Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

1 473 қаралым

Заманауи мұғалімнің құзыреттілік деңгейі

0

Джексенбаева М.М.,
Психолог, Ш.Батталова атындағы ЖОББ мектебі, Ақжал кенті, Шет ауданы, Қарағанды облысы


«Сен айтып бер- мен ұмытып қаламын,
көрсетсең есте сақтаймын,
өзіме жасатсаң – үйренемін»
Қытай философы Конфуций

Елбасы өз сөзінде: «Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, болашақты білімді ұрпақ айқындайды, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаз қолында» деп атап көрсеткендей, мектеп оқушыларының рухани-азаматтық қасиеттерін қалыптастыру арқылы толыққанды жетілген адамзат тәрбиелеуге болады.
Сондықтан келер ұрпақты тәрбиелеу мен білім беру өзегі ұлттық құндылықтар негізінде рухани-адамгершілік өсиетін қалыптастыруда деп түсінемін және ол кезек күттірмейтін мәселе. Жас ұрпақты рухани-азаматтыққа тәрбиелеу қай елдің, қай кезеңнің болмасын маңызды мәселесі болып келгеніне көз жеткізуге болады.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан 2050 стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты жолдауында «Білім және кәсіби машық – заманауи білім беру жүйесінің, кадр даярлау мен қайта даярлаудың негізгі бағдары. Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек. Барлық жеткіншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығына да зор көңіл бөлу қажет», — деп атап көрсетті. Сондықтан да білім берудің мазмұнын жетілдіре отырып, үздіксіз білім бере отырып оларды кәсіби тұрғыдан жан-жақты қарастырып жетілдіру мәселесі бүгін де күн тәртібіне қойылып отырғанын көріп отырмыз. Бүгінгі күні құзыреттілік ұғымы білім беру үдерісінде білімді қолданудың негізгі нәтижесі ретінде қарастырылуда [1].
«Құзыреттілік» ұғымы бүгінгі күні оқыту үрдісінде білімді қолданудағы ақырғы нәтижесі ретінде қарастырылып отыр. Оқыту үрдісінде «құзыреттілік» ұғымы мұғалімдердің тәжірибесі мен білімін, дағдылары мен біліктерін белгілі бір мәселені шешіп талқылауда қолдануы болып табылады. Құзыреттілік – мұғалімдердің іс-әрекетін меңгеруден көрінетін білім нәтижесі. Білім мазмұнын жаңалау, негізгі мақсат болып табылады. Басты мақсаттың бірі – білім игеру кезінде күтілетін нәтижеге қол жеткізу. Негізгі бағыт оқытушы жеке тұлғаға ауысады, яғни, жеке тұлға бұрын білім қабылдаушы ролін атқарса, ал жаңа талап бойынша өздігінен білім алушы үйренуші болып танылады. Сондықтан жеке тұлғаның бейнесін бүгінгі заман талабына сай дайындауымыз керек. Бүгін де білім беру стратегиясын «құзыретті» білім беру деп те атап жүр. Құзыреттілік дегеніміз жеке тұлғаның танымы мен тәжірибесіне қатысты нәрсе. Мұғалімдердің кәсіби құзыреттілік мәселелері туралы пікірлер отандық және шетелдік ғалымдар, педагогтар, психологтар еңбектерінде көрініс табуда [2].
Білім саясатындағы өзгерістерді күнделікті оқу үдерісінде берілетін тапсырмалардан бастау қажет екені сөзсіз. Қазіргі оқушылар ұстаздардан тек білімге ғана емес өмірге үйрететін қабілеттіліктерді қажет етіп отыр. Демек біз осы қоғамнан қалыспай: жедел ойлаушы, жедел шешім қабылдаушы, ерекше ұйымдастырушылық қабілетті нақты бағыт-бағдар беруші болуымыз – қазіргі заман талабы. Егер педагог өзінің кәсіби өсу жобасын дұрыс жолға қоя отырып өзінің кәсіптік қызметіне нақты беріліп, тұлғаның алған білімін өмірде қолдана білетіндей тапсырмалар жүйесін ұсынса баланың бойында құзыреттілікті қалыптастыруға мүмкіндік табады. Ал педагог өзінің кәсіби