғалтпауға, әрбір проблеманың дұрыс шешімін табуға дағдыланады;
үшіншіден, сабақтар оқушылардың логикалық ойлау деңгейлерін арттыру мақсатында логикалық сұрақтар, тапсырмалар беру арқылы ұйымдастырылса. Біздің оқушыларымыздың пән бойынша, тақырып бойынша ойлау деңгейі жоғары болғанымен, логикалық ойлау дәрежесін жоғары деп айту қиын. Логикалық ойлауды дамыту үшін берілетін сұрақтар, тапсырмалар оқушылардың ойлау қабілетінің жоғарылауы; пәнге, сабаққа деген қызығушылығының артуына көп көмегін тигізеді;
төртіншіден, оқушылардың сабақ кезінде ақпараттық-коммуникативтік құралдарды тиімді пайдалануға, өз қажеттілігі үшін керек мағлұматтар алуға бағыттауды негізге алу арқылы сабақтар жоспарланса. Себебі, бүгінгі жастарымыз телефон, компьютер, интернеттен пайдалы ақпарат алу арқылы қолдануға дағдыланбаған. Осы дағдыларды қалыптастыру, әрі заманауи сабақты ұйымдастыру мақсатында АКТ құралдарынан пайдалану үшін жағдай жасалуы қажет деп санаймын. Сонда бала телефон, компьютер немесе интернетке «тәуелді» болып қалмайды, олардан қажет кезінде пайдалануға үйренеді. Бүгінгі қоғамның ең ауыр нүктесі – жастарымыздың интернетке тәуелді болып, қаншама алтыннан қымбат уақыттарын жоғалтуы болып саналады.
Осы орында өз жұмыс тәжірибем туралы қысқаша тоқталсам. Мен «Өзін-өзі тану» пәні бойынша оқушыларға нәтижелі сабақ жүргізу мақсатында жаңа әдіс-тәсілдерден пайдалануға, тақырыпты өмірмен байланыстыруға әрекет жасаймын. Мысалы, әрбір сабақты сыныпта жағымды психологиялық ахуалды және ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыру арқылы бастаймын. Мұнда «Ыстық алақан», «Мен саған сенемін, …», «Сиқырлы қобдиша», «Мен сені мақтаймын, …» жаттығулары оқушылардың көңіл-күйлерінің көтерілуіне, қарым-қатынас сферасының дамуына ықпал етеді. Жаңа тақырыпты анықтау үшін «Миға шабуыл», «Ой қозғау», «Болжау» стратегияларынан пайдаланамын, бұл оқушылардың жаңа тақырыпты анықтауға, білуге, үйренуге қызығушылығын арттырады. Оқулықта әрбір тақырып мазмұнына байланысты хикаялар, өмірлік оқиғалар, жағдаяттар берілген. Оларды «Топтық тергеу», «Жүгіртпе тізбек», «Стоп-кадр», «Джигсо» стратегиялары арқылы топ ішінде оқып-үйренуге, пікірлесуге, талқылауға жетелеймін. Сабақтарда «Ассоциация», «Т» кестесі, «Бір минуттық эссе» стратегияларын қолдану оқушылардың шығармашылық қабілетінің айқындалуы және шыңдалуына мүмкіндік беретініне жұмыс тәжірибем барысында көз жеткіздім. Оқушыға сабақ кезінде дұрыс бағыт-бағдар беріп барылса, ол жеке, жұптық, топтық, ұжымдық жұмыстарда белсенділік танытуға, білім алуға бар ықыласын қосуға ұмтылады. Біз, мұғалімдер қауымы, оқушылар көңілінен жол табуға мүмкіндік беретін заманауи сабақтарды жоспарласақ, ұйымдастырсақ және жүргізсек қоғам талабына сай тұлғаның қалыптасуы сөзсіз.
Жоғарыда тілге тиек етілген пікірлерімді қоса отырып құрылған сабақ заманауи сабақ болуымен бірге, оқушылардың оқуға, үйренуге деген ынтасын арттырады, мектепте игерген білімін өмірде қолдана алады, өмірде кездесетін кез-келген қиыншылықтарды жеңуге үйренеді, деген ойдамын.
Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев: «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе Қазақстан сол деңгейде болады»,- деп айтқаны баршамызға мәлім. Сондықтан, өз жұмысымды аса жауапкершілік және сүйіспеншілікпен орындауым; сабақтарымды шығармашылық және ізденімпаздықпен жоспарлауым және оны «заманауи» дәрежеге жеткізуім – менің ең биік мақсаттарымның бірі болып табылады.

Share.

Leave A Reply