Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

801 қаралым

«Үш есік пен үш жол» графикалық тесті

0

«Үш есік пен үш жол» графикалық тесті

Проективті әдістеме

Aвторы — Смирнова Е.Т.

 

Мақсаты: холистік психологияға (адам символы мен проекциялары) сүйене отырып, бұл тест тіршілік қарекетінің түрлі салалары адам үшін қандай мағынаға ие екендігін көрсетеді.

Нұсқау: 

Алдыңызда бір-біріне мүлдем ұқсамайтын, жолдары әр тарапқа тарамдалған бірнеше есік тұр.

Әрине есіктер өзбетінше пайда болуы мүмкін емес, жолдар да бір жаққа жетелейді.

Сіздің мақсатыңыз — қисынды сипатқа келтіріп cуретті аяқтау.

 

Интерпретация: 

Бұл үш есік адам өміріндегі маңызды үш затты бейнелейді. Бірінші есік — ол жұмыс, екінші есік — ол махаббат пен достық қарым-қатынас, ал үшінші есік — ол отбасы. Осылардың әрқайсы сіздің өміріңізде қандай маңызға ие екендігін суретті аяқтап болған соң көресіз. Әрі өміріңіздегі басымдылықтарды түсінесіз.

Егер сіз әр есікке бір ғимарат салсаңыз, онда нәтижесінде сізде үш ғимарат бар, ол сіздің өміріңіздің осы үш саласының аражігін ажыратып, бірі-біріне тәуелсіз еткіңіз келетініңізді білдіреді. Басқаша айтқанда жеке қарым-қатынасты іскерлік қатынаспен араластырғыңыз келмейді.

Егер сіз екі ғимарат салсаңыз, яғни кейбір есік бір ғимаратқа жетелесе, онда қай есіктерді өзара байланыстырғаныңызға қараңыз.

Егер бірінші және екінші есікті біріктірсеңіз, онда сіз қызметтік романға бейімсіз, қарама-қарсы жыныс өкілімен бірге жұмыс істеу сіздің сезіміңізді оятуы мүмкін. Алайда сіз отбасыны (үшінші есік) бөлек ғимарат етіп ерекше бөліп қойғаныңыз, отбасыны қалайда сақтап қалуға ниетті екеніңізді аңғартады. Яғни жұмыста романтикалық сезімге қаншалықты берілсеңіз де, отбасы сіз үшін қасиетті ұғым.

Егер сіз екінші және үшінші есікті біріктірсеңіз, онда сіз романтикалық тұлғасыз, тіпті өз махаббатынан танбайтын адамсыз. Сіз жұмыстағы романға сенбейсіз, махаббат сіз үшін өміріңіздің басты құндылығы.

Егер сіз үш есікті біріктіріп бір ғана ғимарат салсаңыз, ол сіздің өміріңіздің бұл үш бөлігінің аражігін ажыратуға құлықсыз екеніңізді білдіреді. Мүмкін, бұл сіздің әлі отбасын құрмағандығыңыздан (тұрмысқа шықпаған) шығар, сол себепті өміріңіздегі құндылықтарды саралау қажеттілігі әлі тумаған.

Жолдар дәл қазір сізді не мазалайтынын көрсетеді. Есіктен тура сізге қарай бағытталған, яғни парақтың дәл ортасынан өтіп және оның шетінде аяқталған жол, оның қаншалықты маңызды екендігін аңғартады.

Егер жолдар шетке қарай бағытталса, ол сіздің өміріңіздің сол саласына аса мән бермейтініңізді білдіреді.

Егер үш жол бір арнаға біріксе — бұл жақсы нышан. Ол сіздің өміріңіздің ешбір саласын бөле жармай, барлығына бірдей, яғни жұмысқа да, махаббатқа да, отбасына да қызығушылық танытатыныңызды байқатады.

Тест психодиагностикалық сипатқа ие емес, нақты интерпретациясы жоқ, алайда нәтижесі кейбір пайымды жасауға, ой түюге көмектеседі.

Аударған редакция

 

Leave A Reply