құзыреттілігін қалай жетілдіреді дейтін болсақ, ең алдымен заман талабына сай үнемі өз білімін жетілдіріп отыру керек деп ойлаймын. Сондай-ақ педагогтардың білімін жетілдіруде негізгі атқарушы мектеп ұжымы себебі қайта даярлау курстарына, семинар, конференцияларға қатысып заман ағымына елеулі өзгерістерге толы педагог қызметкерлердің құзыреттіліктерін арттыру мақсатында тәжірибе алмасуда, алған білімдерін жұмыс барысында практикамен ұштастыратына сенімдімін. Өзімнің түйгенім бүгінгі білім берудің жаңа әдіс-тәсілдерін қолданып практикалық сабақтарда озық тәжірибемен алмасып жатса бүгінгі заманауи педагогтардың кәсіби құзыреттілік деңгейі әрқашан өрлеп жоғарылауда болады.
Іс-тәжірибе барысындағы қиындық мұғалімнің кәсіби-педагогикалық қызметі мен даярлық деңгейіне қойылатын талаптар арасындағы сәйкессіздік салдарынан туындайтыны сөзсіз. Сынып мұғалімдері оқушылардың пән мазмұны бойынша білімді меңгеруінен емес, сол бойынша жұмыс істету әдістерінен қиындық көреді. Сонымен бірге мұғалімдер оқу мақсаттарын қою, міндеттерін белгілеу және оның нәтижесін жоспарлау қиындықты жеңу әдістерін іздестіру т.б. бойынша да қиындықтар көретіндігі байқалады.
М.Жұмабаев: «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да тәрбиеден басталады»,-деп жазды. «Адамға ең бірінші білім емес тәрбие берілу керек. Онсыз берілген білім – адамзаттың қас жауы», — дейді ұлы ғұлама Әбу Насыр Әл-Фараби. Олай болса, білім алудың негізгі қағидасы тәлім-тәрбие. Шығыс ғұламасы: «Тәрбиесіз берілген білімнің құндылығы болмайды»,- дейді тағы да. Расында, бар күшімізді білімге жіберіп, бала тәрбиесін назардан тыс қалдырсақ, біздің ұрпақ алдындағы үлкен қателігіміз де сол болмақ. «Бала тәрбиесі – баршаға» демекші ұстаздар, тәрбиешілер баланы дұрыс тәрбиелеуге, санасының қалыптасуына үлес қосамыз. Бүгін ақылды ұрпақ тәрбиелеп, ертеңге сенімді ұрпақ табыс ету де біздің еншімізде десе де болады [3].
Ұрпақ тәрбиесіндегі басты ұстаным – тәрбиелеудің ұлттық жолдарын саралап, айқындап бала бойына сіңіре білу. Яғни, бала бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, адамгершілікке тәрбиелеу. Өткені, ұлттық тәрбиенің мақсаты болашақта ұлттық сана-сезімі жоғары, өз елінің салт-дәстүрін, тарихын, мәдениетін жақсы білетін, сүйетін, ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды ұштастыра білетін ұлтжанды тұлға тәрбиелеу. Ұлттық санасын ояту, өз ұлтының ана тілін, дінін, мәдени мұраларын меңгерту. Бала бойына жанашырлық, сенімділік, шыдамдылық, намысшылдық тәрізді ұлттық мінезді қалыптастыру.
Осылайша, қазақ ұрпақ тәрбиелеудің талай тамаша жолдарын тағайындап, оны жүзеге асырудың амал-тәсілдерін айқындаған. Педагог М.Жұмабаев: «Әрбір ұлттың бала тәрбие қылу туралы ескіден келе жатқан жеке-жеке жолы бар. Ұлт тәрбиесі, бала тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтақ жол болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен жетелеуге міндетті»,- деп ұлттық тәрбиенің, халықтық педагогиканың ұлағаттылығын дөп басып айтқан.
Біздің басты міндетіміз – қазақтың еліне, жеріне, әрбір тау-тасына иелік ете білу сезімін жас ұрпақтың жүрегіне, санасына сіңіру. Қазақта қандай дүние, қандай рухани байлық болса, сонымен мақтана алатын саналы, интелектуалдық мінез-құлқы қалыптасқан, өз елінің өзге елдермен бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ететін парасатты ұрпақ тәрбиелеу.
