Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

1 379 қаралым

Вундеркинд болу үшін ертегі оқу керек

0
Фото: Оразбаева Г.

Фото: Оразбаева Г.

Оразбаева Гульназым Арыстановна, 
БҚО, Жәнібек ауданы, Ақоба ауылы ЖББ Х.Халиуллин атындағы орта мектебінің психологы

2015 жылдың 11 желтоқсан күні Орал қаласындағы №47 жалпы білім беретін мектебінде семинар өткен болатын. Ол семинарды Алматы қаласынан келген белгілі тұлғалар өткізді. Атап айтсақ «Отбасы хрестоматиясы» жобасының авторы – Санжар Керімбай, «Шық тұнған жолдар», «Әкелеріміз айтатын әңгіме» кітаптарының авторы, ақын, жазушы Ырысбек Дәбей. Олар өздерімен бірге «Салт-дәстүр сөйлейді», «Сияр Шәріп», «Әкелеріміз айтатын әңгіме» атты кітаптарын да ала келген. «Отбасы хрестоматиясы» кітабында қазақтың салт-дәстүрі мен ырым-тыйымдарының шығуына себеп болған аңыздар мен қисса-дастандар жинақталған. «Отбасы хрестоматиясы» жобасымен жарық көрген «Сияр Шәріп» кітабы балаларды теріс діннің әсерінен сақтайды. Бұл кітапты оқып алған балалардың бойында қауіпті идеяларға қарсы антивирус пайда болады. Бабаларынан мирасқа қалған түпсіз рухани қазынаны кеудесіне тоқып өседі. Ұлттық танымы тереңдеп, рухани адамгершілігі артады. Баланың кітапқа деген құмарлығын жоятын факторлардың бірі үйде кітаптың болмауы. Баланы өзіне тартып әкететін қызық кітаптар үйде болмаса, баланың жаны басқа заттарға байланады. Кітап адамның арманын туғызатын болуы керек. Адамның арманы мен қиялы ғана қарабайыр тіршілікке мән бітіріп, мәдениет пен өркениетке қарай сүйреп келе жатыр. Қазір де айналаңызда толып тұрған қолдануға қолайлы таңғажайып заттың бәрі, бір кездері бір адамның көкірегінде бұрқ-сарқ қайнап жатқан армандардың пісіп-жетіліп материяға айналған түрі.

Баяғыда біреулер Альберт Эйнштейннен «не істесек балаларымыз ақылды болып өседі» деп сұрапты. Ол: «Балаға тек ертегі оқытыңдар. Ал егер одан да ақылды болсын десеңдер, одан да көп ертегі оқытыңдар» депті.
Расында да баланы қазір компьютерден айырып алу өте қиын. Себебі, ата-аналар олардың қиялына қанат бітіретін әңгіме айтпайды. Кітап оқып бермейді. Жан дүниесі басқа ғажайыптар әлемін қалап тұрған балалар мультфильмге үйір болады. Қазір кітап та, білім де, ақпарат та тым көп. Балаңа не оқытарыңды білмей дал боласың. Бұл жағынан алғанда қазақ қиссалары таптырмайтын қазына! Тарихы өте терең. Шежіресін Адам атадан тарқатады. Қазақ қиссалары баланың қиялын өткен тарихқа ғана емес, әлімсақтағы оқиғаларға бір-ақ апарып жалғайды. Оны оқып өскен балақай, Адам атадан бері келе жатқан рухани құндылықтарды бойына тез сіңіреді. Қисса нақты ұлттың, діннің не болмаса саяси бір идеологияның ыңғайына қызмет етпейді. Ол таптырмас дүние. Қиссаларды кез келген тілге аударып алып оқысаңыз да айырмасы жоқ. Қиссалар баланы барлық пайғамбарлар рухымен тілдестіреді. Олардың терең ойларын бойларына сіңіреді. Оларға еліктеп, көркем мінезді болуға тырысады.
Гейман айтып өткен эмпатияның атасы тура осы қиссаларда жатыр. Қисса жаттаған бала, әу баста адамға дұшпан болған әзәзілмен алысып, күллі адам баласының қайғысы мен мұң-мұқтажы ортақ екенін біліп өседі. Қиссаның өн бойында баяндалатын періштелер мен пайғамбарлар хикаясы кез-келген баланы өз ортасына оп-оңай қосып алады. Ең қызығы — қисса тыңдап алған бала жеке-дара жүре алмайды. Ол міндетті түрде қызық хикаяны достарына айтқысы кеп асығып тұрады. Тілдері шешен шығып, ойларын жеткізу үшін неше түрлі сөздерді қолданғысы келеді. Олар киелі ұғымдарды беруге талпынған сайын сөздердің де тасығыштық қасиеті артып, айналасына әдемі рухани аура орнатады деп сөздерін аяқтады.
Ақын Ырысбек Дәбей айтпақшы «Өшкенім жанып, өлгенім тірілді» деген осы шығар. Дер кезінде ұсынылған дүниенің халыққа берері көп. Осы қисса-дастандарды оқып, жаттап өскен ата-бабаларымыздың рухы мықты болған. Міне, семинардан алған ақпараттарымды, көрген- білген барлық мәліметтерді сіздермен бөліскім келді. Болашақта адамгершілікті басты назарда ұстайтын азаматтардың көп болуына септігін тигізейік.

Leave A Reply