Сабақтарда әр түрлі тапсырмаларды, тақырыпқа арналған слайд көріністері мен музыканы енгізу арқылы оқушылардың қызығушылығын ояту, белсенді жұмыс істеуіне түрткі болуға итермелейді. Топтағы мүшелерді жұмысқа ұйымдастырып, оларға тапсырмаларды түсіндіріп, жеткізіп, арасында көмектесіп, қолдау беріп, әр топтың мүшесіне өзін көрсетуге, сөйлеуге мүмкіндік бере отырып, ол өзін талантты көшбасшы, ұйымдастырушы ретінде көрсетеді. Оқушылардың қызығушылығын оята отырып, оқу үдерісіндегі оқыту мен оқуда бағалау мұғалімнің сыни тұрғыдан бағалауды білдіреді. Оқыту үшін бағалауда оқушыларды жас ерекшеліктерін ескере отырып оқуға уәждемелеу үшін, ынталандыру ретінде формативтік бағалауды қолдандым. Мен өз сабақтарымда «Бағалау парағын», «Смайлдар», «Бағдаршам», «Екі жұлдыз, бір тілек» қолданамын. Сабақтарымда смайл беріп, марапаттау қағазымен топтарды марапаттап, оқушылар арасындағы кері байланыс арқылы критерий бойынша бағалауды үйретіп, әр топтың жұмысын қошемет көрсету, оқушылардың дұрыс емес жауабын қайтармай, оған шешу жолдарын іздеп, ынталандыра алдым және оқушыларымның осындай түрде берілген стильді сабақтарыма белсенділіктерін көрсету арқылы қызығушылықтарын ояттым. Оқушыларымның алдына нақты мақсаттар мен міндеттер қою арқылы жақсы нәтижеге қол жеткізуге болатынын түсіндім [4].
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қазақстандық мұғалімдердің кәсіби дамуы саласындағы жаңа көзқарасы педагогтардың біліктілік арттыру жүйесіне оң өзгерістерді енгізуге мүмкіндік беріп, түбегейлі жаңғыруын шыңдай түсті.
Сондай-ақ біліктілікті арттыру курстарының қазақстандық білім беру жүйесінде қажеттілігі мен пайдасын бірнеше көріністерден байқауға болады. Мұндай курс менің тәжірибем үшін өте маңызды. Халық қағидасы: «Білгенім бір тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз»,- дегендей қазіргі уақытта мектепте кәсіби шеберлігімді шыңдай түсетін іс-тәжірибелермен алмасып жатырмын деп ойлаймын.
Бір ғана мысал, мектептерде оқу үрдісі жаңа технологиялардың пайда болғанына, оқыту мазмұнының дүркін-дүркін өзгеріп отырғандығына қарамастан аз уақытта көптеген өзгерістерге ұшырады. Ендеше, бүгінгі білім мен білік-бәсекелес заманда, заманауи мұғалімнің құзыреттілік деңгейі болашақ жеткіншектердің биіктен көрінуіне, күнделікті ісіміздегі жаңашылдығымыз арқылы, жан-жақты берген тәрбиеміз арқылы қол жеткізуімізге әкеліп соғады.
Оқушымыздың парасатты да саналы адамгершілігі мол тұлға болып шығуымен қатар, нәтижелі білім алып шығуына бар күш-жігерімізді сарп етуіміз қажет. Ұстаз өзінің алдына белгілі бір мақсатты қойып соған жету жолында барынша талаптанса, жетістікке жетері сөзсіз. Оқушыларының жанына ұлт намысы, ел мүддесі деген киелі ұғымдарды ұялата отырып, білім беру ХХІ ғасыр заманауи мұғалімнің құзыреттілік деңгейі.
Елбасы: Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақта еңбек етіп өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары. Мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады, сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр» деген болатын.
Болашақта оқушыларымның саналы, парасатты, білімді боларына сенімдімін.

Пайдаланылған әдебиеттер
1. Қазақстан Республикасының білім туралы заңы. Астана, 2000.
2. Қазақстан Республикасында Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. 45-45 бб.
3. Тұрғынбаева Б.А. Ұстаздық шығармашылық. Алматы, 2007. 56-57 бб.
4. Имжарова З.У. «Сын тұрғысынан ойлау білім үрдісінде» 84-85 бб.

Leave A Reply